ТҰЖЫРЫМДАМАДАН ТҮЙГЕН ОЙ: ДІНИ БІЛІМНІҢ БАҒДАРШАМЫ

32

Бүгiнде әлем елдерiнде дiн мен оның құндылықтарының халық пен қоғам өмiрiндегi орнының маңызы артып отырғанын көрiп отырмыз. Дiн – мемлекеттiң негiзiн құраушы ең маңызды фактордың бiрi болғандықтан iшкi тұрақтылықтың да кепiлi.

Тұжырымдаманың іске асырылуы жүйелілік, дәйектілік және ведомствоаралық өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделеді.
Тұжырымдама дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам институттарының құзыреті мен жауапкершілік аясын нақтылайды.
Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәлімделген қағидаттары мен тәсілдері 2017-2020 жылдар аралығында жүзеге асатын болады.
Осы кезең ішінде:
1) тиісті құқықтық база әзірленетін болады;
2) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының құзыретін анықтай отырып, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың ұтымды моделі әзірленетін болады;
3) дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың тиімділігі, өлшемшарттары мен көрсеткіштері әзірленеді;
4) мемлекеттің діни бірлестіктермен өзара іс-қимылының қазақстандық моделі әзірленеді;
5) дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда мемлекеттік органдардың, ғылыми-сарапшылар қоғамдастығының, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық және діни бірлестіктердің ынтымақтастық тетігі жетілдіріледі;
6) елдің зайырлы даму қағидаттарын, Қазақстан халқының ұлттық, рухани дәстүрлерін насихаттауға шоғырланған медиа жұмыстарды жаңғырту қамтамасыз етіледі;
7) дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған шаралар кешені әзірленеді;
8) зайырлы өмір салтының құндылықтары, Қазақстан халқының ұлттық рухани дәстүрлері мен конфессиялары, сондай-ақ діни экстремизм мен фундаментализмнің қаупі туралы тақырыптық деректі фильмдер, телехабарлар мен әлеуметтік роликтердің сериялары әзірленеді;
9) дінтану және діни білім беру жүйесін жетілдіру бойынша шаралар әзірленеді;
10) республикадағы жалпы орта білім беретін мектептердің оқу-тәрбие процесіне діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша шаралар жүйесін енгізу туралы мәселе пысықталады;
11) мемлекеттің зайырлылық негіздерін ілгерілету және діни экстремизм профилактикасы мәселелеріне мамандандырылған үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау қамтамасыз етіледі;
12) радикалды діни идеологияның ықпалына түскен адамдарды райынан қайтару, оңалту және кейіннен әлеуметтік қайта бейімдеу жөніндегі орталықтардың қызметі қамтамасыз етіледі;
13) діни экстремизм және радикализм идеологияларын қоғамда қабылдамауға және оған қарсы насихаттауға бағытталған әлеуметтік, ақпараттық және ғылыми білім беру кешенді жобалары іске асырылады;
14) дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар жетілдіріледі;
15) «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі» жалпы ұлттық брендін ел ішінде және шетелде ілгерілету қамтамасыз етіледі;
16) дін саласындағы мемлекеттік саясатты, сондай-ақ діни экстремизмге қарсы іс-қимыл шаралары жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша Мемлекет басшысының атына ұсыныстар әзірленетін болады.

(Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасынан)

Әлемдегi дiннiң дүмпуi Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Тәуелсiз қазақ елiнде дiни жаңғыру үдерiсi ұлттық дәстүр мен құндылықтардың қоғам өмiрiндегi рөлiнiң артуынан және жастар арасында дiндарлық деңгейiнiң өсуiнен байқалады. Мысалы, мешiтке барып жатқан жамағаттың 70 пайыздан астамы жастар десек қателеспеймiз. Ғаламтор желiсiндегi дiни сайттардың оқырмандары, фейсбук (facebook), вк (vk), инстаграм (instagram), твиттер (twitter) сияқты әлеуметтiк желiлердегi дiни топтардың басым бөлiгi тағы жас буын. Желiде дiни мазмұндағы мақалалар мен әңгiмелердi, дiни мәтiндер мен аят-хадистердi, фатуаларды (дiни шешiмдер мен үкiмдердi) бiр-бiрiмен бөлiсетiн де осы – жастар.
Демек, қоғамда, әсiресе, келешек буын жастардың арасында дiнге, дiни рәсiмдерге, дiни ақпаратқа сұраныс артып отыр. Мынадай сымсыз айди (iD) технология дамыған заманда ақпарат шексiз және қолжетiмдi. Егер бiз жастардың осындай сұранысын қанағаттандыра алмасақ, онда олар бұл ақпаратты, дерек көздердi сырттан iздейдi. Бiрақ, бiз ол кезде жастардың алып жатқан дiн туралы ақпараттың қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенiн, ғаламторда онлайн дәрiс берiп отырған шейхтың кiм екенiн (шын ғалым, экстремист, террорист, псевдо шейх, радикал және т.б.) бiлмеймiз, дереккөздiң сенiмдi немесе сенiмсiз екенiн, қауiптi немесе қауiпсiз екенiн дөп басып айта алмаймыз.
Ғаламтордың арғы жағында отырған «шейх» жастардың санасын өтiрiк уағызбен улап, баланы әкесіне, қызды анасына қарсы қойып, нағыз радикал қылып шығаруы мүмкiн. Бүгiн дұрыс дiни бiлiм алмаған iзденушi ертең әкесi мен анасын «кәпiр» деп, бiр дастарқан басына отырмайтын радикал болып шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Өкiнiшке қарай, мұндай қанды оқиғалардың куәсi болып, зардабын да тарттық. Әсiресе, 2011 және 2012 жылдары орын алған Ақтау, Балқаш, Шұбарши, Тараз және Ақсайдағы қанды оқиғалар, Сирия сұрапылына «жиһад», «һижра» деп көшкендер, кешегi 2016 жылғы Ақтөбе және Алматы қалаларындағы лаңкестер лаңы жадымызда қасiреттi оқиға болып сақталды.
Жұртымыз осындай қайғылы оқиғалардан аман, елiмiз тыныш, бейбiт өмiр сүруi үшiн не iстеу қажет? Терроризм мен экстремизм дiнге, тiлге қарамайды, бұл – әлем деңгейiндегi iндет.
Геосаяси жағдайындағы қауiптер тағы бар. Дана қазақ «Жалғыздың үнi, жаяудың шаңы шықпайды» дегендей, бұған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жалғыз өзi қарсы күресе алмайды, оның бұған қауқары да жетпейдi, құзыретi де жоқ. ҚМДБ рухани ағартушылықпен және дiни рәсiмдердi орындаумен ғана шұғылданады.
Iшкi және сыртқы қауiптердiң алдын алу, Қазақстанның қауiпсiздiгi мен тұрақтылығын қамтамасыз ету – мемлекет еншiсiндегi дүние. Сол себептi мұндай мәселеде дiн мен мемлекет жұмыла жұмыс жасайды. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi де – елдiң тұтастығы мен бiрлiгi, дiнаралық келiсiм мен тұрақтылық. Осы мақсатта ҚМДБ мен Дiн iстерi министрлiгi (қазіргі Қоғамдық даму министрлігі) бiрлесе отырып жұмыс жасайды. Өйткенi, ҚМДБ – Ислам дiнiнiң сүнни бағыты Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын Қазақстан азаматтарының уәкiлеттi дiни ұйымы болса, ҚР Қоғамдық даму министрлігі – дiн саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыратын мемлекеттiң уәкiлеттi органы.
Мәселен, 2018 жылдың сәуір айына дейін екі жыл ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрi болған Нұрлан Ермекбаев (қазір Қорғаныс министрі) халыққа есеп беру кездесуiнде мынадай мәлiмдеме жасады. Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi 2016 жылдың өзiнде 10 750 сайтты зерделеген. Оның iшiнде 1 500-ге жуық сайттан заңсыз контент анықталып, заң тәртiбiмен жабылған. Былтырғы жылы мониторингте 6 мыңнан аса сайт тексерiлiп, оның 900 сайты заңсыз контент таратып келгенi белгiлi болды. Сондай-ақ, әлеуметтiк желiлерге, кiтап, баспа өнiмдерiне тұрақты сараптама жүргiзiлiп отыр. Мысалы, 2017 жылы 1,5 мыңнан аса объект сараптамадан өтiп, оның iшiнде 54 материалда құқыққа қайшы контент кезiккен. Сонымен қатар, қылмыстық атқару жүйесi комитетiнiң барлық кiтапхана қорына сараптама жүргiзiлген. Нәтижесiнде 13 кiтап деструктивтi мазмұнда деп танылған. Сонымен қатар, ведомствоаралық iс-қимыл нәтижесiнде мешiттерде тәртiп бұзу үлесi төмендеп, дiни материалдарды тарату арналарына тұрақты мониторинг жүргiзiлу жолға қойылған.
Мұны кейбiр азаматтар сияқты жалпы дiнге қарсы күрес деп түсiнбеу керек. Ондай пiкiр қате. Бұл – министрлiктiң сырттан келiп жатқан дiни ақпараттарды сүзгiден өткiзiп, жастарды радикалданудан сақтап, оларды терiс пиғылды дiни ұйымдардың жетегiнде кетпеуi үшiн жат ағымдардың идеологиясымен күресi.
Әрине, олармен қарсы күресте тек күш қолдану тәсiлi тиiмдi нәтиже бере бермесi анық. Сондықтан бұл мәселеге қарсы идеологиялық күрес жүргiзудiң де маңызы жоғары. Идеологиялық күрестiң қандай күш екенiн аға буын жақсы бiледi. Сондықтан болса керек бiрнеше кiсi бас қоса қалса «Кеңес үкiметi кезiнде мемлекеттiк идеология күштi едi. Қазiр ондай идеология жоқ» деп сын айтып жатамыз. Негiзiнде «мемлекеттiң дiнге қатысты идеологиясы жоқ» деп айту орынсыз. Мемлекеттiк идеология жоқ емес, бар – «Дiн саласындағы мемлекеттiк саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» осының айқын дәлелi.
Кез келген мақсатты iстiң бағыты мен бағдары, бекiтiлген құжаты болады. Бiз айтып отырған дiн саласындағы 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдама да мемлекеттiң дiн саласына қатысты атқаратын жұмыс бағыты мен бағдары, стратегиялық мақсаттары қамтылған құжат. Басқаша айтқанда, бұл құжат – елдегi конфессияаралық және этносаралық келiсiмдi жетiлдiрiп, бейбiт өмiрдi нығайтып, дәстүрлi дiлiмiз бен дiнiмiздi (Әбу Ханифа мазһабын) сақтап, адасқан дiни-сенiмдердiң алдын алу үшiн мемлекетiмiздiң үш жыл бойына атқаруы тиiс жұмыс жүйесi. Мемлекеттiң дiн саласына қатысты ресми көзқарасы.
Бұдан былай мемлекет (Қоғамдық даму министр-лігі уәкiлеттi орган ретiнде) осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен қоян-қолтық жұмыс жасамақ. Мысалы, елдiң рухани тiрегi болған асыл дiнiмiздiң жалпыға ортақ адамгершiлiк қағидаларын насихаттау, дiн догмаларын дұрыс ашықтау, мұсылманшылық құндылықтарды түсiндiру, жоғары бiлiмдi дiн мамандарын, теологтарды даярлау, шет мемлекетке шәкiрттер жiберу, имамдардың дiни һәм зайырлы бiлiмдерiн жетiлдiру сияқты шараларды жүзеге асыру.
Экстремизм, терроризм және деструктивтi ағымдар мен адасушыларға қарсы күресте күшпен қатар ағартушылық жолдарын да қарастырған жөн. Жастарға шынайы дiни бiлiм берiп, олардың жалпы бiлiм көкжиегiн кеңейту де маңызды. Арнайы дiни бiлiмнiң болмауы, шала сауаттылық, дiни ұғымдарды (жиһад, такфир, һижрет, талақ, т.б.) қате түсiну, дiн мен дәстүрдi ажырата алмау сияқты кемшiлiктер де экстремизмге әкелiп соқтыруы әбден мүмкiн. Дiн – дұрыс түсiнген адам үшiн рухани кемелденуге жетелейтiн, ал қате түсiнген адам үшiн қиындыққа айналары сөзсiз.
Негiзiнен адасқандар мен экстремистердiң қатарына қосылатындар дұрыс дiни тәрбиеден нәр алмағандар. Ақтөбе, Атырау, Ақтау сияқты елiмiздiң басқа да өңiрлерінде намаз оқымағандарды «кәпiрге» шығарып, олардың дүние-мүлiктерiн тонауды адал етiп жүргендер де осылар. Сондықтан жастарға тура бағыт берiп, дұрыс тәрбиелеуде мемлекет пен дiн қызметкерлерi күш бiрiктiргендерi абзал.
Былтыр қабылданған бұл құжаттың (тұжырымдама) аясында атқарылған оңды iс-шаралардың келесiсi – мұсылман бiрлестiгiн қолдау қорының құрылуы. Қордың қызметi коммерциялық емес қайырымдылық ұйым ретiнде әлеуметтiк жобаларды қаржыландыруға, бiлiм-ағартушылық шараларды жүргiзуге, сонымен қатар, дiни бiрлестiк қызметкерлерi жұмысының тиiмдiлiгiн көтеру және мекемелердiң қызметiн қолдауға бағытталған. «Уақып» қорының қызметi негiзiнен мынадай мiндеттердi шешуге бағытталып отыр:
– елдегi бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосу;
– тұрғындардың әлеуметтiк аз қамтылған тобы мен мүмкiндiгi шектеулi азаматтарға көмек көрсету;
– балалар мен жастардың физикалық және интеллектуалдық дамуын қолдау;
– дiни радикализм мен экстремизмнiң алдын алу;
– мамандардың бiлiктiлiгiн көтеру және шалғайда орналасқан дiни бiрлестiктердiң (имамдардың) әлеуметтiк мәселелерiн шешу және т.б.
Назар салсаңыз, осы айтылған тармақшалардың барлығы да тұжырымдамада қамтылған мәселелер. Мақсат – елдегi дiнаралық және ұлтаралық келiсiмдi нығайту, бейбiт өмiр мен тұрақтылыққа үлес қосу, мүмкiндiгi шектеулi азаматтарға жәрдем беру, дiни радикализм мен экстремизмнiң алдын алу, шалғай елдiмекендегi имамдардың әлеуметтiк жағдайын шешу, дiни бiлiм беру жүйесiн реттеу және т.б.
Бұл мақалада келтiрiлген бiздiң бiр-екi мысалымыз дiн саласына қатысты қабылданған тұжырымдаманың мазмұнын толық аша қоймасы анық. Онда елдегi дiннiң ахуалы айтылып, түрлi (мемлекеттiк басқару, мемлекеттiк қызмет, құқық қорғау, қарулы күштер, БАҚ, бiлiм беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт) салалар бойынша дiнге қатысты ұстаным баяндалған. Бiрақ, бiздiң мақсат – оқырманды шаршату емес, дiн саласына қатысты қабылданған осы құжатты қарапайым сөзбен тарқатып, сiздi онымен аз да болса таныстыру. Бұл бiздiң азаматтық борышымыз деп бiлемiн.
Иә, дiни қайшылықтар негiзiнде туындайтын радикализммен бaйлaныстағы келеңсiз үрдiстер бой көрсетiп отырған бүгiнгi уақытта елдегi тұрақтылық пен ауызбiршiлiктi нығайту үшiн әрбiрiмiз қолдан келгенше үлес қосуымыз керек.
Осы орайда жоғарыда сөз болған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорына қысқаша тоқтала кетсем.
«Уақып» сөзі араб тілінен алынған «қайырым-дылық» деген сөзді білдіреді.
Қор қазіргі қалыптасу кезінде демеушілердің көмегіне арқа сүйеп отыр. Осынау қор арқылы білікті имамдарды ауылдық жерлерге тартуға ынталандыру, жалпы имамдардың жалақысын көтеру, мешіттердің коммуналдық шығындарын төлеуге көмектесу бірқатар қордаланған мәселелерді шешеді. Қазірдің өзінде аталған қор 403 млн теңгеден астам қаржыға қайырымдылық жасапты.

Тобықтай түйін: Дiндi қоғамнан бөлiп қарау мүмкiн емес. 2016 жылы ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен құрылған Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгiнiң (қазіргі Қоғамдық даму министрлігі) пайда болуы дiннiң қоғамдағы орны мен маңызын аңғартқандай. Әсiресе, 18 конфессия мен үш жарым мыңнан астам дiни субъектiлерi ресми түрде тiркелген мемлекетте дiнаралық келiсiмнiң маңызы жоғары. Осы ретте, дiнге қатысты мәселелердiң барлығын тек бiр мекемеге ғана (ҚМБД-ға немесе ҚР Қоғамдық даму министрлігі) жүктеп қоймай, әрбiр Қазақстан азаматы атсалысқаны жөн. Қазақ «Жұмыла көтерген жүк жеңiл» дегендей, елiмiздегi дiнаралық және этносаралық ауызбiршiлiктi сақтау баршамызға ортақ мiндет.

Жалғас СӘДУАХАСҰЛЫ,
дiнтанушы, философия ғылымдарының кандидаты