ЧЕМПИОННЫҢ ОРАЛУЫ

9

2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында бірнеше жыл бойы Илья Ильиннің басты қарсыласы атанған өзбекстандық Руслан Нуриддинов қоссайыста 431 келіні ырқына көндіріп, Олимп шыңын бағындырған еді. Яғни, екі жылдан кейін үлкен спортқа қайта оралған 30 жастағы Илья Ильиннің кешегі Талдықорғандағы көрсеткішінен 27 жастағы Руслан Нуриддинов 51 келі артық көтерді.

Қазақ – жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, тепсе темір үзетін батыр мен балуанға бай халық. Кезінде елу бір келі кір тасын білектің күшімен көтерген Балуан Шолақ бабамыздың жолын жалғағандар бар. Сол Балуан Шолақтың ХХІ ғасырдағы ізбасары саналатын әлемнің үздік ауыр атлеті, төрт дүркін әлем чемпионы, біз үшін екі дүркін Олимпиада чемпионы (Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 2016 жылы ауыр атлеттің 2008, 2012 жылдардағы Олимпиада көрсеткішін жоққа шығарған еді, – ред.) Илья Ильин бүгінгі «Жәшіктегі жұлдыздың» кейіпкері.

ОН ҮШ ЖАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН, ОН ЖЕТІ ЖАСЫНДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН СПОРТШЫ

Илья Ильин 1988 жылдың 24 мамырында Сыр елі – жыр елінде (Қызылорда қаласы) дүниеге келеді. Анасы Галина кенже ұлы жарық дүние есігін ашқанда қатты қуанып, ұлының болашақта жарық жұлдыз болатынына сенеді.

Балалық қызығушылықпен ауыр темірлерді көтеруді үйреніп жүрген бала Ильяны спорт залға алғаш рет алты жасында үлкен ағасы Андрей ертіп келіпті. Бұл кезде Андрей бокстан Қазақстан біріншілігінде бірнеше рет жеңімпаз атанған спортшы еді.

Ауыр атлетикамен айналысып жүрген ағасы Алексейдiң жанынан бiр елi қалмайтын кiшкентай Ильяның дарынын байқаған алғашқы бапкері Вилорий Пак оны бiрден өзiне тартқан. Осылайша, Илья білікті бапкердің баулуымен арнайы секцияда жаттығуды сегіз жасынан бастайды. Он үш жасында Қазақстан чемпионы атанған Илья ауыр атлетиканың қыр-сырын толық меңгере бастайды. Спортқа ерекше құмарлығының  нәтижесінде ол жастар мен ересектер арасында екі рет әлем чемпионы атанды.

Илья Ильин 17 жасында алғаш рет ересектер арасындағы Дохада (Катар) әлем біріншілігіне қатысты. Ерлер арасында 85 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, сенсациялық жеңіске жетті. Бір жылдан кейін 94 келі санатқа ауысып, әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында жеңіске жетті. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында ауыр атлет жұлқа көтеруде 233 келіні бағындырып, аталған сайыс түрінде әлемдік рекорд орнатты.

2012 жылғы 17 тамыз күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Олимпиада жеңімпаздарымен кездесу кезінде Илья Ильинге «Отан» орденін табыстады.

Спорттағы жетістігі үшін «Құрмет» және «Барыс» ордендерімен марапатталған ауыр атлет Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.

Илья Ильин «2014 жылдың спортшысы» аталымында «Қазақстандағы №1 жыл таңдауы» – «Алтын адам» сыйлығының лауреаты атанды.

2014 жылы Алматыда өткен ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында Илья Ильин күллі қазақ рухын аспандатып, рекорд жаңартып қана қоймай, төртінші мәрте Әлем чемпионы болды. Бұған дейін 85 келі, 94 келі салмақ дәрежесінде әлемді бағындырған ауыр атлет 105 келі салмақ дәрежесінде де озық шығып, Әлем чемпионатының ең үздік зілтеміршісі атанған еді.

Илья Ильин – асқан шеберлігімен, мінсіз техникасы және жеңіске деген құштарлығымен ауыр атлетика саласындағы ең жас әлем чемпионы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген ауыр атлет.

ДОПИНГ ДАУЫНАН КЕЙІНГІ ТӘЛКЕКТІ ТАҒДЫР

2016 жылы Қазақстан ауыр атлетикасының басына қара бұлт үйірілді. ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Халықаралық Олимпиада комитетінен 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиада ойындарына қатысқан қазақстандық спортшы Илья Ильинге қатысты жаза қолданылғандығы туралы ресми хабарлама алды. Спортшының ағзасынан тыйым салынған препараттар табылған-мыс.

Халықаралық Олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясы 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, 94 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің көрсеткен нәтижелерінің күшін жойып, жүлделерін қайтарып алу туралы шешім шығарды. Екі жылға спорттан тағы шеттетті.

«Штанга көтеріп тұрамын. Себебі, мен соны жақсы көремін. ХОК менің мансабымды тоқтатқаннан кейін бұл шешіммен келісуге тура келеді. Мен үнемі таза жұмыс істеуге тырысатынмын. Менің спорттық өмірімде еңбек пен жұмыс, қан мен тер, жарақаттар мен ұйқысыз түндердің бәрі болды. Қан мен тер төгіп, лайықты орнымды алдым. Бірақ, бүгін маңызды болған нәрселер ертең өзгеруі мүмкін. Мен тек өмірімнің осы кезеңінен аттап өтемін», – деген еді қиындыққа мойымаған атақты ауыр атлет.

Дегенмен, тек жеңістің тұғырынан көрінген спорт саңлағы тағдырдың сынағына төзе алмай, допинг дауынан кейін өмірімен қоштасқысы келген екен. Спортшының айтуынша, алкогольдік ішімдік  ішіп, өз-өзін жоғалтып ала жаздаған.

«Менің спирттік ішімдік көп ішіп кеткен кездерім болды. Бұл маған өмір сүруіме кедергі еді. Ата-анама да бұл іс-әрекетім ұнамады. «Илья Ильиннің медальдарын тартып алады» деген жаңалықты естігенде, өлгім келгені рас. Үш күн қатарынан бас көтермей арақ іштім. Кейін Израильге кетіп қалдым. Сол жақта ғана өз-өзіме келдім», – деп допинг дауынан кейінгі күндерін жасырмай айтты спортшы.

ҮЛКЕН СПОРТҚА ҚАЙТА ОРАЛҒАН ИЛЬИН БАСТЫ ҚАРСЫЛАСЫ ӨЗБЕКСТАНДЫҚ НУРИДДИНОВТЕН НЕГЕ 51 КЕЛІ АЗ КӨТЕРДІ?

Екі жылдық үзілістен кейін Илья Ильин бірінші рет жарысқа шықты. Үлкен спортқа қайта оралған даңқты ауыр атлет Талдықорған қаласында өткен Қазақстан біріншілігіне қатысып, 102 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионы болды.

«Осы күнді асыға күттім. Кеше күш қосылғандай болды, өйткені сүйікті ісіме оралдым. Қатты күттім. Жеңілдеп қалдым. Көңіл-күй көтеріліп, жүріп-тұруым еркіндеді. Кезекті рет ауыр атлетикаға тоймағаныма көзім жетті. Алда әлем чемпионаты бар. Әрине, басты мақсат – Олимпиада ойындары» – деп, өзіне қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғысын білдірді.

Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Алексей Ни үлкен спортқа қайта оралған зілтемірші туралы: «Ильин жақсы өнер көрсетті. Ұзақ үзілістен оралып, бес ай ғана жаттықса да, ел біріншілігінде өзін көрсете білді», – деген пікір білдірді.

Қиын қыстау кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен болған әңгімені де спортшы іште бүгіп қалмады.

«Нұрсұлтан Әбішұлына – рухы бір әкеме алғыс айтқым келеді. Мен үшін қиын кезеңде, былтыр «EXPO-2017» кезінде көрістік. Мені өзіне шақырып алып: «Бәрі дұрыс, сен мен үшін чемпионсың! Алаңдама, бәрі жақсы болады, мен саған сенемін», – деді. Бұл сөз маған үлкен қолдау болды, ол кісіге алғысым шексіз. Қиын сәттерде мені үнемі қолдап келеді. Мен үшін ол кісі Президент қана емес, менімен рухы бір адам», – деді ағынан жарылып ауыр атлет.

Үлкен спортқа қайта оралған Илья Ильиннің 2020 жылы Токио Олимпиадасында топ жару о бастағы арманы.

«Әрине, мен төрт дүркін Олимпиада чемпионы болуды армандадым. Біріншіден, мен қазір он жыл бұрын жоспарлаған жоспармен жүріп келемін. Екіншіден, мен бұл спортты жақсы көремін. Өз ісімді сапалы әрі әдемі көрсете аламын. Оның үстіне мен әлі жаспын. Себебі, менде ақылмен саралау, шеберлік пен тәжірибе, жалпы дайындық жеткілікті», – деді спортшы.

Дегенмен, екі жыл үлкен спорттан кетуге мәжбүр болған Илья Ильиннің Талдықорғанда көрсеткен көрсеткіштерімен әлем біріншілігінде жеңіс тұғырынан көріне алмайтыны белгілі. Мәселен, үлкен спортқа оралған ауыр атлет жұлқа көтеруде 172 келіні, ал серпе көтеруде 208 келіні бағындырып, қоссайыс нәтижесінде 380 келі көрсеткішін көрсетті. Егерде, Илья Ильин былтыр АҚШ-та өткен әлем чемпионатына қатысып, осындай көрсеткіштерге қол жеткізгенде үздік бестіктің қатарынан табылмас та еді. Тіпті, бұл біріншілікке бірнеше жыл бойы Илья Ильиннің басты қарсыласы атанған өзбекстандық Руслан Нуриддинов қатысқан жоқ. Ал, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында өзбекстандық ауыр атлет қоссайыста 431 келіні ырқына көндіріп, Олимп шыңын бағындырған болатын. Яғни, Илья Ильиннің Талдықорғандағы көрсеткішінен 51 келі артық көтерді. Оның үстіне 27 жастағы Руслан Нуриддинов әлі бабында екен. Күні кеше Джакартада өткен Азия ойындарында тағы да «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанды. Өзбекстанның мақтанышы серпе көтеруде 191 келіні, жұлқа көтеруде 230 келіні оңай көтерді. Міне, айналдырған бір айдың ішінде біздің атақты Илья Ильин бұрынғы бабына келе ме, жоқ па, жанкүйерлер осы мәселеге алаңдайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: Бәйгеге түссе, шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктер болады. Спорт саласында да Қазақстанның ауыр атлетикасын өрге сүйреп келе жатқан  зілтемір патшасы Илья Ильиннің алдағы 1-10 қараша аралығында Ашхабадта (Түркіменстан) өтетін әлем біріншілігінде топты жарып, әлемнің ең үздік ауыр атлеті екенін қайта дәлелдейтініне үміт зор. Өйткені, мықтының аты – қашанда мықты!

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, “Qazaq” газеті