ТӨЛ ТІЛІМІЗГЕ ЖАНЫМЫЗ АШЫСА…

29

Жаңа латынша жазу қазіргі заманауи техно­логиялық ортаға, коммуникацияға, сондай-ақ, ғылыми және білім беру үдерісіне тиімді екенін жаппай дәлелдеп, түбі қазақ тілі ұтатынына көз жетіп отыр. Ал енді осы жаңа қаріпті ең көп пайдаланатын біздер – журналистер. Ендеше барлық ыстығы мен суығын бастан кешетін, әліпбидің ұлтқа қызметіндегі тағдыр-талайында  жауапкершіліктің нар жүгін де алдағылардың бірі болып біз арқалаймыз.   Ендеше, ел болып Елбасы бастамасын қызу қолдап отырған тарихи кезеңдегі қоғамға керегі – сарабдал сабыр. Президентіміз қайта-қайта ескертіп отырғандай  асықпай, жан-жақты талқылап, саралап  барып, түпкілікті шешім қабылдау лазым.

Осы жерде  жаңа әліпби  қабылданбай жатып-ақ,  жекелеген БАҚ  латынша жазуды  бастап  кеп  жіберді.  Мысалы, республикалық  «Қазақстан» телерадиокорпорациясы. Өз аты мен кейбір жобаларын латынша таңбалауда.  Ал  алдағы  уақытта  сол  таңбалардың  мән-мағынасы  өзгеріске  ұшыраса,  жаңа  емле – ережеге сай болмаса сонда қалай болғаны?  Сол сияқты кейбір маңдайшалар, бильбордтарда латынша бой көрсетіп жүр. Әліпбиі, ережелері қабылданбаған  мұндай  асығыстық көрерменді, оқырманды адастыру болып шықпай ма? Түркия, Өзбекстан және Әзербайжанда  дәл осындай  ойсыз әрекеттің  салдарынан   шатасуға,  адасуға,  бас қатыруға  ұшырап, әлі күнге дейін айыға алмағанын көзімен көріп, өз аузынан естігендермен жүздестік. Сондықтан латынша жазудың мән-жайын  ғылыми  ұйғарым жасалмай жатып, асығыс аттандауға үн қоспайық.

Алдымен әріптестеріме, кісіге кеңес бермес бұрын өзіміз  тереңінен зерттеп,  анық-қанығына  көз жеткізіп алайық дегім келеді.

Қазір  қоғамдағы  пікірлер   әр алуан,  сан қилы көзқарас айтылуда.  Бәріне де төзімділік танытып, дұрыс қабылдауымыз керек. Осы орайда солтүстік өңірде орыс тілділер басым ортада  тұтастай алғанда қазақ тілінің латын жазуына  көшуін  түсіністікпен  қабылдағаны қуантты. Талай орыс  және орыс тілді тұрғындармен жүзбе-жүз тілдестім. Мәселенің терең маңызды, ұлттық оң жаңғыру екенін атап көрсетті. Айталық, облыстық архивтың басшысы В.Вишниченко, «Тэрра» шаруа қожалығының жетекшісі В.Семейкин, әріптесім «Қостанайские новости» газетінің Бас редакторы С.Харченко ағынан жарыла шынайы қолдайтындығын дерек-дәйекпен айтқанда сүйсінесің. Бірге өмір сүріп отырған түрлі замандастардың осындайдағы  ішкі бірлігіне тәнті боласың.  Әйтсе де тек тыз  етпе эмоциядан  ғана тұратын,  астарында  қисынды ой жоқ, жұрттың бірлігі мен ынтымағына сызат түсіретін   пікірсымақтарды айтпағанда, үш-төрт кісі бас қосқан да    жылт ете қалады.  Мұндайда  байсалы жауабың болуы керек. Өйткені,  көбі журналист ағайындардың аузын аңдитыны анық.

Парламентте халыққа ұсынылған нұсқа туралы маған БАҚ бетінде айтылып жатқан тілші-ғалымдар мен көкірегі ояу әріптестерім «Президент және халықтан» – Марат Тоқашбаев, «Қазақ үнінен» – Қазыбек Иса, тілші-ғалым Мұқтар Сеңгірбайдың көзқарастарына жұрттың назары ауса деймін. Себебі,  бұл авторлар жаңа жазуды қызу қолдай отырып, ұсынылған жобаны  талдап, кемшілігін көрсете отырып, өзіндік ұсыныс жасайды. Түйіні – «Бір дыбыс – екі таңбаға жол жоқ!» деген  ұйғарым. Ресми ұсынылған нұсқа бойынша,  айталық, «Әлім» деген кісі есімін латынша жазсақ «аеlim» болады, жұрт мұны «әйелім» деп, немесе «асхана» сөзі латынша «аshana» деп жазылады, ол «ашана» деп оқылуы бек мүмкіндігін айтады.  Диграфтық тәсіл компьютерде ыңғайлы, ауызша қолдануға  ыңғайсыз.  Қазақтың төл дыбыстық болмысын толыққанды бере алмайды. Ресми нұсқадағы диграфтардың осындай қолайсыздығына дәлелдер көп. Түріктердің кезінде «Қ» әрпінен айырылып, аһ ұрғаны бізге сабақ болса дейді. Меніңше, «бір әріп – бір таңба» нұсқасын ғалымдар тереңдете талдап берсе. Бұл істің бәрінде де  негізінен ғалымдар мен мамандар қатысса,  нұр үстіне нұр. Диакритикалық нұсқа да талданып, сараланса. Ұтымды ұсыныстар қаперге алынса. Алаңдайтынымыз – қазір ресми нұсқаны көзсіз қолдау науқанға айналды. Түбі дүрмекпен, ресми нұсқа осы күйінде қабылданса, үлкен мәселе сонда туады. Біздер БАҚ-та мұндай ұрандауға жел бермей, жанымыз ашыса ғана ұтамыз. Тарих сабақтарына қарасақ, асығуға, қателесуге хақымыз жоқ.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінің Директор-Бас редакторы