“ХАН ҚЫЗЫ” – САЛТЫМЫЗДЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ

56

Қызын өмірінің қызғалдағына балаған қазақ халқы қызы дүние есігін аша салысымен болашағына бағдар жасаған. «Қыз жасауы» деген қыз балаға деген сүйіспеншіліктен, құрметтен пайда болса керек. Бұл күнде қыз жасауын әзірлеу де заманауи формаға енді. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті бүгінгі санында өз оқырмандарына қыз жасауын әзірлейтін «Хан қызы» дүкенімен таныстыратын болады. Бала кезінен ісмерлікке жақын болған бизнеследидің он сегіз жылғы кәсіпкерлік жолымен бірге жүріп өтеміз. Алдымен, қыз жасауы жөнінде бірер сөз…

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

«Хан қызы» дүкені
Кәсіпкер:
Чайарова Жанаргүл Байбурақызы
Мекенжайы:
Алматы қаласы, Жолдасбеков көшесі,
9 А, «Еуразия» сауда үйі
Жұмыс кестесі:
8:00 – 20:00, дүйсенбі – cенбі
Орташа есеп:
50 000 теңге (тауар санына қарай)

ЖАСАУ ТҮГЕЛ БОЛСА…

Ұзатылған қызға берілетін дүние-мүлік − «жасау» деп аталатыны баршаға мәлім. Халқымыз қыздың жасауына аса зор көңіл бөлгендіктен: «Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді», − деп жасау әзірлеуді ерте бастаған. Сан ғасырлар бойы небір жақсы жиһаздар, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім-кешек, әсем әшекейлі бұйымдар қыздарға берілетін болған. Жасауды қыздың еншісі деуге де болады.
Қыз жасауы – ұзатылатын қыз үшін өткір мәселе. Өйткені, бұл – атадан-балаға жалғасқан ұлы дәстүр. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те, бұл дәстүр ешқашан тозбайтынына сенімдіміз. Себебі, әу бастан киіз үйде өмір сүрген ата-бабаларымыз ұлы үйленгенде енші беріп, бөлек шығарған. Сөйтіп жаңа киіз үйде жаңа отбасының шырағы жағылған. Ақ отау үлкен үйдің оң жағынан тігілген. Отауды «оңаша үй» деп те атаған. Ұзатылып жатқан қыз жаңа қоныстарын керек-жарақпен жабдықтау мақсатында отауға күнделікті өмірге қажетті заттарын арқалай келген. Ұлдың ата-анасының міндеті енші беру болса, қыздың ата-анасының міндеті қыз жасауын әперу болған. Бүгінде бұл дәстүр азғантай өзгеріске ұшырады. Барлық ата-ана ұлына жаңа пәтер әперіп, бөлек шығаратындай қауқарға ие емес. Соған қарамастан қыз жасауының түгел болуы талап етіледі.
Ертеде бiр дәулеттi кiсi қызын ұядан ұшырарда оның ыдыс-аяғын түгелдей алтыннан жасатыпты. Алайда, итаяғына келгенде алтын таусылып қалған көрiнедi. «Итаяғым алтыннан емес» деп жылаған қызына әкесi қатты налып, «тас бол!» деген екен. Содан әке қарғысы қабыл болып, ұзатылып бара жатқан қалыңдық жасауымен бiрге тасқа айналып кетiптi. Қарт Қаратаудағы Келiншектау атауының шығу тегi осындай екенін айтады көнекөз қариялар. Ел арасындағы бұл аңыз әрбiр қыз баланың өз жасауына разы болуы тиiс екенiн бiлдiрсе керек. Алайда, бүгiнгi нарықтық заманда қыз жасауы өзгерiп, түрленiп барады. Әрбiр қалыңдық өзiнiң соңғы үлгiдегi дүниелермен ұзатылуын армандайды. Алдымен, қыз жасауының қандай дүниелерден тұратынына тоқталмақпыз.
Сонымен қыз жасауына берілетін дүние мүліктерге төсек-орын, киім-кешек және ыдыс-аяқ жатады. Осылардың ішінде төсек-орын жабдықтарының маңызы зор. Себебі, көрпе мен көрпешелердің әрқайсысын баппен жасап, санымен түгендеу керек.
Ертеректе анасы ұзатылатын қызына арнап екі кісілік құс төсек әзірлейтін болған. Қазіргі кезде оны жатын орын жиһазы алмастырды. Екі кісіге арналып тігілген қалың көрпе де қыздың төсек орнында міндетті түрде болуы тиіс. Босағасынан мейманы арылмайтын қазақтың отауында төр көрпелердің алар орны ерекше. Қыз жасауындағы төр көрпелердің саны тақ болады. Әдетте отау үйдің қажеттілігіне орай 3, 5, 7 немесе 9 төр көрпе әзірленеді.

ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ ЖАСАУЫ

Барлық қыздардың жасауы бiрдей бола бермейдi. Десек те, жасаудың «жетім қыздың жүгіндей» жұпыны болмауын ескерген жөн. Тіпті, осыған қатысты қазақта «Жасау бағасы» деп аталатын дәстүр бар екен. Яғни, дәстүр бойынша құдалар жағы қалыңдықтың дүниесiне өз бағаларын беретін болған. Оларға қыздың ата-анасы жоралғы жасап, тәттiлер немесе кiшiгiрiм сыйлықтар таратады. Жүк жинаған күйеу жiгiттiң жеңгелерi де тарту-таралғыдан құралақан қалмаған екен. Осы дәстүрді ескерсек қызына жасау дайындау қазақ танымындағы ең игі істердің бірі екенін ұғыну қиын емес.
Қазіргі заманның ағымына қарай жасау дайындаудың сипаты өзгерді. Ал бұрындары жоғарыда айтқанымыздай, жасау дайындығын қыздың кішкене кезінен бастап, оған әке-шешесімен бірге туған-туыстары да өз үлестерін қоса отырып, кем-кетігін толықтырған. Сонымен қатар, жасау дайындауға қыздың өзін де кірістіріп, ісмерлікке тәрбиелеген екен. Жасауды апарар алдында ауыл болып жиналып, сыннан өткізіп, тыңғылықты дайындық жасаған халқымыз қыздың жасауы ағайын-туыстың береке-бірлігі және әр үйдің мал-дәулетіне, хал-ахуалына байланысты әртүрлі мөлшерде болатынын да ескерген. Әрбір ана жасауға арнайы тіккен көрпелерін қосады және сол көрпелердегі ою-өрнек арқылы өзінің сүйікті қызына жүрегінің бір бөлшегін бөліп бергендей еңбектенеді. Сонымен қатар, қолдың көрпесі жылығымен, ішіне салған салмасының жылжымай қапсырылып тігілуімен, ұзақ уақытта жарамдылығымен бағаланады.
Сонымен, «Жасау көрсету» қыз ата-анасының «алғанды ғана біліп, бергенді білмейтін дүние қоңыз, сараң емеспіз, қызымыздан еш нәрсемізді аямаймыз» деп ақ жүрегін құдалар алдына жайып салуы. Бұл салт адамдар, әсіресе, құда-құдағилар арасындағы татулық пен береке-бірлікті, достық-сүйіспеншілікті арттырады. Заман талабына қарай бұл дәстүрде, яғни, қыз жасауына жатқызылатын дүниелер өзгеріске ұшырағаны анық. Бүгінде қыздың жасауына оюлы, сырылған көрпелерді арнайы тапсырыспен тіккізеді.

КӘСІП. НЫСАНА. ДӘЛДІК

Бүгінгі кейіпкеріміз – Жанаргүл Чайарова қыз жасауын дайындаумен айналысады. Ол қалыңдықтың жасауына қажетті барлық мүлікті әзірлеп, оны жеке кәсіп көзіне айналдырған. Тіпті, Қазақстанның бірнеше қаласында «Хан қызы» атауымен дүкендер ашып, тапсырыстар қабылдайды.
Жанаргүл алғаш құрақ көрпе жасап, көрпе-жастықты кестелеп, әрлеп тіге бастағанында қыз жасауын жасаумен айналысамын деп мүлде ойламағанын айтады. Өзі жақсы көретін іспен айналысуды жөн көрген кейіпкеріміз бала кезінен ісмерлікке жақын боп өседі. «Ана көрген тон пішер» дегендей, Жанаргүлдің анасы тігін шебері екен. Жастайынан көріп өскен тігін өнерін ол өмір жолына арқау етті. Хоббидің нағыз мамандыққа әрі кәсіпке айналуы осы болса керек. Анасының шағын кәсібін жалғастырмақ болған кейіпкеріміз алдына мақсат қойған және бұл күні сол мақсатының нысанасына дөп тигізген мерген-кәсіпкер.
Бастапқыда ермек ретінде тек қызығушылықпен бастаған өнері бүгінгі таңда өз тұтынушыларын тауып, бағаланып отырғандығы көңіл қуантады. Кәсіпке бейімің болса, еңбекке құлшынысың болса, барлығын үйренуге болатынына тағы да бір көзім жетті.
Кейіпкеріміз «Хан қызы» атауымен бренд қалыптастырды. Ол − бүгінгі таңда қыздың жасауын заманға сай дайындайтын бірден бір дүкен деуге әбден болады. «Хан қызы» брендінің негізгі идеясы − жалпы қыздың жасауын толығымен әзірлеп, қазақтың әрбір аруын xанның қызындай ұзату ғана емес, сан ғасырдан аман жеткен салт-дәстүрді сақтай отырып, оны келешек ұрпаққа таныстыру.
«Хан қызы» дүкендер желісін қолға алу Жанаргүл Байбурақызының талай жылғы арманы. Жақында ғана 1 жылдығы өткен «Хан қызы» қыз жасауын дайындауда көрпелер мен көрпешелердегі түстер үйлесімін, тігісінің сапалы болуын ескереді. Және әр көрпе тауар белгісімен брендтелген қалпында тұтынушыға ұсынылады.
«Біздің дүркіреген сауда үйлерінде арнайы қыз жасауына арналған қазақы нақыштағы дүкендер жоқтың қасы. Тек қыз жасауына ғана емес әр жан ұяға қажетті тауарларды қосып дүкен аштық. Алғашқы қазақша дүкен деп айтсам да болады, бізден кейін қаншама бізге ұқсас дүкендер сап құрды. Көрпе, жастық тігіп, қазақша бөлмелер жасау сәнге айналды. Мен үшін бұл үлкен жетістік», − дейді Жанаргүл ханым сырын жасырмай.
Расында да, «Хан қызы» өнімдері қыз жасауындағы төсек-орын мен ыдыс-аяқты, сонымен бірге, жиһаздарды түстеріне қарай үйлестіріп, талғамы жоғары тұтынушыға ерекше тарту жасайтынына көзім жетті.
Қыз жасауына тапсырыс берген кезде кейде толықтай жасауды өтінсе, кейде бөлшектеп те сатып алуға болады. Махаббат көрпесі, жамбас көрпе, оюлы құрақтар көздің жауын алады. Әрқайсысы махаббатпен, шын көңілмен тігілгені көрініп-ақ тұр.
Кейіпкеріміздің мамандығы негізінен педагог-псиxолог. Мамандығымен жұмыс істемеген ол 18 жылдан бері бизнес саласында өзіне ұнайтын істермен айналысып келеді. Дегенмен, қыз жасауын дайындау барысында кейіпкерімізге негізгі мамандығы көп әсерін тигізетін секілді. Себебі, құрақ көрпе тігу кезінде көңіліндегі ерекше дүниелерде ойлап тауып, шабыттанатыны да сондықтан болар.

САПАЛЫ ӨНІМ – АЛҒЫС ПЕН СЕНІМ

Жанаргүл Байбурақызының кәсіпкерлік формуласы, жетістікке жету кілті – кез келген істі маxаббатпен қолға алу, жан әлемін лайлатпау. Ал Абай Құнанбайұлының: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, білімің мен еңбегің екі жақтап», − деген ұлағатты сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған кейіпкеріміз бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық болуды да ойынан шығарған емес. Ол әрдайым бастаған ісін аяқтайтын және өнімді нәтижеге қол жеткізуді қалайтын болмыс иесі.
Бизнеследи алдағы жоспарымен де бөлісті. Барлығы уақыттың ырқында, болашақтың еншісінде деп есептейтін ол қазақты қазақ еткен салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрыпымыздың өркендеуіне әлі де ат салысатынын жасырмады.
«Хан қызы» дүкендері бүгінде Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды қалаларында ашылған. Дүкендегі табиғи өнімдер еңбекті ақтап, жақсы нәтижеге қол жеткізуге жол ашуда. Алдағы 5 жылдың көлемінде әлемдік аренадан көріну кейіпкеріміздің басты мақсаттарының біріне айналған.
Жанаргүл ханым: «Мұxаммед пайғамбарымыз айтқандай, істің ең қайырлысы – сауда жасау. Тек сауданы адал жасау керек. Өніміңді ұсынып, халыққа қызмет етудің өзі зор жауапкершілікті талап етеді. Бір қарағанда оңай көрінгенімен, табысқа жету өте қиын. Сондықтан, бизнесті қолға алған соң, табысқа жету үшін өзіндік ұстанымдарың болуы керек. Қазіргі дамыған заманда инстаграмм, фейсбук, твитер секілді әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тез таралатындықтан, сапалы өнімдерімізді сол жерде насихаттап жатырмыз. Тұтынушыларымыздың алғысы шексіз. Бұл мен үшін шын бақыт», – дейді.
Айтпақшы, әр аруды ханның қызындай ұзатуға тырысатын «Хан қызы» өнімдері кішігірім цеxта тігіледі. Көрпелерге қажетті маталар мен жүннің сапасы жоғары деңгейде болуын қадағалайтын кәсіпкер адал еңбекпен ғана нәтижеге қол жеткізуге болатынын жақсы біледі. Жанаргүл Байбурақызы шағын цехында оннан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар кәсіпкер баламен үйде отырған жас келіншектер, зейнеттегі әжелер, жұмыссыз жүрген қыздарға да қосымша тапсырыс беріп, тәжірибе алмасатындығын жасырмады. Яғни, «Хан қызы» өнімдері – күндіз-түні көз майын тауысып тіккен ісмерлердің қолынан шығатын туындылар!

Тобықтай түйін: Қыз жасауын заманауи заман талабына сай талғаммен жасауға көмектесетін брендке айналып үлгерген «Хан қызы» өнімдеріне сұраныс көп. Кәсібін өмірінің бөлшегіне айналдырған, анасының тәлімін ұлықтаған Жанаргүл Байбурақызының мыңдаған қазақ қызының қуанышына ортақ болып жүргені қуантады.

Әлия Іңкәрбек,

“Qazaq” газеті