«ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕНІ ЕШ ЗЕРДЕЛЕМЕЙ КӨШІРУ – ТАСҚА ТАРЫ, МҰЗҒА БИДАЙ ЕККЕНМЕН БІРДЕЙ»

32

«СОТ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ КЕҢЕСІ МЕН ЖОБАЛЫҚ ОФИС ҚҰРЫЛДЫ»

– Нұрсерік Кәрімұлы, еліміздің сот саласы дамудың жаңа сатысына көтерілуде. Бұған дейін Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша салада ауқымды реформа жүргізілді. Бұл жолғы жаңғыртудың мақсат-міндеттері қандай?

– Иә, Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының он қадамы сот саласын жетілдіруге бағытталған болатын. Олардың барлығы бойынша қажетті заңнамалар қабылданып, межеленген міндеттер орындалды. Мәселен, сот жүйесі бес сатыдан үш сатыға дейін қысқартылып, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігі артты. Сот ісін жүргізу толықтай цифрлық жүйеге көшіріліп, оның ашықтығы мен жариялылық деңгейі өсті. Сот қызметінің материалдық-техникалық базасы жақсарды. Судьялардың кәсіби біліктілігін жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Осылайша, халықтың сотқа деген сенімін арттыру, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың барлық мүмкіндіктері іске қосылды. Дегенмен, сот саласы қатып қалған жүйе емес. Қоғамдағы экономикалық қатынастар жаңарып, азаматтар мен заңды тұлғалардың талап-тілектерінің сипаты өзгеріп, саны артуына байланысты бұл сала да үнемі жаңарып, дамып отыруы керек. Осы тұрғыда Елбасы айқындаған міндеттердің әлеуеті зор.

Біз сот жүйесін жаңғыртуда өткеннен сабақ, болашаққа бағдар алуымыз қажет. Себебі, бұрынғы бастаған реформаларды аяқсыз қалдырып, не шетелдік тәжірибені еш зерделемей, құр көшіріп алар болсақ, тасқа тары, мұзға бидай еккеннің кебін кешуіміз әбден мүмкін. Сондықтан алдағы ірі өзгерістерді іске қоспас бұрын аудандық, қалалық, облыстық, Жоғарғы Соттағы судьялармен қатар, адвокаттар, жеке заңгерлер, отандық және шетелдік тәуелсіз сарапшылар көмегімен бұған дейін жүргізілген реформаның жетістігі мен кемшілігін талдап, сот қызметінің қолжетімділігін, сапасын арттырудың тың мүмкіндіктерін, жаңа басымдықтарын айқындап алдық. Үш ай бойы жүргізілген осы жұмыстың нәтижесінде жеті бағыт бойынша жобалық құжаттар әзірленді. Олар сот төрелігін жүзеге асырудың тиімді тетіктері – әділдік, жауапкершілік, тәуелсіздік, әкімшілік әділет, тергеу судьясы, судьяның біліктілігі және цифрландыру мәселелерін қамтиды. Бүгінде осы бағыттар бойынша нақты шараларды іске асыру мақсатында Сот жүйесін дамыту кеңесі мен Жобалық офис құрылды. Олардың құрамына Жоғары сот судьялары мен аппараттың жауапты қызметкерлері енді.

– Қазіргі таңда осы жобалар жұртшылықтың айрықша қызығушылығын тудырып отыр. Сондықтан оларға кеңірек тоқталып өтсеңіз…

– Сот саласын жетілдіруге бағытталған жеті басымдық «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Татуласу: сотқа дейін және сотта», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта» және «Е-сот» деп аталады.

Мәселен, «Мінсіз судья» – қоғамның зор сеніміне ие болған әділ, бейтарап, тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастыруды көздейді.

«Үлгілі сот» жобасы – сот қызметінің сапасын арттыруға бағытталған.

«Әділ процесс» – сот процесін әділ әрі қисынды етуді мақсат етеді.

«Smart сот» – сот жүйесінде IT технологияларды кеңірек қолдануға бағытталып отыр.

«Оңтайлы орта» – қоғамның сотқа деген сенімін арттыру мақсатында сыртқы факторлардың жағымсыз ықпалын азайтуды көздесе, «Сапалы нәтиже» мен «Коммуникациялық стратегия» – сот пен қоғамның ашық диологын қамтамасыз етуді көздейді.

«Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы – дауларды бітімгершілік арқылы шешу мүмкіндіктерін арттырмақ.

«АТАЛЫ СӨЗГЕ ТОҚТАЙ БІЛЕТІН ХАЛҚЫМЫЗ ҮШІН БІТІМГЕРШІЛІК ИНСТИТУТЫНЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР»

– «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы бойынша қандай шаралар жүзеге асырылды? Медиацияның дамуы қай сатыда? Халқымыздың дәстүрінде бар мәмілеге келу рәсімінің әлеуетін толық пайдаланып отырмыз ба?

– «Медиация туралы» заң 2011 жылы қолданысқа енгізілгенімен, толыққанды жұмыс істей алмады. Өйткені, ондағы көптеген талаптар сот жүйесіне ғана емес, атқарушы билікке де қатысты еді. Негізі бұл құжат бойынша бітімгершілік үрдістің барлық тетіктері қамтылған. Тек оны насихаттау жағы кемшін түсіп тұр. Аталы сөзге тоқтай білетін халқымыз үшін бітімгершілік институтының маңызы зор. Оның әлеуетін сот саласында кеңінен қолданудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өйткені, медиация арқылы сотқа келген әрбір адам үшін өзінің досымен, әріптесімен, танысымен қарым-қатынасын бұзбай, өзара татулықты сақтап қалудың мүмкіндігі зор. Сондықтан сот саласында бұл үрдісті дамытуға айрықша мән беріліп отыр.

Медиацияны енгізу бағытында көптеген жұмыстар жүргізілді. Оған қатысты тиісті заңнаманы айтпағанның өзінде Азаматтық процестік кодексте бітімгершілікке қатысты арнайы тарау бар. Онда жалпы бітім, медиация тәртібімен татуласу, кәсіби және кәсіби емес медиатор, адвокаттардың қатысуымен партисипативтік бітімге келудің құқықтық негіздері толыққанды жасалған. Дауласушы тараптарды мәмілеге ынталандыру мақсатында баж салығын қайтару көзделген. Бұл институттың құқықтық әлеуетін одан әрі арттыруға басымдық берілуде. Мәселен, азаматтарды сотқа дейінгі татуласуға үндеу мақсатында жергілікті атқарушы билікпен, кәсіподақтармен меморандумға қол қойып, облыстарда соттан тыс татуласу орталықтарын ашудамыз.

Сотқа жүгінген азаматтарды мәмілеге келтіруді көздейтін серпінді жоба әзірленді. Мәселен, қазіргі таңда Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотында татуластырушы судья жұмыс істейді. Бітімге баратын істер санатына жатқызылған даулар бірінші аталған судьяға түседі. Ол бес жұмыс күні ішінде істі қабылдамай тұрып, тараптардың басын қосып, оларды өзара мәмілеге шақырады. Соңғы деректерге сүйенсек, осы тәртіппен қаралған істердің 60 пайызға жуығы тараптардың бітімге келуімен аяқталуда. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.

Мәмілеге келу дәстүрін қайта жаңғыртып, халықтың санасына сіңіру керек. Сотқа келген әрбір адам міндетті түрде дауласып, қарсыласын сотта жеңу үшін емес, істің бейбіт түрде шешіліп, адами қатынасты сақтау мүмкіндігіне мән берсе дейміз. Бұл, әрине, сотта бірнеше мәселені тиімді шешуге жол ашар еді. Алдымен сот жүктемесі азайып, судьялар маңызды, күрделі істерді мұқият әрі сапалы қарауға мүмкіндік алар еді. Екіншіден, адамдар арасындағы моралдық-психологиялық ахуал жақсарып, қоғамда өзара түсіністік, сыйластық артар еді. Егер насихат жұмысын жүйелі түрде жүргізсек, таяу уақытта мұндай жағдайға жетеміз деп ойлаймын.

– Білуімізше, тергеу судьясы институтына да артылып отырған үміт көп. Осы жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы тергеу соттарын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Тергеу сотының мамандандырылған сала ретінде қалыптасуына құқықтық негіздер жасалды. Биыл қылмыстық, қылмыстық-процестік, құқық қорғау және арнайы органдар қызметін жетілдіру мәселелері мен кейбір заңнамалық актілерге жасалған өзгерістер бойынша бұл жаңа институттың соттылығы (істерді қарау тәртібі) айқындалды. Олар енді сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының процестік әрекеттеріне санкция беріп, тергеу мен прокуратура қызметіне жасалған шағымдарды қарай алады. Егер белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірлікте тергеу соты құрылмаған болса, жасырын тергеу әрекеттерінен басқа, аталған сот бақылауын аудандық және оған теңестірілген соттар жүзеге асыруға құқылы.

Біз бүгінде тергеу судьяларының жұмысын мұқият саралап, олардың жұмысын талдай келе, осы институтты одан әрі дамытудың басты бағыттарын анықтадық. Негізінен, тергеу соттары Қазақстанның барлық облыс орталықтарында құрылуда. Қазіргі таңда тергеу судьясына қажетті жағдай толық жасалған. Олардың штаттық бірліктері де облыс тұрғындарының санына қарай есептелді. Мәселен, халқының саны көп Астана мен Алматы қалаларында – 5, Шымкентте – 4, Ақмола облысында – 2 құрамды тергеу соттары жұмыс істейтін болады. Олар үшін арнайы залдар, құпия тәртіппен жұмыс істейтін орындар жабдықталды.

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 1 418 СОТ ЗАЛЫНДАҒЫ ІСТЕР ОНЛАЙН ТӘРТІПТЕ ҚАДАҒАЛАНАДЫ»

– Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов еліміздің сот жүйесінде орын алған олқылықтардың негізгі себептерінің бірі ретінде саладағы көрсеткіш қуу, судьялардың соған қол жетікізу үшін жарысқа түсуін айтқан еді. Осы мәселе бойынша да нақты шаралар қабылданды ма?

– Жалпы, рейтинг – көрсеткіш қуу емес. Бұл тетік соттардың жұмыс сапасын арттыру мақсатында іске қосылған болатын. Сонымен қатар, оның аясында істердің дер кезінде қаралуын, процестік мерзімдердің сақталуы үшін судьялар арасында адал бәсекелестікті қалыптастыруға мән берілді. Өкінішке қарай, соңғы кездері осы дұрыс ниетпен басталған шара цифр қуушылыққа ұласып, жұмыстың сапасына кері әсер ете бастады. Шын мәнінде, бізге сан емес, сапа керек. Қанша сот шешімі бұзылса да, судья мұндай жағдайға қасақана жол бермесе, оны бағалау кезінде өз әрекетін дәйекті түрде дәлелдеп берсе, ешқандай тәртіптік ықпал ету шаралары қолданылмайды. Қазіргі таңда судьялардың жұмысын рейтинг арқылы бағалаудың қажеттігі жоқ. Өйткені, былтыр іске қосылған Жоғарғы Соттағы Ахуалдық орталық арқылы соттар жұмысының барлық ұйымдастырушылық бағыттары жүйелі түрде қадағалануда.

– Сөз реті келіп тұрғанда соттардағы әрбір іс-әрекетті алақандағыдай көрсетіп отыратын Ахуалдық орталық жайлы толығырақ айтып кетсеңіз…

– Бұл орталық былтыр қыркүйек айында іске қосылған болатын. Оның ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Бұл – соттар қызметіне мониторинг жүргізудің бірыңғай жүйесі. Ахуалдық орталық арқылы Жоғарғы Сот соттар жайлы өзекті ақпараттарды онлайн-тәртіпте тәулік бойы жинап, саралайды. Соттар жұмысындағы болуы мүмкін іркілістерді, кемшіліктерді көріп, оларды жедел түрде түзеу үшін тиісті шаралар қабылдайды.

Орталық арқылы жергілікті соттардың жұмысы 700 көрсеткіш бойынша бақыланады. Републикадағы 1418 сот залындағы процестер онлайн тәртіпте қадағаланады.

Бірінші кезекте хат-хабарларды тіркеу, материалдар мен істерді автоматты түрде бөлу, істердің қаралу мерзімі бақыланады. Екінші топта «Төрелік» ақпараттық жүйесі серверінің жұмыс істеу қабілеті қадағаланады. 25 көрсеткіштен тұратын бұл топ белгіленген өлшемдерден ауытқушылықты жедел түрде анықтап, олардың жұмысын тұрақтандыру үшін қажетті шаралардың дер кезінде қабылдануына мүмкіндік береді. Үшінші топ киберқауіптерге дер кезінде ден қойып, олардың болашақта қайталану мүмкіндігін жояды. Төртінші бағыт бойынша республикадағы барлық сот залдарындағы жағдайды жедел түрде қадағалайды.

Сайып келгенде, Ахуалдық орталық – сот төрелігін жүзеге асыруда азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғаудың жаңа деңгейі. Бұл жүйе орын алған кемшіліктерді тараптар сотқа жүгінгенге дейін айқындап, сол сәтінде жояды. Ахуалдық орталық іске қосылғаннан бері соттар жұмысының тиімділігі артқанын байқап отырмыз.

Орталықтың әлеуеті соттар жұмысын бақылауды кеңейту бойынша электронды шешімдерді үнемі жетілдіріп отыруға мүмкіндік берді. Тұтастай алғанда, электронды сот төрелігі сот ісін жүргізуді жеңілдетуге, оның жеделдігін, қолжетімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған.

– Бүгінде жұртшылық сотқа арызданудан бастап, сот актілерін алуды қамтитын барлық шараларға қашықтықтан қатысу мүмкіндігіне ие. Соның арқасында сот қызметі барынша қолжетімді, ашық әрі жариялы бола түсті. Әйтсе де, инновацияға басымдық берген салада сотқа келушілердің ақпарат алуын жеңілдететін гаджеттер мен ұялы құрылғыларды қолдануына шектеу қойылып келгені қисынсыз-ақ…

– Бүгінде бұл мәселеге қатысты да тиімді шешім қабылданды. Сот процесіне қатысушылар тарапынан сот ғимараттарының көпшілікке арналған бөлігіне таспаға жазатын және ұялы байланыс құралдарын әкелуге рұқсат беру туралы Жоғарғы Сотқа бірқатар өтініш келіп түсті. Осы жылдың 6-сәуірінде біздің Департамент пен Ішкі істер министрлігінің бірлескен бұйрығы шықты. Оған сәйкес Жоғарғы және жергілікті соттардың аумақтары мен ғимараттарына кіруге рұсат берудің жаңа қағидасы бекітілді. Бұл қағида 3-мамырдан бастап қолданысқа енді.

Сот ғимараттарының күту залдары, сот мәжілісінің залдары, хат-хабарларды қабылдау және беру орындары, соттардың фронт-офистерін қамтитын аумағы сот ғимаратының көпшілікке қолжетімді бөлігі деп аталды. Дәл осы жаңа ұғым қағидаға енгізілді. Бүгінде ғимараттың осы бөлігінде сот процесіне қатысушыларға жазба құралдарын, есептегіш техникаларды, ұялы қондырғыларды басқа да ғаламторға қосылатын құрылғыларды әкелуге рұқсат берілді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің соттың аумағы мен ғимараттарына ұялы байланыс құрылғысын, бейнедыбыс жазу және киноаппараттарымен кедергісіз кіруіне жағдай жасалды. Оларды сот мәжілістерінде қолдану мәселесін тиісті процестік заң талаптарына сәйкес төрағалық етуші судья шешеді.

«ӘРБІР СОТҚА КЕЛЕТІН АДАМНЫҢ ӨЗ ШЫНДЫҒЫ БАР»

– «Түнгі сот» пилоттық жобасына қатысты жұмыстарыңыздан хабардармыз. Бұл да сот төрелігіне қолжетімділікті арттырудың бір амалы болар…

– Қоғамдық қатынастар өзгеріп, жоғары технологиялар қарқынды дамыған қазіргі кезеңде уақытты дұрыс әрі тиімді пайдалану – табысты адамның маңызды көрсеткіштерінің бірі. Бұл судьяға да, жеке азаматқа да қатысты мәселе. Осыған орай АҚШ пен Сингапурдағы озық тәжірибені зерделей келе, жеке мен заңды тұлғалардың сотта қорғалу құқықтарын іске асыруға қолайлы жағдай жасау мақсатында түнгі соттарды құру мәселесі талқылануда.

Қазақ халқында «Дарияға ат салмай тұрып, өткелін тап» деген қанатты сөз бар. Мұндағы айтпақ ой, жаңашылдықты бірден енгізіп жібермей, оның артық-кем тұстарын пысықтау қажет дегенді білдіреді. Біз бұл жобаны бірден қолданысқа енгізіп жібермей, әуелі оны құқық қорғау және адвокатура, жергілікті билік өкілдерімен әбден талқылап алдық. Биылғы жылдың мамыр айында облыстық соттар мен жергілікті полиция қызметі арасында өзара түсіністік туралы меморандумдар бекітілді. Бүгінде әкімшілік соттар Астана, Алматы, Өскемен, Шымкент, Ақтау, Орал қалаларында түнгі уақытта жұмыс істеуде. Түнгі соттар қарайтын істер санатына құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, келтірілген залалды мойнына алған жол-көлік оқиғалары, ұсақ бұзақылық, отбасылық-тұрмыстық сипаттағы құқықбұзушылықтар жатады. Түнгі соттар кешкі 18:30-дан бастап сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Әкімшілік жауапқа тартылған азаматқа қатысты ұстаным өзгеріп, ол кінәсін мойындамай, іске прокуратура, адвокат, аудармашы, сарапшы немесе басқа да мүдделі тұлға қатысуы тиіс, істі зерделеу және қосымша айғақтар алу қажеттігі туған жағдайда судья сот мәжілісін жалпы тәртіппен қарау үшін кейінге қалдырады.

Бір ай ішінде серпінді жоба өзінің оң нәтижесін көрсетіп отыр. Бүгінде осы тәртіппен барлығы 1 328 іс қаралды. Олардың дені көлік жүргізушілердің жол ережелерін бұзуына қатысты қозғалған. Жұртшылықтың, сот ісіне қатысушылардың бұл жоба бойынша пікірі жақсы. Оның басты артықшылықтары – істі қарау мерзімінің қысқартылуы, тараптарға қаулының бірден берілуі, сақтандыру төлемдерін алу мерзімінің елеулі түрде азайтылуы. Біртіндеп кешкі уақытта іс қаратуға ынталылар қатары көбейіп, өз кезегінде, жалпы тәртіппен күндіз қаралатын істер саны азаяды деп ойлаймын.

– Осындай шаралар қабылданып, сот жүйесі барынша жетіліп жатса да, соттан ренжіп шығатындар қатары азаймай отыр. Ұзақ жыл судьялық қызметті атқарған осы саланың білікті маманы ретінде бұған не айтасыз?

– Мұндай пікірлердің барлығы бірдей объективті деп айта алмаймын. Өйткені, әрбір сотқа келетін адамның өз шындығы бар. Сот процесінде талабы ескерілмесе, сот шешімімен келіспесе, тараптар апелляциялық, кассациялық сатыларға жүгінуі қажет. Ал, бізде қалай? Құқықтық мүмкіндіктерді іздеудің орнына, БАҚ өкілдері мен блогерлерге жүгініп, әлеуметтік желі арқылы өзіне қажет қоғамдық пікірді қалыптастырғысы келетіндер көп. Меніңше, бұл азаматтардың құқықтық санасының деңгейіне байланысты.

Сотқа адамдар белгілі бір мәселе туындаған соң келеді. Әрине, бұл ретте тараптар көбіне өзінің ішкі болжамына сүйенеді. Сондықтан, олар өз мүдделеріне қарсы шығарылған шешімді мың жерден заңды болса да мойындай алмайды. Шын мәнінде, сотта заңсыз шешім шығару фактілері өте сирек кездеседі. Мұндай әрекетке барған судьялар үшін тиісті қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан, мұндай қадамға судья қасақана бармайды. Ол да адам баласы болғандықтан, кейде қателесуі мүмкін. Ал, сол қателікті түзету үшін жоғары сатылар бар екенін ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар, кейбір сот шешімдері қанша жерде заңды болғанымен, әділдік тұрғысынан сын көтермей жатады. Бүгінде заңнамадағы осындай кереғар нормаларды жою мақсатында тиісті жұмыс жүргізілуде. Жалпы заңдарымызда әділдік пен заңдылық қағидаты толық үйлесім тапқанда ғана соттан ренжіп шығатындар қатары әлдеқалай азаяды деп ойлаймын.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан:

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ