ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ҰРПАҚТАРЫН «КҮН КӨСЕМНІҢ» БЕЙНЕСІНЕ ҚАРАТЫП ҚОЙҒАНЫМЫЗ ҚАЛАЙ БОЛАР ЕКЕН?!

149

«Үйімізде, төрімізде портретте тұрған кім?» деп басталатын коммунистік әнді кеңес халқы мүдірместен айтушы еді. Бұл әннің басты кейіпкері ортамызда әлі де бар, бірақ үйдің төрінде, оқулықтардың бетінде емес, ширек ғасырдан бері тәуелсіз ел атанып отырған Қазақстан елді-мекендерінің төрінен «күн көсемнің» төбесін  көруге болады. Түрлі саябақтар мен алаңдардың орта­сында қасқайып қарап тұрған дәу қара мүсінді көзіңіз шалмауы мүмкін емес. Ол – КСРО тілімен айтқанда, «Бұл – Ленин бабамыз, бұл – Ленин данам­ыз». «QAZAQ» газетінің өткен санында жарияланған Жасұлан Мәуленұлының «Осы біз Ленинді неге қимай жүрміз?» атты мақаласында бұл тақырып орынды қозғалыпты. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанда әлі күнге дейін 352 көшенің Ленин есімімен аталуы ұят-ақ!

Расында да, елімізде «күн көсемнің» есімін иеленген 352 көше бар болса, оның тұғырынан таймаған ескерткіш-мүсіндері де жүздеп саналады. Мәселен, большевик көсемінің бақандай 159 ескерткіші бар екен. Владимир Ильичті ұлықтауда баяғы Ақмола облысы алда тұр. Кулагин басқаратын өңірде Лениннің 49 ескерткіші анықталса, Кереку (Павлодар облысы) өңірінде 44, ал Солтүстік Қазақстан облысында 24 тас тұғыр бар. Бұл мақтаныш па, әлде отаршылдық санадан арыла алмаушылық па? Әрине, бұл мақтаныш емес!..

Шыны керек, атеистік көзқараспен тәрбиеленген ұрпақтар сабақтастығы әлі де баршылық. Дегенмен, айтқаны айдай келіп, ойындағ­ысы  орындалып жатқан мына заманда оның біздің қоғамға қажеті бар ма?

Әлбетте, өткенді ұмытпау – ұрпақ парызы. Дегенмен, қазір еліміз Ресейдің немесе Лениншіл саясаттың ырқында емес, мектеп,  жоғары оқу орындарында  да  ол тура­лы енді оқытылмайды, демек, ұмытыла бастаған «күн көсем» мүсіні неге алынып тасталмайды?

Рас, ескерткіш қашанда ұрпаққа тарихи жәдігер ретінде­  табысталатын құнды мұра. Ал біз тәуелсіз ел ұрпақтарын Лениннің бейнесіне қаратып қойғанымыз қалай болар екен?! Бәлкім, қолын сілтеп тұрған Лениннің орнына елеусіз қалған қазақтың ұлы тұлғаларының ескерткішін орнатып, есімдерін сол көшелерге берсек артық болмас еді.

Ақтолқын ҚАЙНАРҚЫЗЫ,

Сарыөзек кенті,  Кербұлақ ауданы, Алматы облысы