ТҮРМЕДЕГІ ТАҒДЫРЛАР

10

Зілдей қақпа. Темір есіктер. Торкөз терезелер. Түрмедегі тағдырлар. Иә, Халықаралық түрме реформасының (PRI) Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігінің басшысы Азамат Шәмбіловтің мәліметінше, бүгінде елдегі темір тордың ар жағында 36 мың қазақстандық жазасын өтеп жүр. Ал, Қазақстанның 3 мыңнан аса азаматы шетел түрмесінде отырған көрінеді. 105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газеті бүгінгі санында алабағанның арғы жағындағы отандастарымыздың тағдырына тоқталады.

ҚАЗАҚСТАН ТҮРМЕЛЕРІ: ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Өзге елдің түрмесінде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтарға тоқталмас бұрын, елдегі жағдайды қысқаша атап өтсек артық болмас.

Жоғарыда Қазақстан түрмелерінде 36 мың қазақстандықтың жазасын өтеп жатқандығын айттық. Олардың 90 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыстары, оның ішінде 27 пайызы адам  өлтіргені, 24 пайызы ұрлық-қарлығы, 10 пайызы дене жарақатын салғаны, 18 пайызы есірткі таратқаны,    8    пайызы  адам  зорлағаны,   7 пайызы   коррупциялық  қылмысы   және   6 пайызы түрлі қылмысы үшін сотталғандар екен. Ал, елімізде 75 колония мен 18 тергеу изоляторы, 178 уақытша ұстау изоляторы және әкімшілік қамау жазасына кесілген адамдар үшін 28 арнайы қабылдау мекемесі бар. Соңғы екі жылда ҚАЖ-дың жеті мекемесін жабу арқылы еліміз бір жылда 12 млрд. теңге үнемдепті.

Соңғы жылдары Қазақстан сотталғандар санын азайтуға айрықша көңіл бөліп, қылмыстық заңнаманы ізгілендіріп, түрме саласына реформа жүргізіп келеді. Осы мақсатта халықаралық рейтингте Қазақстан 33-орыннан 68-орынға түсіпті. Әрине, 18 миллион халқы бар біздің ел үшін бұл мақтанарлық көрсеткіш емес.

Рас, ізгілендіру саясатын бұдан да кеңірек қолданып, «Медиация туралы» Заңның үстемдігін қамтамасыз ету керек. Жазаның балама түрлерін пайдаланудың да ауқымын мейлінше арттырсақ ұтылмаймыз. Өйткені, ҚАЖ мекемелерін қаржыландыруға жылда бюджеттен миллиардтаған теңге бөлінеді. Әрбір сотталушыға жылына 500-800 мың теңгедей қарастырылған екен.

Осы тұста мынандай парадоксты айтпай кетуге болмас: Солтүстік Қазақстан облысында бір әйел 10 мың теңгенің затын ұрлағаны үшін 3 жылға сотталса, оның түрмеде отыруына бөлінген қаржы көлемі 1 млн 700 мың теңгені құрапты. Жазаның балама түрлерін пайдаланудың да маңызы зор екенін айтып отырғанымыз сондықтан.

 

ӨЗГЕ ЕЛДІҢ ТҮРМЕСІНДЕ ҚАНША  ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОТЫР?

Бүгінгі күні Қазақстанның 3 мыңға жуық азаматы елден тыс жерде түрмеге қамалған. Бұл туралы таяуда ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында сотталғандарды экстрадициялау, беру және оларға заң көмегін көрсету туралы Сербиямен ратификациялаушы құжаттар пакетін талқылау барысында халық қалаулысы Владимир Волков мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта, ресми статистика бойынша, Қазақстан Республикасының 3 056 азаматы шетелде, ал Қазақстанда 1 278 шетелдік сотталды. Олардың барлығы да заң көмегіне мұқтаж», – деді Владимир Васильевич.

Сенатордың айтуынша, өткен жылы шет мемлекеттердің құзыретті органдары Қазақстанның құқық қорғау органдарының Қазақстан азаматтарына қарсы қылмыстық істер бойынша көмек көрсету туралы 616 тергеу тапсырмасын орындады. Өз кезегінде шет елдерден түскен 909 ұқсас өтініш қаралды.

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов қазіргі уақытта Қазақстан 55 екіжақты келісімдерге қол жеткізгенін, өзінің халықаралық міндеттемелерін құқықтық деңгейде орындағанын айтты.

Алабағанның арғы жағындағы отандастарымыздың тағдырына тоқталғанда, олардың түрмедегі тыныс-тіршіліктерін жақсы біле бермейміз. Бар білетініміз, өзге ел, өзге менталитет, өзге заң, өзге тіл, яғни өзге орта олардың жазасын өтеуде біршама қиындық туғызатыны айтпаса да түсінікті. Өзге елде істі болған Қазақстан азаматтарын елге экстрадициялаудың қажеттілігі туындайды. Алайда бұл оңай шаруа емес!

 

ТАЙ ТҮРМЕСІНДЕГІ ТАҒДЫР

Caravan.kz тілшісі Елена Коэмец жұбайымен келісім-шарт бойынша Таиландқа жұмысқа аттанған, кейін істі болып, Тай түрмесінде отырған, бүгінде Еуропада тұратын бір қазақстандық келіншектен скайп арқылы сұхбат алыпты. Ұрыстың арты төбелеске ұласқан дүкендегі жағдай отандасымыздың түрмеге түсуіне себеп болыпты. Оның тай түрмесінде басынан өткен жағдайлары Израиль жазушысы Дина Рубинаның “Русская канарейка” кітабына еніпті. Тіпті, қазір отандасымыз тай түрмесінде көзбен көріп, құлақпен естігендерін қағазға түсіріп жатса керек.

«Кітабымды бірнеше тілде басып шығарамын. Қазақстандықтар ғана емес еуропалықтар, америкалықтар да Таиландқа жолы түсе қалса қандай қиындықтармен бетпе-бет келуі мүмкін екенін білгенін қалаймын. Кездейсоқ таныстықтар мен жергілікті халықтың менталитетін және қарапайым түсініктерді білмеуі қаншалықты қауіпті екенін түсіндіруді көздеймін. Мен өзім де қалай полиция бөлімшесінен бір-ақ шыққанымды түсінбедім. Полицейлер бөлімшеге алып келмей тұрып оларға пара ұсыну қажет екен. Мен оны кешірек білдім. Ол уақытта қалтамда олар сұраған 500 доллар болмады, – деп әңгімесін бастады тай елінде түрмеде отырған отандасымыз. – Әйелдерге арналған түзету орталығы Бангкокта орналасқан. Мен отырған уақытта онда 8 мың адам болған. Олар екіге бөлінеді: ауыр қылмыс жасағандар (көбі кісі өлтіргендер) және отырғандардың 90%-ы есірткі үшін жазасын өтеп жатқандар. Онда актриса, даяшы, егде жастағы әйелдер де бар. Таиландта синтетикалық «Яба яха» есірткісін («Жаман дәрі» деп аударылады) бір долларға сатып алуға болады. Ол есірткіге бірден үйренесің. Түрмеде 80, 90 жастағы апалар да осы есірткі үшін отыр. Оларды есірткі саудасымен айналысатын немерелері өздерінің орнына отырғызатын көрінеді».

«Сот мен ұсталғаннан кейін екінші күні өтті. Маған барлығы күлімдеп жауап беріп отырды. Аудармашы болды. Полицейлер бірдеңелерді жазып жатты. Сол уақытта-ақ тағдырымның шешіліп қойғанын сездім. Мен жазамды жеңілдету үшін өз кінәмді мойындадым. Дүкендегі жанжал 16.00-ге дейін болғаны жақсы болды. Себебі, сағат төрттен кейін жасалған тәртіп бұзушылық, қылмыстардың жазасы өте ауыр болады», – деп еске алыпты өткен күндерін отандасымыз.

Тай түрмесінде отырған отандасы-мыздың айтуынша, ол жатқан камера – жиһазы жоқ кең бөлме. Тек жұқа көрпелер ғана болады. Онда 60 адам ұйықтайды. Барлығы ағаш еденде жатады. Климаттың жылы болғаны ғана көмектесіпті.

«Дәретхана кафель жабыстырылған қабырғаның артқы жағында орналасқан. Есігі жоқ. Душта барлығымыз бірге жуынамыз. Күзетші 10-ға дейін санайды. Сол уақытқа дейін шомылып үлгеруің керек. Одан кейін келесі топ кіреді. Түнде жарық жанып тұрады. Таңғы 4-те тұрғызады. Бақылаушы барлығын таяқпен ұрып, айқайлап оятады. Сол кездегі таяқтың дауысы түрмеден шыққаннан кейін ұзақ уақыт құлағымда жаңғырып тұрды. Оянғаннан кейін бірі душқа барса, енді бірі өзіне кофе жасау үшін ыстық суға кезекке тұрады», – деген отандасымыз тай түрмесінде өткен күндерін Caravan.kz тілшісіне ұзақ баяндапты. Қазір ол сұхбатты қайталап жату мақсат та емес. Тек оның «Таиландта болмашы себеппен түрмеге түсуің мүмкін. Мәселен, барлық жерде Будданың басын сатады. Оны елден шығаруға заңмен тыйым салынған екен. Сондықтан әуежайда қиындыққа тап болуыңыз әбден мүмкін», – деген пікіріне назар аудармасқа болмайды. Өйткені, өзге елдің заңын, болмысын, әдет-ғұрпын сыйлау керек.

 

«АҚЖАРҚЫН ІСІ»: СОҢҒЫ НҮКТЕ ҚАШАН ҚОЙЫЛАДЫ?

Таяуда қорғаушы Сұңқар Нұрмағамбетов Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша соңғы сот үкімі осы жылдың аяғына дейін шығатынын мәлімдеді.

«2017 жылдың соңында Ақжарқын Тұрлыбайға үкім шығады. Сот үкімі Ақжарқынның пайдасына шешілетініне үміттіміз. ҚР СІМ біріге отырып Ақжарқынның анасына виза жасау мәселесін шештік», – деді Сұңқар Нұрмағамбетов.

Ақжарқынның қорғаушысы мен ҚР СІМ Қытайдан Қазақстан азаматтарын қайтару туралы халықаралық келісімнің тармақтарын пайдаланбақ.

Еске сала кетейік, 21 жастағы қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталған болатын. Оның жүк сөмкесінен 4,5 келі есірткі табылды. Ақжарқын ол туралы білмейтінін мәлімдеген. Аталған іс бойынша Қытайдың Гуанчжоу соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасымен айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айырды. 2016 жылы 7 сәуірде апелляциялық сатыдағы сот Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өзгерту және істі бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберу туралы қаулы етті.

 

ӨМІРІНІҢ  ОТЫЗ БЕС ЖЫЛЫ ҚЫТАЙ ТҮРМЕСІНДЕ ӨТКЕН ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫСЫ

Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде дүниеге келген. 1930 жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Қытайдың Дөрбілжін ауданына ауып барды.

1944 жылы Үрімжіде оқып жүрген кезінде «Ұлттық азшылықтар көтерілісіне байланысы бар» деген айыппен Қытай билігі тарапынан қудаланып, абақтыға түскен.

1952 жылы қызмет бабымен  Үрімжі қаласына шақырылып, әуелі «Одақ» журналының, кейін «Шұғыла» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Қажығұмар Шабданұлы 1958 жылы «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулар кезінде бас бостандығынан айырылып, 22 жыл бойы Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде айдауда жүрді.

Тарым лагерінде 22 жылын өтеген Қажығұмар Шабданұлы 1980 жылы ақталып, бостандыққа шықты. Бірақ, 1986 жылдың желтоқсан айында қайта тұтқындалып, «Ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады», «Шетел жансызы болды» деген айыппен 13 жылға бас бостандығынан айырылады.

Түрмеден шыққаннан кейін өмірінің соңына дейін Қытай билігі оны үйқамақта ұстады.

Қажығұмар Шабданұлы 2011 жылы 15 ақпанда Қытайдың Шәуешек қаласында 86 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болып, сол қалада жерленді.

Тобықтай түйін: Әлемде қазақтың табаны тимеген жер аз. Бұрын он бес елді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап келген Кеңес Одағы келмеске кеткеннен кейін шекара ашылды. Сауда-саттық немесе саяхат жасау – әркімнің өз еркіндегі шаруаға айналды. Ал Қазақстан өзге елдер сияқты әлемнің түкпір-түкпірінде айыпталып немесе басы дауға қалған әрбір азаматын қорғауға міндетті. Шетелде тұтқындалған азаматтарды сотқа дейін қорғаушылармен қамтамасыз етіп, мәселенің анық-қанығын анықтау, оның туған-туыстарына тиесілі мәліметті жөнелту құзырлы орындардың мойнында. Өйткені, «өздері кінәлі екен» деп қол сермей салу, әрине, құзырлы министрліктерге, түптеп келгенде, тұстас мемлекетке абырой әкелмейді. Керісінше, дәл осындай адами факторлар тиісті мемлекеттік органдардың беделіне қаяу түсіріп, жалпы халықтың билікке сенімін азайтады. Халықаралық беделімізге де нұқсан келтіреді. Сондықтан, өзіміздің «ішімізден шыққан шұбар жыландарды» өзекке тебуге болмайды.