ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ТӨРТ ӘЙЕЛІ НЕМЕСЕ РАИСА МҰХАМЕДИЯРОВАҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ

103

Ізінен аңыз ерген қазақтың классик жазушысы, драматург, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ғабит Мүсіреповтің төрт әйелі болған екен.

Алғашқы әйелінің аты – Қаншайым. Ауылда әскери қызметте жүрген Ғабең Қаншайымды алып қашып, үйіне әкеліп түсірген екен. Кейін Ғабит рабфакқа оқуға кетеді де, қыз әке-шешесінде қалады.

Екінші әйелі – Құсни Яғфарова деген татар қызы. Жазушы Құсниға Орынборда жүрген кезінде ғашық болады. Кейін екеуі 40 жыл бірге тұрған. Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апай оны: «Ғабит не айтса да – заң, түн келе ме, күн келе ме, бір ауыз сөз айтпайтын. Бар дәмдісін аузына тосып, үсті-басын мұнтаздай ғып күтті. Шалбарды үтіктеген кезде су емес, хош иісті әтір құйып үтіктегенді сол Құснидан көрдім», – деп суреттейді.

Ал, үшінші әйелі жас актриса – Раиса Мұхамедиярова. Алпысты алқымдаған Ғабең жас, сымбатты аруға ғашық боп қалып, өзінен 37 жас кіші Раисаға үйленеді. Раиса – барша қазақ сүйіп көретін «Менің атым Қожа» фильмінде Хадиша Майқанованың рөлінде ойнаған.

Жазушының төртінші һәм соңғы әйелі – Ғазиза Бисенова. Оның  мамандығы – машинистка. Ол әйгілі Мұхтар Әуезовтің шығармаларын басып жүрген. Ғабитпен сөйтіп жүріп танысқан деседі.

Әңгімемізді осы жерден үзіп, біз жазушының үшінші әйелі, жас актриса Раиса Мұхамедияроваға жазған хатын оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық. Ғабит Мүсіреповтың хатынан жары Раисаға деген сыршыл сезімі мен сағынышын байқауға болады.

«Махаббат жоқ жерде – қуаныш та жоқ» деген.

Аман­сың ба, менің ең қымбаттым, аяулым, жалғызым, Раечка! Менің осы хатым Жаңа жыл қарсаңында сенің қолыңа тисе деп едім. Өйткені, сенің бар ойың, көңілің, бүкіл назарың менде болсын деген ой. Сенің хатыңды алып, мазасызданып отырмын. Сөздерің қандай ақылды. Сен күн сайын есейіп, ақылың толысып келесің. Саған жедел­хат жіберіп, екеуміз Жаңа жылды Мәскеуде қарсы алсақ деп едім, бірақ, сені жұмыстан босатпас деп ойладым. Дәл осы минутта сені құшақтап, аймалағым келіп кетті.

Бізді Африкаға жіберуге дайындап, дәрігерлер тексеріп жатыр. Безгек, сүзек, тырысқақ ауруларына қарсы екпе жасады. Басымыздан башпайымызға дейін тексеруде. Дәрігерлердің айтуы бойынша, әзірге жүрек те, іш-құрылыс та жақсы.

Мұнда жұмыс көп, ыстық жерге баратын болғандықтан, соған өзімізді әзірлеп, әрі кітапханаға барып сол елдің мәдениетімен, әдебиетімен кеңірек танысып жүрмін. Осы хатты бүгінгі самолетке үлгерейін деп мәжі­ліс­тің арасындағы үзілісте жаздым. Сау-сәлемет бол, көріскенше, өз Ғабитің».