ТҰРҒЫН ҮЙ КӨМЕГІ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

6

Қазақстандағы әлеуметтік саясат саласындағы басым бағыттардың бірі – кедейшілік деңгейін төмендетіп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, аз қамтылған азаматтарды және халықтың әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қорғау болып табылады. Міне, осы мақсатта Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік төлемдер бөлімінде тұрғын үй көмегі аз қамтамасыз етілген отбасыларға әлеуметтік көмектің бір түрі ретінде ақшалай төлем түрінде көрсетіледі.
Бұл көмек Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 97-бабының 2-тармағына, ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 «Тұрғын үй көмегін көрсету Ережесін бекіту туралы» қаулысының 3-тармағына сәйкес тағайындалады.

Алматы қаласындағы аз қамтылған отбасыларға биылғы жылы тұрғын үй көмегін көрсетуге 54 миллион теңге қарастырылды. Алматы қаласы мәслихатының 2014 жылғы 2 маусымдағы №232 шешімімен бекітілген Алматы қаласындағы тұрғын үй көмегінің мөлшерін анықтау және көрсету Ережесінің негізінде тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Бұл көмек коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған шығындар отбасының жиынтық табысының 10 пайыздық үлесінен асатын жағдайда көрсетіледі. Яғни, коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған шығындар норма бойынша 13 мың теңге болса, ал табыс 80 мың теңгені құраса, отбасының жиынтық табысының 10 пайыздық үлесі 8 мың теңге, демек тұрғын үй көмегіне 5 мың теңге шығады.
Тұрғын үй алаңының нормасы адам басына 18 шаршы метрлік пайдалы алаңды құрайды. Ал бір бөлмелі пәтерде тұратындар үшін иеленіп отырған тұрғын үйінің нақты пайдалы алаңына тең болуы тиіс.
Көрсетілетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды) бекіту кезінде коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары табиғи монополияларды (монополистік қызметтерді) реттеу жөніндегі аумақтық уәкілетті орган қолданатын коммуналдық қызметті қолдану нормаларына тең.
2018 жылдың 1 қыркүйегіне 2 242 отбасыға 40 миллион теңге көмек көрсетілді.
Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) аудандық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамның филиалы – Халыққа қызмет көрсету орталығына өтінішпен жүгінеді. Өтінішке келесі құжаттар қоса ұсынылады:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
2) өтініш берушінің тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын мекенжай анықтамасы;
3) отбасының табысын растайтын құжаттар;
4) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттың көшірмесі;
5) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттың көшірмесі;
6) телекоммуникация қызметтеріне арналған түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі.
Тұрғын үй көмегі жайында толықтай ақпарат алу үшін тіркелген тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының аудандық бөлімдеріне келесі мекенжайлар бойынша хабарласуыңызға болады:
Алатау ауданы, «Шаңырақ-2» ықшам-
ауданы, Жанқожа батыр көшесі, 26 үй.
Телефоны: +7 (727) 395-36-05;
Алмалы ауданы, Сейфуллин даңғылы, 577.
Телефоны: +7 (727) 261-02-81;
Әуезов ауданы, №3 ықшамауданы,
Абай даңғылы, 41 «а». Тел.: 276-49-92;
Бостандық ауданы, Жандосов көшесі, 2 үй.
Телефоны: +7 (727) 392-22-95;
Жетісу ауданы, Мақатаев көшесі, 142 үй.
Телефоны: +7 (727) 279-37-72;
Медеу ауданы, Төле би көшесі, 12 үй.
Телефоны: +7 (727) 291-06-65;
Наурызбай ауданы, «Қалқаман» ықшам-
ауданы, 24 үй. Тел.: 383-55-82;
Түрксіб ауданы, Рихард Зорге көшесі, 18 үй.
Телефоны: +7 (727) 234-93-15.

Кәмшат ҚОШҚАРБАЕВА,
Алматы қалалық Жұмыспен қамту
және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының әлеуметтік төлемдер
бөлімінің бас маманы