ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КАРТОПТЫҢ ЕУРОПА НАРЫҒЫН ЖАУЛАУЫНА НЕ КЕДЕРГІ?

21

Картоп тұқымын экспорттау бойынша Қазақстанның Нидерланды, Франция мен Германияны Еуропадағы көшбасшылық бағытынан ығыстыруға мүмкіндігі бар. Ғаламдық климаттың өзгеруінің елеулі салдары еуропалық елдерге өзінің қиыншылықтарын алып келуде, ал біздің өңірлерде картоп өсіру шаруашылығына қолайлы жағдай қалыптасып отыр. Дегенмен, өнімді жаңа деңгейге алып шығуға бір ғана жайлы ауа райы аздық етеді. Бұл ретте техникалық жабдықтаудан бастап, қаржыландыру жүйесін құруға дейінгі бірқатар мәселе-лерді кешенді шешу керек. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін картоп шаруашылығының түйіткіліне айналған маңызды мәселелерге тоқталады.

ЭКСПОРТТЫҢ ӘЛЕУЕТІ

Картоп тұқымының бағасы тауар бағасына қарағанда бес есе жоғары. Мәселен, картоп тұқымының бір келісі – 1 еуро, ал картоптың бір келісі – 20 еуроцент тұрады. Оған қоса, тауарлық картоп экспортының әлеуеті әлдеқайда төмен: көршілес елдердің нарығына шығуға ғана мүмкіндік бар. Ал тұқымын барлық құрлық бойынша тиеп тасымалдауға болады.
«Бұл нарыққа шығудағы перспективамыз өте жақсы. Нидерланды мен Германия қазірдің өзінде нарықтың сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Осы жағдайды сәтті пайдалана отырып, аталмыш сегментте орнығып қалсақ дейміз. Бірақ, ол үшін бізге, картоп өндіруші-лерге сол деңгейге жету керек. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс, ал біз осы жолдың әлі басындамыз», – деді нық сеніммен ҚР Картоп және көкөніс өндірушілері одағының төрағасы Қайрат Бисетаев.
Қазақстанның Картоп және көкөніс өндірушілері одағы 143 агроқұрылымды бірік-тіреді, олар 50 гектар аумақтан бастап өнеркәсіптік әдіспен картоп егеді. Олар – Қазақстанның қалаларына «екінші нанды» негізгі жеткізушілер, елдің әр аумағынан 25 мың га-дан астам жерді өңдейді және жыл сайын 700 мың тонна картоп тауарын шығарады. Бұған жоғарыда тілге тиек еткен картоп тұқымдарын қосыңыз. Дегенмен, бұның өзі ішкі нарықтың сұранысына толықтай жауап бере алмайды.
Экспортқа қатысты айтатын болсақ, тауарлық картоптың бір бөлігі жыл сайын шекараға жақын біздің облыстардан көрші Ресейге 30-дан 50 мың тоннаға дейін жөнелтіледі. 2016 жылы нағыз экспортты «бұзып-жарған» кезең болды – қазақстандық өндірушілердің Өзбекстан нарығына жол табуы экспорт өсімін күрт арттырды. 2017 жылы да Өзбекстанға 270 мың тонна картоп жеткізілді. Бұл екі факторға – тиімді баға мен өндірістің артуы себеп болды.
Иә, ірі шаруашылықтар жыл сайын өз аумақтарын көбейтіп, өнімділікті арттырып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, Қазақстан өз әлеуетін әлі толықтай пайдалана алмай отыр.

КАРТОП ӨСІРУ ОҢАЙ ЕМЕС

Бүгінде қазақстандық аграрлық-өнеркәсіптік кешен (АӨК) саласы бойынша картоп өсірушілер жақсы техникалық жабдықтауларымен мақтана алады. Олар заманауи техникалар мен озық агротехнологияларды қолданады. Бәрі де дәнді-дақыл мамандары айырылып қалған суарумен айналысады, бұл тұрақтылыққа кепілдік береді. Айтпақшы, картоп алқабы айналмалы типтегі арнайы техникамен суарылады.
Алайда дәл осы себептермен картоп бизнесін бастау қымбатқа түседі. Өйткені, мамандан-дырылған техниканың бағасы удай қымбат.
Бұдан бөлек, картоп өсірушілер ендігі жерде салқындату құрал-саймандарымен жабдықтандырылған қоймалар құрылысына қаржы құюы керек. Бұл да өте қымбат тұрады, есесіне өнімді жазда да сақтауға жағдай жасайды. Ал бұл – бағаның маусымдық өсуі кезінде картоп бағасын қымбатқа сатуға мүмкіндік. Бүгінде Қазақстандағы картопты сақтау сиымдылығы – 500 мың тонна.
Осы ретте мамандар өнімнің өзіндік құнын міндетті түрде төмендету керектігін атап өтті. Өйткені, бәсекелестік артады: картоп шаруашылығы Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде дамып келеді. Пәкістанда да картоп өндіру көлемі өте үлкен және экспортқа шығуға бағытталып жатыр. Сондықтан ұзақмерзімді болашақта өзіндік құнды төмендету – тауарды өткізудің бір жолы болады.
«Біз қазір өндірушілер барлық негізгі қаражаттарын салып жатқан даму кезеңінде тұрмыз. Әрине, олар уақыт өте келе шығындарының орнын толтырады. Бірақ, картоп өсіру шаруашылығы несиеге бағынышты, техникалардың көп бөлігі лизингте тұр. Менің ойымша, бес жылдан кейін картоп өндірушілер қарыздарынан құтылып, аяққа нық тұра алады. Сол кезде өнімнің өзіндік құны да төмендейтін болады», – деп түсіндірді Қайрат Бисетаев.
Картоп өсірушілер өнімділікті арттыру қажеттігін де айтады, бұл картоптың өзіндік құнын төмендетудің және бір жолы. Бүгінгі деңгей көрсеткіші – 300-400 ц/га, бұған сала мамандарының көңілі толмайды. Сондықтан картоп алқабын 500-600 ц/га-ға жеткізу міндеті тұр.
Йоханн Шимпф – Қазақстанда картоп өсірушілерге құрал-жабдықтар мен технологиялар ұсынып жүрген «Agrotec Impex» компаниясы-ның бас директоры. Оның айтуынша, картоп өндірудің табыстылығы жоғары. 2017 жылы бір келі картоптың өзіндік құны – 35 теңге болса, жыл бойы орташа бағасы – 80 теңгеден жоғары болды. Алайда бір ерекшелік бар – тамыр жемісін бір аумақтағы жерге төрт жылда бір реттен артық өсіруге болмайды, әйтпесе жер тозып, егін өнімділігі төмендейді. Оны басқа дақылдармен кезектестіріп егу керек, бірақ осы жерде экономикалық сипаттағы қиындық туындайды – картопқа лайықты баламаны табу мүмкін емес. Фермер жылына 100 га егілген картоптан орташа есеппен 280 млн теңге алса, тіпті су құйып өсіретін дәндердің сомасы бұдан 100 есе төмен болады.
Картопты басқа аумаққа ауыстыру мүмкін емес: заманауи айналмалы типтегі суару кешендері құбыр желісіне тіркеулі. Оның үстіне мамандандырылған картоп техникасы өзге ешбір дақылды суаруға жарамайды. Сондықтан аграрлық шаруалар ауыспалы егістерге салақ қарайды, бұл өнімділіктің өсуін тежеуші фактор болып саналады. Тозған жерден алынған картоп сапасы төмендеп, түйнектері бүдір және біртегіс болмайды. Яғни, өзінің тауарлық түрін жоғалтады, ал сауда жүйелері тауардың сыртқы түріне баса мән береді.

ЕГІСТІК ЖЕРЛЕР ЖАРАМСЫЗ БОЛЫП БАРАДЫ

Әрине, элементтер базасын қолдау үшін тыңайтқыштарды тұрақты түрде көп мөлшерде енгізу арқылы жағдайдан шығуға болады. Бірақ, қазақстандық шаруашылықтардағы техникалар бұл операцияларды орындауға жарамсыз болып шықты. Бұл ретте картоп егушілерге ғалымдар көмек қолын созуға даяр.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Техника факультетінің деканы Саяхат Нүкешев шаруалардың ауыспалы егістікке салақ қарауы топырақтың тозуына алып келетіндігін айтып, алғашқылардың бірі болып дабыл қақты. Топыраққа алғашқы сараптама 2006 жылы жасалды және егіс аумақтары жағдайының жағымсыз динамикасын ашып берді. Биылғы жылдың сынамалы сараптамасы еліміздегі бірнеше аграрлық аймақтарда жасалды. Зерттеу нәтижесі егіс аумақтарының 90%-ында жағдайдың мәз еместігін көрсетті.
«Жерде фосфор да, азот та, калий де жоқ. Егіншілік шаруашылығы өте салақ жүргізілген. Тіпті, ешкім топырақты құнарландырмаған. Дамыған елдерде әр гектарға 700- 800 келі минералды тыңайтқыштар себіледі. Бізде бұл мөлшер 50-60 келіден аспайтын. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш тұрмақ, топырақты қоректендіру дегеніңіз өте сирек кездеседі», – дейді Саяхат Нүкешев.
Топыраққа қажетті элементтер жетіспейтін-дігінен бөлек тағы бір мәселе – еліміздегі ірі аграрлық алқаптар саналатын Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында пайда болған көлтабандар. Бұл топырақтың нығыздалуынан, егістікте заманауи қайырмасыз технологияны пайдаланудан пайда болып отыр. Ендігі жерде шаруалар ғалымдардан көмек сұрады – оларға топырақтың тығыздығын жоятын техника керек. Оның бір артықшылығы – тыңайқыштарды көп мөлшерде енгізуге мүмкіндік беруі болып отыр.
Саяхат Нүкешев 2011 жылы егін шығымын 40 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік беретін ақпараттық технологияны енгізу жобасын таныстырған еді. Нақты егін шаруашылығының ерекшелігі сол – минералдық тыңайтқыштар топыраққа оңтайлы және саралап енгізіледі, сонда топырақ минералдық элементтерге «тұншық-пайды». Ол үшін топырақтың құрамы, тығыздығы және координаты туралы мәліметтер компьютерге енгізіледі де, соның негізінде егістік картасы жасалады. Минералдық тыңайтқыштар сол картаның негізінде топыраққа себіледі. Бұл жаңа технологияда топырақтағы әрбір қоректендіруші элемент ескеріледі. Технологияның арқасында минералдық тыңайтқыштарды 30-50 пайызға дейін үнемдеу мүмкіндігі туады.
Ғалымның айтуынша, минералдық тыңайтқышты үнемдеу өз кезегінде топыраққа түсетін агрохимиялық «салмақты» азайтуға сеп болады, соның нәтижесінде келешекте топырақ ресурстары сапалық және тиімді негізде пайдаланылады.
Кез келген тракторға тіркеліп жалғанатын агрегат өзінің сын сағатын тосқан сияқты. Бүгінде Астана қаласында зауытта тәжірибелік үлгісі жасалып жатыр. Алғашқы сынақ жұмыстары Қарағанды облысында тамыз айында басталды.
«Егер жасаған агрегатымыз жақсы жұмыс істесе, мұны көптеп шығарамыз. Осыған дейін Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан 15 өтініш келіп түсті. Меніңше, сұраным саны бұдан да артады. Қопсытқыш-тыңайтқыш енгізгіштің артықшылығы – оның көлбеу жұмыс құралы тыңайтқышты төрт қабатқа дейін – тереңдігі 6-дан 30 сантиметрге дейін енгізеді. Осындай өңдеуден кейін топырақтың тығыздығы жойылады, ал енгізілген тыңайтқыш көлемі 5 жылға дейін жетеді», – деп атап өтті Саяхат Нүкешев.

ҚУЫРЫЛҒАН КАРТОП ЭКСПОРТЫ

ҚР Картоп және көкөніс өндірушілері одағының төрағасы Қайрат Бисетаевтың айтуынша, ғалымдар топырақпен белсенді түрде жұмыс істеу арқылы қазақстандық егістік жерлердің құнарлылығын қайтаруға болатынына сенімді. Картоп өсірушілер көршілес елдермен бәсекеде ұтылып қалмайтындай және тұқымды экспорттауда – жаңа тауашаны алу сынды саланың басқа да мәселелерін шешуге тырысуда.
Мәселелер тек экспорттық бағытта ғана емес, картоп өсірушілер ішкі нарықты тәртіпке келтіру қажет деп санайды. Дәнді-дақыл бизнесі Қазақстанда құрылымдалған (өндірушілер – элеваторлар – экспедиторлар – трейдерлер – қайта өңдеушілер), картоп шаруашылығында әлі, өкінішке қарай, өндіруші мен тұтынушы арасында еш байланыс жоқ. Өнімді өткізудің кестесін өзгертіп, айқын тізбек құру қажет.
Тағы бір дамытуды қажет ететін бағыт – картопты терең қайта өңдеу. Әзірге бұл сала Қазақстанда жоқ. Осы ретте өнімді шикізат күйінде тасығаннан кесіліп қалған картоптарды фри дайындауда қолдануға болады.
Картоп қауызы, әсіресе крахмал сұранысқа кеңінен ие. Картоптан алынатын крахмал әлдеқайда сапалы әрі тамақ өнеркәсібінде ғана емес, медицинада да кеңінен қолданылады. ҚР Картоп және көкөністер өндірушілер одағы бүгінде осы мәселелерді шешу үшін серіктестер, инвесторлар тартумен айналысып жатыр.

Тобықтай түйін: Картоптың отаны – Оңтүстік Америка болғанымен қазір коңыржай белдеу дақылына айналды. Айталық, картоп егуден Қытай алдына ешқандай елді салмайды. Аспан асты елі былтыр 95 млн тонна картоп жинаса, бір жылда картоп егуден үздік ондыққа кіретін Үндістан 46 млн тонна, Ресей 34 млн тонна, Украина 24 млн тонна, АҚШ 20 млн тонна, Германия 12 млн тонна, Франция мен Польша 8 млн тонна, Нидерланды 7 млн тонна, Беларусь 6 млн тонна өнім алыпты. Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2017 жылы Қазақстан 179,6 мың гектардан 3,5 млн тонна картоп жинағанын хабарлады. Яғни, бұл көрсеткіш бойынша біздің ел әлемдегі 20 елдің қатарына енеді. Дегенмен, ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын кең-байтақ жері бар Қазақстаннан картоп өнімін алудан үздік ондыққа кіретін Украина 4,5 есе, Германия 7,6 есе, Франция 4,9 есе, Польша 8,7 есе, Нидерланды 65,5 есе, Беларусь 13,1 есе кішкентай екенін ескерсек, біз бұл салада әлеуетемізді толықтай пайдалана алмай отырғанымызды сезінеміз. Масқара болғанда, экспортты айтпағанда ішкі нарықты картоппен толықтай қамтамасыз ете алмай отырмыз. Көбіне картопты көрші Ресейден тонналап тасимыз. Сондықтан жоғарыдағы сала мамандарының пікіріне құлақ түрмеске болмайды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, “Qazaq” газеті