“ҚАЗАҚСТАНДА АКТЕР МОЛ ТАБЫС ТАППАЙДЫ”

69

Отандық кино әлемінде ең жоғары сұранысқа ие актердің бірі – Санжар Мәдиев. Актерлік шеберлігін Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласында (АҚШ)
шыңдаған 32 жастағы Санжар Нұрланұлы мен оның жары Мөлдір «Жұмадағы жүздесудің» бүгінгі қонағы.

«ӘМІРЕНІҢ  КЕШКЕН КҮЙІН СЕЗІНУГЕ ТУРА КЕЛДІ»

Тілші: Санжар, «Қазақфильм» кино-студиясы 1925 жылы Париж аспанын әнге бөлеп, күллі әлемді тамсандырған Әміре Қашаубаевтың өмір жолына арналған жаңа көркем фильмді өткен айда көрермен назарына ұсынды. Сол фильмде Әмірені сомдау бақыты Сізге бұйырыпты…
Санжар: Белгісіз себептермен мен үшін жобаның жұмысы ауыр жүрді. Қадам аттаған сайын қиындыққа тап болдық, тіпті, болмауы тиіс жерден кедергі шығып отырды. Әлдебір белгісіз күш жобаға іштей кедергі жасады, кейбір күш сырттан қиындық келтірді. Расымен Әміренің кешкен күйін сезінуге тура келді.
«Әміре» фильмі менің бүгінге дейінгі жобаларымның ішіндегі ең ауыры болды. Неге десеңіз, қазір қоғам тарапынан қандай қысым болатынын іштей сеземін. Өйткені, бізде қазір екі адамның бірі «тарихшы» ғой. Біз түсірген тарих оның дүниетанымымен үндесе ме, үндеспей ме, ол жағы тағы бар. Екінші мәселе – Әміре туралы ақпараттың жоқтығы. Мысалы, мектеп оқулықтарын алсақ, онда Әміре туралы екі-ақ жол жазылған. Нақты дерек, түп-негіз болмаған соң, ойдан құрастырып, қиялға ерік беруге тура келеді. Бірақ, Жарқын Шәкәрім, Сатыбалды Нарымбетовтің арқасында біз Әміренің образын барынша шынайы көрсетуге тырыстық.
Тілші: Осы уақытқа дейін сомдаған кейіпкерлердің ішінде қай рөліңіз ерекше есіңізде қалды?
Санжар: Осы уақытқа дейін көп фильмдерге түссем де, бірнешеуін әлі өзім көріп үлгермедім. «Қорғаушылар», «Алтын Орда» фильмдерін мен әлі көрген жоқпын. Ал егер өзім көрген фильмдерге келсек, ерекше есімде қалғаны – «Ход конем» мен «Замуж в 30» фильмдері. Негізінен комедия жанры жаныма жақын келеді.
Тілші: Қазақстанда актерлердің табысы жақсы ма?
Санжар: Қазақстанда актер болу өте қиын. Актерлікпен көл-көсір табыс табу, байлыққа кенелу мүмкін де емес…
Тілші: Ал, қазақстандық актер үшін ресейлік киноға түсу алға қарай жасалған қадам болып санала ма?
Санжар: Саналғанда қандай! Мәскеуге дейін 4, 5 сағат ұшуға тура келеді, осыған сәйкес гонорар да 4, 5 есеге артады.
Түсінесіз бе, біз Ресейде жұмыс жасаған компанияларда көрсетілетін құрмет сондай жоғары деңгейде, біздікімен салыстыруға еш келмейді. Ол жақта сен актерсің, фильмнің айнасы – сен. Шыққалы тұрған фильмнің рейтингі саған және басқа актерлерге байланысты. Сен талмай еңбектенесің, есесіне сол еңбегіңе лайықты құрметіңді аласың. Дегенмен, Ресейді Голливудпен салыстыра алмаймыз.
«ӘЙЕЛІММЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ТАНЫСТЫМ»

Тілші: Енді әңгімемізді басқа арнаға – отбасыңызға бұрсақ. Отбасылы болғандарыңызға үш жылдан асып барады. Айтыңызшы отбасы, қызыңыздың дүниеге келуі Сізді қаншалықты өзгертті?
Санжар: Мен бұрынғыдан да сезімтал болып кеткен сияқтымын. Қызы дүниеге келгенде әке қатты өзгереді екен.
Мен жұмысымды одан сайын жақсы көре бастадым. Себебі, менің бүгінгі жасаған жұмысым келер ұрпаққа сабақ. Біраз жылдардан кейін балаларым есейгенде мен үшін ұялғандарын қаламаймын. Мен бұрынғыдан да екі есе еңбек ете бастадым. Отбасымды асырауым керек, оларға көбірек көңіл бөлуім керек, осының арасында жұмысыма да үлгеруім керек. Барлығын бірдей алып жүруге тырысамын.
Тілші: Екеуіңіз қалай танысып едіңіздер?
Санжар: Біз кездейсоқ таныстық. Екеуіміздің танысуымыз маған «Вам письмо» фильмін еске түсіреді. Ол уақытта мен «Сказ о розовом зайце» фильмін аяқтап, келесі жобаны қолға алып жатқан едім. Бір күні әлеуметтік желінің бірінде отырып, Мөлдірдің парақшасына көзім түсті. Бір таңқалғаным, ортақ достарымыз жетерлік екен, бірақ екеуміз әлі ресми таныс емеспіз. Осылай екеуміз бір жыл бойына әлеуметтік желі арқылы хат жазысып тұрдық.
Мөлдір: Ол уақытта мен басқа қалада болатынмын. Мойындаймын, өмірдің маған дәл осындай тосын сый жасайтынын сезбеген де едім…
Санжар – жақсы адам, онымен әртүрлі тақырыпта әңгіме айтқан маған қатты ұнайтын, тіптен уақыттың қалай өткенін де байқамайтын-быз. Ол кезде екеуміздің жәй ғана таныстығымыз дәл бүгінгідей берік қарым-қатынасқа ұласатынын ойламаған да едім.
Әлеуметтік желі арқылы араласып, сөйлесіп жүргенімізге бір жыл өткеннен кейін Алматыға ұшып келдім. Сол кездескенімізден бері біргеміз. Шүкір!..
Тілші: Демек, Сіздердің бастарыңыздан бір көргеннен ғашық болу сезімі өтпеді ғой…
Мөлдір: Санжарға ол сезім таныс (күлді)!
Санжар: Мөлдірді ең алғаш компьютер экранынан көргенде бастан кешкен сезімім әлі есімде. Мен бір көргеннен ғашық болып қалғанымды түсіндім. Ал Мөлдір екеуіміз алғаш кездескенімізде мен онымен өмірімнің соңғы минутына дейін бірге болғым келетінін ұқтым.
Тілші: Өте жарасымды жұпсыздар. Сонымен қатар, отбасыларыңыз тату-тәтті екенін де байқап отырмыз. Айрандай ұйыған отбасының сыры неде?
Мөлдір: Ең бірінші дос бола білу керек, бір-бірімен қарым-қатынаста барынша ашықтық, шынайылық та қажет, қысқасы отбасын құрған екі жарты – бір бүтін адамға айналса абзал.
Өзімізге келсек, екеуміз бір-бірімізге сенеміз. Қандай жағдайға тап болсақ та, бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырамыз. Отбасымыздың болашағы туралы көп әңгімелесеміз. Алдағы жоспарлармен бөлісеміз. Мұның барлығы отбасы-мыздың қабырғасын одан сайын берік ете түседі.
Санжар: Менің ойымша, ұсақ-түйек жағдайлар үшін бір-бірімен сөзге келудің мүлдем қажеті жоқ. Сонда ғана отбасында өзара түсіністік, сыйластық пайда болады. Ал ең маңыздысы – бір-біріне деген сенім. Орынсыз ұрыс-жанжал, қызғаныш, тағы да басқа ұсақ-түйектер отбасын құрған екі адамның арасындағы қарым-қатынасқа міндетті түрде сызат түсіреді.

«ҚЫЗЫМНЫҢ ҚЫЛЫҚ ШЫҒАРҒАН ӘРБІР СӘТІНЕ КУӘ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ»

Тілші: Қалай ойлайсыздар, отбасын құрған екі адам кейде бөлек демалып, жеке уақыт өткізгендері дұрыс па?
Санжар: Сөзсіз, әр адамның жеке өз кеңістігі болуы керек. Ал біздің отбасымызда қатып қалған қағида жоқ. Мамандығыма байланысты, менің көп уақытым түсірілім алаңында өтеді. Бос уақытым бола қалса, отбасыммен бірге өткіземін.
Мөлдір: Санжардың айтқанымен толықтай қосыламын. Санжар екеуміз екі жақта өте көп уақыт өткіземіз, сол үшін бос уақытты бірге өткізуге тырысамыз. Барлық достарымыз ортақ достарға айналған. Ең қызығы, қызымыз дүниеге келмей тұрып Санжар екеуміз түсірілім алаңдарына бірге баратынбыз. Ал қазір ол мүмкін емес екені айтпасам да түсінікті.
Тілші: Жарыңыз, қызыңыз үйде, ал Сіз түзде көп боласыз. Арадағы осы алшақтықпен қалай күресесіздер?
Санжар: Skype үшін Құдайға мың алғыс! Шыны керек, қызымның қылық шығарған әрбір сәтіне куә болғым келеді, оған ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйреткім келеді. Бірақ, менің жұмысымды өздеріңіз де білесіздер, отбасымнан жырақта көп уақыт өткізуге тура келеді.
Тілші: Қазіргі жастардың ойынша отбасы институты ескірген. Қазір азаматтық некеде өмір сүру дағдыға айналып бара жатқандай. Ал бұған Сіздердің көзқарастарыңыз қалай?
Мөлдір: Біз отбасылық құндылықтарды бағалаймыз, бірге өткізген әрбір сәтімізге бақыттымыз. Санжар екеуміз бір-бірімізді әбден танып барып, отбасын құруға шешім қабылдадық. Егер, екеуара сенім, сыйластық болмаса, мүмкін бізде кейбір отбасылар секілді ажырасып өмір сүрер ме едік, кім білсін…
Санжар: Уақыт бір орында тұрмайды, заман өзгереді. Қазір қоғамда неше түрлі жағдайлар болып жатқанына куә болып жүрміз ғой. Отбасы мүшелері бір-бірімен сырласып тұрғаны артықтық етпейді. Біздің арамызда түсініспеушілік туа қалса, біз оны бірден анықтап, шешіп аламыз, бір сөзбен айтқанда, жарасымды жанұямыз.
Тілші: Ерлі-зайыптылардың қызығу-шылықтары бірдей болуы керек пе?
Мөлдір: Санжар екеуміз екі түрлі адамбыз, ал ортақ қызығушылықтарымыз бірге тұра бастағаннан кейін пайда болды. Мен табиғатымнан салмақтымын. Санжарға келсек, ол өте белсенді, бір орында байыз тауып отыра алмайды.
Тілші: Ашық әңгімелеріңізге алғыс айтамыз!