ХАТТАМА ПЛАНШЕТ АРҚЫЛЫ ҚАЛАЙ ТОЛТЫРЫЛАДЫ?

12

Кейбір көлік жүргізушілеріне электронды хаттама қорқынышты көрінеді. Бұл оның қалай жұмыс істейтінін білмегендіктен болар. Осыған орай жол полицейінің жүргізушіге айыппұлды электронды планшет арқылы қалай салатынын Kolesa.kz порталы хабарлады.
Электронды хаттама толтырылған кезде жүргізуші неге назар аударуы керек? Кез келген жағдайда хаттамаға қол қоюдан бас тартпаңыз және оны толтыруға қатысудан қашпаңыз. Осылайша, полицияға оны өздігінен жасауға және басқа баптарда көзделген ереже бұзушылықты жазуына мүмкіндік бермейсіз.
Хаттама арнайы қосымшасы жұмыс істейтін планшет арқылы интернеті бар кез келген жерде толтырыла береді. Әр жол полициясында қосымшаға кіру үшін жеке құпия сөзі болады. Құрылғы онлайн режимде ЕАӘК-ке (Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі) және құқық қорғау органдарының басқа мәліметтер базасына қосылады. Хаттама қазақ және орыс тілдерінің бірінде толтырылады. Бағдарлама интерфейсі орыс тілінде жасалған, бірақ қажет болып жатса, қазақ тілінде жазуға болады.
Хаттама толтырғанда ең алдымен ереже бұзған жүргізушінің ЖСН-ін енгізеді. Ол арқылы полицей жүргізуші немесе жаяу жүргіншінің аты-жөнін, жеке куәлік нөмірін және ол қайда берілгенін анықтайды. Ал өзімен ЖСН мен жеке куәлігі болмаса, хаттама жүргізуші куәлігі нөмірімен толтырылады. Бұдан әрі бағдарлама жүргізуші куәлігін, соның ішінде нөмірін, берілген күнін, жүргізушінің санатын, байланыс мәліметтерін және тұрғылықты мекенжайын көрсетеді.
Келесі кезеңде бағдарламаның арнайы терезесіне автомобильдің тіркеу нөмірі енгізіледі. Ол арқылы полицей көліктің ұрланғандар тізімінде бар-жоғын, техникалық байқаудан өткен-өтпегенін (тексеру күні мен жарамдылық мерзімі), сондай-ақ жүргізушіге қандай әкімшілік құқық бұзушылық тіркелгенін анықтайды. Болашақта осы жерде сақтандыру полисі туралы ақпарат та пайда болады. Жоспар бойынша бұл қызмет 2019 жылдың 1 қаңтарында, яғни жүргізушілердің сақтандыру полисінің қағаз нұсқасын өзімен бірге алып жүру міндеті жойылған күні іске қосылады.
Сонымен қатар, жүргізуші қылмыскерлерді іздестіру базасынан, жоғалып кеткен азаматтар, қарызы бар немесе айыпталушылардың тізімінде тексеріледі және сотты болған-болмағаны, халықаралық іздеуде жоқтығы немесе тәртіптік есеп туралы деректер қаралады. Кейін электронды хаттамада жол жүру ережесін бұзған мекенжайы, сондай-ақ Әкімшілік кодекстегі бабы, айыппұл және жүргізуші қысқа мерзімде төлеуге болатын сома көрсетіледі (Тіркелген күннен бастап жеті күн ішінде төленетін айыппұлдың 50 пайызы).
Айтпақшы, хаттаманы толтыру уақыты еш жерде көрсетілмейді. Электронды құжаттың жасалуы және қол қойылғаны туралы мәлімет автоматты түрде мәліметтер базасына енгізіледі. Содан кейін ереже бұзушының қорғаушы немесе аудармашы қызметтеріне мұқтаждығы, хаттама толтырылғанда оған құқығы мен міндеті айтылғаны анықталады. Бұл парақшада жүргізуші ереже бұзу туралы өзінің түсінігін, құқығы және куәгер туралы жаза алады. Жалпы айтқанда, қажет санайтын барлық жағдайды көрсетеді немесе жол ережесін бұзды деген айыппен келіспейтінін айтып, әкімшілік сотқа жүгінуді талап ете алады. Сот жүргізушінің жол жүру ережелерін бұзған-бұзбағанын және полицейдің жүргізушіні тоқтатуының заңдылығын тексереді. Ал, жүргізуші түсініктемені планшеттің пернетақтасымен өзі жазады.
Электронды хаттамаға қойылған қол кінәні мойындауды білдірмейді. Хаттаманың түсініктеме жазатын арнайы бөлімінде айыппен келіспейтініңізді көрсетуге құқығыңыз бар. Өйткені, жүргізуші хаттамаға қол қоюдан бас тартса, полиция қызметкері «Танысудан бас тарту» тетігін басады. Бұл жағдайда электронды хаттамаға екеуінің де нұсқасы жазылады.
Полицейлер мен прокурорлардың айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміндегі деректерді ешкім өшіре алмайды.