ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҰМТЫЛҒАН ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ КҮРЕСІ

30

Өмірдің әр күні – тарих. Жыл мен күн жылжығанмен, көңілде өшпестей боп қара таңбалы күндердің жарасы қалады. Ұлттың өз пікірін айтып, ақиқатқа ұмтылуы 1986 жылғы желтоқсанның ызғарына қарамастан халықтың мүддесін қорғаған жастардың қыршын кетуімен, нақақтан тар қапасқа қамалуымен біте қоймайды. Жара жазылғанымен, орны қалады. Қайрат Рысқұлбеков түрмеде жазған жазбаларының бірінде: «Арман қудың ба? Алдыңа қара, артыңа алаң болма! Өмірдің өткелін тапсаң, жүрексінбе, көзді жұм да сүңгіп кет, бел шеш те кешіп өт», – деп екі жастың біріне келмей жатып, осындай өткір пікір, өрелі өсиет қалдырыпты. 

«Тек қана алға!» деген ұстанымды ұстанып, сол желтоқсанда жазықсыздан-жазықсыз түрмеге түсіп, шындық үшін шырылдаған жандар аз емес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз − тар заманда тайғақ кешсе де, бүгінгі өміріне, тәуелсіздігімізге шүкір дейтін желтоқсаншы Нұрман Шыныбаев. Екінші мүшелінде отбасын құрып, түтінін түзу түтетіп отырған кейіпкеріміз, бүгінде 3 баланың әкесі.
Алматы қаласында тұратын Нұрман Әлібекұлы үшін 1986 жылдың желтоқсанын еске алу өте ауыр. Сол күнгідей қазақ жастарының басына қара бұлт үйірілмеуін тілейтін ол өзі бастан кешкен оқиғаны, тағдырын жіпке тізгендей әңгімелеп берді.
Нұрман Әлібекұлы Алматы политехникалық техникумының 3 курсында оқып жүріп, әйгілі «желтоқсан ызғарына» куә болғандардың бірі. Өзінің айтуынша, сол кезде де әрбір оқу жылының аяғында студенттер арнайы оқу тәжірибесінен өткен екен. Кейіпкеріміздің мамандығы тамақ өнеркәсібіне байланысты болғандықтан Гоголь көшесінде орналасқан сыра зауытына оқу орны тобымен практикаға жіберіпті.
«Практикаға бара жатқан жолда Гогольдің бойынан өзіміз қатарлы жастарды көрдік. Олар қолдарына әр түрлі үндеулер жазылған тақтайшаларды ұстап алыпты. Содан сол жастарға ілесіп, ары қарай алаңға қарай беттедік. Бұл 17 желтоқсан еді. Алаңға барған соң Қонаевты бірінші хатшылықтан алып тастағанын естідік», – дейді Нұрман Шыныбаев.
Сол күні таңғы оннан, кешкі жетіге дейін алаңда жүрген жастар ойындағысын еркін айтып, жанайқайын жасырмай, бейбіт шеру болатынына сенген. Нұрман Әлібекұлы қатарластарымен сағат кешкі жетіге таман өз шаруаларымен алаңнан кетіп қалады.
Кейіпкеріміз оқу орнының белсенді студенті, сол кездегі комсомол мүшесі болыпты. Бірер күн бұрын группаластарымен білім конкурсына қатысып, санаторийға жолдама ұтып алған екен. Сол жерге барып орындарын алып, алаңға қайта оралған олар мүлде басқа жағдайға куә болады.
«Екі сағаттың ішінде талай дүние өзгеріпті. Түнгі он бір шамасында ұстап әкетті. Жанымдағылардан жалғыз мен ұсталып қалдым. Бес күн қамауда жаттым. Содан кейін ректордың орынбасары келіп шығарып алды. Он бес күндей сабаққа барып жүрдім, бір күні тергеушілер мені іздеп оқу орныма келіп, сұрақтары бар екенін айтып, алып кетті. Содан соң, екі күннен кейін «істі болды» деп комсомолдан да, оқудан да шығарып жіберді. Группаның старостасы бола тұра жанымдағыларды ертіп барып, басбұзарлық көрсеткен екенмін және сол көтерілістегі жүрген мен танымайтын орыстың бір көзіне тас тиген екен. Осындай жалған себептермен алаңда мені көрген адамдар куәлік етіпті», – дейді Нұрман Әлібекұлы.
Тергеу бітіп, бір айдан кейін қамалған кейіпкерміз тар қапастан 90-жылы бір-ақ шығады.
Кейіпкерімізді № 60, № 65 баптармен жалпы мерзімі 8 жылға бас бостандығынан айырыпты. Сонымен қатар, осы баптармен жазықсыз жаламен құрбан болып сотталғандарды сот болғаннан кейін Алматының түрмесінен Ақтауға (Шевченко) алып кетіп, үш айдан соң Қызылордаға жібереді. Кейіпкеріміз осылайша Екібастұзда, кейін Жамбыл түрмесінде жатады.
«Әр күні жанымыздағы адамдармен тілдесіп, бір-бірімізбен жақын таныстық. Он шақты адам бір камерада жаттық», – деп еске алды Нұрман Әлібекұлы.
Болған жайтты талқылаған олар бастапқыда оқиғаның неліктен мұншалықты шиеленісіп кеткенін түсінбеген. Бұл жастар бар-жоғы ақиқат үшін күрескендерін ғана білетін еді. Нақақтан-нақақ тар қапасқа қамалғандарына аң-таң болысқан ұлтын сүйген ерлер бір қараңғы, бір жарық қоғамның, өліара мезгілдің жүз құбылған бейнесін көріп тұрса да, заманның ауыртпалығын арқалап ап, сол кездің өзінде бейбіт күннің келеріне, тәуелсіздік туының желбірейтініне риясыз сенген.
Темір торға өз өмірінің үш жылын қиған кейіпкеріміз бас-аяғы 8 жылға сотталғанын естігенде «Бұлай болуы мүмкін емес, көп болса 3 жыл отырармын, еліміздің егемендігі алыс емес», – деп іштей қайталай берген екен. Расында да, ол үш жылдан соң Жамбыл түрмесінен бостандыққа шығыпты. Желтоқсаншылардың барлығын жалған жаламен түрмеге сүйреген сол кезеңнің шолақ белсенділері қазақ рухын осылайша таптаймыз деп ойласа керек. Алайда, «Мен – қазақпын!» деп әлемге жар салған ерлеріміз әділдік пен шыншылдық жолында құрбан болатындарын тағы да бір дәлелдеді.
Түрмеден шыққаннан кейін бір жылдай заң қызметкерлерінің бақылауында болған кейіпкеріміз олардың барлық шарттарын орындайды. Шарт бойынша мекенжайын ауыстырмай, 10-15 күн ішінде жұмысқа кіруі тиіс екен. Мұның бәріне көнген кейіпкеріміз бостандықтың әр сәтін бағалау керектігін айтады. «Орнында бар оңалар» демекші, Нұрман Әлібекұлы Алматыға оралып, 1991 жылы оқуын қайта қалпына келтіреді. Алайда, кейіпкеріміз ол мамандығы бойынша жұмыс істемеген екен.
Нұрман Шыныбаев 1991 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бекітуімен «1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматы қаласындағы оқиғаға қатысып, қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтарды толығымен Ақтау туралы» Жарлық(№540) бойынша толығымен ақталады.
Кейіпкеріміздің айтуынша, желтоқ-саншыларға әлі де өз деңгейінде құрмет көрсетілмейді. Бұл тек Нұрман Әлібекұлының ғана пікірі емес, барша желтоқсаншылардың пікірі.
«Желтоқсан ұйымдарының саны өте көп, дегенмен, қазір ол ұйымдар да жеке бастың мүддесіне жұмыс істеп отырғанын көріп жүрміз. Ауызбіршіліктің болмауынан жекелеген ұйымдардың әртүрлі бағытқа кетуі де байқалады» – деп, бүгінгі бір ащы шындықтың ұшын шығарды кейіпкеріміз.
Рас, Желтоқсан көтерілісі – ата-бабаларымыз арман еткен Тәуелсіздік үшін күрестің жалғасы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нұрман Шыныбаевтай қазақтың қайсар ұлдары Отанға деген отансүйгіштік сезімін 1986 жылы Тәуелсіздік үшін күресте тағы да жалғап, соңғы 70 жыл бойы жалған саясатпен тежеліп келген ұлттық намысты оятты. Дегенмен, Желтоқсан көтерілісіне 30 жылдан астам уақыт өтсе де әлі де ашылмаған ақиқат бар.
«Желтоқсан көтерілісі Қазақстан үшін үлкен мәнге ие. Бір Алматыда ғана емес, бейбіт шерулер біздің елдің барлық өңірлерінде орын алды. Бұл – тарихи мұра. Жастар бүгінгі тәуелсіздіктің қандай бағамен келгенін білуі, есте сақтауы керек», – дейді Нұрман Шыныбаев.
Желтоқсанды бір топ «оқиға» десе, екіншісі «көтеріліс» деп есептейді. Осы даулы мәселе жайлы сұрағанымызда: «Бұл − жалпыұлттық көтеріліс. Алдымен осы дүниенің ақ пен қарасын ажыратып алмай, ешқандай да мәртебе берілмейтін секілді. Біз, желтоқсаншылар ұлттың ақиқатты іздеп, алға ұмтылуынан туындаған бас көтеруге арнайы мәртебе беруді сұраймыз», – деп жауап берді Нұрлан Шыныбаев. Расында да, ұлт тарихындағы ақтаңдақ болып есептелетін бұл көтерілістің мемлекеттік мәртебесі болуы тиіс.

Тобықтай түйін: «Желтоқсан көтерілісі» дегенде есте болатын бір нәрсе – әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған КСРО-ның ыдырауына тарихи тұрғыдан негізгі рөл атқарды. Яғни, Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағы деп аталатын алып империяның ыдырауын жеделдеткен тарихи көтеріліс. Оны кейін, 1991 жылы болған Ыстықкөл саммитінде Михаил Горбачевтің өзі мойындады. Демек, қазақ халқының ары да, мақтанышы да – Желтоқсан. Ол қазақта Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира секілді жігерлі, қайсар рухты талай жастың бар екенін дәлелдеді. Ызғарлы желтоқсан желі тоңдырса да, суық күнде өздеріне көліктен су атқыланса да, қазақ жастары өздерінің ұлттық, азаматтық рухына дақ түсірмеді. Олардың аңсаған арманы араға бес жыл салып жүзеге асты. Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың ұлттық рухының биіктігіне бас ие отырып, олардың қанымен, көз жасымен келген Тәуелсіздікті құрметтей білейік, ағайын!

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті