ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

17

НӘРЛІ СУ

«…Мал жаяр өрістерінде малшылар қазып, керегінде пайдаланып, артынан тастап кеткен құдықтар болатын. Сайын даладағы мұндай құдықтар небір аптап ыстықтарда кездейсоқ адамдардың шөлден жанын аман алып қалатын еді. Жаңағы құдықтың бір қабырғасын керітіп жасаған баспалдақтары сау екен, құламапты. Сол баспалдақтың ең соңғысын басып, еңкейсем, құдықтың түбіндегі суға аузым жетейін деп тұр. Байқасам қаптаған үлкенді-кішілі көлбақалар құдық түбіндегі суда ойран салып жүр. Шөл қысып бара жатыр. Құдық түбінде мөлдіреп жатқан суды көріп, қарап тұруға мұрша жоқ, көлбақаларды қолыммен ысырып тастап, аузымды суға тықтым да, іштім-ай келіп… Көп іштім…» Алты жасар баланың құлан дүзде үш күн бойы адасып, ас-сусыз, ат-көліксіз жападан жалғыз жүріп, ақыл-есін сақтап, аман-есен қалуына себеп оның сұңғыла ақылы ма, Алланың қамқорлығы ма, әлде көз жасын көл қылып іздеген ата-анасының тілегі ме – әрине, тап басып бір пікір айту қиын. Бірақ, иен даладағы құдықтан су ішіп жан сақтауға болатынын, құдыққа түспек бар да одан шықпақ барын санасымен түйсініп тұрған баланың бойындағы қасиеттің озығы не – туа бітті көрегендігі ме, не болмаса әкесімен бірге жүргенде көрген дүниелерін ұғынғыш алғырлығы ма – әйтеуір оны өз бойындағы бір асыл қасиеттің алып жүргені мәлім.
Сол құдықтан қанып ішкен суы кейінгі өміріне таусылмастай нәр бергендей. Адам өмірінің сеңгір белесіне шықса да, өзіне тән сырбаздығын айшықтай түсетін сымбатты тұлғасын тіп-тік ұстап маңғаздана жүретін, көзі отты, қимылы ширақ осы ағамыздың айрықша ғұмыр-болмысы туралы бірер сөз айтуды жөн санадым.

БІЛІМГЕ БОЛАДЫ ЕКЕН АҚЫЛ СЕРІК

Ақан серінің «Адамның біліміне ақыл серік, Ақыл – кен таусылмайтын жанға көрік.Мидан шыққан сөзіңе тіл себепкер,Қалай айтып сөйлесең өзіңде ерік» деген жолдары жұмбағы мол адам дүниесінің қыр-сырының басшысы ретінде ақылды алға тартады. Аллаға шүкір, халқымыз ақылы мен білімі келіскен азаматтардан кенде емес. Алайда олардың ішінде де ерекшеленіп тұратын тұлғалар болады. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор, академик Кенжеғали Сағадиев.
Мен Кенжекеңмен кемел шағында таныстым. Әрбір сөзін нықтап, ойланып айтатын,көргені мен түйгені мол, білімді, парасатты азаматтың қай кезде де сыйластықтың, құрметтің биік тұғырынан көрінуі сүйіндіріп келеді. Құрмет, әсіресе халықтың құрметі оңайлықпен беріле салатын арзан дүние емес, ол – тынымсыз күндер мен ұйқысыз түндерді бастан кешіріп қол жеткізген терең білімнің нәтижесінде келетін жоғарғы кәсібилік пен адал еңбектің арқасында азаматқа берілетін халықтың өзіндік бағасы. Бұған академик Манаш Қозыбаевтың сөзін халық бағасының көрсеткіші ретінде келтіруге болады: «…Кенжекең – сегіз қырлы, бір сырлы азамат, халық мақтанышы. Ол елге көптеген қадір-қасиеттерімен қымбат».
Кенжекеңнің білімі туралы сөз болғанда, саясаткер Қуаныш Сұлтанов айтпақшы, «…Ахмет Байтұрсынұлынан кейін ғылым айдынына кеме салған…», ол кемесінің Нұх пайғамбардың кемесіндей экономика және қоғам салаларының барлық асыл ілімдерін жинаған қасиетін қазақ ғылымындағы заңғар тұлғасымен сипаттай айтамыз.Тарихымыздағы алып тұлғалар Бәйкен Әшімов пен Салық Зимановтың баталарын алып, олардың сара жолына түскен Кенжекеңдей азаматтың еңбегі еліміздің тәуелсіздігінің іргесін бекіту жолында да нақты ауқымды ғылыми зерттеулерімен, ашық пікірлерімен елдің көңілінен шықты. Әрбір түбегейлі ойының төрінде елдің қамы, халықтың ахуалы орын алып келеді. Қатарластары мен замандастарына бірдей үлгі-өнеге болып келе жатқан Кенжекең әлемдік ғылыми ортада да үлкен беделге ие.
Заман ауысты, қоғам өзгерді.Бұрын кеңестік билік жүйесінде сен қаншама талантты жазушы, ақын, ғалым болып тұрсаң да, сенің екінші мамандығың «коммунизм құрылысшысы» екендігін ұмытпай, оған әрбір көрнекті шығармаларыңда, зерттеулеріңде ерекше мән беріп, тек «социализм мен коммунизмнің» даңғыл жолымен ғана өнер-білімнің асуларын бағындыру мүмкін екенін еске сала отырып және оған сенімді дәлелдер мен дәйектер айта отыру керек болатын. Осылайша өнер біткенді саясатқа таңып қойған заман қазақтың небір сүлейлерін тұсаулап ұстаған еді. Бірақ бұндай тосқауылдарға қарамастан терең білімпаздығымен қоса еліне деген азаматтық биіктік керектігін білген дарабоз тарландарымыз да болды. Солардың бірі – академик Кенжеғали Сағадиев. Ол кісінің екі заманның ағымында еркін жүзе білгені туралы Шыңғыс Айтматов жақсы айтып кетіпті: «Кенжегали Сагадиев – один из блестящих представителей уникального в истории поколения современных шестидесятников, прошедших сложнейшую школу диалектики и противоречий ХХ века, утопий и антиутопий, социализма и антисоциализма, поколения, сумевшего совместить в своем духовном менталитете борение и взаимодействие противоречивых контрэпох, пережитых и переживаемых нами на путях демократии и национальных чаяний».

БАРДЫҚ БІЗ ЕЛ ЖАҚТЫ БЕТКЕ АЛЫП

Ғылым мен білімнің жолында үлкен жетістіктерге жеткен ғұламаларымыз ешқашан түп тамырынан ажыраған емес, керісінше халықпен арадағы қарым-қатынасты нығайта түсу жағын нықтап отырады. Осыдан бірнеше жылдар бұрын Кенжекең жақсы бір оймен: «Әбдісағит, қазір елде түрлі шаруалар болып жатыр. Халқымыздың еңсесін көтеріп кете алмай жатқан жағдайлары бар екенін өзің де білесің. Азаматтарды жинап, ел жаққа бет алып, барып қайтайық, халықты тыңдайық, ойларымызбен бөлісейік» деді. Ағаның айтқаны – ініге заң. Жолға дайындалдық.
Сонымен академик Кенжеғали Сағадиев, Әбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов, Жабал Ерғалиев сияқты елімізге белгілі азаматтар, парламент мүшелерімен бірге Торғай жерін, алаш алыптары Ахаң мен Жахаңның табаны тиіп, өсіп-өнген өлкесіне сапар шектік. Бұл өлке – ұлы ағаларымыздың осы уақыттағы жалғасы, Қазақстан ғылымының аса дарынды өкілдері Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, Кенжеғали Сағадиев сынды саңлақтардың, ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаев іргетасын қалап, шаңырағын көтеріп, босағасын бекітіп кеткен Қазақ ұлттық академиясының екі бірдей президентін сыйлаған ел екенін бүгінгі замандағы өскелең халқымыз біледі.
Торғай менің ата-бабамның қоныстанған мекені болса да, ол өлкенің біраз жерін біле тұрсам да, Тұранның бір бөлшегі Торғай даласының (қақпасының) аты аңызға айналған, атам заманнан келе жатқан басты мекені (қаласы) Ғафу (Қайырбеков) сөзімен айтқанда, «ішіне оқиғаны тиеп-сықап, тарихтың қойып кеткен арбасындай» Торғайды мен Кенжекеңнің арқасында осы соңғы жылдарда ғана жете танысып, көңілім жайланды.
Иә, бұл елді-мекен – өткен ғасырдың аумалы-төкпелі заманында ел бірлігінің туын бірге ұстауға сонау Ұлытаудан бастау алатын Сарыторғай өзенінің бойын кеңінен жайлаған елдің сыйлысы, бетке ұстар үлкені менің атам Тәтіғұл қажының атбасын тіреген жері, әкем – бала сарбаз Шаймұханбеттің 16-жылдың дүмпуіне қатысып, талай-талай уақиғалар ортасында бастан кешірген істерінің тарихи куәсі болған жер.
Кешікпей кәмпеске, содан кейін жер аудару, қудалау күшейген кезде атажұрттан алысқа кетуге мәжбүр болған уақыт болды. Бұл тақырыпты қысқартыңқырап айтсақ, 20-жылдардың аумалы-төкпелі заманында түрмені де, тәркілеуді де бастан кешірген әкем мен оның ағасы отбастарын алып, Ресей жеріне маңайлас қалың орыс жайлаған елді-мекенге қоныс аударған екен. Әкеміз соғысқа қатысқаннан кейін барып елге келген еді. Мен ол кезде жеті жаста едім. Аманкелді ауданында мектеп бітіріп, сол жерден жоғарғы оқуға кеттім. Сосын қызмет, аспирантура, тағысын тағылар өмірдің ағымымен жалғаса берді. Емін-еркін ел аралауға уақыт болмады. Сондықтан Торғай тарихын ғылыми еңбектер мен зерттеулерден көбірек білемін. Енді сол нағыз тарихымыздың негізі Торғай топырағына Кенжекеңнің арқасында осы ғасырда бірінші рет табан тигіздім.
Қазақтың Әбіші бастаған ел зиялылары Ақкөл мен Әулиекөлге дейін көсіліп жатқан Торғай даласының 4-5 ауданындағы көптеген елді-мекендерде болып, емін-еркін аралап, халықтың жағдайымен танысып, пікір алысты. Сол кездесулер кезінде елде болып жатқан біраз әсерлі де маңызды жаңалықтар мен өзгерістердің куәсі болдық. Әсіресе, Торғайдың өзінде болған кездесулер өте әсерлі өтті. Өткенді көзімен көріп, құлағымен естіген кешегі тарихтың көзі тірі куәгерлерінің қатары, қазақшалап айтсақ, бір табаққа жетер-жетпестей боп селдіреп қалыпты.
Елдің тіршілігі әртүрлі. Арагідік беймаза уақыттар да болып тұрады. Сондайда Доспамбет жырау айтпақшы, «Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?!» деп, халықтың жақсы хабарға, жөн сөзге шөліркеп тұрған шағында келдік. Кенжекең бастаған ел ағалары халықпен пікірлесе отырып, кешегі және бүгінгі өмір кезеңдерін салыстыра келе, болып жатқан өзгерістердің (реформалардың) қиындықтарымен қоса келешегі болатын жетістіктері мен жеңістері туралы ой-болжамдарымен бөлісті.
Қай жерде болмасын өзінің шығармаларымен де, жүріс-тұрысымен де өнеге болып жүретін теңіздей терең халқымыздың Әбішінің ел азаматтарымен жүздесуі бүкіл Торғай даласын жылуға бөлей кетті.
Елімізге әйгілі, өзіне жүктелген істерді атқаруда әрдайым бәйгелі болып жүрген Парламент мүшелері Қуаныш Сұлтанов пен Жабал Ерғалиевтің саясатымыздың бүгінгі бағыты мен парламенттің игі шешімдері жөнінде айтылған тұшымды пікірлерін ел ризашылықпен қабылдады. Қиындық бөліссе ғана жеңілдейді. Қазақтың «Көппен бірге ұлы той» дегені осындайда айтылған. Бұл кездесу ел азаматтарының көппен бірге өткізген келешекке деген сенімді арттырған оқиға болды.

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Кенжекеңнің үйіндегі Нағытай жеңгеміздің берекелі қолы Торғай сапарының мәнін әсерлендіріп жіберді. Әрбір барған жерінде топ-тобымен үлкен-кішіге сый тартып, ел ағасы жасындағыларға арнаулы шапандар жауып, көпшілікті риза қылды. Үлкендер жағы батасын беріп, кішілер мәре-сәре болып, басқосуымыздың кештері қызықты думанмен жалғасып жатты. «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» деген халқымыздың даналығы бар. Халықтың ағалары болып, айтқанда ауыз толатын, қарағанда көз тоятын, естігенде құлақ құрышыңды қандыратын небір шешен, көсем ер-азаматтар жиналғанда, бәрінің берекесін кіргізіп, сән-салтанатын арттырған осы жеңгеміз Нағытай болды.
Негізінде болашағын болжай білетін ер-азаматтың алдында екі үлкен арман болады: бірі өзінің келешегіне нәсіп болатын кәсіп таңдау болса, енді бірі – өзіне лайық жар таңдау. Осы екеуін жазбай таңдай білген азамат озады. Нағытай жеңгеміз – бір отбасының ырысын бүкіл елдің құтына айналдыра білген дана аналарымыздың асыл қасиетін сақтап қалған берекелі жан. Ерінің азаматтық болмысын, халық ұлы болып жөн айтар, топ басқара білер қасиетін тап басып көре білген жеңгеміз жас отбасын құрғаннан-ақ азаматының абыройын асқақтатып, беделін биіктете білді. Нағытай Әбітайқызының «Жер бетінде қалған із» деген естелігінде мынадай жолдар бар: «…Біз есек арбамен жаңа пәтерімізге көшіп бара жатырмыз. Әне, Кенжекең көшенің арғы бетінде бойын тік ұстап, қаздаңдап кетіп барады. Тіпті, бізге қарайтын түрі де жоқ. Тұла бойы көк тірегендей Кенжекеңнің мына мыйтың жүрісті есек арбаның соңынан ілесіп, еріп келе жатқандығын елестетудің өзі мүмкін емес. Бұл мыйтың жүріс, бұл күйбең тіршілік сол кездің өзінде-ақ Кенжекеңнің тұла бойына жараспайтындығын аңғарған едім». Қанша өткір болса да қылышты тасқа салсаң, жүзі қайтады. Адамды да күйбең тірлік мұқалтып жібереді. Осыны түсінген дана жеңгеміз ағамызды жауыр дүниенің салмағынан алшақта ұстап, оның еңсесінің түспеуін қадағалап келеді. Әкенің абыройы – балаға үлгі. Жеңгеміз – өмірлік жұбайының отбасындағы абыройын Отанымыздағы абыройына ұластыра білген аса көреген, ақылды жан.
Бұл кісінің өмірде көрген қиыншылықтары да бір басына жетерлік. Алайда өмір оны жасытпаған, қайта әрбір реніш, әрбір таршылық оны алға қарай итермелей түскен сияқты. Жоғарыда аталған кітабын оқып отырғанда, ондағы бір эпизод мені әлі күнге дейін толғандырады. «…Мектептегі сабағыма жинала бастасам болды, нағашы атам үйдің алдынан бастап, мектептің босағасына дейін шөп шашып, жол жасайтын. Атам шөп төсеп, жол салғанын есіктен сығалап қарап тұрамын да, үйден жалаң аяқ жүгіре шығып, мектепке келетінмін».Бір күн емес, екі күн емес қыс бойы мектепке құстай ұшырып жалаң аяқ апарған білімге деген, келешекке деген қандай сенімді құштарлық?!
Соғыстан кейін оқуға барған біздер қыста бір отбасындағы оқушы балалардың бір аяқ киімді кезектесіп киетінін, болмаса екі аяғына түрі де, түсі де, өлшемдері де екі түрлі аяқ киім киіп келетінін көрдік, тіпті болмаса қыста мектепке бармайтын. Ал тал шыбықтай бұралған қыз баланың қыстың көзі қырауда күнде-күнде жалаң аяқ мектепке баруы деген қиялда ғана болатын жағдай, уникум, менің біраз замандастарым көрмек түгілі естімеген, түсіңе де кірмейтін оқиға.
Алғаш оқығанда-ақ, апырмай, мына оқиға (сюжет) бір талантты композитордың көзіне түспей жүр-ау, болмаса мына бір керемет либретто жазылып, оның Вагнері, Чайковскийі табылса, Сарыарқаның сары аязында балапан аққудың жапан даладағы әппақ ақ қардың үстіне төсеген жап-жасыл реңін жоғалтпаған шөптің үстінен аяғының ұшымен ұмтыла ұшып, мектебіне, арманды келешегіне деген қанат жайған өмір симфониясын байқаған болар еді. Д.Д. Шостаковичтің №7 Ленинград симфониясындағы қиындықтың түбіндегі қуанышты жеңісіне жеткен әсерлі, қарқынды әуеніне ұқсас керемет шығарма болар еді.
Сондай қиындықты басынан кешіріп, білім алған Нағытай жеңгеміз де өз саласында білікті маман болды. Ғылым кандидаты дәрежесін абыроймен қорғап, доцент, профессор атақтарына да лайықталды. Бірақ отбасының мақсатын бірінші орынға қойып, Кенжекеңдей азаматтың түтінін түзу шығаруды өмірлік міндеті деп санады. Қазіргі уақытта балалары мен ағайындарының басын біріктіретін дана отанасы ретінде бүкіл әулеттің ұйтқысы болып отыр.
Ердің азаматтық келбетін қалыптастыратын осындай екі көрсеткіш – кәсібі мен отбасы Кенжекеңнің өміріндегі ең сәтті, ең табысты таңдалған асыл дүниесі деп білемін. Отбасы кикілжіңінен ада жан ғана сырттағы ісін жақсы атқарып, халық, ел алдындағы міндеттерін орындай алады. Оның үстіне Жаратушының берген табиғаты, болмысы осы екі көрсеткіштің арасын үйлестіріп, адамның ортасымен жарасымын арттыра түсері айғақ. Сол себепті сондай абыройға ие болған адамдардың келбеті басқалардан ерекшеленіп тұрады. Дәуірі бір, заманы мен ортасы ортақ адамдарды осындай табиғи мінезі, дарыны мен қасиеттері бір-бірінен айрықшалап тұрады.

ЕРДЕН ЕРДІҢ НЕСІ АРТЫҚ?!

Мұқағалидың Қасым туралы айтқан мынадай жолдары бар:
Дейсіңдер-ау Қасымның несі басым?!
Қасым солай болмаса, несі Қасым?!
«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің
Әммесінен Қасымның десі басым.
Иә, «Ерден ердің несі артық, Ептестірген сөзі артық» деп Қазыбек биіміз айтып кеткен бұл бұлжымас қағиданы біздің шоқтығы биік бір шоқ азаматтарымыз туралы да айта аламыз. Қазақта алтын құрсақты аналар туған алыптар көп, олардың әрқайсысының өз биігі бар: шындықтың шырақшысы атанған Шер-ағаң (Шерхан Мұртаза) өзінің қаламгерлік жолында бір төбе, бүгінде халқымыздың өнер саласындағы дара дарыны Асекеңнің (Асанәлі Әшімов) алған биігі, қазіргі медицина ғылымы мен ісінің көрнекті кемеңгерлері Төрегелді Шарманов пен Камал Ормантаевтың да алып отырған асқаралы биіктері – жеке-жеке бір төбе. Кешегі өткен Әбіштің биігі қандай еді?! Кенжекең өзінің кітабында ол кісіні Торғай халқының туған баласындай көретінін айтқан екен. Әбіш – бір Торғайдың емес, қазақтың көсіліп жатқан дархан даласының ұлы еді ғой! «Бүгін Әбіш ортамызда жоқ. Өмірдің қайтып келмес желкеніне мініп кетті…» деп Кенжекең тебірене жазыпты. Әбіш кетті, оның биігі қалды артында…
Ал Кенжекеңнің асқар тауы, биігі өз алдына бір бөлек. Оның адамгершілігі, парасаты өнегелі: үлкенге де, кішіге де ізетті, досқа адал. «Достың да досы болады» дейді Кенжекең «Менің Балтабайым» деген эссе-естелігінде. Бірі еліміздің солтүстік қиырының, екіншісі оңтүстіктің тумасы. Жұлдызды жастықтағы таныстықтарының айнымас достыққа айналуының өзі бір дастанға сюжет болатындай. Балтекеңнің о дүниелік болғанына да әжептәуір уақыт өтсе де, осы екі отбасында орнаған бұлжымас тәртіп – барлық қуаныштарда бірге болу. Балалардың үйлену тойлары, немерелер мен шөберелердің шілдеханасынан бастап басқа да қуаныштары бір-бірінсіз өтпейді. Екі үйдің бәйбішелері Нағытай жеңгей мен Сәуле жеңгей де қазақ жерінің екі өңірінен (Жезқазған және Атырау) болса да, апалы-сіңлідей жұптарын жазбай, жұмсақ әзіл, жайдары көңілмен сыйласып отырғандарын көрудің өзі қандай ғанибет, қандай үлгі?!
Адамдық қасиеттерімен қатар, Кенжекеңнің іскерлік, зерттеушілік қабілеттері де көпке өнеге. Оның кең тынысты зерттеуші ғалым екендігі, оның том-томдық шығармалары, еңбектері отандық және шетелдік ғалымдар, әріптестері тарапынан жоғары баға алып келеді. Бұндай азаматтарды неге бұлай, неге ол биік, несімен басым деген сұрақтардың шеңберіне сыйғызу мүмкін емес. Бұл азаматтар уақытында қиындықтарды да көрді, биліктің биігінде де болды, бірақ азаматтықтарын жоймаған, сондықтан бұл ағалардың жеке-жеке есімдері биік тұрады. Кенжекең туа біткен ақылымен, білімімен, тазалығымен басым. Ол Кенжеғали Сағадиев деген нар тұлғасымен, ғибратты істерімен басым. Бала кезінде шөлін қандырған нәрлі суы/өмір бұлағы кейінгі азаматтық келбетін қалыптастырған мағыналы өміріне қуат сыйлап, Кенжекең бүгінде біліміне ақылын серік етіп, өзінің бар күш-қуатын арнаған көпшілік жұртымен бірге ер мойнындағы міндеттерін өз заманына лайықты атқарып келеді. Лайым, күш-жігері сарқылмасын!

Әбдісағит Тәтіғұлов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Сәулетшілер одағының мүшесі