ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАСЫ: ОЛЬГА РЫПАКОВАДАН КЕЙІНГІ ӨМІР ҚАНДАЙ?

22

Соңғы тоғыз жылда Қазақстан жеңіл атлетикадан әлем біріншіліктері мен Олимпиада ойындарында алты медаль иеленіпті. Соның бәрі бір ғана Ольга Рыпакованың еншісінде. Әлемге әйгілі жеңіл атлет ұзындыққа үш қарғып секіруден Бейжің Олимпиадасында (2008) қола, Лондон Олимпиадасында (2012) алтын, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында (2016) қола медаль иеленсе, ал әлем біріншіліктерінде үш рет жүлдегер (2011 жылы күміс, 2015 пен 2017 жылдары қола медаль) атанды. Ал, жабық залда өткен әлем чемпионаттарында 2010 жылы чемпион, 2012 жылы вице-чемпион болды. Бұдан бөлек, 2010 жылы құрлықтық кубокта және 2006, 2010, 2014 жылдары Азия ойындарында топты жарды. Байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген Ольга Рыпакова соңғы 11 жылда елге 12 медаль (6 алтын, 2 күміс, 4 қола) сыйлады. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың қазақстандық жеңіл атлетиканың патшайымы саналуы сондықтан.

КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН НЕГЕ САБАҚ АЛМАЙДЫ?

Міне, ардақты ана (ұл мен қызы бар), аяулы жар Ольга Сергеевнаны қалай құрметтесек те, қандай сый-сияпат көрсетсек те жарасады. Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетіп жүрген алтын қыз аттан түскен жоқ, әлі бабында. Десек те, қазақстандық жеңіл атлетиканың патшайымы осы күзде (30 қарашада) 33 жасқа толады. Бұл спорт үшін оңай жас емес. Өйткені, әлемде оның өкшесін басып келе жатқан мықты жас жеңіл атлеттер де жетерлік. Өкініштісі, әлемдік бәсекеде Ольга Рыпакованың ізін басатын, жеңісті жолын жалғайтын Қазақстанның жас жеңіл атлеттері көрінбейді. Әрине, сонау 2006 жылдан бері елді жерге қаратпай, намысты қолдан бермей келе жатқан Ольга қыздың елге әлі берері көп. Шүкір, жеңіске  құлшынысы, табысқа табандылығы мықты. Дегенмен, қашан болса да, әйтеуір үлкен спортпен қоштасатын уақыты келеді. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Сол кезде Рыпакованың орны ойсырап қалмай ма? Міне, ендігі ойласатын мәселе осы болуы тиіс!

Бұл тақырыпты қозғағанда көптеп мысал келтіруге болады. Мәселен, отандық көркем гимнастиканы алайықшы. Кезінде Әлия Жүсіпова байрақты бәсекелерде орыс, украин, беларусь қыздарымен иық тірестіре сынға түсті. Қазақстанның және Азияның абсолютті чемпионы, әлем біріншіліктерінің, әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше жүлдегері болса, 2004 жылы Афины Олимпиадасында төртінші, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында бесінші орын алды. 2009 жылы тұрмысқа шыққан Әлия Мақсұтқызы үлкен спортпен қоштасып, өзінің туған жері Шымкентте шәкірт тәрбиелей бастады. Бұл туралы өткенде «QAZAQ» газетіне сұхбат берген көркем гимнастикадан ҚР Ұлттық құрамасының Бас бапкері Әлия Жүсіпова: «Біз ақырындап еңсемізді тіктеп, етек-жеңімізді жинап, аяғымызға нық тұрып келе жатырмыз. Тіпті, Қазақстанның Әлем кубогында көптен күткен алғашқы медалі де пайда болды. Бұл көп нәрсені аңғартады. Менің ойымша, Әлем кубогында соңғы рет жүлдені мен алған шығармын. Одан бері қаншама уақыт өтті. Міне, енді сол жетістікке Сабина Әшірбаева қол жеткізді. Әрине, бір Сабина Әшірбаевамен шектелуге болмайды. Өйткені, қос олимпиадада (2004, 2008) үздік бестіктен көрініп, байрақты бәсекеде ел намысын қолдан бермей жүрген Әлия Жүсіпова (өзін айтып отыр, – ред.) үлкен спорттан кеткенде, оның ізімен жүретін ізбасары болған жоқ. Орны ойсырап қалды. Әлемдік жарыстарда жүлдені, үздік бестікті айтпағанда, тіпті ақтық сынға (финалға) шығудың өзі арманға айналды. Сондықтан да, көркем гимнастикадағы қыздардың қабілеттері мен біліктіліктерін жетілдіріп, қызығушылықтары  мен құштарлықтарын арттырсақ, одан мемлекеттің ұтары көп болады. Бұл спорт түрінің елде әрі қарай дамуын қадағалау керек. Өйткені, Қазақстан көркем гимнастикасы мектебінің негізі, жақсы дәстүрі бар», – деген еді (Қараңыз: Әлия Жүсіпова: «Олимпиадада әзірге жүлдеге таласа алмаймыз», №31 (878), 11.08.2017).

Сол кезде елде Әлия Жүсіпованың ізбасарлары болған жоқ. Есесіне, әлем біріншіліктері мен Олимпиаданы айтпағанда, құрлықтық бәсекелерде қазақтың намысын абыроймен қорғайтын бір қызымыз болмады. Қазіргі отандық көркем гимнастиканың аяқ алысы жаман емес. Дегенмен, біздің қыздарымыз Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында медальдардан әлі де үміттене алмайды. Енді ғана қыздарымыз құрлықтық бәсекелерде үздіктер қатарынан көріне бастады. Міне, Әлия Жүсіпованың үлкен спорттан кеткеннен кейін жүлдесіз қалған көркем гимнастикадан жеңіл атлетика сабақ алса дұрыс болар еді. Өйткені, жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайтыны баяғыдан белгілі.

Рас, бір жылдан бері Қазақстан жеңіл атлетикасының беті бері қарады. 2016 жылдың желтоқсанында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков ҚР Жеңіл атлетика федерациясының тізгінін қолына алды. Жаңа басшымен жаңа шенеуніктер келді. Артынан құраманың жаттықтырушылар құрамы ауысты. 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының сырықпен секіруден қола жүлдегері Григорий Егоров Бас бапкер болып тағайындалды. Оның алдында еліміздің жеңіл атлетикасын әлемдік деңгейге көтеру міндеті қойылды. Дегенмен, жеңіл атлетика – футбол, бокс немесе хоккей емес. Жеңіл атлетикада аталған үш спорт түріндегідей құраманың бас бапкері жүгіру алаңы мен секіру секторына шықпайды. Ол әкімшілік жұмыстарына мықты болуы керек. Ал қалған жұмыстарды бас жаттықтырушылар Виктор Евсюков (метания – лақтыру), Любовь Никитенко (спринт, барьеры – кедергі), Дмитрий Карпов (многоборье – көпсайыс), Александр Корчагин (прыжки – секіру), Артем Жигалов (орта қашықтық, марафон), Светлана Толстая (ходьба – жүру), Татьяна Назарова (қосалқы құрам) сынды Олимпиада, әлем және Азия біріншіліктерінің жүлдегерлері, яғни өз саласының  тәжірибелі, тісқаққан мамандары атқаруы тиіс.

Жаңартылған құраманың алғашқы жетістігі қуантады. Өткенде ұлттық құрама Азия біріншілігінде төрт алтын медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынды алды. Және Ольга Рыпаковасыз! Бірақ, бөрікті аспанға атуға әлі ерте. Біріншіден, құрлықтық бәсекеге Азияның кейбір мықты жеңіл атлеттері барған жоқ. Екіншіден, отандық жеңіл атлетикада күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер жетерлік. Бұған кейін жеке тоқталамыз.

ҚАЗАҚСТАН ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАСЫ: АЗИЯДА АЛҒАШҚЫ, ӘЛЕМДЕ СОҢҒЫ

«Медальдың екі беті бар» дегендей, соңғы Азия біріншілігінде үздіктер қатарынан көрінгенімізбен, әлемдік бәсекелерде Ольга Рыпакованың жүлдесі болмаса, көрген күніміз қараң. Ал, байрақты бәсекелерде байрағымызды көкке желбіретіп, еліміздің даңқын асырып жүрген Ольга Сергеевна үлкен спортпен қоштасса, тіпті әлем біріншіліктерінде көштің соңында қалатын түріміз бар.

Бір ғана мысал: жүгіруден Азияның 6 дүркін чемпионы, Универсиаданың 3 дүркін жеңімпазы Виктория Зябкина Үндістанда өткен соңғы Азия біріншілігінен елге үш алтын медальмен оралса, ал биылғы Универсиадада екі жыл бұрынғы жетістігін қайталай алмады, бір күміс медальды қанағат тұтты. Бұдан шығатын қорытынды: құрлықта мықты болғанымызбен, әлемде бәсекеге қабілетті емеспіз. Ал, әлемде бәсекеге қабілетті болу үшін бірқатар мәселелерді шешуіміз керек. Басты мәселе – жеңіл атлетикаға арналған нысандардың жоқтығы.

Жаңа бапкер Григорий Егоров бір сөзінде: «Жеңіл атлетика жаттықтырушыларын дайындайтын мектеп ашуымыз керек. Біліктілікті артыру үшін ортанқол мамандар емес, шыңдалған, тәжірибелі бапкерлерді шақыртқан дұрыс», – деген пікір білдірді. Ал, «QAZAQ» газетінің тілшісіне берген сұхбатында желаяқ қыз Виктория Зябкина: «Спорт министрі болсам, ең алдымен жеңіл атлетикаға реформа енгізер едім. Біріншіден, спортшылардың айлық беру жүйесіне өзгеріс енгізу. Айталық, жыл соңында әрбір спортшының жеткен жетістігіне, көрсеткен нәтижелеріне талдау жасау арқылы айлық, сыйақы тағайындау. Екіншіден, мамандандырылған дәрігерлер жетіспеушілігін шешу. Үшіншіден, жеңіл атлетикаға арналған спорт нысандарын елдің әр аймағында ашуды қолға алар едім. Өйткені, Өскемен қаласында Қазақстандағы жалғыз Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығы бар. Ал аудандарды айтпағанның өзінде облыс орталықтары мен ірі қалаларда мұндай спорт нысандары атымен жоқ. Алматыдағы Орталық стадион – бұл футбол нысаны. Амалсыздан біз сонда жаттығып, түрлі жарыстар өткіземіз. Мегаполистегі (Алматыны айтып отыр, – ред.) жағдай осылай болғанда, басқа қалалар туралы айтудың өзі ұят екен. Жеңіл атлетикаға арналған мамандандырылған спорт мектептерінің есігіне баяғыда-ақ қара құлып салынған. Ондай жалғыз мектеп Алматыда ғана қалды. Соның өзіне бас сұқсаңыз, жыларман болып шығасыз. Елдегі жағдай, көзқарас солай болғанда, жеңіл атлеттерден медаль күтудің өзі бекер. Қайта, құрлықтық бәсекелерде топты жарып жүрген біздің спортшылардың жаны сірі екен», – деп ащы шындықты ашық айтқан еді (Қараңыз: Виктория Зябкина: «Ендігі мақсат – қазақ тілін жетік меңгеру», №31 (878), 11.08.2017).

Бұған алып-қосар уәжіміз жоқ.

РЫПАКОВАНЫҢ ІЗБАСАРЫ ЖӘНЕ ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАНЫҢ БОЛАШАҒЫ

Ольга Рыпакованың ізбасары ма? Бұл сұраққа келгенде тілімізді тістеуге тура келеді. Десе де, сұраққа жауап беріп көрелік. «Жоқ» деп кесіп айтудан аулақпыз. Бар! Бірақ, саусақпен санарлық, ал олардың қайсысы Рыпакованың жетістігін қайталай алатынын болжау мүмкін емес!

Биылғы маусымда теміртаулық Мария Овчинникова ерекше көзге түсті. 18 жастағы спортшы қыз үш қарғып секіруден Азия біріншілігінде алтын медаль, әлем чемпионатында 26-орын, Универсиадада 5-орын алды. Ересектер арасында бұл жаста бәсекелестікке түсудің өзі үлкен жетістік. Ал, Овчинникова Рыпакованың ізін баса ала ма, жоқ па, бұны уақыт көрсетер.

Енді жеңіл атлетикаға арналған нысандарға тоқталсақ артық болмас. Мұнда да нысандарды саусақпен санасақ жетіп жатыр. Тіпті, сол аз нысандардың кейбірінің жағдайы мүшкіл.

Былтырғы жылы жазда Алматыдағы Орталық стадионның жаңартылған жобасы жарияланды. Жобаға сәйкес, Орталық стадион болашақта тек футболға ғана икемделеді, яғни алматылық жеңіл атлеттер жазда дайындалатын жалғыз орындарымен қоштасады.

Орталық Азияда баламасы жоқ Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығы ғана барлық халықаралық стандарттарға сай келеді. Манеждің жалпы көлемі – 6 910, 85 шаршы метр, сыйымдылығы – 680 орын.

Шығыс Қазақстандағы жағдай жақсы болғанымен, Қарағандыдағы манеждің бүгінгі жағдайы өте күрделі. Барлық халықаралық стандарттарға сай келетін нысанның тозығы жеткен. Оны күрделі жөндеуден өткізуге ешкім асығар емес.

Қазақстан жеңіл атлетикасының басына қара аспанды төндіріп қайтеміз. Билік өкілдері 2020 жылы Астана қаласында 7 000 орындық жеңіл атлетика залын ашуға уәде беріп отыр. Мұндай сөздер Тараз, Талдықорған қалаларынан да жиі естіледі.

Қалай болғанда да, жаңа нысандар салынбай, шәкірттерді тәрбиелемей, жеңіл атлеттерге жағдай жасамай, бұл спорт түрінен бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Қазір «алма піс, аузыма түс» дейтін заман емес. Бұл – анық!

Тобықтай түйін. «Спорт патшайымы» аталатын жеңіл атлетика Қазақстанда дамыған спорт түрі болатын. Бұл кешегі жағдай еді. Ал бүгін ше? Кешегі мен бүгінгінің арасына көз жүгіртіп көрсек, отандық жеңіл атлетиканың жағдайы жүдеу екеніне үнсіз келісесіз. Әйтпесе, жазғы Олимпиада ойындарында бір ғана жеңіл атлетиканың өзінен 47 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сонда бәрін қосып санағанда – 141 жүлде. Осы спорттың түрін қарыштата дамытып, жүлдені күреп алып отыруға болатын еді. Мысалы, былтырғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында АҚШ жеңіл атлетиканың өзінен 32 медаль олжалады. Ал бізде бұл спорт түрінен медаль иеленген спортшыларды санасаңыз, бір қолыңыздың саусағы да жетеді. Айталық, Тәуелсіздігімізге қол жеткізгелі  үш жеңіл атлетіміз – Ольга Шишигина, Дмитрий Карпов және Ольга Рыпакова халықаралық дүбірлі додаларда жеңіл атлетикамыздың туын жықпай келді. Соңғысы әлі бабында. Енді ізбасары жоқ Ольга Рыпаковадан кейінгі Қазақстанның жеңіл атлетикасын елестетудің өзі қорқынышты.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті