ҚАЗАҚСТАНДА НЕМЕСЕ ШЕТЕЛДЕ ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КВОТАНЫ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?

55

Квота дегеніміз не?

 Квота – науқасты емдеуге бөлінген мемлекеттің қаржысы. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы тегін медициналық көмек пен квота алуға құқылы. Мемлекет бөлген квота аясында науқас ел аумағында немесе өзге елдерде емделуге қол жеткізе алады.

 

Квота қандай жағдайда беріледі?

 Жергілікті емханаларда емделу мемлекеттік тегін медициналық көмек көлеміне кіреді. Сонымен қатар, сіз тәулік бойы істейтін стационарларда және амбулаторлы емханалық  деңгейде ем ала аласыз. Егер дәрігер сізге стационарлы емделу жазып берсе, ол сізге бағыттама да беруі қажет. Регистрациялық нөміріңізді алғаннан соң сіз Республикалық госпитализациялар бюросы сайтынан ауруханалардағы бос орындарды өздігіңізден бақылап отыра аласыз.

 

Жоғары технологиялық медициналық қызметтер

 Жоғары технологиялық медициналық қызметтер (ЖТМҚ) – жергілікті немесе республикалық деңгейде көрсетілетін стационарлық көмек. ЖТМҚ консультативті-диагностикалық формасы тек республикалық деңгейде ғана көрсетіледі.

 

ЖТМҚ-ны қалай алуға болады?

 Жергілікті стационарда ЖТМҚ алу үшін аурухананың немесе емхананың қызметкері сіздің бағыттамаңызды Республикалық госпитализациялар бюросы порталында тіркеп, сонан соң бағыттамаңызды өзіңізге қайтып беруі қажет. Егер сізге қажетті қызметтер жергілікті емханаларда көрсетілмейтін болса, алғашқы медициналық-санитарлық қызметкері немесе профильді қызметкер сіздің құжаттарыңызды  ЖТМҚ Облыстық денсаулық сақтау басқармасының комиссиясына жіберуі қажет.

 

ЖТМҚ комиссиясына қандай құжаттар қажет?

 – Жеке куәлік;

– 001-3/у формасы бойынша тәуліктік немесе күндізгі стационарларда ем алу үшін берілген бағыттама;

– Емделушінің диагнозын растайтын қан талдаулары;

– Емделушінің амбулаторлық картасынан немесе ауру тарихынан клиникалық диагноздары туралы үзінді қағаз;

– Емделушінің тексеру нәтижелері;

– Жалпы қан талдау, несеп талдау нәтижелері (14 күннен аспаған болуы керек);

– 1 жылдың ішінде түсірілген өкпе флюрографиясы;

– HBsAg нәтижесі 3 айдан аспаған болуы қажет;

ЖТМҚ комиссиясы сіздің қатысуыңызсыз құжаттарыңызды қарап, қажет болса профильді қызметкерлердің қарауына сізді шақыртады.

 

Комиссия сізді емделуге лайық деп тапса, ары қарай не істеу керек?

 Егер комиссия сізді ем алады дейтін шешім шығарса, өздері сізді Республикалық госпитализациялар бюросы порталына тіркейді. Содан соң сізді комиссияның қарауына жіберген ауруханаға бағыттамамен бірге құжаттарыңызды қайтарып береді. Аурухана бағыттаманы алған соң, сізге жоспарлы госпитализацияның күнін хабарлайды да сізге талон береді.  Егер органды трансплантациялау қажет болса, онда ЖТМҚ комиссиясы сізді трансплантациядан кейінгі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін бюджетте қаражат бар-жоқтығын ескеруі қажет.

 

Шетелде емделуге квота қандай жағдайда беріледі?

 Егер емделушіге қажетті жоғары технологиялық емдеу шаралары мемлекет көлемінде жоқ болса, науқасты мемлекет қаржысына шетелге ем алуға жібереді. Шетелде ем алуға кімдер құқылы?

– Аяғы ауыр әйелдер;

– Балалар;

– Орган немесе ұлпа ауыстыратын науқастар (кезегі келіп, донор табылған жағдайда);

– Қызметтік міндетін орындау кезінде ауыр жарақат алған заң қызметкерлері мен әскери қызметкерлерге отандық медицина көмек көрсете алмаған жағдайда шетелге жіберіледі;

– Балалар және күтімді қажет ететін азаматтар, өзімен бірге күтім жасайтын адамымен бірге шетелдік емханаларға жіберіледі.  Жол шығынын  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өз мойнына алады.

 

Шетелде емделуге квота алу үшін қандай құжаттар қажет?

– Жергілікті денсаулық сақтау басқармасының науқасты шетелге жіберу туралы ұсынысы;

– Науқастың жеке басын растайтын құжаты;

– Науқастың ауру тарихынан сол уақытқа дейінгі көрсетілген ем-шара жазылған үзінді қағаз;

– Ең бастысы, науқасқа шетелде ем алу қажет деген дәрігер берген қағаз.

Бір ескерте кететін жайт, шетелге квотамен ем алуға ҚР аумағында барлық рұқсат етілген ем-шаралар жасалып, жақсы нәтиже болмаған жағдайда, емделуші дәрігердің арнайы бағыттамасымен ғана белгілі бір ауру түрлерімен ауыратындар ғана бара алады.