«ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІНЕН» ЖАМБЫЛДЫҚТАР ДА ҮМІТТІ

22

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасырда биік белестердің бағындырылғанын, дегенмен осынау қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қоятындығын айтқан болатын. Мемлекет басшысы осы орайда «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды тапсырып, «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандасымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары кез келген статистикадан артық көрсеткіш», – деп атап көрсеткен-ді.

Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндетке сәйкес еліміздің түкпір-түкпірінде туған еліне деген патриоттық сезімін, сүйіспеншілігін ісімен дәлелдеп жүрген жандардың тізімі жасақталғалы отыр. Бұл тұрғыда арнайы сайт ашылып, онда үміткерлерге онлайн дауыс беру жүріп жатыр. Әрине, өнегелі істерімен өзгелерге үлгі көрсетіп келе жатқан патриот жандар әр өңірде жетерлік. Бірақ, олардың бәрін үздік жүздікке сыйдыру әсте мүмкін де емес. Сондықтан да, халық ең таңдаулыларға барынша қолдау көрсетуі тиіс.

Осы орайда, «Қасиетті Әулиеата өңірінен кімдер тізімге енуге үмітті?» деген сұрақтың туындайтыны заңдылық. Әрине, қазақы қаймағы бұзылмай, татулық пен тұрақтылықтың туын көкке көтерген өңірде тұғыры биік тұлғалардың ізін басқан атпал азаматтар аз емес. Дегенмен, жобаға таңдалған 302 адамның ішінде жамбылдықтардың қатары көп емес. 105 жылдық тарихы бар «Қазақ» газетінде солардың біразына қысқаша тоқталамыз.

Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен «Қазақстандағы 100 жаңа есімге» қоғам бағыты бойынша Сембек Сейдәзімов пен Ғалым Арыстанбаев, спорт саласынан Зульфия Ғабидуллина, Ақжүрек Таңатаров, Бауыржан Исламхан, мәдениеттен Ерлан Бақтыгерей, бизнестен Әбдібек Пошкаев, медицинадан Марат Саршаев сынды жамбылдықтардан бұрын барша қазақстандықтарға жақсы таныс тұлғалар үмітті. 18 қазанда басталған онлайн дауыс берудің алдын ала қорытындылары бойынша олардың «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енуге мүмкіндіктері мол.

Арман БАҚТЫБАЕВ, Тараз қаласы

Суретте: Көпбалалы әке, үлгілі отағасы, полиция сержанты Ғалым Арыстанбаев жұбайы Әлиямен бірге ата-анасынан айырылған 8 баланы өз қамқорлықтарына алып, тәрбиелеп отыр. Бұл балалардың ішінде қазақтан өзге әзербайжан, қытай, өзбек, сыған, орыс, ұйғыр, татар ұлтының бүлдіршіндері де бар. Бүгінде Арыстанбаевтардың шаңырағында өз балаларымен қосқанда 11 балдырған өсіп келеді. Татулығы жарасқан жанұя «Мерейлі отбасы» байқауында 1-орынның биігінен табылды.