ХАЛЫҚТЫҢ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛАТЫН ҰТЫМДЫ ЖОБА

5

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламенттің бірлескен отырысында ұсынған бес әлеуметтік бастамасы Қазақстанның экономикалық тұрғыдан тұрақты өркендеп келе жатқанын көрсетті. Елбасы бастамаларын әлеуетті ел атануымызға бастар жол ретінде қарастыруға да болады.

Елбасының бірінші әлеуметтік бастамасы – әрбір отбасына баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктерін айқындап берді. Яғни, жұмыс жасайтын әрбір қазақстандық үшін жеңілдетілген несие арқылы баспанаға ие болу мүмкіндігі туады. «7–20–25» бағдарламасы бойынша несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыздан аспайтын болады. Бастапқы жарна пәтер бағасының 20 пайызын құрайды әрі несие алушыға жеңіл болу үшін ипотеканың мерзімі 25 жылға ұзартылады. Бұл баспаналы боламын деген әрбір азамат үшін үлкен қолдау екені анық. Бүгінде еліміз бойынша экономикалық белсенді халық саны 5 миллионнан асады. Олардың басым бөлігі жеңілдетілген несиемен үйлі болып жатса, экономикамызға да үлкен серпін болары анық. Мұндай жақсы бастама оқуын енді бітірген жастардың да жігерін жанып, олардың еліне деген сүйіспеншілік сезімін арттыра түседі. Бұл бастаманың ел демографиясына да үлкен әсер беретінін атап өткен жөн.

Екінші бастама – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салықтық жүктемесін азайтуға арналған. Жалпы, салыққа қатысты жеңілдіктер елімізде бұрыннан жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, қосымша құн салығының ең төменгі көрсеткіші Қазақстанда қалыптасты. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге салынатын салық көлемі де азайтылды. Енді төмен жалақы алатындар айлығының бір пайызын ғана салыққа аударатын болады.

Үшінші әлеуметтік бастама ретінде Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарына берілетін гранттар санын көбейтіп, жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін атап өтті. Бұл ең бірінші кезекте адами капиталға құйылған инвестиция. Осы арқылы студенттердің білім алуына жағдай жасалып, оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табады.

Ел Президенті төртінші бастамасында шағын несие беруді көбейту қажеттігін атап өтті. Әлбетте, шағын әрі жеңілдетілген несие – жаппай кәсіпкерлікті дамытудың басты тетігі. Әсіресе, ауылда әртүрлі шаруашылықпен айналысып жүрген азаматтарға несие көбірек қажет. Мәселен, Еуропада әрбір фермер жеке бір шағын өндіріс орны секілді. Біздің фермерлер де, ауыл шаруашылығымен айналысып, күнін көріп отырғандар да осындай дәрежеге жетуі тиіс. Ауылда кәсібін кеңейткісі келгенімен, қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болып отырған талай азамат бар. Соларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, шағын несиелерді жеңілдетілген жолмен беру үлкен демеу болатыны сөзсіз.

Президенттің бесінші бастамасы – елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Мұны жалпыұлттық үлкен жоба деуге болады. Елді мекендерге газ тарту – халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, үлкен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні анық.

 ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: Жалпы, Елбасының бес әлеуметтік бастамасы – халықтың әл-ауқатын жақсарта түсудің тиімді жолы. Президент мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру арқылы елдің тұрақтылығын одан әрі дамытуды айқындап отыр. Ендеше, бес әлеуметтік бастаманы халықтың игілігіне айналатын ұтымды жобалар деп санаймын.

 Расул ЕСЕНОВ, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты