ТУҒАН АУЫЛЫНА БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЖАСАҒАН МЕЦЕНАТ

63

Қазақта «Халықтың бағына туған ұл» деген жақсы сөз бар. Өмірдің өзінен алынған осынау ұлағат белгілі меценат, Қазақстандағы үздік 50 бизнесменнің қатарына енген мультимиллионер Бауыржан Оспановқа арналып айтылғандай. Өйткені, Бауыржан Кеңесбекұлы ауылының жолын салып, электр қуатымен қамтамасыз етіп, өндіріс орындарын ашып, халықтың әлеуметтік мәселелерін реттеп, өзінің перзенттік парызын өтеп жүр.

Бұл күнде Бауыржан Оспановтың есімін білетіндер Жыланды ауылын да жақсы біледі. Бұл әйгілі меценат Бауыржан Оспанов пен әлем чемпионы, боксшы Жәнібек Әлімханның туған ауылы. Бүгінде кәсіпқой бокста атой салып, қазақтың атын шығарып жүрген қандасымыз Қанат Ислам да аға-жеңгесін арғы беттен (Қытайдан, – ред.) осы ауылға көшіріп әкелген. Ауыл туралы да халық арасында аңызбен астасқан әңгімелер жиі айтылады. Өйткені, ауылдың бүгінгі келбеті көз қызығарлық, көңіл тоярлық жағдайда.

«Менің туған жерім – Алматы облысындағы Алакөл ауданы. Осы ауданның Жыланды ауылына 60-жылдардың басында әкем Кеңесбек Оспанов пен анам Бәтиха Капарованы жұмыс бабымен жіберіпті. Мен сол жерде туыппын. Жыландыда он жеті жасыма дейін болып, 1985 жылы мектеп бітірген соң, Алматыға жоғары оқу орнына түсіп кеттім. Балалық шағымыз өткен соң, ол ауыл біз үшін ыстық», –  деп еске алды халықтың бағына туған ұл.

Иә, Бауыржан Кеңесбекұлы ауылының өзі үшін ыстық екенін сөзімен емес, ісімен дәлелдеді. Неге десеңіз, Жыланды ауылында тақтайдай тегіс жол, жарқыраған электр жарығы, күнделікті тұрмыс қажеттілігін өтеу үшін ашылған өндіріс орындары, күрделі жөндеуден өткен мектеп пен клуб, ауыл сәнін кіргізген «Нұр-ай» кафесі мен спорт кешені бар. Қираған үйлер атымен жоқ. Олардың басым бөлігі жаңадан салынса, ескілері күрделі жөндеуден өткен. Бұл игілікті істердің бәрі де Бауыржан Оспановтың демеушілігімен жүзеге асты.

«Ауылыма жыл бойы қолдан келгенше қажетінің бәрін жасап отырамын дей аламын. Ауылға да, ауданға да барынша қолғабыс жасап келеміз. Алғашында мектептерін жөндеуге көмектестік. Қазір екі ауылда да мектеп-интернат ашып қойдық. Біреуі – біздің ата-бабаларымыз қоныс тепкен көршілес Лепсі ауылындағы спорт мектеп-интернаты, екіншісі – Жыландыдағы физика-математика мектеп-интернаты. Бұл мектептерде өзге аудан, облыстардан да келіп оқитын балалар көп. Балалар ауылдық тәрбие алып өсіп келеді. Осы балалардың жыл бойы өтетін жарыстары, олимпиадаларының шығындары – менің мойнымда. Мектептерге қаладан, басқа облыстардан білікті, білімді мұғалімдер шақырылған. Оларға қосымша төленетін ақылардың бәрін біз көтереміз. Үйлерін салып бергенбіз. Мешіт, кино-театр, кафе, кітапханаларын да іске қостық. Саябақ бар. Ауылымыз кішігірім қалашық сияқты. Лепсі ауылында спортшыларға жыл бойы тегін бал мен қымыз беріледі. Аудан орталығына автобус қатынап тұр. Ауылымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді», – дейді меценат.

Еліміздегі бірде-бір ішімдік сатылмайтын және ішілмейтін ауыл да осы Жыланды ауылы. Ауыл тұрғындары той-томалақта ішімдік пен сыраның орнына қымыз ішеді екен. Ауыл әкімі Әнуарбек Жүнісбеков бұл дәстүр 2010 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқандығын айтады. Осы жеті жылда халықтың еті қымыз ішуге әбден үйренген. Ауыл әкімінің сөзінше, ауылда арақ сатылмауына себепші болған бірден-бір адам – Бауыржан Оспанов. Бауыржан Кеңесбекұлы туған ауылына бар жағдайды жасап қана қоймай, халықты арақ орнына қымыз ішуге үйреткен. Қымызды тегін таратады. Кәсіпкер орталықтағы мешіттердің біріне кез-келген адам кіріп, тегін қымыз ішуіне мүмкіндік жасап қойған. Қазір Жыланды ауылының тұрғындарын қымызбен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкер 20 биесін арнайы халық игілігіне бөлек ұстайды. Әрине, оны сауып, қымызын ашытатын ауыл тұрғындары. Олардың еңбегі үшін кәсіпкер өз қалтасынан тағы айлық төлеп отыр. Осылайша Бауыржан Оспанов ауыл халқына салауатты өмір салтына үйретіп қана қоймай, ұлттық тағамды кеңінен насихаттауды көздейді.

«Байдың балалары» дегенде, көз алдымызға ана тіліне шорқақ, ата дәстүрінен бейхабар, ауыл мен оның тұрғындарына теріс көзқараспен қарайтындар елестейді. Ал, бұл түсінік Бауыржан Оспановтың ұрпақтарына мүлдем жат. Олар қазақи тәрбие алған, ауылдан ажырамаған. Бұл туралы оның өзі былай дейді: «Ауылға жиі атбасын бұрамын. Балалардың каникулын негізінен ауылда өткіземіз. Ағайын-туыстарымыз тұрмаса да, бұрынғы үйлеріміздің орнына үй салып қойғанбыз. Ата-анам көктемнен қысқа дейін ауылда болады. Біраз жұмыс орындарын ашып қойғанымызды жоғарыда айттық. Жұмыс бабымен де ауылға жиі барамыз. Балаларымызды ауыл тартып тұрады. Өйткені, оларды жастайынан ауылға апарып үйреткенбіз. Алты баламыз бар. Өзіміз Алматыда тұрсақ та, бірінші баламның ауылда дүниеге келгенін қалап, келіншегім өз ауданымызда босанды. Балаларымның кіндігі ауылға байлаулы. Балаларды ауылға үнемі апарып тұрғандықтан, олар солай болуы заңды сияқты қабылдайды. Олар ауылда еңбек етіп үйренеді. Археологиялық қазба жұмыстарына қатысады. Жайлауда жылқы бағып, көлге түсіп, аңға шығады. Ата-әжесіне үй шаруасына қолғабыс жасайды. Бау-бақшада жұмыс істейді. Мұның бәрі олар үшін қызық, сондықтан ауылға баруды қалап тұрады. Ауылдың балалары қарапайым, бауырмал, тәрбиелі. Солармен бірге ойнап жүріп, бірден достасып алады. Ауылда қаладағыдан мүмкіндік көп. Еркіндік молырақ. Кешқұрым алау жағып, оның шоғына картоп көміп, пісіріп жесе де қызық. Ауылда жеміс-жидек өте көп. Қыста шаңғы тебеді. Табиғатқа жақын болады. Елін, жерін жақсы көреді».

Әрбір ауқатты азамат Бауыржан Оспановтай туған жеріне, еліне осылайша қызмет етсе, жәрдемдессе, онда жұмыссыздықтан жан-жаққа бытыраған халық, жұқарған шаруашылық, тоз-тозы шыққан ауылдар болмас еді. Бұл – анық!

Ендеше, Бауыржан Кеңесбекұлының өз ауылының, ауданының әлеуметтік, экономикалық саласын, инфрақұрылымын дамытуға  қосып  жүрген  бұл  ерен  еңбегі көпке үлгі болса керек.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті