ТҰҢҒЫШ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ БАСЫЛЫМ

7

Қазақ баспасөзінің тарихында «Қазақ» газетінің алатын орны ерекше. 1913 жылы
2 ақпанда Орынборда жарық көрген бұл басылым – қазақтың тұңғыш демократиялық газеті ретінде белгілі.

«Қазақ» газеті 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін Орынборда шығып тұрған, ұлттық баспасөздің, әдебиет пен мәдениеттің дамуына үлкен ықпал еткен басылым еді. Оның редакторы – Ахмет Байтұрсынов, шығарушысы – Мұстафа Оразаев болды. Газетте Бөкейханов, Дулатов, Шәкәрім, С.Дөнентаев, М.Шоқаев, М.Жұмабаев, Б.Майлин, тағы басқа қазақ қаламгерлерінің публицистикалық, көркем шығармалары жарық көрді. Сол кездегі қазақ саяси өмірі мен қоғамдық ойының белсенді өкілдері ұлттық басылым төңірегіне тоғысуы – кездейсоқ жағдай емес еді. Оларды бірлесе қимылдауға, қосылып іс-әрекет жасауға итермелеген – ғасыр басындағы қазақ жеріндегі қоғамдық-саяси ахуал, елдің ауыр халі болғандығына көзіміз енді жетіп отыр.
Демек, «Қазақ» газеті – сол кезеңнің шындық шежіресі, өмірлік айнасы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, қалың көпшілікке жол сілтеген, ұлттық сана-сезімді оятуға үлес қосып, болашаққа бағыт-бағдар берген қоғамдық ойдың өлшемі еді.
Бұл басылымның қазақ халқының ұлттық даму жолындағы маңызды ролі жайында көптеген пікірлер бар. Солардың ішінде де газет туралы сол кезеңдегі ел зиялыларының нақты тұжырымдарға құрылған ойлары ерекше әсер қалдырады. Мәселен, Алаштың ардақты азаматтарының бірі – Смағұл Сәдуақасов өзінің «Қазақ әдебиеті» атты тарихи-талдау очеркінде: «… «Айқаптан» кейін 1918 жылы қазақ әдебиетінің мақтанышы болған «Қазақ» газеті шықты. Бір ғажабы, «Айқап» мұсылман мектептерінде оқитын әдебиетші жастардың белсене қатысуымен, күш-жігерімен шығып тұрса, «Қазақ» газеті орыс мектебінде оқитындардың күш-жігерімен шықты» деген пікір айтыпты.
Ал Мұхтар Әуезов Ташкентте шыққан «Шолпан» журналында 1923 жылы жарияланған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты тарихи-әдеби сын мақаласында былай деп жазыпты: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді. Сондықтан бұл уақыттағы іс пен сөзде тығыз қамның, асығудың ретінде бұдан өзгенің бәрін қоя тұрып, бір саясат әңгімесіне жұмылдырудың, жалғыз соған ғана үңілудің қалпында өтті… «Қазақ» газетінің бетіндегі бағыт пен тұтынған жол да осы ретпен жүрді. Жазылған ұсақ өлеңдер, әңгімелер, барлық мақалалардың бәрі де қазақты ұйқыдан ояту, сергіту, күшін біріктіру, оқығандарын түзу жолға салу, соларға басшы болу, қазақ ісіне көз-құлақ болуға арналған. Бұл тұтынған жолда «Қазақ» газеті өз міндетін атқарады…».
Осындай қазақ тарихында ерекше орын алған басылымның алғаш нөмірі шыққанына 105 жыл толып отыр. Осыған орай, жаңа заманда көрнекті жазушы Қоғабай Сәрсекеев жалғастырып шығарған «Қазақ» газетінің ұжымын мерейлі датамен құттықтаймын! Газет редакциясының ұжымының Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты ұлтымыздың ұлы тұлғалары бастаған тағылымды істі абыроймен жалғастыруына тілектестік білдіремін!

Ғалым МҰТАНОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры