ШІЛДЕДЕН БАСТАП ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАЛАЙ КӨБЕЙЕДІ?

9

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнеткерлердің зейнетақысы көбейеді. Өйткені, базалық зейнетақы қайтадан есептеліп, жаңаша форматпен тағайындалады. Бұл өзгеріс зейнетақы алатындарға да, болашақ зейнеткерлерге де қатысты. Зейнетақы жүйесіне қатысты өзгеріс пен көптің көкейіндегі бірқатар сауалдың жауабын «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу» орталығы ОҚО филиалы директорының орынбасары Несібелі Қаражанова Оtyrar.kz порталының тілшісі Айжан Ермекқызына берген сұхбатында айтыпты.

БАЗАЛЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ:ҚАНДАЙ ЗЕЙНЕТАҚЫ?

Әңгімесін «1 шілдеден бастап барша зейнеткерге бірдей төленіп келген базалық зейнетақы көлеміне айтулы өзгерістер енеді. Енді базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтiлiне байланысты болады» деп бастаған маман сөзінен білгеніміз: Базалық зейнетақы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылдағы Жолдауы негізінде зейнеткерлікке шыққан азаматтар мен зейнет жасына жеткен мүгедектерге тағайындалады. Бүгінгі таңда оның мөлшері – 15 274 теңге. Бұл сома зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарамастан бірыңғай төленіп келген. Алайда енді базалық зейнетақының мөлшері – ынтымақты және жинақтаушы жүйеге қатысу кезеңіне сәйкес болады. Яғни, 1998 жылға дейiн жиналған еңбек өтiлi мен 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейiн зейнетақы жүйесiне аударылған зейнетақы жарналарына негізделіп тағайындалады.
Ескерту: 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған базалық зейнетақы зейнеткердің іс-құжатында бекітілген еңбек өтіліне сәйкес қайта есептеледі.

БАЗАЛЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?

Еңбек өтілі 10 жыл және одан кем болса, оларға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ы тағайындалады. Еңбек өтілі 10 жылдан асатын-дарға әр жыл үшін 2 пайыз үстеме қосылады. Егер еңбек өтілі 20 жыл болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызы, ал еңбек өтілі 35 жыл болса, базалық зейнетақы 100 пайыз көлемінде болады.
«Мәселен, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін – 15 жыл, содан кейін – 16 жыл жұмыс істесе, базалық зейнетақы тағайындау үшін жалпы – 31 жылдық еңбек өтілі қабылданады. Бұл жағдайда (31 жыл) 10 жылы үшін зейнеткер кепілдендірілген 54 пайызға ие болады. Қалған 21 жылы үшін оған 2 пайыздан – 42 пайыз қосылады. Осылайша, 31 жылдық еңбек өтілі бар зейнеткер 54-ке 42-ні қосқанда, ең төменгі көрсеткіштің 96 пайызын (шамамен 27 153 теңге) алады. 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі еңбек өтілі жинақтаушы қорына аударылған зейнетақы жарналарының 10%-ның түсуіне қарай есептеледі», – деп түсіндірді Несібелі Қаражанова.
Ескерту: Биылғы жылы елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі – 28 284 теңге.
Айта кетейік, есептеудің жаңа әдісі бойынша жеңілдік шартпен зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлер, яғни 5 және одан да көп баласы бар аналар, Семей полигоны аймағында 1949-1963 жылдар аралығында кемінде 5 жыл тұрған азаматтарға базалық зейнетақы 63 жасқа толғанда ғана тағайындалады.
Ескерту: Базалық зейнетақыны қайта есептеу кезінде басынан ешқандай құжаттар қабылданбайды. Барлық мәлімет базада толық сақталған. «Зейнетақым дұрыс есептелмеді» деп оны қайтадан есептетуге болмайды. Бұл өзгертілмейді.

ҚҰЖАТТАР ТІЗІМІ

Жоғарыдағы ескерту 1 шілдеден кейін зейнетке шығатындарға қатысты емес. Ертеңгі күні зейнетақыдан қағылғыңыз келмесе, әзірден бастап құжаттарыңызды құнттаңыз.
Бұл үшін:
1. 1998 жылға дейінгі жинаған еңбек өтілін растайтын еңбек кітапшасы;
2. Жинақтаушы зейнетақы қорына 1998 жылдан кейін үздіксіз аударылған зейнетақы салымдарының үзінділері қажет.
Зейнетақыны тағайындау үшін:
1. Жеке бас куәлігі;
2. Мекенжай анықтамасы;
3. Банктегі есепшот нөмірі;
4. Жұмыс орнынан табысты растайтын анықтама;
5.Әскери билет;
6. Балалардың туу туралы куәлігі;
7. Неке қию туралы анықтама;
8. Жалпы орта білім туралы аттестат;
9. Диплом сұрайды.

БАЛА КҮТІМІ ЕҢБЕК ӨТІЛІНЕ ЖАТА МА?

Бұл сауал да көпті жиі мазалайды. Несібелі Қаражанованың айтуынша, бала туып, үйде отырған келіншектерге уайымдауға негіз жоқ. Себебі, бала тууға және оның күтіміне байланысты заңды түрде жұмыстан шыққан азаматшалар мен декрет демалысында отырған әйелдердің 3 жылы еңбек өтіліне жатады. Егер әйел бала күтіміне байланысты 12 жылға дейін заңды түрде еңбек қатынасында болмаса, барлық баласының арасы – 3 жастан аспаған жағдайда осы аралық оның еңбек өтіліне есептеледі.
«Мәселен, бала күтімі үшін алынған еңбек өтілі 01.01.98 жылға дейін 7 жыл болса және әйелдің 10.05.1999 және 14.10.2001 жылы туған балалары болған жағдайда осы жылдар бала күтімі үшін 12 жылдан аспайтын еңбек өтілі болып есептеледі. Ал 1998 жылға дейін туған балалар үшін 7 жыл еңбек өтілі болып есептелінеді. Бұл декрет демалысындағылар үшін мүлдем басқа. Жұмыс істеп декрет демалысына шыққан әйелдерге бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты зейнетақы жарнасы аударылады. Жалпы міндетті жарнаның бір бөлігін мемлекеттік сақтандыру қоры аударса, қалғаны республикалық бюджеттен субсидияланады. Яғни, әйел бала күтімімен декрет демалысында отырған жылдары (3 жылдан аспауы керек) еңбек өтіліне саналады», – дейді маман.

БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛҒАНДАР ШЕ?

Ел арасында «бас бостандығынан айырылған азаматтардың түзету мекемесінде өткізген жылдары еңбек өтіліне есептеледі» деген түсінік бар. Несібелі Қаражанованың сөзінше, бас бостандығынан айырылған уақытты еңбек өтіліне есептеу «ҚР Зейнетақымен қамсыздандыру» туралы Заңында қарастырылмаған. Сондықтан да, түзету мекемесінде өткізген жылдар еңбек өтіліне жатпайды. Ал әскерде болған кезі міндетті түрде еңбек өтілі ретінде саналады.

АНЫҚТАМА-ЕСЕПТІ ҚАЙДАН АЛАДЫ?

Қазақстанда базалық зейнетақыны тағайындау тәртібін өзгерту және автоматты түрде қайта есептеу бойынша жұмыс аяқталғанын хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.
«2018 жылдың 15 маусымынан бастап базалық зейнетақы алатындар электронды үкімет сервисі арқылы анықтама-есеппен таныса алады. Яғни, олар 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны қандай көлемде алатынын білуге мүмкіндіктері бар», – деді вице-министр.

АЙТПАҚШЫ…

Алдағы 1 шілдеден бастап мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасына қатысты да өзгеріс енеді. Кәмелет жасына толған, І топтағы мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына не қамқоршыларына мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі төленеді. Мөлшері – (шамамен) 30 мың теңгені құрайды.
Айта кетейік, бұған дейін қаржылай қолдау – 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасына не қамқоршысына ғана беріліп келген еді. Оның мөлшері – 29 мың теңге болатын.