«ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ». ОЛАР КІМДЕР?

105

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен жүздесті. Ресми ақпаратты газеттің 2-бетінен оқуға болады.

Ал бұл мақалада аталған кездесудің бейресми жағына тоқталуды жөн санадық. Сонымен…

Жалпыхалықтық  дауыс  беру  арқылы анықталған 102 жеңімпазды Астана қаласындағы ең көрікті мейрамханалардың бірінде Мемлекет басшысының өзі келіп құттықтады. Қазақстанның туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер мен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар Елбасының жылы лебізіне бөленді.

«Осы жиынға келгендеріңіз үшін қуаныштымын. Мен үшін екі туған күн бар. Біріншісі, өздеріңіз білетіндей, өзім туған – 6 шілде. Екінші туған күнім – 1 желтоқсан. Бұл – қазақ елі бүкіл халық болып, тұңғыш рет Қазақстан халқы Президентін сайлаған кез. Сол сынға түсіп, тұңғыш рет 90 пайыздан астам дауысқа ие болдым, содан бері 26 жыл өтті. Сіздердің барлықтарыңыз да жассыздар. Сол кезең мен қазіргі кезең екі бөлек. 26 жылда көптеген дүние өзгерді. Сол кезеңде өмірге келген бала 26 жаста ғана. Бұл жұмысқа кірісуде ең жақсы кезең», – деді Президент.

Бұл жүздесуде Нұрсұлтан Назарбаев жас кезіндегі естеліктерімен де бөлісті.

«Ендігі   кезекте   басқа  заман  келе    жатыр.   Мен  сіздердің  өмірбаяндарыңызбен («Қазақстанның 100 жаңа есімі» жеңімпаздарын айтады, – ред.) таныстым. Сіздер осы қоғамда белсенді түрде өмір сүріп жатырсыздар. Барлықтарыңыз алға шықтыңыздар. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» – заманымыздың үздіктері ретінде сіздермен кездесіп отырмыз. Баршаңызды құттықтаймын», – деген Мемлекет басшысы өз сөзінде тоқтаусыз даму үстіндегі қазіргі әлемде сәл ғана аялдасаң оңай қалып қоюға болатынын баса айтты.

«Уақыт сондай. Мемлекет мен мемлекеттің, адам мен адамның, ұлт пен ұлттың бәсекесі жаһанда қызып тұр. Ағысқа қарсы жүзгендей, тек қана алға ұмтылу керек. Тоқтап қалдың ба – ағыс сені қайта кері алып кетеді. Өмірде де сондай. Тоқтап қалсаң – болды. Бүгінгі күні бәрі баламалы ақылмен айналысып жатыр. Қазіргі заманда дауасы жоқ деген аурулардың өзіне ем табылуда. Жасанды интеллект барлық жерде болады. Бәрі өзгереді. Ал санамыз өзгере ме? Сондықтан, менің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаламда «көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан әлеммен және дамушы мемлекеттермен тең болу үшін біз де санамызды жаңғырутымыз қажет» дедім», – деп атап өтті Президент.

Елбасы сонымен бірге сана жаңғырмаса ештеңе болмайтынын, бұл мәселе, әсіресе, қазақтар үшін маңызды екенін алға тартты.

«Біздің ата-бабамыз мал бағып, көшпенді болып өтті. Мен жастық шағымды еске аламын. Мамандық бойынша инженер-металлургпын. Бізді – Қазақстанның 100 жас жігітін Украинаға жіберді. Бәріміз де металлургияны білмейтін едік. Дәл жаныңда температурасы 1 500 градустық балқыма металл ағып жатқан кезде, сен сол жалынның жанында тұруың керек. Бұған қоса ауыр сайманды ұстап тұрып, 2-3 литр су ішіп, терлеп тұрасың. Бізді сол цехқа лақтырды да тастады. Сол кездегі және бүгінгі менталитетті салыстырып көріңіз», – деді Елбасы.

Президент сол кезде қазақ жігіттерінің арасында 10 жігіт қана жұмыста қалғанын еске алды.

«Шыдамады.  Ауылдан  келген  әке-шешелері: «Сенің құрдастарың мектеп бітіріп, үйленіп жатыр. Қой бағуда. Неғып жүрсің мұнда?» – деді де, алып кетті. Ал сол мамандықты меңгерген басқа ұлттың мамандары бізді «қой баққаннан басқа қолынан ештеңе келмейді» деді. Сол сөз намысыңа тимей ме? Сондықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша үлкен шаруалар атқарылып жатыр. Ол жұмыс халықтың қолдауына ие болды», – деді Мемлекет басшысы.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездескен Елбасы өмірлік жар таңдау турасында да өз ойымен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңесін айтты.

«Қазіргі уақытта егер жас жігіт бойжеткенмен танысқысы келсе дискотекаға барады. Оркестр құлаққа түрпідей тиіп, айтқың келетін сөзді айта алмайсың, айғайлайсың, сен оны, ол сені естімейді. Саған қызықты орындарға барып танысуға тырысу керек. Егер екі адам бір-біріне қарап тұрмай, бір мақсатқа қарай бет алса –  жолдары болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың маңыздылығына назар аударып, кездесуге қатысушыларға қоғам тарапынан артылған жауапкершіліктің мол екенін ескертті.

«Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер – бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар», – деді Президент.

Кездесуде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары рухани жаңғыру бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде ой бөлісіп, өздерінің жетістіктері туралы айтты.

Кездесу барысында қазақстандық жас композитор Рахат-би Әбдісағин өзін таныстырды (Вундеркинд  туралы  мақаланы   газеттің   8-бетінен оқыңыз).

«Құрметті  Нұрсұлтан Әбішұлы!  Мен  композитор әрі пианиношымын. Өнер ғылымдарының магистрімін. 13 жасымда – студент, 17 жасымда магистрант атандым. Жақында ғана Римнен келдім. Ол жақта докторантураға түстім. Римдегі академия  ХVІ ғасырда ашылған. Финалдық кезеңге 14 адам келіп, 5 адам ғана оқуға түстік. Ең бастысы – сол академияға түскен ең жас әрі тұңғыш қазақстандық болдым», – деген қуанышымен бөлісті Рахат-би Әбдісағин.

Жас композитор 13 жасында шығарған туындысын көпшілік алдында ойнап берді. Елбасы өз кезегінде жас өренге бақ тіледі.

«Мен ұйықтар алдында Моцартты тыңдаймын. Маған оның әуендері ұнайды. Адамды тыныштандырады. Менің ойымша, оған бір ғарыштық рух енген секілді. Мұндай әуен жайдан-жай туа салмайды ғой… Солай ма? Сенің әуенің де сондай. Енді сені тыңдайтын боламын», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Аталған кездесуде ақмолалық омарташы Анатолий Добровольский балдың баррелі туралы әңгімемен жұртты ду күлдірді. Бұдан бөлек, 33 жастағы Анатолий Добровольский Мемлекет басшысына омарта шаруашылығымен айналысудың денсаулыққа пайдасы туралы айтып берді.

«Мен өзімді денім сау және бақытты санаймын. Сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Сондықтан, бақыттымын. Күн сайын бал жегендіктен денім сау. Балды тұтынудың тәртібі өте қарапайым. Күніне екі қасық бал жейсіз. Яғни, біреуін – таңертең, екіншісін – ұйықтар алдында. Әлемде біздің еліміз сияқты омарта шаруашылығымен айналысуға бірегей табиғаты бар небәрі бес-алты ел бар», – деді кәсіпкер.

Анатолий Добровольский омарта шаруашылығын дамытудың маңызына да тоқталды.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, мен былайша есептеп көрдім. Мұнайдың баррелі 60 доллар тұрады. Ал балдың баррелі – 700 доллар. Омарта шаруашылығы нарығында дағдарыс деген болмайды. Мүмкін Қазақстанда мұнаймен қатар, балға да басымдық берерміз», – деген Добровольский әзіл-шынды әңгімесімен жұртты күлкіге қарық қылды.

Сөз соңында кәсіпкер алдағы жоспарымен бөлісті.

«Алдағы жылы Ақмола облысында 400 гектар  аумақта  бал  өндірісі бойынша конвейерді іске қосамын. Алайда менің жеке жоспарларым да бар. Сізді балмен шай ішуге шақырамын», – деді ол.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы омарташылықтың маңызды екенін айта келе, араның табиғатқа зор пайдасын тигізетінін атап өтті.

«Жарайсың! Сенің қаланы тастап кетіп, табиғатқа тартып кеткенің – үлкен іс», – деді Елбасы.

31 жастағы физик Ернұр Рысмағамбетов Президенттің алдында өзін таныстыра келе, физика саласындағы жетістіктерін тізіп шықты (Физик туралы мақаланы газеттің 8-бетінен оқыңыз). Қазіргі уақытта Ернұр «Астана» халықаралық қаржы орталығында үздіксіз кәсіби даму бюросын басқарады. Физикадан бірнеше ірі байқаулардың жеңімпазы.

«2002 жылы физика пәнінен дүниежүзілік олимпиадада бірінші орынды иеленіп, алтын медальға қол жеткіздім. Сол жылы әлемге әйгілі Калифорния университетіне шақырту алдым. Алайда, сол жылы Америкаға ұшып баруға қажетті 1 200 АҚШ долларын табудың өзі қиын еді. Үмітім үзіле жаздады. Түрлі компаниялардан демеушілік сұрадым. Соңында тағы бір халықаралық олимпиададан топ жарып, құны 1 300 АҚШ долларлық ноутбукты сыйға алдым. Бірақ оны жолға билет алу үшін сатып жібердім», – деді.

Физик барған университетінде танымал өнертапқыш Илон Маскпен кездесіпті. Қаржы саласына қатты қызығып, халықаралық қаржы орталықтарының жұмысын Ернұр Америкада меңгере бастаған.

«Үлкен тәжірибе жинап, елге оралдым. Бірнеше халықаралық инвестициялық қорда еңбек еткеніммен, елге қызмет ету арманыма ақыры бет бұрған едім. 2009 жылы мектеп оқушыларын физика пәнінен дайындай бастадым. Мексика, Тайланд елдерінде физика пәнінің білгір оқушыларымыз үздік ондыққа енді», – деді Ернұр.

Отты жастың сөзіне риза болған Елбасы алдағы уақытта да ғылыми бастамаларға қолдау білдіретінін айтып өтті.

«Математика мен физика – болашақтың ғылымы. Әрине, мамандар даярлау керек. Бүкіл дүниежүзіндегі өсіп-өркендеп кеткен елдердің барлығы сол мамандықтарды меңгеріп, жаңалықтардың барлығын ашты. Сондай болса екен деп ойлаймын. Егер де сондай жас бір топ ғалымдар болса, соларға арнап арнайы зертхана салуға болады. Жұмыс жүргізіп, жағдайларын жасауға болады. Себебі, бізге қажеті сол. Сол үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы қыздар мен ұлдарды жіберіп отырмын ғой», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Саида  Халықова    пианинода     еркін    ойнайтын білікті музыкант. Италияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 3 жыл білім алған талантты қыз елге ойланбай оралған екен. Бала күнінде көзіне жасалған ота (операция) Саиданы қос жанарынан айырған. Сол кезден бастап жігері жасымаған ол музыка әлеміне қызығып, классикалық бағыттағы шығармаларды тыңдаған.

Талмай ізденісінің арқасында Саида 4-сыныпта оқып жүргенде-ақ алғашқы концертін берген екен. Қазір музыкант жылына 2 рет шығармашылық кешін ұйымдастырады. «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген музыкантқа Қазақстан Президенті ізгі тілегін білдірді.

«Рахмет, Саида! Осы жолмен жүре бер. Сен қанша жасқа өнеге боласың. Адамның мүмкіндігінің шексіз екенін көрсетесің. «Бақыттымын» дедің, бақытты бол! Ұзақ ғұмыр тілеймін! Әлі талай шығармалар жазасың. Қуантасың бізді…» – деп тілек білдірді Мемлекет басшысы.

Елбасымен кездесу барысында Қазақ-Британ техникалық университетінің ғылыми қызметкері Хадича Хаңырат 5 тілде сөйлеп, 3 тілде сабақ беретінін айта келе, ата-анасының ғылым жолына түсуіне кедергі болғанын атап өтті.

«Сіздің ата-анаңызға да рухани жаңғыру керек. Көрдің бе? Қазір заман талабы өзгерді. Ол ата-ананың кінәсі емес. Оларды заман солай тәрбиеледі ғой. Біздің ортаңғы және одан үлкен ұрпақ бәрі солай тәрбиеленді. Ол мінезімізді де өзгертуіміз керек. Біз уақытымызды патернализм заманында өткіздік. Үйдегі еркек  маңызды рөлді атқарды. «Оған барлығы бағынуы қажет. Басқалардың ешқандай құқығы болмауы керек» деген түсінік әлі күнге дейін бар. Үй ішіндегі келеңсіздік, бір-бірімен келіспеу бар. Барлығы осыдан қалған.  Содан  арылу   керек.  Әр  адамның  бас   бостандығы болмаса, әйел мен ерінің арасында махаббат болмайды.  Ешкімді  жұдырықтап,  тоқпақтап сүйдіре алмайсың, олай ешкіммен дос та бола алмайсың. Солай ғой?» – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы әлі күнге дейін кейбір мемлекеттерде әйелдердің құқығы шектеліп отырғандығын баса айтты.

«Кейбір елдерде адамдар 30-35 жасында, кеш  үйленеді. Себебі, әйел материалдық тұрғыда, қаржы жағынан тәуелсіз болуға ұмтылады. Әйел қызметтік мансабын жолға қойғаннан кейін отбасын құрады. Сонда екеуі де тең құқылы болады деп есептейді. Әйел де, еркек те тәуелсіз болуы қажет.  Біз еркектер не кеш, не ерте қызғана бастаймыз. Бұл қажет емес қой», – деді ҚР Президенті.

Тобықтай түйін: Биыл Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихына мән беріп, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыруға шақырды. Нәтижесінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынды. Ондағы мақсат – тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан жерлестерімізді көпшілікке таныту.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын жүзеге асыру бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші, өтініштер қабылданды. Ол краудсорсинг негізінде жүзеге асты. Жобаға кез-келген үміткерге қатысуға мүмкіндік берілді.

Жобаның алғашқы кезеңінде азаматтар 100esim.el.kz сайтына кіріп, өтініштің формасын толтыру қажет болды. Кейін жұмыс тобы мен сарапшы комиссия келіп түскен жұмыстарды қоғамдық пікірге сүйене отырып іріктеді. Ал El.kz порталында жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру нәтижесінде жобаның 102 жеңімпазы анықталды. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жұмыс тобының тең төрағасы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, екі үміткер жалпы топтан оқ бойы озық шыққан жүздіктен дауыс саны бойынша сәл ғана қалып тұрғандықтан тізімге енгізілген көрінеді.

Айта кетейік, жобаға қатысушыларды іріктеу кезеңінде 340 мыңнан астам қазақстандық өздері таңдаған тұлғаларға 1 млн 376 мың дауыс берген.

 

Дайындаған: Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті