ТӨР ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТОРҒАЙ

69

Патриотизм туған үй мен туып-өскен өңірден басталады. Біз кіші Отанымыз арқылы бүкіл Қазақстанды сүйеміз…

Нұрсұлтан Назарбаев

Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Мұқағали Мақатаев

Туран. Түркістан. Торғай

Тамыры тереңге жайылған, дүбірі ғасырларға жалғас-қан Туранның бір бөлшегі Торғай облысының құрылғанына биыл 150 жыл!
Алғашқы «Торғай облысы» атауы Ресей империясының 1868 жылғы 21 қазандағы жарлығымен берілген еді.
Жер көлемі сол кездегі орташа Еуропа елдерінің көлемі толығымен сыйып кететіндей, ендік бойынша сол кездегі Орал облысы мен Ақмола облысына дейінгі аралықты, ал бойлық бойынша Орынбордан Арал теңізіне дейінгі жерді алып, солтүстігінде Ресейдің ежелгі облыстарымен, оңтүстігінде Түркістан генерал-губернаторлығымен шектелген.
Осы аймақ көптеген ғасырлар бойы Торғай өлкесі делінетін, сондықтан патшалық Ресей облыс атын Торғай деп атап, сол кездегі (1897 жыл) халқының санын 493 416, оның ішінде 90,6 пайызы қазақтар екенін, жер көлемін 485 185 км2 екендігін белгілеген.
Ия, сонымен Орал тау мен Ұлытау арасындағы үлкенді-кішілі өзендер мен көлдері бар, шоқы мен дөңдері бар, көсілген жазығы мол, аса кең аймақты жерді ертеден бастап Торғай, елін Торғайлықтар деп атап келген.
Ел атауына құс атын беру бағзы заманнан бергі белгілі үрдіс. Ол жөнінде есімі елімізге мәлім ғалым Мекемтас Мырзахметовтің «Мәңгілік елдің ұлттық коды» деген еңбегінде де айтылған («Ақиқат» ж., №8, 2018 ж.). Ұлы қаған Шыңғысхан жарлығымен әр рудың басшы-бектеріне ұран, құс, ағаш және таңба берген. Мысалы, Ұлы жүздің бегі Майқы биге «құсың – бүркіт», Орта жүздің Қоңырат руының биі Саңғыл биге «құсың – қаршыға» деген (Шәкәрім Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы қаласы, 1991 ж.).
Бергі Оғыз қағанның, Хиуа ханы, тарихшы-шежіреші Әбілғазы Баһадүр ханның тұсында да бабаларымыздың рухына сәйкес келген таңбалары мен құстарының болғандығы туралы мәліметтер бар. Мысалы, «баба рухы – үкі», «баба рухы – күйкентай» (Әбілғазы Бахадүр. «Түрік шежіресі», (ауд. А.Н.Канонов, М. – Л., 1958 ж.).
Торғай атауының шығу тарихы түрлі-түрлі айырмашылықтармен, дәлелдермен айтылып жатады. Дегенмен, бастауын қазақтың ұлы даласындағы арқа тірер Ұлытауының сілемдерінен бастаған өзен, жәй өзен емес, оның аты да лайықты көрсетіп тұрғандай – төр таудан басталған өзен. Сондықтан ел арасында «бұл өзен – өзендердің Төрі ғой» – деп айтылып жүрген, кейіннен өзен де, өзеннің айналасындағы жер де, ел де Торғай, Торғайлықтар болып аталып, қалыптасып кетуі де мүмкін.
Қалай болғанда да Туран, Түркістан, Торғай атаулары – бір-біріне төркіндес, ғасырлар бойы халқымыздың құлағына сіңіп кеткен сакралды атаулар.
Жақында Елбасымыздың шешімімен оңтүстік облысымызға Түркістан облысы атауы берілуі бүкіл елімізді дүр сілкіндірген оқиға болды.
Біздерге «екі дүние есігі» Түркістанмен бірге Баба қазақ – «Ер түріктің туып өскен Тураны» да қайта оралғандай болды.
Мағжан (Жұмабаев) ақын «Ертеде Түркістанды Туран дескен, Тураннан Сарыарқаны бөлек деме,..» десе, Сырбай (Мәуленов) ақын:
«Сонау Тұран ойпатынан бас алып,
Өзен болып айырыларда жасы ағып,
Торғай бір күн таңмен бірге аттанған,
Ұзатылған қыз сияқты жасанып», – деп Туран мен Торғайды елі мен жерінің бір-біріне кіндіктес, жалғас екенін баяндай түседі.
Арғы, бергі терең тарихтарда (Авеста, Геродот) Иран мен Туран аттары қатарлас айтылғанмен, көне түрік бабаларымыз қағанатының қақ төсінде орналасқан Туран ойпаты – көптеген ғасырлар бойы әртүрлі елдердің географиялық карталарында солтүстікке қарай орналасқан ұланасыр жер – бірде Торғай қақпасы, кейде Торғай жазығы, үстірті деп беріліп отырған.
Уақытында патшалық Ресейде осы Туран ойпатында орналасқан бес облыстың басын қосып, Түркістан Генерал-губернаторлығын ресми түрде құрған. Кейіннен қысқартып «Түркістан» деп атайтын болды. Түркістан – парсы тілінде Түрік елі деген сөз екен.
Дүниежүзіне Торғай облысының алғашқы атауы, орналасуы, халқының саны және басқа да табылған мәліметтері патшалық Ресейдің географиялық карталары арқылы және XIX ғасырдың бірден-бір ең белді туындыларымен белгілі Ф.А. Брокгауз бен И.А.Ефронның энциклопедиялары (1897 ж.) арқылы жетті.
Сондықтан қазіргі уақытқа дейін облыс атауының өзгергеніне біраз уақыт өткеніне қарамастан, табылып жатқан тарихи жәдігерлердің көбісін Торғай өлкесімен, Торғай даласымен атайды. Солардың бірі – құпияға толы геоглифтер мен геометриялық денелердің біздің жерде де анықталғаны. Оның суреттерін АҚШ-тың НАСА ғарыш агенттігі жариялады («Егемен Қазақстан» №211, 04. XI.2015 ж.).
Мұндай бірнеше әдіспен салынған суреттер еліміздің солтүстігіндегі Торғай даласында шоғырланған. Солардың ішінде Торғай свастикасы, Үштоғай шаршысы, Бестам шеңбері, Қоғай кресті, Ашутас кресті сынды бейнелер ауқымы жағынан ең үлкендері болып табылады және де бұл ескерткіштерге жүргізілген бірқатар экспедициялардың нәтижесінде олардың 3-8 мың жыл бұрын салынғаны белгілі болған. Торғайда құпия геоглифтердің табылуы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде көлемді түрде талқыға түсті. Қазіргі уақытта олардың барлығын Торғайлық жәдігерлер ретінде ғалымдар жан-жақты зерттеуде.
Ата тарихымыздың тереңінде атаулары бір-біріне жалғаса, қатарласа келе жатқан Туран, Түркістан, Торғай есімдері әрқашан халық жадында.
Түркістан аты бізге оралды, енді ұлы даламыздағы келісті бір облысымызды немесе бір қаламызды Туран деп атасақ, ал ежелгі Торғай атауын өзінің төр тарихындағы лайықты орнына қайта оралтсақ.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарих тәжірибесі мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі плюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды», – деген болатын.
Әр елдің, әр жердің өз тарихы, өз дәстүрі болады. Рухани жаңғыру – ол өзіміз жүріп өткен тарихи шежіреміздің, патриоттық болмысымыздың негізінде еліміздің әлеуметтік, рухани құндылықтарын сақтай отырып, оларды қорғауға, дамытуға, сақтауға, нығайтуға ықпал ететін, еліміздің өміріне интеллектуалды ой-өріс қалыптастыратын, ұлттық деңгейдегі тарихи қажеттіліктен туындаған ұғым.
Рухани жаңғыру идеясы – еліміздің кешегі тарихын қастерлеп, ертеңгі болашағымыз бағдарлы болуы үшін жас ұрпақты тамыры терең тарихымызбен сусындату жолында жасалатын игілікті іс, қол жеткізетін жетістік.
Мақалада көтеріліп отырған мәселе де еліміздің басты саясатын жүзеге асыру жолындағы маңызды шаралардың бірден-бірі. Рухани жаңғыруға бұндай еңселі үлес қосу ұлт тарихына жаны ашитын, жасаған ісі халқына тек игілік, мақтаныш әкелетін, өресі биік, қабілеті жоғарылардың ғана қолынан келеді. Ал біздің елде осындай қасиеттерге ие зиялы қауым, білікті басшылар, әділ жолды таңдаған ел азаматтары аз емес.

Уақыттар толқынындағы Торғай

Халқымыздың біртуар ақыны Ғафу Қайырбеков өз елінің бағзы заманнан осы уақытқа дейінгі жүріп өткен тауқымет-тарихын терең білгендігінен болу керек, Торғай жөнінде «ішіне оқиғаны сықап, тиеп, тарихтың қойып кеткен арбасындай» деп суреттеген.
Қай заманда болмасын, Торғай халқымыздың тәуелсіздік жолындағы қанды қақтығыстардың, айқас-арпалыстардың куәсі болып қана қойған жоқ, оның ғасырлар бойы ұмытылмайтын басты-басты тарихи кезеңдерін де, кейіпкерлерін де берді.
Жоңғар шапқыншылығы уақыттарында күйзеліп «елім-ай»-лап барар жер, басар тауы қалмаған уақыттарда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ел болып бірігіп, жоңғарлармен алғашқы найза тірескен жер де – Торғай даласы, Бұланты өзенінің бойы еді. Осы жердегі жауға ойсырата соққы берген алғашқы жеңіс қазақ сарбаздарын жеңіске жігерлендіріп, болашаққа сенім артуына ықпал етті. Осы жеңістен жүректеріне қайсарлық, жеңіске деген айнымас сенім ұялаған қазақ жауынгерлері жоңғарларға қарсы Аңырақай өңіріндегі азаттық күресте де (1728) стратегиялық үлкен бетбұрыс жасаған ең ірі жеңіске жетті.
Елбасының ықпалымен қилы замандарда елін жаудан қорғап, елдігімізді сақтауға ерекше үлесін қосқан батыр ұлдары мен ірі тұлғалардың есімін жаңғыртып, ел алдында сақтау, мадақтау мақсатында әртүрлі іс-шаралар жасалып келеді. Соның бірі – Абылай хан, Әбілқайыр хан, Бөгенбай, Қабанбай, Райымбек, Қарасай батырларға қойған ескерткіштер. Осы хас батырларға үзеңгілес, ерлігімен, даналығымен ел есінде қалған тарихи тұлға – Шақшақ Жәнібек. Торғай тумасы Жәнібек Қошқарұлы (1693-1752) – атақты қолбасы, би, елші, мемлекет қайраткері.
2017 жылы облыс басшылығының қолдауымен, Отанды сүюдің озық үлгісі ретінде Жәнібек Тарханға Қостанай қаласында ескерткіш орнату идеясын бір топ азаматтар көтеріп, іске асырды. Бұл ескерткіштер азаматтарымыздың ел тарихына бейжай қарамайтындарын байқатты.
Торғай тарихында тағы да бір із қалдырған уақыттар толқыны – ол тәуелсіздік жолында, өз жерлерін өздеріне қайтарып алу үшін қазақтардың патша үкіметіне қарсы барынша бұқаралық және ұзаққа созылған көтерілістерінің бірі – Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы екені (1837-1847) баршамызға мәлім.
Көтерілістің қозғаушы күштерінің біршамасы Торғайлықтар еді. Кенесарының бас батырлары қатарында болған Иман (Аманкелді Имановтың атасы), Жәуке, Қошқар – Торғай түлектері.
Кенесары көтерілісінен қауіптенген патша үкіметі XIX ғасырдың орта кезінен-ақ Ырғыз өзені (Торғай алабындағы өзен) бойында Орал, Торғай өзені бойында Орынбор әскери бекіністерін салуға кірісіп кетті.
Қазіргі Қостанай облысы – Жангелді ауданының әкімшілік орталығы, ежелгі Торғайдың іргетасы, 1845 жылы бекініс ретінде казармалар салынудан басталған. Алғашқы Оренбургский бекінісі, кейіннен, Торғай өзенінің оң жақ жиегіне орналасқандықтан, Торғай бекінісі деп аталып кеткен. Сол кездегі халықтың 50%-ын қазақтар мен татарлар, 40%-ын (әскерлерімен қоса) орыстар, 10%-ын бұхарлық еврейлер құраған (Энциклопедия Брокгауза и Ефрона, 2012 ж.).
Патшалық Ресейдің Торғай атты өлкенің атынан алғашқы үркуі осы Кенесары Қасымұлы бастаған он жылға созылған ұлт-азаттық қозғалысы еді. Қозғалыстың басты қозғаушы күштерінің бас ставкалары орналасқан аймағы болғандықтан, әрі дем беруші елдің ұйыған бірлігінен қаймығып, сол кездегі Империя басшылығы Торғай өлкесіне екі бекініс салып та үлгерді. Осыған қарамастан, 1916 жылғы Торғай жерінде басталған көтерілістің дүмпуі (басшылары – Әбдіғапар Жанбосынов, Аманкелді Иманов) сонау Жетісу өңіріне дейін жетті.
Патшалық Ресей үшін Торғай тағы да жеңіліс пен шегініске мәжбүр еткен атышулы өңір болды.
Патша армиясының әскери министрі көтерілісшілерді басып-жаншуға арнайы артиллерия, зеңбірек, пулемет, мылтықтармен жабдықталған жазалаушы экспедициялар құрды. Ал қазақ көтерілісші-жауынгерлері тек аңшы мылтығымен, найзамен, қолдан жасалған жабдықтармен ғана шайқасқанына қарамастан, патша отрядына табандылықпен тойтарыс беріп отырды.
Оның бер жағында Кеңестер үкіметі орнаған кезінде Ресейдің сол кездегі басшыларына тағы да бір ұмытылмас із қалдырған оқиға – Торғай жеріндегі Бетпаққара көтерілісі (1929). Бұл көтеріліс те еліміздің біраз жерінде жалғасын тапты.
Патшалық Ресейді тағы бір елең еткізген уақыттар өткен ғасырдың бас кезінде Торғай өңірінде «Қазақ» газеті, «Айқап» журналдарының шыға бастағаны еді.
Осы баспаларды ұйымдастырушылардың кейіннен Алаш көсемдеріне айналуы Ресей басшыларының кезекті проблемаларына әкеліп соқты. Астаналық жазушы Әнес Сарайдың «Алаштың табаны – Торғай, өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты» деуі Алаштың белгілі жеті көсемдерінің екеуі Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов Торғай тумасы еді.
Сол кездегі қиындықтарға қарамастан, Алаш көсемдерінің өрлі ойлары іске асып, 1917 жылдың желтоқсанында (5-13) бұрынғы астанамыз Орынборда (осы қала бастапқы уақыттарда Торғай облысының басшылық орталығы болған) өткен Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайының қаулысы бойынша алғаш рет Алаш автономиясы жарияланған еді. Бұл Совет үкіметі басшыларын (Ленин, Сталин) «… Жалпы қазақ съезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз» деп жеделхат жіберіп мойындатқан тарихи маңызы терең шешімдер еді.
Тәуелсіздік жолында сонау Кенесары заманынан Алаш қозғалысына дейін Торғай атауының қайталана беруі – Империя басшыларын әртүрлі ойларға жетелеген болуы мүмкін.
Оның үстіне Торғай топырағынан нәр алған қазақтың соңғы ханы Кенесары мен 1916 жылғы көтерілістің қас батыры Торғай тумасы Кейкі батырдың бас сүйектерінің Патшалық Ресейдің бас мұражайында сақталуы жайшылықтан емес еді.
Ертеде Жайық өзенінің бойында Емельян Пугачев көтерілісінің бас штабы мен ставкалары болуына байланысты ІІ Екатерина патшайымның жарлығымен өзен атын Орал деп атап, Жайықты (р. Яик) географиялық картадан алдыртып тастаған болатын. Торғай облысының алғашқы жоғалуы осындай ойларға жетелейді.
Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары әуелі Торғай облысы жабылып, жер көлемін Ақтөбе мен Ақмола облыстарына бөліп берді. Кейіннен Тобыл мен Торғай өзендері арасын мекендеген халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ел байланысына, әртүрлі шаруашылықтарға байланысты облыс ретінде атауды қажет ететінін еске алып, Торғай облысының бұрынғы жобасымен Қостанай облысын ашты. Кейіннен Қостанай облысын екі рет екіге бөлді. Оңтүстік жағында Торғай атты облыс ашылып, қайта жабылды.
Әрине, соңғы жылдары облысты ашып-жабу мәселелерінің экономика жағына әсері болмайды деп айта алмаймыз, өйткені еліміздің өндірістік қалалары саналатын Лисаковск, Рудный және т.б. Қостанай жағында болатын. Сондықтан да болуы керек, қайта қосылғанда Торғай аты географиалық картадан жоғалып, облыс атауымен Қостанай пайда болды.
Бүгін біз тәуелсіз елімізді, ұлан байтақ жерімізді үлкен мәртебе көреміз, мақтанышпен айтамыз. Дегенмен, Қазақ елінің тәуелсіздік алуы Елбасы айтқандай, «…бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді». Сондықтан тәуелсiздiк ұғымының астарын терең тарих қойнауынан, ата-бабамыздың жүріп өткен жолынан, олардың сан ғасырлық арманынан iздегенiмiз абзал.
Мемлекет басшысы өз мақаласында атап өткендей: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс». Сондықтан әр белесін, әр өзенін батыр бабаларымыз қорғап, қан төккен қасиетті Торғайымызды қастерлеп, туған жердің тарихын тәуелсіздік тереземізден қарап, оның облыс атын өзіне қайтарып беріп, жас ұрпаққа жеткізу – үлкен парыз.
Қазақстан халқының миллионнан астамын жалмаған, келесі миллионын қоныс аударуға мәжбүр еткен бұл кесек-кесек оқиғалар бар қазаққа, оның ішінде Торғай елінің алапат қасіреті болып тарихқа мәңгі жазылды.
Халықты тоз-тоз қылған сол бір саяси қуғын-сүргін уақыттар – Торғай тарихының беттерін ғана емес, бүтін тарауларын да жойды. Сонау репрессия нәубетінде халықтың зиялы әулеті жойылып, «жуан созылып, жіңішке үзілетін» кесапатқа ұшырады. Халық туған жер – атажұртын тастап, тарыдай шашылып, үдере көшіп, шетел ауып кетті. Қытай, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Ресейдің түпкір-түпкірлеріне кеткендері етек-жеңін жымқырып, өз-өзіне келіп, әлі де жиналып болған жоқ.
Уақыт толқындарында шашылған халық, олардың ұрпақтары елін, жерін сағынып қайтып келу әрқашан ойларында, армандарында болатыны ақиқат.
Мағжан (Жұмабаев) ақынның «Шер батса – кім іздемес туған елін; Тұлпар да көксемей ме, туған жерін?» – дегені осындайда еске түседі.

Жаңа заман Торғайы

Қазақтың ертеден қалған байырғы «Орнында бар оңалар» деген мақалы бар. Қиын-қыстау заманда елге бас-көз болатын азаматтарымызсыз қалғанда елдің бар үміті келер ұрпақта болатын. Сондықтан ата-бабаларымыз ұрпақ жалғастығын аса қасиеттеп өткен.
Керегінде «Ту ұстап, тұлпар мінген» бабаларымыздың қайраткерлік қасиеттері заман қажет еткен уақытта Торғай топырағында жалғасын тапты.
Торғай – халқымыздың Шоқан, Ыбырай, Ахмет, Міржақып, Ілияс сынды рухани тірегіміздің, алып арыстарымыздың туып-өскен қасиетті мекені.
Торғай – егемендігімізді алған алғашқы жылдары бас тарихымызды хаттап кеткен академик Манаш Қозыбаев ағамыздың, Ұлттық академияның президенті болған екі азамат – Өмірзақ Сұлтанғазин мен Кенжеғали Сағадиевтің, кешегі күні бар қазақты оятқан Алаш азаматтарының отаны.
Қазақ елінің қабырғалы қаламгері Қоғабай Сәрсекеевтің «рухсыз халық – шоғы жоқ от» деген қанатты сөзін келтіре отырып, зиялы қауымға «торғайдың тобығындай» айтарым бар.
Кешегі зұлмат уақыттар толқынында қазақ халқының сағы сынып, талғамы жоғалып, ұлттық болмысынан, сана-сезімінен ажырап қалғандай болды. Дегенмен бүгінгі күні Елбасы жаңа бағдарламасында рухани қайта жаңғыруды қолға алу қажеттігін көрсетті, бұл – кеткенді келтіріп, жоғалғанды қайтарып, өшкенді жандыруға толық хақымыз бар деген ой.
Қазіргі басты бағдарламаны жүзеге асыру жолында көлемді игі істер атқарылып, көптеген елді мекендердің атауларының қайтарылып жатқаны көңіл қуантады. Мысалы, Тараз, Ақтау, Атырау сияқты халық атаулары қайта жаңғырды. Құрметті азаматымыз Амалбек Тшанов өзі әкімдік қызмет атқарып жүрген кезде Тараз атауының қайтарылуын үлкен мақтанышпен айтады. Сол сияқты қазіргі Қостанай облысы басшыларына да бұл – ой тудыратын мәселе.
Тілегіміз халық қамын ойлап, ұлт құндылығын қастерлейтін парасатты басшылар мен дарынды ел ағаларының назарына жетері сөзсіз. Сондықтан атпал азаматтарымызды өмірге келтірген Қазақ елінің құтты да қасиетті мекені – Торғай өз мәтребесін қайта алып жатса, қос Танай апаларымыздың ұрпақтары қапа болмайды деп ойлаймын.
Мақала басында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлең шумақтарын 150 жылдық мерейтойы жақындаған Торғай тарихы атынан келтірдім.
Амангелді, Жангелді аудандарының 90 жылдық мерейтойлары тойланғаны басшылар тарапынан жасалған игілікті шара ретінде ел есінде. Ел, жер атауларына қатысты айтқанда, 90 жыл – аға жас, 150 жыл – ата жас дейміз. Ата жасты еске алмау дұрыс болмайтын шығар.
Осындайда журналистеріміз жаяулап, ақындарымыз аяңдап қалмағаны дұрыс.
Ежелгі жер атауларын қайтаруда тарихшы ғалымдарымызға уақыт талабына қарай терең-терең зерттеулер қажет етілуде.
«Тегіне қарай жан өседі, жеріне қарай дән өседі» деген қағиданы еске ала отырып, тағы да бір тарихи аты шаң басып, архивтерде қалып бара жатқан, өткен ғасырда Торғай атымен қатарлас айтылып жүретін «Жетісу», «Сыр елі» облыстарын өздеріне қайтару да дау-даң туғызбауы тиіс.
Осы күнге дейін жеткен біздің ежелгі ел-жер атаулары – ұланғайыр тарихымыздың бүгінгі портреті. Оны қадірлеп сақтай білу – бүгінгі және ертеңгі ұрпақ міндеті.
Торғай атауының осы 150 жылдығында жаңа заманда, жаңарған заманда өз аты өз орнына келеді деп үміттенеміз.

Әбдісағит Тәтіғұлов,
Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты, академик