ФУТБОЛ ХАНЗАДАСЫ

64

Әлемде №1 спорт түрі саналатын футболдың жаһандағы жанкүйерлері күн санап артпаса, еш кеміген емес. Аяқ доп ойынының алғашқы түрлері ежелгі Мысыр, Қытай, Грекия елдерінен бастау алса, кейіннен Франция мен Италияда қарқынды дамыды. 1863 жылы Англияда футболдың арнайы ережесі бекітіліп, тұңғыш қауымдастық құрылды. Сондықтан
Англия футболдың отаны болып есептеледі. Ал, бұл спорт түрінің командасын құру Қазақстанда 1911 жылы басталыпты. Өкінішке қарай, отандық санаулы футбол клубтары болмаса, жалпы Қазақстан футбол құрамасының ауыз толтырып айтар жетістіктері жоқ. Дегенмен, Қазақстан ұлттық футбол құрамасы-ның сапында ерекше көзге түсетін талантты футболшылар аз емес. Соның бірі – қазақтың «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» дейтін қатып қалған қағидасын бұзған Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Қайрат» командасының капитаны, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген үздік футболшы Бауыржан Исламхан.

ДОП ОЙНАП ОЗҒАН БАЛА

1993 жылдың 23 ақпанында дүниеге келген Бауыржан Исламхан кішкентайынан спортқа құмартып өседі. «Спортпен достасқаның – күшіңе күш қосқаның» деген қағиданы ұстанған бала Бауыржан бойындағы бұла күшін қажетті арнаға жұмсап, бастапқыда таэквондомен тұрақты түрде айналыса бастайды.
«Бала кезімде таэквондомен шұғылданатын-мын, аяғымды жарақаттап алған соң ба, білмей-мін, кейіннен ауладағы балалармен футбол ойнап, қызығушылығым осы спорт түріне арта бастады. Осылайша, футболға келдім», – дейді Бауыржан Ербосынұлы.
Бастапқыда анасы Анаргүл ұлының таңнан кешке дейін ала доп қуып жүргенін қаламайды, дегенмен ұлының таңдауына қарсы шықпайды.
Алғашқы ойынын өз ауласында достарымен бірге бастаған Бауыржанды байқаған алғашқы жаттықтырушысы Иван Илницкий өз командасына қабылдайды. Қарапайым қазақ отбасынан шыққан он жастағы баланың қабілетін аңғарған байқампаз бапкер 25 жасөспірім арасынан оны команда капитаны етіп сайлайды. Бүгінде бапкері жайында шәкірті былай дейді: «Футболды достарымызбен бірге бастадық. Әр мектептің аулаларында, үй алаңдарында ойнайтынбыз. Бапкеріміз Иван Николаевич болатын, ол кісіні «Дядь Леня» деп атаймыз. Бапкерімізге деген алғысымыз шексіз. Бүгінгі жетістіктерім сол кісінің қажырлы еңбегінің арқасында деп ойлаймын».
Иә, спортқа жүйелі түрде ден қоя бастаған баласына о баста қарсылық танытқан ата-анасы кейіннен оны қолдай бастайды. Осылайша, оқуы мен жаттығуын қатар алып жүрген Бауыржан Исламхан-ның кәсіби спорттағы жолы 2003 жылы басталады.
Тәуелсіздіктің ақ таңында екі мың жылдан ас-там тарихы бар Тараз шаһарында шыр етіп дүние-ге келген нәрестенің өскенде данқты футболшыға айналарын кім білген?!

ФУТБОЛДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Бауыржан Исламхан өз карьерасын 18 жасын-да жергілікті «Тараз» клубында бастады. Футбол академиясының тәрбиеленушісі аталмыш клуб үшін алғашқы дебютін 2011 жылдың 6 наурызында Қазақстан Премьер-лигасы аясында павлодарлық «Ертіске» қарсы ойында жасады.
«Мен «Тараз» футбол клубына келгенде осы командада өмір бойы ойнаймын деп ойладым. Алайда, бұл – футбол. Бүгін осы жерде болсаң, ертең басқа жерде болуың мүмкін. Ең бірінші гол алғашқы махаббат секілді еш ұмытылмайды. Мен оны «Тараз» футбол клубы сапында 2012 жылы өскемендік «Восток» клубына қарсы ойында соқтым», – деп еске алады футболшы.
Одан кейін клубтың негізгі ойыншыларының бірі атанған Бауыржан Исламхан команда капитаны болады. Ала допты шыр айналдырып, алаңда түрлі өнер көрсете білген футбол ханзадасына 2012 жылы Қазақстан Футбол Федерациясы жаттықтыру-шылары дауыс беріп, «Жылдың жас ойыншысы» атағын берді.
Екі жыл қатарынан Достастық кубогында Қазақ-стан жастар құрамасының сапында ерекше көзге түскен Бауыржан Исламханға ресейлік командалар «құда түсе» бастайды. Осылайша, 2013 жылы өзінің туған күнінде Краснодардың «Кубань» футбол клубымен үш жылдық келісімшартқа қол қояды. Ол 2013 жылдың 25 ақпанында «Торпедо Армавир» футбол клубына қарсы ойында дебютін жасайды. Дегенмен, Ресей Премьер-лигасында бірде-бір ойын өткізбеген қандасымыз жарты жыл бойы Кубаньның екінші командасы үшін өнер көрсетеді.
Отандық футбол әлемінде Бауыржан Исламханның «Батори» деген екінші аты бар. Бұл туралы футболшы-ның өзі: «Менің «Батори» деген лақап атым қайдан шыққаны есімде жоқ. Бірақ, қазір көбі, тіпті ата-анам да осылай атайды. Тек біздің бас бапкеріміз Владимир Вайсс қана «Батули» дейді. Ол барлық ойыншыларға өзінің ойынан ат шығарып қояды», – дейді.
Айта кетейік, 2015 жылы Бауыржан Исламхан Еркежан Талғатбековамен шаңырақ көтерді. Ал, былтыр футболшының жары шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелді.

«ҚАЙРАТТЫҢ» КАПИТАНЫ

2014 жылдың 11 ақпанында ресейлік «Кубань» мен «Қайрат» арасында келіссөздер жүргізіліп, Бауыржан Исламхан алматылық «Қайратпен» үш жылдық келісімшартқа қол қояды. Ал, 2015 жылдан бері атақты «Қайраттың» капитаны.
«Футбол ойнау оңай емес. Мен шабуылдағы ойыншымын. Күн сайын «бүгін мен үздік болуым керек» деген оймен оянамын. Менде арнайы әдет жоқ. Ойын алдында қайталап айтатын сөздерім де жоқ. Мен жай ғана алаңға шығып, ойынымды бастаймын. Әр жеңіліс – бұл тәжірибе. Келесі ойын-да қателік қайталанбау үшін жинаған тәжірибеңді міндетті түрде пайдалану керексің. Менің өнерімді көбісі «туа біткен дарын» деп бағалап жатады. Бірақ, бұл босаңсуға себеп емес. Күн сайын дайындығымды шыңдап, бүгінге қарағанда жақсырақ ойнау үшін жұмыс жасаймын. 2015 жылы менен ешкім сұрамады, жай ғана енді капитан болатынымды айтты. Әрине, мұндай жағымды жаңалықты күтпедім. Мен үшін бұл құрмет. Бірақ, командада барлық шешімдерді біз бірге қабылдаймыз. Өзімнен үлкен адамдардан кеңес сұраудан ұялмаймын. Тіпті, капитан болсаң да, өзіңнен тәжірибесі жоғары ойыншылардан көп дүние үйрену керек», – деген пікір білдірді Бауыржан Исламхан.
«Қайратпен» келісімшарт уақыты аяқталған-нан кейін «Астана» футбол клубына қосылу туралы ұсыныс келіп түседі. Бірақ, футболшы ондай ұсыныстан бас тартады.
«Қайраттың» капитаны қатардағы футболшы емес, Қазақстанның маңдайалды футболшылары-ның бірегейі. Осы күнге дейін футбол алаңында ресми 251 ойын өткізіп, қарсылас қақпасына 58 гол соққан Бауыржан Исламхан – екі мәрте Қазақстанның ең үздік футболшысы (2014, 2016), Қазақстан кубогының үш дүркін (2014, 2015, 2017), Қазақстан суперкубогының екі дүркін (2016, 2017) жеңімпазы.

«100 ЖАҢА ЕСІМНІҢ» ЖЕҢІМПАЗЫ

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жастардың үлгі алуына, заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы ұсынылған еді. Бұл жоба жайында Елбасы: «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», – деп ескерткен-ді.
Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы кезеңі аяқталып, жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру нәтижесінде жеңімпаздардың тізімі жарияланғанын жақсы білесіздер. Сол «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанғандардың арасында «Қайрат» футбол клубы-ның капитаны, еліміздің намысын қорғап жүрген танымал футболшы Бауыржан Исламхан да бар. Көпшіліктің қолдауына ие болған Тараздың тумасы 11 542 дауыс жинап, 102 жеңімпаздың ішінде 15-ші орыннан көрінді. Бұл – «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген спортшылар арасындағы ең үздік көрсеткіш.
«Қазақстанда футболдың деңгейі жылдан-жылға өсуде. Соңғы жылдары легионерлер көбеюде, олар қызығушылықтарын танытып, біздің елге келуде. Бүгінде футбол жастар арасында да танымал, беделі жоғары. Әуесқойлар болсын, кәсіби футболшылар болсын, жасөспірімдердің басым бөлігі осы спорт түрімен айналысады. Оның үстіне футболмен айналысуға барлық жағдай жасалған, елімізде көптеген базалар, академиялар салынған. Барлығы да мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қамқорлық. Жастарға айтарым, өсіп, жетістіктерге жету үшін көп жұмыс жасау қажет, жаттығу керек», – деп өзіне еліктейтін жастар мен жас футболшыларға ақыл-кеңесін айтты Бауыржан Ербосынұлы.

Тобықтай түйін: Бауыржан Исламхан мамандар тарапынан жоғары баға алған талантты буынның өкілі. Енді соның бәрін ересектер арасында да жүзеге асырып, өзінің әлеуетінің жоғары екендігін дәлелдеуге барын салады. Иә, 25 жастағы
футбол ханзадасы қазақ баласының да доп тебе алатынын әлемге көрсетсе деген арман бар…

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, “Qazaq” газеті