ФАРМАЦЕВТИКА НАРЫҒЫ: БАҒА МЕН САПА САЙ МА?

13

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды дәрі-дәрмегі ең қымбат елдердің қатарына қосты. Аталмыш халықаралық ұйымның мәліметінше, елдегі дәрі-дәрмек бағасы Армения, Молдова, Украина, Беларусь, Қырғызстан және Ресей елдерінен де аспандап тұр. Мәселен, Армения өзінің халқын дертінен жазып алу үшін сатылымға түсетін дәрі-дәрмегіне 7,1 пайыз ғана үстеме қосса, Украинада бұл көрсеткіш 5,5 пайызды, Ресейде 7,5 пайызды, Қырғызстанда 6,2 пайызды құрайды. Ал бізде сатылымға түсетін дәрі бағасына қосар үстеме баға 30 пайызға дейін жетеді.

Дәрінің қамбаттылығы ғана емес, өндірілуі де соңғы кездері елдегі дабыл қағарлық мәселеге айналды. Өйткені, Қазақстан өзін-өзі отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмай отыр. Бүгінде дәрі-дәрмек өндірісі сұраныс талабына сай келмейді. Ал дәрі-дәрмек өз жерімізде мардымсыз өндірілгеннен кейін оны көл-көсір етіп сырттан тоғытатынымыз айдан анық. Мәселен, елде дәрінің 7 мың түрі болса, соның көбі Германия, Франция мен Ресейден жеткізіледі.

104 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газеті бүгінгі «Журналистік зерттеуде» отандық фармацевтика нарығын сөз етеді.

САЛАНЫ ДАМЫТА АЛМАҒАН БАҒДАРЛАМА

Алты жыл бұрын ҚР Индустрия және жаңа технология министрлігі аясында Қазақстанда фармацевтикалық өндіріс көзін ашу жайында көлемді жоспар пайда болды. Сол кездегі вице-министр Альберт Рау жаңа өндіріс ошақтары мен ескілерді жаңалауға 30 миллиард теңге бөлінетінін хабарлаған болатын. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты импортқа тәуелділікті төмендетіп, нарықты арзан отандық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету еді. Бұған бюджеттің қыруар қаражаты жұмсалды. Ал, нәтиже қандай? Енді осы сұраққа жауап беріп көрелік.

Бүгінде отандық кәсіпкерлер 30 миллиард теңгеден жоғары қаржыға дәрі-дәрмек шығарып жүр. Соның нәтижесінде қазір қазақстандық антибиотиктер нарықтың 26,8 пайызын, ал дәрі-дәрмектің басқа түрлері нарықтың 42,3 пайызын қамтып отырған көрінеді. Бұл, әрине, ресми статистика. Шындығына келгенде, Қазақстан нарығында не болып жатқанын білу қиын емес, ол үшін кез-келген дәріханаға кірсеңіз болғаны. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бөлшек сауданың 10 пайызы ғана отандық өніммен қамтылған. Ал, кейбір отандық өнімнің бағасы шетелдік дәрілерден де қымбат. Демек, отандық фармацевтика саласын дамытып, арзан өнім алуға арналған алты жыл бұрынғы бағдарлама өзінің көздеген мақсатына жете алмады, бағдарламаға жұмсалған миллиардтаған теңге өтелмеді.

Ең қызығы, доллар бағасы өскен кезде импорттық дәрі-дәрмек бағасы көтеріліп, отандық өнім бір-екі ай «әдептілік сақтап» бағаларын ұстап тұрды да, артынан импорттық өніммен бірге баға бір-ақ «секірді».

 

ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Отандық дәрі-дәрмек өндірісінің бір-екі өкілімен сұхбаттасу сәті түскенде біз осы сұрақты қойған едік. Әрине, біздің сұрақтарымыз оларға бірден ұнаған жоқ. Сондықтан ресми түрде жауап беруден бас тартты. Бірақ жағдайды жалпы баяндап беруге келісті.

– Дәрі өндіруде біз қолданатын шикізаттың 80 пайызы қалай дегенмен шетелдікі. Сондықтан баға долларға тікелей тәуелді. Біз оларды теңгемен алмаймыз ғой, – деп жауап берді аты-жөнін атамауды сұраған бір зауыттың маркетинг бөлімінің жетекшісі.

Сонда бұл қазақстандық өнімнің әлі де дамымағанын көрсетеді. Оның үстіне тұтынушы санының 17 миллион екенін ескерсек, баға, әрине, қымбаттайды. Мысалы: Үндістан – фармацевтика өндірісі бойынша әлемдегі жетекші ел. Сондықтан бағасы да арзан. Және де шикізат көзі өздерінікі. Қорыта келгенде, ерікті нарықта біздің өндірісшілердің жағдайы мәз емес. Мұндай кезде мемлекеттік тапсырыс құтқарады. Бірақ, ол жерде де бағалар шектеулі. «Өндірісшілер өздеріне тиімсіз бағамен өндіруде, бірақ оны басқа өнімнің бағасы арқылы жабады» дейтін сыбыс бар.

Мемлекет отандық өндіріске миллиардтаған қаржы салды. Ал біз дәріханалардан өзімізде жасалған арзан дәрі сатып ала алмаймыз. Құзырлы орындардың бұған айтар өз уәждері бар. Олардың айтуынша, бар кінә – алып-сатарларда. Өйткені, өнім дәріхана сөресіне жетпес бұрын бірнеше алып-сатарлардың қолынан өтеді.

 

ЛОГИСТИКАДАҒЫ КЕМШІЛІКТЕР

Қазақстанда дәрі-дәрмек логистикасымен айналысатын мыңдаған дистрибьютерлік компаниялар бар. Мысал ретінде айтсақ, Германия мен Францияда үш-төртеу ғана. Олардың үстеме бағасы 10-15 пайыздан аспайды. Ал, бізде дәріхана сөрелеріне түсіру үшін кемінде үш қоймадан өтетін көрінеді.

Дистрибьютерлер ресми мәлімдеме жасаудан қашқақтайды. Баға өсімі негізінде үлкен аумақты қамтумен де байланысты деп мәлімдеді. Мысалы: тиын тұратын цитрамон алшақта жатқан ауылды жерге жеткенше алтынның бағасына айналады. Мүмкін, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен шенеуніктерге баға орнатуда халықаралық тәжірибеге сүйенген жөн болар. Мәселен, Қытайда үлкен қашықтыққа жеткізу мемлекеттік мекемелер аясында жүзеге асады. Бұл тек дәрі-дәрмек емес, азық-түлікке де қатысты. Өнімді өндірушілерден мемлекеттік компаниялар қабылдайды. Қоймаларға орналастырып, теміржол арқылы шалғай елді-мекендерге аттандырады. Бұл мемлекеттік субсидия арқылы орындалады. Нәтижесінде баға өсімі тоқтатылады, алып-сатарлардың да қолдары байланады.

Дәрі-дәрмектің жеткізілетін соңғы нүктесі – дәріханаларға келетін болсақ, бұл жерде де сол мәселе. Ара қашықтығы 1 километрден аспайтын екі дәріханада бір дәрінің баға айырмашылығы 300-500 теңгені құрайтынын жоққа шығара алмаймыз. Тіпті, дәрінің қоймадағы бағасының сөредегі бағадан қымбат болатын кездері де жоқ емес.

Баға мәселесі құпияға толы. Бақылау органдары шарасыздықтарын айтуда. Бұл жағдайдың шектен шыққаны сонша тіпті Президент өз Жолдауында баға мәселесін реттеуді қолға алуды қатаң тапсырды. Оның ішінде дәріханалар да бар. Біраз күн бұрын министрлік іс-шаралардың қолға алынғанын хабарлаған еді.

– 2018 жылдан бастап рецепт алуды, баға қоюды автоматтандыру жүйесін қолға алу керек. Мемлекеттік баға реестрін енгізіп, бағаны тіркеуді мемлекеттік қызметке ауыстыру керек, – деп мәлімдеді ҚР ДСМ Фармация комитетi төрағасының мiндетiн атқарушы Лариса Пак.

Денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктердің сөздеріне қарағанда, дәріханалар көрнекті жерге өнім бағасын ілуге міндетті болады. Сондай-ақ, тұрақтандырылған дәрі-дәрмек бағасын тұтынушылар көре алатын арнайы сайт ашылады.

 

БЕТІМЕН КЕТКЕН БАҒАНЫ БАҚЫЛАУ

Шенеуніктер бағаны тұрақтандыру үшін қандай шаралар қолданатынын және бұл жүйенің қаншалықты тиімді болатынын Халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының президенті Вячеслав Локшиннен сұрадық.

– Денсаулық министрлігінің алдына барлық дәріханаларда сатылатын дәрілік өнімдер бағасын бақылау жайында міндет қойылды. Қазір нормативтік база ойлап табу керек. Менің ойымша, мұнда ешқандай қиындық туындамауы керек. Бүгіннің өзінде Ұлттық ақпараттық дәрі-дәрмек орталығы дәріні тіркеу кезінде оның Қазақстандағы бағасын біліп отырады. Өндіруші көрсетілген бағамен дәрі қораптарына тапсырыс береді. Кедендік салық пен дистрибьютерлік бағаны қосу ғана қалады. Ол шамамен 15 пайыз. Дәріхана қосымша 20 пайыз қосады. Бюджетті есептегенде о баста осылай есептелген болатын. Себебі, өздеріне тиімділігін жоғалтпай, сол дистрибьютер құрылғыларды сатып алып, қызметкерлерге жалақы төлеп, дәріні біздің республиканың барлық аймақтарына таратуға міндеттеледі.

Дәріханалардағы жағдай мынандай. Кейбір кәсіпкерлердің  айтуынша,  қызметкерлер  айлығы жалпы  айналым  сомасының  85  пайызын   құрайды. Бұл  – жабуға  тұтарлық жағдай. Бізде кәсіпті дамытатын, жүргізуге мүмкіндік беретін жағдай жасалуы керек.

Келесі сұрақ, мұндай белгіленген бағаны ұстап тұруда  екінші,  үшінші  деңгейдегі  дистрибьютерлердің дәрі  сату мүмкіндіктері шектеледі. Оған ештеңе істей алмайсың. Олардың санының азаюына байланысты кейбір аймақтарға жеткізу қиындауы мүмкін. Бұл бизнес-кеңістікті ұлттық дистрбьютерлік компаниялардың филиалдары толықтырады.

Қазіргі таңда фармацевтикалық қоғам өз ойларын айтты. Енді ҚР Заңына өзгертулер енгізу қажет болады. Бұл отандық және импорттық өнімдерге қатысты. Негізі, міндетті медициналық сақтандыру бойынша бағаны реттеуге біз міндеттіміз. Өйткені, ММС Қоры қаржыны қазіргіге қарағанда көбірек бөлетін болады. Бұл оның құрылуының басты себептерінің бірі.

Тек қана дәрі-дәрмек емес, тұрмысқа қажетті күнделікті қолданылатын нан, сүт, май сияқты азық-түлік бағасын да реттеу керек. Әсіресе, олар себепсіз өсе беретін болса, тұрмысы төмен қоғам бөлігі үшін бұл бағалар тым жоғары. Шындығында, көптеген Еуропа мемлекеттерінде дәрі бағасы тұрақтандырылған. Бірақ бұл сақтандыру жүйесінің төлемдері арқылы жүзеге асып отырады.

Бүгінгі күні бізде 1000-нан аса дәрілердің бағасы бақылануда. Бұл алғашқы қадам болатын. Егер мемлекет дәрі өндірісіне қаржы бөлетін болса, оның баға нарығына араласуы дұрыс шешім. Біздің мемлекетте нарықтың 40 пайызы бюджет есебінен, бұл басқа мемлекеттерге қарағанда, соның ішінде Ресейге қарағанда жоғары көрсеткіш.

Жалпы Қазақстан дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығымен ғана емес, дәріні ең көп тұтыну жағынан да ТМД елдері бойынша алғашқы үштікті межелейді. Демек, қымбат та болса халықтың дәріге деген сұранысы бар. Алайда сол сұранысты ескеріп, фармацевтика өндірісін жолға қойып, ұлт қауіпсіздігін де қамтамасыз етіп, халқымызды қолжетімді бағадағы дәрімен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз өкінішті.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті