ТӨЛҚҰЖАТ ПЕН ЖЕКЕ КУӘЛІКТІ БІР КҮНДЕ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?

4

Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында төлқұжат пен жеке куәлікті жеделдетілген түрде бір күнде қолға алуға мүмкіндік бар. Ол үшін 4 983 теңге төлеу жеткілікті. Бұл өзгерістер 2018 жылғы 23 шілдедегі Үкіметтің қаулысында қарастырылды. Яғни, 2-тамыздан бастап бұл әдіс жүзеге аса бастады.
Төлқұжат пен жеке куәлікті тез алу мерзімі рәсімделген күннен бастап есептеледі. Мемлекеттік баж алымын (0,2 АЕК – 481 теңге) есептемегенде құжаттарды жедел даярлау қызмет құнын төлегендерге Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында тез әзірленеді. Өзге өңірлерде ұзағырақ күтуге тура келеді. Мысалы:
Бірінші деңгей бойынша бір жұмыс күн ішінде рәсімделеді – 4 983 теңге;
Екінші деңгейде үш жұмыс күн ішінде рәсімделеді – 2 752 теңге.
Облыс орталықтары үшін:
Бірінші санатты жеделдік (3 жұмыс күніне дейін) – 4 983 теңге;
Екінші санатты жеделдік (5 жұмыс күніне дейін) – 2 752 теңге.
Облыстардың аудандары мен қалалары үшін:
Үшінші санат бойынша 7 жұмыс күніне дейін – 1 116 теңге.
Толығырақ білу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы бөліміне немесе 1414 телефон нөміріне хабарлассаңыз болды. Қоңырау шалу тегін.
Айта кетейік, www.egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы құжаттарды жеделдетілген тәртіппен рәсімдеу қарастырылмаған. Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе порталға жүгінген кезде 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей әзірленеді. Өтінішіңіз қабылданған күн қызмет көрсету күніне кірмейді.
Мемлекеттiк баж төлеуден мүгедектер, мүгедек балаларды асыраушылар, алтын, күміс алқа иегерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балалар босатылады.