«ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» ҰСЫНАТЫН БЕС МҮМКІНДІК

16

Бүгінде баспана мәселесі баршаны алаңдатады. Үйсіз-күйсіз жүргендердің көбі қалтаның жұқалығынан пәтер жалдап, туысын сағалайды. Үй салуға, сатып алуға қара жердің көк тіреген құны кедергі. Әйткенмен, жұртшылықтың жоғын түгендеуге келгенде мемлекет те қарап отырған жоқ. Оған жыл сайын халық игілігіне берілетін көп пәтерлі үйлер дәлел. Үйі жоқтың күйі болмайтынын ескерген мемлекет халқының қамсыз тірлігі үшін бел шешіп іске кірісті. Елдің еңсесін тіктеп, дағдарыстың дауылына, замананың жауынына ұрынбас үшін нақты бағдарламалар қабылдап, жұртшылықтың жайлы өміріне жол ашып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті төменде үйсіз жүргендерге арналған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бес мүмкіндігін ұсынады.

1. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ерекшелігі неде?

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» (ТҮҚЖБ) депозит ашу үшін 15 000 теңгеңіз болса жеткілікті. Бұл сіздің шотыңызға салған алғашқы қаражатыңыз болмақ. Ал шот ашу туралы келісім-шарт бекіту – тегін.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» адам тұтынушылық несие немесе автонесие рәсімдеу үшін келмейді, оның басқа екінші деңгейлі банктерден айырмашылығы да осы. Яғни, классикалық несие жүйесі жоқ. Банк қолданатын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сәйкес, әр клиент белгілі бір уақыт аралығында өзіне қажет қаражаттың 50%-ының басын құрауы қажет. Мысалы, сатып алынатын жылжымайтын мүліктің бағасы 10 млн теңгені құраса, ТҮҚЖБ клиентінің кем дегенде 3 жыл ішінде жинаған қаржысы 5 млн теңгеден аз болмауы тиіс. Ал қалған 5 млн теңгені банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын заем түрінде береді.

2. Өзге банктен алған ипотеканы қайта қаржыландыруға бола ма?

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» өзге коммерциялық банктен алынған ипотекалық заемды қайта қаржыландыруға және несие бойынша ай сайынғы төлем мөлшерлемесін азайтуға болады. Яғни, осы уақытқа дейін сіз басқа банктен ипотека рәсімдеп, төлем жасап жүрсеңіз, ТҮҚЖБ ұсынатын тиімді ұсынысты пайдалана аласыз. Оған халықтың көзі жетіп отыр: тек бір апта ішінде ғана банктің Алматыдағы филиалына өзге банктен алған несиесін қайта қаржыландыру үшін 5-10 адам келеді екен.
Қазіргі таңда ТҮҚЖБ-да берілген он заемның екеуі – қайта қаржыландыру үшін берілген заемдар. Ең қызығы, несиені қайта қаржыландыру қызметін өзге екінші деңгейлі банктен несие алғандар да, ТҮҚЖБ-нің  клиенттері де қолдана алады.

3. Отбасы болып депозит ашудың артықшылығы қандай?

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашып, оған айына 40 мың теңгеден артық қаражат салып тұра алатын жандарға «Отбасылық пакет» өте тиімді болмақ. Өйткені, бұл өнімнің бір адам атына ашылған депозиттен артықшылығы бар. Мысалы, клиент 1 жыл бойы депозитіне ай сайын 45 мыңнан салып отырды делік. Жыл соңында оның шотында жиналған ақшаға банктің 2%-дық сыйақысы мен 20%-дық мемлекеттік сыйлықақы (200 АЕК-тен аспайтын сомаға есептеледі) қосылады. Ал егер ол, мәселен, өзінің, жұбайының және баласының атына үш депозит ашып, отбасылық пакет рәсімдесе және әр депозитке ай сайын 15 мыңнан құйып отырса, жыл аяғында банк пайызы да, мемлекеттің беретін сыйлықақысы да үш депозиттің үшеуіне де аударылады. Яғни, клиент салымы бойынша түсетін пайданы еселей алады. Сол себепті ТҮҚЖБ клиенттері депозиттерін «Отбасылық пакет» шеңберінде ашуды жөн көреді. Бұл – баспана алуға қажетті қаражатты тез жинаудың ең тиімді тәсілі.

4. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» тағы қандай мақсатта несие алуға болады?

ТҮҚЖБ-де тек тұрғын үй сатып алу үшін емес, сонымен қатар баспанаға жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе оны жаңарту мақсатында да (құрылыс материалдарын сатып алу, құрылыс жұмыстарының төлемақысын жүргізу және т.б.) депозит ашуға болады. ТҮҚЖБ тұрғын үй жағдайын жақсартуға байланысты кез келген мақсатта несие ұсынады.
Біріншіден, бұл жаңа үйлер нарығынан немесе қайталама нарықтан пәтер сатып алуға және екінші деңгейлі банк кепіліндегі пәтерді қосымша төлем жасау арқылы сатып алуға беріледі.
Екіншіден, жер учаскесінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге, яғни жеке шаруашылық нысанын немесе баспана салу мақсатында беріледі.
Үшіншіден, дәл осы мақсатта жер учаскесін сатып алу үшін депозит ашуға болады.
Төртіншіден, басқа коммерциялық банкте алынған ипотеканы қайта қаржыландыру мақсатында беріледі.
Бесіншіден, ТҮҚЖБ-де баспанаға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін заем алуға болады.
Алтыншыдан, екінші деңгейлі банк немесе басқа қаржылық ұйымнан ипотека алу мақсатында алғашқы жарна үшін беріледі.

5. Банктен тұрғын үй заемын кімдер ала алады?

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мемлекеттік қызметкерлерге арналған банк деген қате пікір қалыптасқан. Шын мәнінде, бұл банктен депозит ашуға, заем алуға кез келген адамның, тіпті ресми жұмыссыз жүрген азаматтардың да құқығы бар. Банк қызметтеріне жеке кәсіпкерлер жиі жүгінеді. Олардың арасында сұлулық салондарының, көлікке қызмет көрсету орындарының, түрлі дүкендердің иелері мен қызметкерлері бар. Себебі, табысты растаусыз-ақ бұл банктен ипотекалық несие алуға болады. Клиент кем дегенде үш жыл депозитіне ақша салып, қажет қаражаттың жартысын жинаса, ол банктен табысын растаусыз 5%-бен несие алуға құқылы.

Тобықтай түйін: Бүгінде әркімнің босағасын сығалап, өзгенің қалтасын қампайтып жүрген пәтер жалдаушы жас отбасылар қатары елімізде жетіп артылады. Баспананың жоқтығынан тапқан-таянғанының барлығын «квартирант» жалдап отырған қожайынның қалтасына салып, отбасына жеткенін апарып, жетпегенін бір Алладан тілеп отырған қазақ шаңырағы аз емес. Бұл бас қайғы бүгін ғана емес, бұрын да болған. Кезінде басынан баспана мұңы арылмаған Қасым Аманжоловтың да «Баспана» деген зарлы өлеңі бар.
«Баспана деп бастайын бұл жырымды,
Отырғанда жамылып жылы күнді.
«Қылыш сүйреп» қатал қыс қысса келіп,
Өлең менің тыңдамас бұйрығымды.

Он жыл бопты, жүгірдім астанада,
Шақырса да бармадым басқа қалаға.
Алдамшы елес сықылды үміт қуып,
Он жыл бойы болдым зар баспанаға», – деген шумақтарынан да пәтер сұрап квартбюроның табалдырығын талай рет тоздырған дауылпаз ақынның кешкен күйін бағамдай беруге болады. Бұл шумақтар қазіргі таңда кез келген адам оқыса, жараса кететіндей көрінеді. Өйткені, көбінің басында осы қайғы, осы мұң… Дегенмен, 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша 2031 жылға дейін 1,5 миллион адам баспанаға ие болады. Жоспар бойынша, олардың 500 мыңнан астамы таяу бес жылдың ішінде (2017-2021 жылдары) қоныс тойын тойлайды. Бұдан бөлек, жоғарыдағы baribar.kz порталында жарияланған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынған бес мүмкіндікті ұтымды пайдаланғандар да баспаналы болу мақсаттарына жақындай түседі.