ТҰРСЫНОВ ФЕНОМЕНІ

16

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы кезеңі аяқталып, жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру нәтижесінде жеңімпаздардың тізімі жарияланғанын білесіздер. Сол «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанғандардың арасында ұлт жанашыры Алмат Тұрсынов та болды.

ТҰРСЫНОВҚА БАРАР ЖОЛ

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін Тобыл-Торғай өңіріндегі әр саланың үздіктерін іріктеу барысында алдымен ауызға ілінгені қарасулық кәсіпкер Алмат Жанәбілұлы  Тұрсынов болды. «Сонда ол қандай ісімен ерекшеленді?» дейсіз ғой. Біріншіден, ол өнімін ел ішінде ғана емес, шетелге де шығаратын, одан түскен пайданы әлеуметтік саланы игеруге жұмсайтын және ауыл шаруашылығы саласында заманауи инновациялық технологияны барынша батыл енгізетін кәсіпкер болып шықты. Қараңыз, ол басқаратын «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компаниясы әлеуметтік жобаларға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Малдарының құлағына чип салынған, арнайы бақташысыз-ақ олардың қайда жүргенін біледі. Смартфонға енгізілген замануи бағдарлама арқылы егіс аумағының жай-күйін жатқа біліп отырады.

Осы деректер мені қызықтырып журналист ретінде Азамат Жанәбілұлымен кездессем бе деп жүргенде қаламдас, сырлас әріптесім ақын Нағашыбай Мұқатов: «Ол жайлы мен дастан жазғам», – деді. «Ой, дастаныңды берші оқып көрейін» деп жабыса кеттім. Ақындар біздей емес ұшқыр ғой, зауқы келіп, көңілхошы болған шақта жыр жолдарын нөсер жаңбырша төге салады. Арнау өлеңнің ақтангері Нағашыбай ақын да кейіпкердің тұлғасын барынша ашып тастапты. Әсіресе, ана жылы Алмат Елбасымыздың қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» Алтын жұлдызын алған сәтін тебіреніп-ақ бейнелеген екен. Бірер шумағын оқып көрелік.

Кей уақыт бітеді ұл-қызға қанат,

Қалықтағыш құстарға тұрмыз балап.

Қауырсын қанаттарда қомданады,

Жап-жарық көгімдегі жұлдызға қарап.

 

Байқадым биіктеген баспалдақты,

Қыранша шарықтауы рас, таңдантты.

Бармақ батыр ұрпағы жарайсың – деп

Баршаға көрсетемін бас бармақты.

 

Тарлан ба, тастан тұғыр тұрғызбаған,

Тіріні дәнді алқапқа бұрғыз далам.

Мен жерден масаттана қол бұлғаймын,

Әне Алмат, әне аспанда жұлдызды адам!

Негізі өр Алтайдың тумасы, әйтсе де соңғы отыз жылдан астам өмірін осы Торғай-Тобыл өңірінде өткізіп келе жатқан, кезінде екі өңірді де басқарған, қазір облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин ақсақал да осы Алмат туралы баспасөзде өзінің лебізін білдіріпті:  «Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы енді қалыптасып жатқан жылдары Елбасының өзі жергілікті билік өкілдеріне қолынан іс келетін кәсіп иелерімен бірлесе жұмыс жүргізуді нұсқаған болатын. Кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілгі күшейтіліп, ел мүддесі үшін игілікті істер жоспарланды. Небәрі 25 жастағы Алмат сол кездің өзінде Елбасы сенім артқан іскер азаматтардың қатарынан көрінді».

БӘРІ ДЕ «БІЛСЕМ, КӨРСЕМ» ДЕГЕННЕН БАСТАЛДЫ

Алмат – Жанәбіл ақсақалдың отбасындағы жеті баланың кенжесі. Кенже болғанда да егіздің сыңары. Кішкентайынан пысық, алғыр, нені болса да білсем, көрсем деп тұратын бала болып өсті.

Баяғыда нағашысы Есен деген кісі кеңшар басқарыпты. Енді мектепке барғалы жүрген Алмат домаланып сол нағашысының машинасынан түспейді екен. Ұшан-теңіз кең далада машина зулап келе жатады. «Нағашы, мына жерлерге не болады?» дейді бала. «Бұл жерлерде амандық болса ауыл болады. Оны мынау сен сияқты жастар салады» дейді нағашысы. «Ал, ауылдан кейін не болады?» дейді бала. «Не болады, шағын ауылдар үлкен кеңшар болады, кеңшарлар аудан болады» дейді нағашысы. Бала қиялданып кең далаға құмарта қарайды. Оның қиялында мынау маң далада құрылыстар салынып жатқандай елестейді.

Иә, ол бір кездегі бала қиялы ғой. Әйтсе де, соны өзі жүзеге асырды. Туған жерге туын тікті. Қарасудағы бүкіл қирап қалған нысандарды тік тұрғызды. «Колос» кинотеатрын, «Олимп» спорт кешенін, балалар бақшасын, мешітті салды. Қаншама тұрғын үй пайдалануға берілді. 1990 жылдары ауданда белсенді жастар қорын құрып, құрылыс материалдарын өндіруді қолға алды. 1996 жылдары ауыл шаруашылығы саласына ден қойып, ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіміне белсене үлес қосты.

«Әп» деп егіншілікпен айналысқан сәтінде Алмат Жәнәбілұлы жерді тырналай бермеу керек екендігін түсінді. Облыс диқандары арасында бірінші болып химиялық пар өндірісін тәжірибеге енгізді. Содан барып алқаптардың 60 пайызынан астамын зиянкестерден тазалауға қол жетті. 2002 жылы республиканың интеллектуалдық меншік құқығы жөніндегі комитеті «Парға қалтырылған және тыңайған жерлерге дәнді дақылдарды күтіп-баптаудың тәсілдерін тапқаны үшін» Алмат Тұрсыновқа өнертабыстың иесі ретінде №14248 сертификаты берілді. Ол аз десеңіз, келесі жылы Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары оның шаруашылықтарына келіп, астыққа қарсы зиянкестерді зерттеуге кірісті. Сөйтіп, бірқатар ғылыми еңбектер дүниеге келді. Есесіне, Алматтың алқаптары тазарып, егістің өнімділігі мен сапасы артты. Қазір «Қарасу» сауда-өнеркәсіп компаниясының астық алқабы 220 мың гектардан асып жығылады. Таза өнім, таза бидай, сапасы да жоғары, соған сәйкес пұлдануы да ойдағыдай.

ЖАҢА БАСТАМАНЫ ЖАТСЫНБАЙДЫ

«Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің халыққа Жолдауында: «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың мүмкіндігі», – деп жайдан жай айта салған жоқ. Ол еліміздің көштен қалмай, озық мемлекеттермен терезесі тең болу жолындағы мақсатты жүзеге асыратын мықты қадам», – дейді Еңбек Ері Алмат Тұрсынов.

Оны нақтылы мысалдармен дәлелдеуде. Мәселен, цифрландыруды алайық. Қарап отырсаңыз, өркениетті дамыған елдердің бәрі бұл кезеңнен өткен. Оның жемісін көрген. Айталық, кейінгі жылдары өндіріске енгізіліп жатқан жаңа құрылғылар комбайындарды цифрландырудан басталды десек қателеспейміз. Ең біріншіден аталған астық жинау техникаларындағы жанар-жағармай шығыны қатаң есептеледі. Өнім шығыны нақты есепке құрылады, бидайдың сапасы, ылғалдылығы, дән көлемі айқындалады.

«Мен қолымдағы смартфонға арнайы бағдарлама енгізу арқылы өзіме қарасты егін аумақтарын түсіріп алдым. Қажет кезінде қай жерде қанша гектар жер, шығымы қандай, ылғал өлшемі қалай деген мәселелерді сол арқылы алдын ала біліп отырамын. Тіпті, былтырғы жылы қай күні, қай айда дән септік, қанша жұмыс атқардық деген сияқты деректер де көз алдымда тұрады. Бір айдан кейін масақтың биіктігі қандай болды, қанша мөлшерде жаңбыр жауды, бір сөзбен айтқанда, бір күнгі, сағат сайынғы өзгерістер алақаныңда тұрғандай айқын. Енді бұдан артық не керек? Электронды база – сенің ақыл қалтаң, тағы бір мысал айтайын, – деп Алмас Тұрсынов әңгімесін одан әрі жалғады. – Тұқым салатын машинаны алайық, бұрын механизатор бір айналып өткен жерінен жаңылысып қалмас үшін көз майын тауысып дәлдігін сақтайтын. Қазір ол жұмысты ешқандай қиындықсыз арнайы құрылғылар атқара алады. Және оны сен монитордан көріп отырасың. Қазір астық жинап жатқан комбайын өнімнің сапасын, салмағын анықтай алатын жағдайға жеттік. Бункердегі бидайды жүк көлігіне құйған кезде де монитордан оның толған, толмағаны көрініп тұрады. Соңында сол мәліметтердің бәрі базада сақталады. Міне, «ақылды техника» деген осы».

«Енді мал шаруашлығындағы қол жеткен кереметті қараңыз. Қазір менің әр малымда чип бар. Спутниктегі беріліс арқылы қай малдың қай жерде жайылып жүргенін біліп отырамын. Бұл – бір. Екіншіден, бұрын малдың ауру немесе сау екенін анықтау үшін мал дәрігеріне көрсететінбіз. Қазір бір дәрінің ішіне барлық вакциналарды енгізіп, бірден екпе жасай алады. Содан барып оның ауру немесе ауру емес екендігі базаға енгізіледі. Бұл тәсілді мен 2014 жылдан бері қолданып келемін. Тағы бір айта кететін жай, мен шетелдік малды өсірмеймін. Әрине, оны өсіріп жүргендер арамызда қазір бар. Ондайларға менің қарсылығым жоқ. Негізінде, біздің ата-бабаларымыз мал баққан.   Мыңдаған жылдар бойы олар сол малды ұстап келді. Малдың етті, сүтті болуы алдымен біздің ауа райымызға, жерімізге, шөп құрамының ерекшелігіне байланысты екендігіне көзі жеткен. Содан малымыз қыстың суығына да әбден бейімделген. Жеріміз ұлан-ғайыр, өсетін шөп әртүрлі. Сондықтан біздің малдардың еті дәмді. Қоректік құрамы мол. Менің ойымша қазақтың ақбас сиыры мен Әулиекөл тұқымы біз үшін барынша қолайлы. Оларды ірілендіреміз десек – әңгіме басқаша. Ол үшін асыл тұқымды бұқа алып немесе будандастырса жетіп жатыр. Біздің компания көп жылдардан бері Ресейге ет жөнелтумен айналысады. «Қарасу-ет» фирмасы деген жазуы бар етті олар таласып алады. Қазір астаналықтар да біздің фирманың өнімдерінің сапалылығына көз жеткізіп, бізбен байланысты нығайта бастады. Біз малдың етін мүшелейміз. «Стейк-тибон», «Стейк-рибой» деп сыртына жазып, полиэтилен қалтаға салып, қатырып қоямыз. «Стейк-тибон» – белдемшенің жартысы, «рибой» – кәдімгі қабырға», – деп ағынан жарылды ата кәсіпті жалғаған азамат.

Жаңалықты жатсынбайтын Алмат Жанәбілұлының тағы бір феномені – мал қиын далаға тастамай, одан энергия өндіретіндігі. Осыдан сегіз жылдай бұрын Қараман ауылында органикалық қалдықтар өңдейтін арнайы кешен іске қосылды. Қазір ол жылына 800 мың текше метр электр қуатын өндіруге қол жеткізді. Бұл – таза экологиялық өнім. Қондырғыға жылына 16-17 мың тонна көң керек екен. Ол толығымен қамтамасыз етілген. Жаңалықты енгізуге жалықпайтын кәсіпкер енді бұл саланы да цифрландыруға көшірмек.

Тобықтай түйін: Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстандағы жүз жаңа есімнің бірі, ұлт жанашыры, белсенді кәсіпкер Алмат Жанәбілұлы өз қызметінің орайына сәйкес бұқара халықпен жиі кездеседі. Таяуда ғана Амангелді, Жангелдин, Жітіқара, Денисов аудандарына барып қайтты. Әр кездесу сайын оған әртүрлі сауалдар қойылады. Толағай табысқа жету сыры сұралады. Сонда ол: «Тәуекелшілдік, жаңаны жатсынбау, қол жеткен биікте тұрып қалмау, істеп отырған кәсібіңе адал болу, еліңді, жеріңді сүю, өз Отаныңның патриоты болу, қолда барыңды халқыңмен бөлісу», – дейді. Міне, Әлихан Бөкейхан айтқандай, «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»…

Серік ШАЙМАН, «Qazaq» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі