ҚАДЫРОВ ҚАЛАЙ ҚАДІРЛІ БОЛДЫ?

4

Ресей Федерациясының құрамындағы Шешенстан Республикасы 1996-1999 жылдары тәуелсіз мемлекет болды. Халқы 1 миллион адамнан асатын шағын елдің алып империя қабырғасында тұрып қалай тәуелсіз ел болғандығы таңқалдырады. Бұл, әрине, шешен ұлтының ержүректігі мен батылдығының арқасы болса керек. Өйткені, шешен халқында «Шешендер болған, шешендер болады және шешендер бар» деген нақыл бар. 1991 жылғы тамыз оқиғасынан кейін посткеңестік бірқатар елдер тәуелсіздік алды. Осы кезден бастап шешендер де өздерін жеке ел ретінде көргісі келетіндігін ашық айта бастады. Олай деуге негіз де жоқ емес еді. Өйткені, Грозный маңы бұрыннан мұнайға бай болатын. Сонау соғыс кезінің өзінде Грозный мұнайымен танкілердің жүргеніне тарих куә. Сонымен, тәуелсіздік сұраған шешендерді орыстар үнемі басып-жаныштап отырды. Тіпті, 10 жыл ішінде Ресей мен Шешенстан екі рет соғысты. Ресей-Шешен соғысы екі кезеңге бөлініп, ол азаматтық соғыс деңгейіне дейін ұласа жаздады. Шешен халқы талай батырларынан айырылды. Орыстар да шығынсыз емес-тін. Осы тұста Ресейде билік ауысып, Шешенстан мәселесіне түпкілікті нүкте қойылды. Ол билікке Қадыровтар әулетінің келуімен тікелей байланысты еді. Ендеше, ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Ресей Федерациясына тәуелді Шешенстан Республикасына тоқталады.

АХМАТ ҚАДЫРОВТЫҢ ТҮБІНЕ ЖЕТКЕН КІМ?

Екі мыңыншы жылдардың басында Шешенстандағы соғыс тоқтағанымен, елдің ішіндегі ахуал әлі де тұрақсыз еді. Әр жерлерде болып жатқан террористік актілер, қылмыстық топтардың құйтырқы әрекеттері ел ішінде көрініс тауып тұрды. Осындай қиын сәттерде билік басына біздің Қарағандының тумасы Ахмат Қадыров (1951-2004) келді. Осылайша, 2003 жылы өткен сайлау нәтижесінде Шешенстанның жаңа президенті болып сайланған Ахмат Қадыровтың елдің қалыптасу тарихындағы рөлі зор болды.
Ахмат Абдулхамидович 1995 жылдан 2000 жылға дейін Шешенстан ішінен құрылған Ичкерия Республикасын басқарып, өзінің әріптестері Зелимхан Яндарбиев пен Аслан Масхадов сынды дала командирлері арқылы Ельцин билігіне бағынбай қойғандығын айта кетуіміз керек. Алайда, Шешенстан ішіндегі ахуал 2000 жылы Ресей президенті болып Владимир Путиннің сайлануымен түпкілікті өзгерді.
2003 жылдың 9 мамырында Грозныйдың «Динамо» стадионында Ахмат Қадыровқа қастандық жасалып, соның салдарынан 53 жастағы елдің тұңғыш президенті мерт болды. Бұл террористік әрекетті әр топ мойнына алғанымен, 2006 жылы оған қатысты сотқа түпкілікті нүкте қойылды. Сот үкімі бойынша Қадыровтың ұзақ жылдар бойы тақ әрі бақ таласы болған Шәміл Басаев (1965-2006) кінәлі деп танылып, оның Қадыровты өлтірген адамға 50 мың АҚШ долларын төлегені де белгілі болды.
Сол қайғылы күні Қадыровтың тасқамал күзетшілері де қорған бола алмады. Үлкен Қадыров тірі күнінде Путиннің өзі ұсынған Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) күзетінен бас тартып, өз күзетшілеріне сенім артқандығы белгілі. Осылай, Ахмат Қадыров өмірден өткеннен кейін арадағы өтпелі кезеңде Шешенстанды Мәс-кеуден жіберілген бірқатар азаматтар уақытша басқарды. Дегенмен, олардың атына түрлі ескертулер мен қорқытулар, басқа да жағдайлар түсіп тұрды. Кезінде Ахмат Қадыровты өлтірудің өзі оның Мәскеуге қатты жақындап кеткенінен болғанын ешкім жоққа шығармайды.

ОТЫЗ ЖАСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ БОЛДЫ

Ахмат Қадыров Шешенстанның тәуелсіздік жолында тер төгіп, елі үшін жанын пида етсе, оның баласы Рамзан Қадыров Шешенстан жерінде бейбіт өмір орнатып, халықтың әл-ауқатын көтерген саяси тұлға ретінде үлкен қошеметке ие болды. Оның 2004 жылы Ресей батыры, ал 2009 жылы генерал атануы сондықтан болса керек.
Рас, Шешенстандағы жағдай қазір тұрақталды. Ел жақсы қарқынмен дамып келеді. Алайда, оның барлығы Ресей үкіметі тарапынан жыл сайын Шешен еліне бөлінетін 50 млрд рубльден көп ақшаның арқасы екенін айтады сарапшылар. 1,4 млн халқы бар Шешенстан үшін орталықтан бөлінген ауқымды қаражат үлкен қолдау екендігі даусыз.
Рамзан Қадыров елде тыныштық орнатқанымен, оның басқаруындағы бүгінгі Шешенстан нағыз диктаторлық және жемқорлыққа белшесінен батқан ел екендігі талай мәрте айтылды, айтылып та келеді.
Рамзан Ахматович 1976 жылы 5 қазанда өмірге келген. Ол Ахмат Қадыровтың кенже ұлы. Рамзан бірінші Ресей-Шешен соғысында (1994-1995) Ресей әскеріне қарсы соғысса, екінші Ресей-Шешен соғысында (1999-2000) Ресей әскерінің құрамына кірді. Ол 2007 жылы 30 жасында Шешенстанның президенті болып сайланды. Алайда, Рамзан Қадыров бұрын үлкен саяси қызметтер атқармаса да, әкесінің қарамағында болып, оның күзет қызметін де басқарған кездері ел есінде. Жас саясаткер билікке келе салып елде тыныштық орнатты. Террорлық әрекеттер бірнеше пайызға қысқарды. Елдің инфрақұрылымы біртіндеп жақсара бастады. Елді мекендер жөнделіп, астана қайта қалпына келтірілді. Грозныйда жаңа ғимараттар салынды. Үлкен мешіттер де бой көтерді. Дегенмен, жыл сайынғы миллиардтаған қаржыны Шешенстан өзі тауып отырған жоқ. Бұл Мәскеуден бөлінген қомақты дотацияның арқасы. Мәселен, шетелдік басылымдар Шешенстан экономикасының 90 пайызы орталықтан бөлінген ақшаға тәуелді екенін жазады. Елде тұрақтылық орнағанымен, адам ұрлау, қылмыс жасау секілді жағдайлар басылған жоқ. Тіпті, Шешенстанда Рамзан Қадыровтың бастамасымен құпия түрмелердің де салынғандығы туралы айтылады. «Бұл елдегі адам құқықтарының өрескел бұзылуы» дейді саяси белсенділер. Әрине, Қадыров туралы түрлі алып-қашпа әңгіме болғанымен, ол жаңа дәуірде Шешенстанды гүлдендірген басшының бірі болып қала беретіндігі сөзсіз.

ТУЫСҚАНДАРЫН БИЛІК БАСЫНА ҚАЛАЙ ЖИНАДЫ?

Жастар… Әдетте, аға буынның сынайтыны да, үміт артатыны да, тіпті тұтас мемлекеттің болашағы да осынау топ. Өйткені, жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші һәм келешегі. Жастардың білімі мен білігі, арманы мен аңсары, бәсекеге қабілетті болуы – мемлекеттің де тұрақты дамуының кепілі. Бәлкім, содан да шығар, Шешенстан Республикасының тізгінін 30 жасында қолына ұстаған Рамзан Қадыров лауазымды қызметтерге кілең жастарды тағайындайды. Бұл елде отызға толмаған министр, әкім, депутат-тардың қатары аз емес. Мәселен, Иса Ибрагимов бір министрліктің тізгінін 24 жасында ұстады.
«Жас келсе, іске!» дейтін Рамзан Ахматович өзінің жас туысқандарын да лауазымды қызметтерге тағайындаудан еш қымсынбайды. Айталық, Рамзан Қадыров туған әпкесінің ұлын, яғни жиенін осы жазда ел астанасы Грозныйдың мэрі (әкімі) қызметіне тағайындады. Бір қызығы, Грозныйдың су жаңа мэрі Ибрагим Закриев күні кеше (16 қазан) 28 жасқа толды. Тағы бір жиені – 29 жастағы Идрис Черхигов Шешенстан жол полициясының бастығы. Үлкен ағасының ұлы Хамзат Қадыров биыл 23 жасында 130 мың тұрғыны бар Курчал ауданының әкімі болды. Тағы бір ағасының баласы Хас-Магомед Қадыров – Грозный полициясының бастығы. Хас-Магомед Шахмомедович 26 жаста.

АЛТЫ ҰЛ МЕН АЛТЫ ҚЫЗДЫҢ ӘКЕСІ

Рамзан Қадыров бүгінде он екі баланың әкесі. Әйелі Медни екеуі алты ұлды, алты қызды тәрбиелеп отыр (екі ұлды асырап алған, – ред.). Ол өзінің жеке өмірі жөнінде жиі жариялайды. Тіпті, Рамзанның мінген көліктері мен ұстаған қаруы, кездескен атақты азаматтарына дейін көптің талқылауында.
Рамзан Ахматович бокстан спорт шебері екендігін де айта кетуіміз керек. Сонымен қатар, ол асыл тұқымды жылқы ұстауға да үйір. Бір кездері Қадыров елдің атақты «Терек» футбол клубын басқарғандығы да белгілі. Бұл оның футболға да әуес екендігін көрсетеді.
Жұрт ең көп талқылайтын мәселе – Рамзан Қадыровтың президенттік картежі. Президент Грозный көшесімен өткен кезде 112 машинамен жүреді екен. Бұл әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан талай рет сынға ұшырады. Бірақ, кіші Қадыров бұл әрекетін қояр емес. Тіпті, оның «Мәскеу көшелерімен де Қадыровше жүремін» деген сөзі дауға айналды.
Жас президенттің атақты блогер екендігін де бірі біліп, бірі білмес. Ол Instagram, ВКонтакте әлеуметтік желілерінің белсенді қолданушысы.
Рамзан Қадыров өзінің әкесі сияқты дінге берік адам. Ол Грозный қаласында Ресейдегі ең үлкен мешіттердің бірін салдырды. Оның тағы бір хоббиі ретінде Голливудтың атақты актерлерімен жиі кездесулерін айтуға болады. Мәселен, Рамзан Қадыров Стивен Сигал, Жан-Клод Ван Дамм секілді әлемге әйгілі актерлермен жиі кездеседі. Бұл жағдайды президент өзінің бала кезінде осы актерлерге еліктеп өскендігімен түсіндіреді.

ТАНЫС ӘРІ БЕЙТАНЫС ШЕШЕНСТАН

2003 жылы Грозный Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең көп қираған қаланың бірі болған екен. Бұл БҰҰ-ның статистикасы бойынша жасалған дерек. Алайда, қазір Грозный – Ресей Федерациясындағы ең әсем қаланың бірі.
Шешенстан жерінде болған екі соғыс салдарынан 250 мың бейбіт тұрғын қаза тапқан болып есептеледі. Ал, Ресей жағынан қанша адам шығыны болғандығы жөнінде нақты ақпарат жоқ. Бір анығы, Кавказ соғысында қаза тапқан 13 Ресей генералының 9-ы Шешенстан жерінде мерт болды. Бұл шешен халқының батылдығын дәлелдейтін тағы бір дерек. Оның үстіне бұл халықта «қанға – қан» деген қағида бар. Ол жүздеген жылдар бойы жалғасып келеді.
Шешенстанда 1,4 млн халық тұрса, соның 95,3 пайызын жергілікті ұлт шешендер құрайды. Ал, бұл елде орыс ұлты тіптен аз. Бар болғаны 24 мың орыс тұрады. Грозный қаласында олар мүлдем жоқ. Бұл Ресей Федерациясының өзге өңірлерімен салыстырғанда өте үлкен көрсеткіш. Себебі, Ресейдегі 22 республиканың барлығының басым көпшілігін орыстар құрайды.
Шешенстанның жер көлемі – 15 647 км2. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Қазақстанның жеріне 174 Шешенстан сыйып кетеді.

Тобықтай түйін: Міне, Ресей Федерациясы құрылған 1991 жылдан бергі уақытта «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» кебін киген кішкентай ғана Шешенстанның үлкен мәселеге айналатындығын сол кезде ресейлік саясаткерлер білген жоқ шығар. Алайда, осы уақыт ішінде шешен халқы тек өз мүддесін қорғап, елі мен жері, діні мен ділі үшін жанын да аямайтын халық екендігін көрсетті. Ал, 2000 жылдары билікке келген Қадыровтар осы елдің бейбіт миссиясын орындап келе жатқан әулет ретінде тарихқа енеді. Бүгінгі шешендер саяси тұрғыда тәуелсіз болмаса да, өздерін рухани тұрғыда тәуелсіз ел санайды. Қазіргі ел президенті Рамзан Қадыров елде нағыз авторитарлық режим орнатып отырса да, Кремль тарапынан оған деген құрмет жоғары. Бөлінген қаржы да жыл сайын артып келеді. Ал, Рамзан Қадыров болса, өзінің бауырлары мен туған-туыстарын жоғарғы қызметтерге қойды. Бірі – министр болса, енді бірі – мэр. Тіпті, «Рамзан Қадыров болашақта билікке баласын дайындауы мүмкін» деген де әңгіме бар. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» да рас. Оның үстіне Шешенстанда бәрі де мүмкін. Демек, алдағы жылдары ел билігіне 2004 жылы туған ұлы кіші Ахмат Қадыров келіп жатса, басқа-басқа ресейліктер таңқалмайды. Дегенмен, Шешенстандағы алдағы саяси өзгерістердің барлығын уақыттың еншісіне қалдырайық…

Айбол ҚАРАШЕВ, “Qazaq” газеті