ЦИФРЛЫ АРМИЯ» – ІЛГЕРІЛЕУДІҢ АЛҒЫШАРТЫ

12

«Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты».

(Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан)

 

Қазіргі заман ғылым мен техниканың серпінді дамуымен, әлеуметтік үдерістердің күрделіленуімен, өңделетін ақпарат көлемінің тұрақты өсуімен, оның жаңару мерзімінің апталар мен тәуліктерден сағаттар мен минуттарға дейін қысқаруымен сипатталады. Қоғамның ақпараттануы жаһандық әлеуметтік үдеріске айналды. Оның ерекшелігі заманауи микропроцессорлық және есептеу техникасының, сондай-ақ, ақпараттық өзара әрекеттестік пен айырбастың түрлі құралдары негізінде жүзеге асырылатын ақпаратты жинау, теру, өңдеу, жіберу, қолдану қызметтің негізгі түрі болуында. Қазірдің өзінде кез келген мемлекеттік орган тұрақты негізде үлкен ақпараттық ағындарға тап болып жатыр. Сонымен қатар, осы ағынның ішінен қойылған мақсаттарға сәйкес келетіндерін іріктеп алу қажет. Яғни, кешенді мониторинг және орын алып жатқан үдерістерге үздіксіз талдау жүргізілуі тиіс.

Бүгінгі күні бүкіл әлемде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану, соның ішінде түрлі салаларда екі «цифрлық телекоммуникациялық жүйелерді» құру басым бағыт болып келеді, армия осы үдерістен тыс қалмай отыр. Заманның жаңа сынақтарынан өту үшін Қазақстанның Қарулы Күштері дүние жүзінде орын алып жатқан белсенді үдерістерден шет қалмай, әскерді басқарудағы ұстанымдарды жетілдіре түсуде. Басымдықтар негізінен жауынгерлік басқару және күнделікті іс-қимылдарды автоматтандыруға беріледі.

Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерін мысалға келтірер болсақ, олар соңғы жылдары бірте-бірте қызметтеріне автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізіп келеді. Бұл өз кезегінде оларға әскерлер мен күштер топтарын басқарудың тиімділігін арттыруға, жауынгерлік пайдалану шешімдерін қабылдау уақытын қысқартуға және операцияларды дайындауда ең қолайлы нұсқаларды таңдауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі стратегиялық бағыттардағы бірлескен іс-қимылдарды дайындау және өткізу барысында Қарулы Күштер әскерлерінің түрлі тектері мен түрлерінің арасындағы өзара әрекеттестік деңгейін арттыруға жағдай туғызады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын әзірлеу бойынша тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскердің күнделікті іс-қимылын тиімді басқару үшін жаңа ақпараттық технологияларды қолдана отырып, «Цифрлы армия» бағдарламасын әзірлеу басталды.

Ол үшін мыналарды:

1) ұлттық ғарыш аппараттарының ресурстарында спутниктік байланыстың жер үсті желісін құру;

2) басқару нысандарында ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымды құру;

3) Қорғаныс министрлігінің цифрлы ғылыми-тәжірибелік базасын дамыту;

4) ақпараттық қауіпсіздік және арнайы мақсаттағы геоақпараттық платформаны әзірлеу бойынша әскери-ғылыми хаб құру;

5) IP-VPN цифрлы байланыс каналдарын қолдану;

6) цифрлы автоматты стансалар мен телекоммуникациялық жабдықтарды қолдану;

7) түрлі мақсаттардағы цифрлы кешендердің сандық радиотарату және радиоқабылдау құралдары, тактикалық радиобайланыс құралдарымен қаруландыру;

8) түрлі мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізу.

Жоғарыда көрсетілген қадамдарды іске асыру Қарулы Күштердегі құпия ақпаратпен алмасуды қауіпсіз ететін толыққанды жүйені жасауға жол ашады.

Бұдан басқа, «Цифрлық әскери білім беру мен ғылым» жобаларын іске асыру әскери оқу орындарының ғылыми-инновациялық әлеуетінің дамуын тездетуге, ал «Цифрлы әскери медицина» әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларына гарнизондардағы әскери-медициналық бөлімшелер мен мекемелерде заманауи медициналық қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы да өз штабтары мен бөлімшелерінің күнделікті қызметіне ақпараттық технологияларды енгізу бағытын ұстанады. Осылайша, қазіргі уақытта осында үш ақпараттық платформа жүзеге асырылып, күнделікті қолданысқа енгізілді:

  1. Күнделікті өмірді басқару;
  2. Әскерлерді нақты уақыт режімінде басқару;
  3. Дағдарыстық жағдайлар орын алған кездегі басқару.

Күнделікті қызметті басқару платформасы аясында көпдеңгейлі жоспарлау және ақпараттық қауіпсіздіктің ведомстволық ақпараттық жүйесі қолданылады. Осы ақпараттық жүйе жеке құрам мен жедел ақпаратты, жауынгерлік қызмет пен жауынгерлік дайындық іс-шараларын, көліктердің қозғалысы мен қоймаларға есеп жүргізу бойынша міндеттерді шешуге арналған. Жүйенің әр модулі біртекті және логикалы орындалған міндет болып табылатын бірнеше төменгі деңгейдегі жүйелерден құралады.

Осы ақпараттық жүйені қолдану есептердің барлық түрлерін алу үдерістерін жеңілдетуге, қағаз айналымын айтарлықтай қысқартуға, талдамалық зерттеулер мен дағдарыстық жағдайлар барысында командирлердің шешім қабылдауы үшін мәліметтердің елеулі көлемін жинауға мүмкіндік берді. Нақты уақыт режімінде басқару платформасы жедел жағдай туралы мәліметтерді қоса ала отырып, кезекші қызметтердің қызметін автоматтандырады. Оларға жауынгерлік қызметті тексеру, жеке құрамды қызметке жолдау туралы мәліметтер, алдағы тәулік іс-шаралары, жақсы үлгілер туралы ақпарат және тағы басқалары жатқызылады.

Осы платформа аясында жылжымалы нысандарды мониторингтеу жүйесі – бұл объектілерді бақылау міндеттерін орындайтын және офицерлерге қарауыл мен көлік құралдарының осы кездегі орналасу орнын біліп отыру, ал оқиға орын алған жағдайда қысқа мерзімде шешім қабылдау мүмкіндігін беретін бағдарламалық-техникалық кешен.

Жағдай күрделенгенде және әскерлер түрлі даярлық дәрежелеріне келтірілген жағдайда, сондай-ақ, командалық-штабтық жаттығулар мен оқу-жаттығулар үшін дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде ақпаратты басқару платформасы пайдаланылады. Оның мақсаты – осындай жағдайлардың зардабын жою бойынша міндеттерді орындау кезінде бөлімшені басқару тиімділігін арттыру.

Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қызметіне ақпараттық басқару платформасын енгізу барлық деңгейдегі командирлердің шешім қабылдау жеделдігін айтарлықтай арттыруға, ақпараттық ағымдарды өндеу кезеңдері мен міндеттерді орындауға тартылған офицерлердің санын қысқартуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта, басқару қызметіне қатысты мәселелердің көбі кезекші ауысымның күшімен осы уақыт ауқымында шешілетін болды, қағаз айналымы мен қосымша шығындар барынша қысқартылды.

Әртүрлі кризистік жағдайлар пайда болған жағдайда ықпалдастық органдар мен Ұлттық ұланның басқарма органдарының бірлескен жұмысын тез арада бастап кетуге мүмкіндік беретін тетіктер іске асырылған. Сонымен қатар, жедел кезекшіліктің құрылымы мен басқару органдарының мазмұны өзгермейді, тек қажетті материалдарды дайындау мен ақпарат көлемі, оны өңдеу жылдамдығы өзгереді. Демек, алдын ала дайындалған және өңделген алгоритмдер кез келген жағдайда жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі де өзінің күнделікті қызметтік-жауынгерлік әрекетінде цифрлы технология өнімдерін белсенді қолданады. Мысалға, ҰҚК ШҚ үшін әскерлерді шекаралық бақылау жүйесімен, соның ішінде автоматтандырылған паспорттық бақылаумен жабдықтау ең күрделі және басым міндеттердің бірі болып табылады. Бұл жүйе тұлғалардың Мемлекеттік шекарадан өту тәртібін тексеруге арналған. Ол шекаралық бақылаудың арнайы бағдарламалары мен техникалық құралдарының құжаттардың түпнұсқалығын бақылаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесіне интегралданған құжаттарды тексерудің техникалық құралдарын қолдану негізінде қалыптасады.

Шекара қызметі Мемлекеттік шекарадан өтуді қадағалау күнделікті қызметінде тұлғаларды тануға бағытталған бағдарламалық кешенді қолданады. Бұл бағдарлама адамдар ағынынан бейнебақылау аймағында екенін білмейтін нақты бір адамның бет-бейнесін «бөліп алу» принципі бойынша жұмыс істейді. Алынатын суреттер криминалистикалық фото-портреттік идентификация үшін жарамды. Бұдан басқа, контрабанданы анықтау мақсатында тексеру сенімділігін арттыруға және тексеруден жасырылатын заттар мен нәрселерді анықтауға детекторлар қолданылады.

Идентификациялық тексеру кешенін, рентгентелевизиялық аппараттарды, сондай-ақ, контрабанда детекторларын қолдану Мемлекеттік шекарадан өтетін көлік құралдары мен жүктердің қуыстарында жасырылған контрабанданы (қару-жарақ, есірткі заттары, жарылғыш заттар және т.б.) тиімді анықтау мүмкіндігін береді.

Осылайша, отандық Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар прогрестің бір орнында тұрмайтынын біледі. Қазақстан ҚК, ІІМ ҰҰ және ҰҚК ШҚ жаңа ақпараттық технологиялар мен техникалық әзірлемелерді белсенді зерттеп, ең қажетті және тиімді жабдықтарды қолданады. Осы шаралар әскерлеріміздің жауынгерлік дайындығын, еліміздің Мемлекеттік шекарасының қорғалуын, мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырады.

Мүслім АЛТЫНБАЕВ,

Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі