ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫН ТІККЕН АЗАМАТ

102

Бұл күндері өңірімізде Ибраш Естаевты білмейтіндер жоқтың қасы. Ол жастайынан еңбекқорлықты, елі мен халқына адал қызмет етуді алдына мақсат етіп қойған-ды. Өзінің зеректілігі  және алғырлығының арқасында осы кезге дейін талай биік  асуларды бағындырып, жұртшылық арасында үлкен беделге ие болды. Кәсіпкерліктің қыр-сырын жетік меңгеріп, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері атанды. Табан-дылығының нәтижесінде ғылыми еңбек жазып, экономика ғылымының кандидаты болды. «Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерінің иегері.  Сүйген жар, ардақты әке, сыйлы ата. Жуырда онымен арнайы жолығып, көкейде жүрген бірқатар сауалдарымызды қойған едік.

 – Ибраш аға, зырылдап өтіп жатқан уақыт емес пе? Міне,  сіз де жетпістің желкесіне көтеріліп қалдыңыз. Бұл, әрине, өткен кезеңдерге қысқаша есеп беретін шақ емес пе? Әңгімемізді Өзіңіз туып өскен елді мекеннен бастасақ?

– Сіз осы сауалыңызбен менің сонау сағымдай бұлдырап артта қалған  жастық кезіме шолу жасатқалы отырсыз. Шынымды айтсам, өзімді өте бақытты сезінемін. Қазіргі таңда Бестау деп аталатын қасиетті қонысты білмейтіндер кемде-кем шығар.

Бұл елді мекен Қамысты ауданында орналасқан. Осы киелі ауылда 1947 жылы 1 сәуірде дүниеге келіппін. Бұл көктемнің ең бір шуақты шағы  ғой. Өзім бір шаңырақтың жалғыз ұлымын.

Ата-ана перзентінен несін аясын? Мен туылғанда қуанышыма ортақтасқан ағайындарды жылы жүзбен қарсы алып, ерекше шат-шадыман   күйді  бастарынан кешіпті.

Осылайша қазақтың қарапайым ғана шаңырағында тәрбие алып, азамат болып қалыптастым. Әке-шешем ұлы ретінде елдің тірегі болар азамат етіп тәрбиелеу үшін барын салды. Сол үшін де оларға мәңгілік қарыздармын деп есептеймін.

– Ата-ана демекші, мен білетін кісілер оларды әлі күнге дейін ерекше құрметпен еске алады. Әңгіменің орайы келгенде,  олардың қандай мамандық иелері болғандығына да қысқаша тоқтала кетсеңіз?

– Әке-шешем өте еңбекқор жандар болатын.  Отағасы, яғни,  әкем Естай момын кісі-тін.  Алайда өз шаруасына өте пысық,  ешкімге қиянат жасау дегенді білмейтін,  жан дүниесі таза, шексіз адал-ды.

Ол ғұмыр бойы мал шаруашылығында жұмыс істеді. Ата-бабамыздан келе жатқан қасиетті таяқты қолына алып, қой да бақты. Кеңшардағы белгілі мамандардың бірі болды. Ал анам Бибіжамал да шаңырақ иесінің барлық жағдайын жасап, әкемнің нағыз көмекшісі бола білді. Көп жылдар бойы елді мекеннен шалғайдағы бөлімшеде еңбек етіп, өздерінің ерекше табандылықтарының арқасында қазақ елінің өркендеуіне қомақты үлес қосты.

– Қазіргі қоғам қайраткері әрі беделді  кәсіпкер Ибраш Естайұлын жақсы білеміз. Ал, оның балалық шағы қалай өтті, мектепте қалай оқыды,  осы қазіргі биікке қалай көтерілгені жайлы да әңгімелеп берсеңіз?

– Жоғарыда ата-анамның мал бағып, кеңшардан едәуір жерде жыл он екі ай ауа-райының құбылмалы мінездеріне де төзіп,  көктем, күз, қыс айларында қоғам малын аман сақтап,  өсіргенін айтып өттім.

Әлгі  алыс мекенде мектеп  жоқ-ты. Сондықтан басқа амал болмағандықтан олардан жырақта білім алуыма тура келді. Жангелдин ауданы Шилі деп аталатын ауылдағы мектепке бардым.  Осындағы білім ордасы директорының үйінде жатып оқыдым.

Қанша дегенмен бала емеспін бе? Әке-шешемді өте сағынатынмын. Байқаймын,  олар да мені бір көруге құштар еді. Бірде әкем менің хал-жағдайымды білуге келгенде, одан қалмай, бірге кеттім.

Содан Қамысты ауданындағы Адаевка селосындағы орта мектепте оқуымды одан әрі жалғастырдым. Бұл орыс  тілінде дәріс беретін білім ордасы болса да сабақтан кілең бес алатынмын.

Еркеліктің де пайдалы әрі зиянды жағы бар. Әлгі мектептің алты-жетінші сыныптарында оқып жүрген кезімде сабақ үлгерімім күрт төмендеп кетті. Ол кезде балалықпен көп нәрсені аңғара бермейміз ғой. Қазір барлық жайттарға басқаша көзқараспен қараймын.

Ата-анамның арқасында ештеңеден мұқтаждық көрмедім. Тіпті,  өзге балаларда жоқ велосипедті де  әперді. Содан кейін жұрттың алды болып мотоциклге де отырдым. Кейін жеңіл көлікке де ие болдым. Бірақ, ешқашанда бұзықтыққа салынған емеспін.

Осылайша мен 8 сыныпты тәмамдап, облыс орталығына келдім. Қостанай ауылшаруашылығы техникумына түсіп, бұл жерден ветеринарлық дәрігер кәсібін игердім. Бір ғажабы, содан бастап сабаққа деген құштарлығым оянып, өз қатарымнан қалған жоқпын. Өйткені,  қаланың өзіндік менталитеті бар. Өмір ырғағы да бөлек. Жалқау, жайбасар болсаң  бәрінен де құр қаласың. Оның үстіне бұл кезде тіршілікке саналы бозбала тұрғысынан қарайсың.

Жалпы,  менің еңбеккер болып қалыптасуыма ауылда жүргенде қатардағы токарь болып жұмыс істегенімнің де көп пайдасы тиді. Сөйтіп, айналамдағы қарапайым әрі адал еңбекпен отбасын асырап жүрген азаматтардың мұң-мұқтажына әбден  қанықтым.

– Өзіңізбен заманы бір сырлас досыңыз Әбдірахман Бекмағанбетов ағамыз Сіз жайлы бір естелігінде сонау бір жылдары спортпен де шұғылданып, біраз жетістіктерге ие болғаныңызды баяндаған-ды.  Осыны өз аузыңыздан естісек деп едік?

– Иә, Әбекеңнің айтқанының бәрі де айна қатесіз шындық. Сонау бір жылдары спорттың бокс түрімен айналыстым. Әрине,  ол кезде тепсе темір үзетін қылшылдаған жас жігітпін. Жылдар өте әскер қатарында болып, өзімнің азаматтық борышымды өтедім. Түркістан әскери округында қызмет еттім. Өзбекстанның астанасы Ташкент шаһарында болдым.

Шіркін, Ташкент дегеніміз нағыз шырайлы қала ғой. Халқы да инабатты әрі өте бауырмал. Жігіттері еңбекқор, қыздары қылықты да көркем болып келеді.

Осы әскерде жүргенде спорт ротасында жұрт қатарлы қызмет етіп, жаттығуымды бір сәтке де үзген жоқпын. Содан кейін Қостанайға оралдым. Тіпті, спорт нұсқаушысы болып жұмысқа да тұрдым. Қаладан бір бөлмелі пәтер де берілді. Алайда мұнда  біржола қала алмадым. Қазақтың саналы қай жігіті  қолынан күш, бойынан қуат кеткен кезде қарт ата-анасын елді мекенде  қараусыз қалдырғанын көріп едіңіз.

Оның үстіне осы сұхбат барысында баяндалғандай, бір үйдің үміт күткен жалғызы емеспін бе? Сондықтан өзімнің кіндік қаным тамған Бестауыма  қайта оралдым. Сол сәттегі асыл да қымбатты үлкен кісілердің шексіз қуанғанын қазір тілмен айтып жеткізе алмаймын.

Ұзын сөздің қысқасы, содан соң аталған кеңшардың №4 Шөптікөл деп аталатын бөлімшесіне басқарушы болып қызметке қабылдандым. Бұл жұмыстың да өзіндік қиындықтары мен жауапкершілігі де жетеді.

Сол аралықта Ресейдің Троицк қаласындағы ветеринарлық-медициналық академиясын өндірістен қол үзбей жүріп, сырттай бітіріп алдым. Еңбегімді ескеріп, басшылар да үнемі сенім артты. Аталған кеңшарда бас мал дәрігері, директордың орынбасары, директоры секілді лауазымды қызметтерді атқардым.

Өзімді мақтаудан аулақпын, дегенмен де Бестау елді-мекенінде өзімнің ізімді қалдырдым деп толық айта аламын. Өйткені,  әрқашанда халықтың мүддесін жоғары қойдым, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына да көңіл бөлдім.

Кешегі алып Одақ ыдырап, экономикалық байланыстар үзілген тұстарда да шаруашылықтың тізгінін берік ұстадым. Уақытша қиындықтарды жеңіп,  ауыл тұрғындарының еңсесін түсірмедім. Елді мекенде олар ештеңеден де тарыққан жоқ.

1998 жылы  қоңыр күзде Қостанай ауданындағы Воскресеновка ауылына келіп,  егін шаруашылығын  қолға алдым. Көп жылғы тәжірбиеме сүйеніп, осы салаға  білек сыбана кірістім. Қазір егістік көлемі он бес мың гектарға жетті. Әулетімізге  қарайтын  4  шаруа қожалығы және «Светлый Жаркол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар.

Біз отбасылық кәсіпкерлерміз. Кіші ұлым  Алмат тікелей басшылық етеді. Тұңғыш перзентім Қайрат, өзім және зайыбым оған үнемі қолдау көрсетіп келеміз.

– Сіз Қостанай өңірінде тұңғыш мешіт тұрғызған жүрегі жомарт, иманды азамат екендігіңізге халық шексіз риза. Енді осы жайлы да тоқтала кетсеңіз орынды болар еді…

– Өзімнің бүкіл  жастық дәуренім  әрі өмірімнің ең бір шуақты кезеңдері өткен Бестау ауылының дені – өзіміздің қарагөз ағайындар. Сонау бір жылы туыстас Түрік елінің айтулы шаһары Стамбулда сапарда  болдым.  Осы қаладағы көптеген мұсылмандар  тағзым ететін мешіттерді көріп,  үлкен тебіреніске түстім. Сол кезде маған  «Қазағы қалың  Бестау ауылында  неге бір мешіт тұрғызбаймыз»  деген тың ой келді.

Туған жерге келген  соң көп өтпей  өзімнің туған нағашым және басқа да аузы дуалы кісілердің қолдауымен елді-мекенде зәулім әрі гранит пен мәрмәр тастан мешіт бой көтерді.

Содан демалыс алып, Алматы қаласына аттандым. Онда ұзақ жылдар шет елде тұрып,  ата-мекенге  қоныс тепкен  абыз ақсақалымыз Халифа Алтайға жолығып, арнайы  сәлем бердім.

Көпті көрген парасатты қарияның айтары да мол екен. Онымен ақылдасып, біраз жайға қанықтым. Менің  түпкі арман-мақсатымды білген соң көрнекті дін қайраткері: «Алматыда сіздердің жерлестеріңіз Ертай Балахметов деген жігіт бар. Оның білімі де, сауаты да жетеді. Онымен  сөйлессеңдер, мешіттеріңе бас имам болудан бас тарта  қоймас», – деген пікірін білдірді.

Содан  жерлес інімізбен келіп  бетпе-бет сөйлестім. Сол кезде осы шаңырақтағы келініміз Майнұр мен отағасы Ертай  сөзімізді жерге тастамады. Мәселенің мәнісін бірден түсінді. Олар Бестауға табан тіреген соң   баспана және көлікпен қамтамасыз еттік.

Әлі күнге дейін Ертай қажы Балахметтің анасы Зейнеп қажы апамыз мені көрсе: «Ертайыма сонау бір жылдары  енші берген біздің сыйлы бауырымыз Ибраш», –  деп шын көңілімен жылы лебізін білдіріп жатады.

Ол мешітке Марал ишанның есімі берілді. Ертай інім уақыт өте Қостанай шаһарына қоныс аударып, ұзақ жылдар бойы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы  қызметін атқарды.

Кім мәңгілік жүреді дейсіз? Осынау ардақты бауырымыздан  күтпеген жерден айырылып қалдық. Алайда «Әке көрген оқ жонар» демекші, оның қос ұлы Әлішер мен Нұртаза  діни білім алды.  Үлкені облыстық мешіттің наиб имамы. Алайда қайран азаматтың орны ешқашан да толмайды.

– Ибраш Естайұлы, Сіздің атақ-абыройыңыз баршаға мәлім.    Оқырмандардың   Сіздің отбасыңыз жайлы білгені де артық болмайтын секілді.

– Отбасы кез келген азаматтың тірегі. Ал еркектің тіршіліктегі қолдаушысы, сенімді серігі оның  Құдай қосқан қосағы. Өзімді мынау фәнидегі бақытты қазақ азаматтарының бірімін деп есептеймін. Өйткені, әу баста тағдыр маған Жұпар есімді қазақтың аяулы қызын кезіктірді. 1971 жылы отау көтердік. Ата-анамның айтқанын екі етпеді. Ауылға сыйлы келін болды. Ол Федоров ауданының қызы. Ата-енем Әнуарбек пен Балғиза өз ортасының құрметтілері. Солардан алған тәрбиесі болар, жан-жарым мектепте де, жоғарғы оқу орнында да үздік оқыды. Халық алғысына бөленген дәрігер болды.

Екеуміз қос ұл мен екі қызды тәрбиеледік. Қайрат пен Алмат та өнегелі жанұялардың тірегі. Келіндерім Айгүл мен Айнұр да тәрбие көрген жердің қыздары.

Қос қызымыздың бірі – Гүлнәр медицина саласының маманы. Оның күйеуі Армат – полковник. Ал, Айгүліміз болса есепшілік қызметте. Осы ұл мен қыздарымыздан 11 немере сүйдік. Бәрі де мектептерде ана тілінде білім алып жатыр.

Өз басым  ұрпағым ең бастысы ел мүддесі үшін қызмет етіп, туған елінің нағыз патриоттары бола берсе деп армандаймын.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Әңгімелескен: Оразалы ЖАҚСАНОВ

РЕДАКЦИЯДАН: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар – ұлттық жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған еді. Өз мақаласында Мемлекет басшысы: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер», – дей келе, бағдарламаның неліктен «Туған жер» деп аталатынына да тоқталды: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халық әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті».

Нұрсұлтан Назарбаевтың жазуынша, бағдарламаның бірнеше мәні бар. Оның ең негізгісі білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.

«Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп жазған Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатынына сенім білдірді.  Елбасының бұл сеніміне селкеу түсірмейтін, бастамаларын қолдайтын, мемлекеттік бағдарламаларға үлес қосатын ұлтжанды азаматтар аз емес. Солардың біразын 105 жылдық тарихы бар «Қазақ» газетінде жаздық. Айталық, Мәскеу Олимпиадасының (1980) чемпионы, қазақтың даңқты ұлы, маңдайына біткен жарық жұлдызы Жақсылық Үшкемпіровтың (Қараңыз: «Үшкемпіров қандай кәсіппен айналысады?», №24-25 (872), 16-23.06.2017), Қазақстандағы үздік 50 бизнесменнің қатарына енген мультимиллионер Бауыржан Оспановтың (Қараңыз: «Туған ауылына барлық жағдайды жасаған меценат», №26 (873), 07.07.2017), Сырдария ауданындағы (Қызылорда облысы) Нағи Ілиясов ауылын бүгінгі заманның «заманауи ауылы» атандырған меценат Абзал Ералиевтың (Қараңыз: «Заманауи ауыл», №31 (878), 11.08.2017) өздерінің туған ауылдарына барлық жағдайды жасап бергенін жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Бұл қатарға белгілі аграрлық сала маманы, кәсіпкер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, экономика ғылымының кандидаты, ҚР білім беру ісінің үздігі, жоғарыдағы кейіпкеріміз Ибраш Естаевты да қосуға болады. Өйткені, олар ауылының өзі үшін ыстық екенін сөзімен емес, ісімен дәлелдеп жүр. Жақсылық Үшкемпіров, Бауыржан Оспанов, Абзал Ералиев,  Ибраш Естаевтай «халықтың бағына туған ұлдар» Елбасының «Туған жер» бағдарламасына бір кісідей атсалысып, туған жеріне туын тігіп, ауылының жағдайын жасап, жұмыс орындарын ашып, халықтың әлеуметтік мәселелерін реттеп, өздерінің перзенттік парызын өтеп жүрген бұл  ерен  еңбектері көпке үлгі болса керек.