“ФАТИМА” ҚУЫРШАҒЫ – ТӘРБИЕ МЕН ТАНЫМ ҚҰРАЛЫ

22

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

«Фатима» қуыршағын Іnstagram (muslimdolls_kz), Facebook әлеуметтік желілері, muslimdolls.kz
сайты арқылы тапсырыс беріп, Қазақстанның кез келген түкпіріне алдыруға болады
Байланыс телефоны:
+7 (700) 329-43-91
Бағасы: 10 800 – 14 800 теңге

Бүгінгі таңда кәсібім-нәсібім дейтін кәсіпкерлер өте көп. Олар өз дара жолымен, қолтаңбаларымен, өнімдерінің сан түрлілігімен ерек-шеленеді. «Qazaq»-тың бүгінгі нысанасында – Құран оқитын «Фатима» қуыршағын ойлап тапқан өнертапқыш-кәсіпкер Бағдат Тоқтарбеков. Құран сүрелерін айтып, Алланың 99 көркем есімдерін жатқа білетін «Фатима» есімді қуыршақ отандық нарыққа қалай шыққаны жөнінде өнертапқыш-кәсіпкерден сұрадық. Бағдат Тоқтарбеков жаңа өнімінің сапасын да, бағасын да жасырмай айтты.

ПАЙДАЛЫ ӘРІ ЗИЯНСЫЗ

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзінің әңгімесін әріден бастады. Сенім мен жігер Бағдат Тоқтарбековті алға жетелеп, қиялына қанат бітірді. Біздің ғана емес, әлемнің сұранысын назарға алған кәсіпкер жан-жақты көзқарасымен, тың ойларымен, мақсаттарының айқындығымен қол-таңбасын қалдыратынына сенді.
«Жалпы қазіргі заманда жаңа нәрсе ойлап таптым деп ойласаң, ол жаңа дүние емес болып шығады. Яғни, сен үшін жаңалық болған дүние кейде әлемге жаңалық емес. Ғаламтордан іздеп көрсем, қуыршақтар, ойыншықтар сұранысқа ие екен. Осы тұрғыдан біздің елімізде балаларға арналған қуыршақтар өте аз, ал сұраныс жоғары. Саралай келе, пайдалы әрі зиянсыз қуыршақтар жасап шығару керектігін түсіндім», – деп бастады әңгімесін Бағдат Тоқтарбеков.
Нағыз кәсіпкерге тән батыл да терең жауап. Меніңше, жетістікке қол жеткізу үшін ізденіс керек. Еңбек емес, ізденіс! Толассыз ізденіс! Сол ізденістің нәтижесі өнімді еңбекке ұласса ғана өзіңе деген сенімің артып, шыңдарды бағындыра аласың.
Бағдат Тоқтарбековтің мамандығы – инженер-механик. Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген болашақ өнертапқыш 8-сыныптан бастап Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған мектепте білім алып, кейіннен Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің мұнай-газ саласына оқуға түседі.
«Мұнай-газ саласында жұмыс істеу үшін еліміздің батыс өңірлеріне бару керек. Ал менде ондай мүмкіндік болмады. Сондықтан, мамандық бойынша жұмыс істемей, әр түрлі салаларда бағымды сынап көрдім, түрлі компанияларда қызмет еттім», – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.
Өзіне сын көзбен қарап, кез келген саланың қиындығы мен қызығын қатар көріп, бақылаған адам ғана дара жолын табары анық. Кейіпкеріміз негізгі мамандығы бойынша жұмыс істемейтініне еш өкінбейді. Себебі, ол елімізде бұрын болмаған жаңа дүние ойлап тапты. Өнертабыс – «Фатима» деп аталады. Бұл үйретуші қуыршақтың пайдасы өте көп.
Бағдаттың айтуынша, қуыршақ өндірісін қолға алғанына бір жылдың көлемі болыпты. Десе де, сұраныс мол. Тәуелсіздік алғаннан кейін көпшіліктің дінге көзқарасы өте жақсы. Соның әсерінен осындай ерекше қуыршақ шығарып, кішкентай балаларымызды дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз керек екені анық. Құран сүресін естіп өскен бала жаман болмайтыны да даусыз.

БАЛА ШАҚТАН – БОЛАШАҚҚА

Кейіпкеріміз сатылымға шығарған «Фатима» қуыршағы «Раббың кім?», «Дінің қайсы?», «Кітабың қандай?» сынды діндегі басты сұрақтарға жауап беріп, Алланың 99 көркем есімдерін жадта сақтауға ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда балаларға тілашар құрал болып саналады.
Енді ғана айналасындағы әлемді танып келе жатқан баланың танымына жолдас болып, сенімді серігіне айналатын «Фатима» қуыршағы әр балада болса деген ізгі ниет бар. Бұл ой қуыршақтарды ұстап көріп, оның сапасына, пайдалы екендігіне көз жеткізгеннен кейін туындады. Сондай-ақ, қуыршақ намазда оқылатын негізгі сүрелерді үйретеді және Аллаға мадақ сөздердің мағынасын түсіндіреді.
Кейіпкеріміз қуыршақтың есімін «Фатима» қоюының да астары бар екенін айтты. Бастапқыда есім таңдауда бірнеше нұсқалар болғандығын жасырмай, осы «Фатима» есімі қазақ танымына жақын екенін, «Бәтима» есімді әжелеріміз бар екенін алға тартты. Шындығында да, «Фатима» аты құлаққа жағымды, көңілге қонымды есім.
Бағдат Тоқтарбеков қуыршақты шығармай тұрып, оның қандай сөздер айтатынын мамандармен ақылдасыпты. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы кәсіпкердің ниетін құптап, «шариғатқа қарама-қайшылық жоқ» деген сертификат берген екен.
«Мақсатым – балалардың діни сауатын ашу. Ол мақсатымды кішкентай балалар қызығып ойнайтын қуыршақтар арқылы жүзеге асырмақпын. Әдетте бүлдіршіндер телефонмен ойнап жүріп, түрлі әндерді жаттап алады. Сол секілді қуыршақпен ойнап жүріп, иман шарттарын да жаттап алса деген ниет болды. Діни басқармамен ақылдастым. Бәрін зерттеп, саралап, діни басқарманың пәтуасын алып, былтыр жасап шығардық. ҚМДБ пәтуасын берген соң қуыршақтың денесін жасау үшін Ресейдегі зауытпен келісімге отырдық. Мәтінді оқу үшін кішкентай қыз баланың дауысы керек болды. Қала маңындағы лагерьде 9-10 жасар 30 шақты қыз бар екен. Сол жерде шағын байқау жасап, Фатиманың дауысын салатын адамды таңдап алдық. Оны үйрету үшін Нұр-Мүбәрак мешітінен екі қари қызды жалдадық. Сүрелер мен сөздер араб тілінде болғандықтан, қари қыздар дұрыс дыбысталуын қадағалады. Дайындық жұмыстары ұзақ уақыт жүргізілгенімен, мәтінді жазбаға түсіру бір-ақ күнде аяқталды», – деп түсіндірді Бағдат Тоқтарбеков.

КӘСІПКЕР СЫРЫ – ЖЕТІСТІК ШЫҢЫ

Жас та болса кәсіпкерлікте бір белесті бағындырып үлгерген кейіпкеріміздің жетістікке жету жолындағы құпияларын сұрадық. Оның айтуынша, табандылық пен алға ұмтылыс болашаққа сенімді қадам басуға жетелейді екен. Бизнес саласында көп жыл жүрмесе де ол осынау аз ғана аралықта кәсіпкерлікке қатысты кітаптарды, іскерлік әдебиетті, мотивациялық еңбектерді көп оқыпты. Оқығанының бәрін санасына тоқи білген Бағдат Тоқтарбеков соның нәтижесінде өзі армандаған өнімді жарыққа шығарып, халыққа ұсынып отыр.
Оның өмірлік ұстанымы алға ұмтылу, бір орында тоқтап қалмау. «Тіпті, тоқсан жасқа келсең де өзіңді жетілдір, ізден, үйрен!» – дейді ол. Осындай серпіннен соң, сенімнен соң келешекке қадамды нық басуға болады, өмірдің жарқын сәттерін сезінуге болады. Бағдат Тоқтарбеков айналасындағылардан білгенін аямай-тын, үйренген дүниесін өзгелермен бөлісе білетін кеңпейіл кәсіпкер екендігі бізді таң қалдырды.
Айтпақшы, «Фатима» қуыршағының араб тілінде онға дейін санайтын тағы бір нұсқасы бар екен. Алайда оған сұраныс аз болғандықтан көп шығарылмапты.
Зор ізденіс пен табандылықтың нәтижесінде жарық көрген қуыршақтардың құнын сұрауға да жүрексіндік. Қуыршақ Ресейлік материалдардан жасалып, үстіндегі киімдері отандық матадан тігіледі. Ал бағасы матасына қарай бағаланады екен. Мәселен, түрлі-түсті тастармен көмкеріліп, сәнді киінген қуыршақтың бағасы – 14 800 теңге. Бұл қуыршақтар көбіне сыйлық түрінде сатылады. Ұзындығы – 43 см. Ал киімі тастарсыз, қарапайым болса, ондай қуыршақтың бағасы – 10 800 немесе 11 800 теңге. Қазіргі заманда балаларға арналған сапалы әрі залалсыз ойыншықтар табу қиынның қиыны екенін ескерсек, мұндай бағаға «ақылды» қуыршақ сатып алу табылған ақыл емес пе?!
«Киімінде айырмашылық болғанымен, қуыршақтардың айтатын, үйрететін дүниесі бір. Қымбат болса да Ресейде өндіруді жөн көрдік. Ресейдегі зауыт тек қуыршақтың денесін жасап береді. «Сөйлеуін», киім үлгісі мен қапталуын, тұтынушыларға жеткізілуін өзіміз қамтамасыз етеміз», – дейді кәсіпкер.
Қуыршақтарды көбінесе намазхан азаматтар сатып алатыны сөзсіз. Алайда, Бағдаттың айтуынша, кейбір адамдар «өзім намаз оқымасам да, балам біліп қалсын» деген оймен тапсырыс береді екен. «Үйіңізде қасиетті Құран аяттары айтылып тұрса, сіздің отбасыңыздан шайтан іргесін аулақ салады», – дейді Бағдат Тоқтарбеков.

ОТАНДЫ СҮЮ – ОЙЫНШЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

«Ердің ісі – тәуекел» деген ұстанымды темірқазық еткен кейіпкеріміздің алдағы жоспарлары да өзгелерге ұқсамайды. Бағдат Тоқтарбековтің жастық жалыны, отансүйгіштігі, еліне деген махаббаты әр ісінен, әр сөзінен анық байқалады. Оның ендігі жоспары – ұл балаларға арнап батыр іспетті қуыршақ жасап шығару. Мінекей, жаңа бастама.
Иә, рухани жаңғырудың жаңа кезеңі осындай болуы тиіс. Өз елінің батырларын танып өскен өркен ғана Отанын қорғауға қабілетті, бәсекеге қабілетті болып өседі емес пе?!
«Өзімнің екі ұлым бар. Қызым жоқ. Қазақта қуыршақпен тек қыздар ойнайды, ер балалар көлік ойын-шықтармен ойнайды деген стереотип қалыптасқан. Қандай ойыншық болса да бірінші кезекте оның балаға қандай пайдасы бар, қандай тәрбиелік мәні бар, соған назар аударуымыз керек», – дейді кәсіпкер.
Кейіпкеріміздің бұл тың бастамасына да сәттілік тіледік. Алдағы уақытта сол өнім нарыққа шықса, газет оқырмандарына алғаш болып сүйіншілейтінімізді де жеткіздік.
Қазіргі таңда «Фатима» қуыршағына қызығушылық танытып, арнайы тапсырыспен алып, жарнама жасап жатқан танымал тұлғалар өте көп. Тамара Асар, Төреғали Төрәлі, Сиви Махмуди, Ерғали Әбдірайымов, Ердос Қанаев сияқты жұлдыздар өздері ықылас танытып, қазақ балаларына пайдалы ойыншықтар бар екеніне шын қуануда. Кейіпкеріміз бастаған игі істерді бірігіп атқарсақ, руханиятымыз жаңғыра түсетіні анық.
Бағдат Тоқтарбеков кәсіпкерлік құпиясын, сырын айтып қана қоймай, кәсіптің принципімен де бөлісті. «Егер өз-өзін өзгерте алса, кез келген адам кәсіпкер бола алады. Қазақта «ұят» деген шымылдық бар. Сол шымылдықтан шығуға ұялады. «Қазақтар саудаға жоқ» деген сөзді мақтан көретіндер де бар. Егер кәсіпкер болғың келсе, алдыңа мақсат қой да, мақсатқа шымылдықтың артынан сығалап қарап отырма. Талпынып, алдыға қарай жүре бер. Кәсіптің негізгі принципі – сату. Сен бір компанияда жұмыс істейтініңді, не өндіретініңді немесе қандай қызмет көрсететініңді айтқанның өзінде сатумен айналысып отырсың деген сөз», – дейді ол.
Кейіпкерімізбен пікір алмасу барысында оның іскерлік әдебиетті көп оқығаны, әлемдік деңгейдегі өнертапқыштардың өмірін зерттегені, сонымен қатар, еліміздің өркендеуіне өз тарапынан нендей үлес қоса алатыны жайлы толғанатыны анық байқалып тұрды.

Тобықтай түйін: Әлемде мұсылман елдері көп. Олардың барлығында
бірдей мұндай қуыршақ жасайтын мүмкіндік жоқ. Мысырда, Ресейде өндірілетін қуыршақтар туралы естуіміз бар. Дегенмен, олардың бағыттары мен функциялары әр түрлі, тек мақсаты бір. Ал «Фатима» – Қазақстанда аналогы жоқ жоба. Мұндай әдемі ойыншықтарды әлемнің ешбір елінен таба алмайсыз. Кәсіпкер Бағдат Тоқтарбеков тәрбиенің тал бесіктен екенін ескеріп, қоғамымызға жаңа бір серпіліс жасады. Сондықтан, оның кәсіпкерлік жолы жарқын, болашағы бағдарлы болатынына сенімдіміз!

Әлия ІҢКӘРБЕК, “Qazaq” газеті