ҚАЗАҚСТАН КАСПИЙ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ АЛА МА?

10

Біз бүгінде заманалық оқиғалар табалдырығында тұрғандаймыз. Айталық, жексенбі күні, 12 тамызда Ақтауда отыз жылға жуық көтерілген мәселенің соңғы нүктесі қойылады деп күтілуде. Каспий жағалауындағы барлық бес елдің басшылары аталған айдындағы кімнің үлесі қанша екенін, жалпы бұл теңіздің сипаты мен мәнін ашатын мәселені түпкілікті шешетін конвенцияға салтанатты жағдайда қол қоймақ. Ал «Qazaq» газеті сауалнама жүргізген сарапшылар бұл шешімнің кеш қабылданып жатқанын айтады.

ОТЫЗ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ДАУ

Каспий жағалауындағы мемлекеттердің осы теңіз бойынша қандай да бір ортақ шешімге келе алмай жүргеніне отыз жыл болыпты.
Ресей, Иран, Қазақстан, Әзербайжан және Түркіменстан елдерінің сарапшылары шеше алмай жүрген ең маңызды мәселе – бұл Каспийдің сипаты. Расында ол теңізге жата ма, әлде көлге ме?
Бұл жерде мәселе ономастикада немесе географияда болып тұрған жоқ, тек теңіз немесе көлдің мемлекеттер арасында мүлдем әр алуан жағдайда бөлінетіндігінде. Ал Каспий – әлемдегі ең байырғы және ірі мұнай-газ бассейндерінің бірі. Және бұл жерде әр метрдің маңызы зор екенін ескерсек, олардың (бес елдің) ешқайсысы да сол метрде қанша литр мұнай жасырынып жатқандығын дөп басып айта алмайды.
«Минералдық және биоресурстар тұрғысынан алғанда Каспий бассейні – әлемдегі ең ірі және байырғы мұнай өндірушілердің бірі. Сонымен бірге онда қанша мұнай бар екені әлі күнге атап айтылмаған, мұнай қорына қатысты мәліметтер болжалды сипатқа ие. Бұл мәселенің бірінші жағы. Ал екінші жағынан дәл осы Каспий әлемнің екінші жағына шығатын ыңғайлы қақпа болып отыр, атап айтқанда, Орталық Азияға да, Кавказға да, тіпті Таяу Шығысқа да, былайша алғанда, ол көптеген әлемдік және өңірлік державалар мүддесін тоғыстыратын геосаяси үшбұрыш секілді. Соның бәрі мәселені шешуді жеңілдетудің орнына шешім қабылдау үдерісі мен бірыңғай шоғырландырылған конвенцияны жасап шығаруға қиындық келтіруде», – деп атап өтті Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
Бұл мәселенің маңыздылығы соншалық тіпті мемлекеттерде арнайы «каспийлік» талдау құрылымдары ашылды. Олардың басты міндеті ұлттық және халықаралық десижн-мейкерлер үшін теңіз-көл деген құқықтық мәртебе бойынша мәселені шешуде қандай да бір концепцияны негіздеу және дайындау болып табылады.
Мәмілегерлер ақылдасып жатқанда, бес елдің әрқайсысы Каспий шельфіндегі өз жобаларын дамытуда. Осы тұста ол жобалар көп жағдайда аралас аумақтарда да жүзеге асырылып, келіссөзді күрделендіріп жіберді.
«Өз уақытында келіссөздерге Иран қатты қарсылық танытты, өйткені 1941 жылғы құжаттарға сәйкес оларға Каспийдің жарты бөлігі тиесілі, ал енді теңізді бес мемлекетке бөлу мәселесі туындады. Түркіменстан мен Әзербайжан, Түркіменстан мен Иран арасында да қарама-қайшылықтар көп болды», – деп келіссөз үдерісін еске алады Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов.
Каспийдің құқықтық статусын анықтау қажеттілігі туралы алғашқы сөз Төлеутай Ысқақұлы министр болып тұрған кездің өзінде туындаған еді, бірақ елдер енді ғана қандай да бір бәтуаластыққа келгелі тұр.
«Бүгінгі таңда менің білуімше, тек төрт мемлекет қана конвенцияға қол қоюға келісті, Түркіменстанның Каспийді бөлуге қатысты пікірі бөлек. Сосын Түркіменстанды осы конвенцияға қосу үдерісі қандай жағдайда жүзеге асырылатыны, әсіресе, олардың Әзербайжан және Иранмен аумақтар бойынша дауы бар екенін ескере отырып қарағанда мен үшін де түсініксіз», – деген пікір білдірді Төлеутай Ысқақұлы.
Мұхит-Ардагер Сыдықназаров та Каспийдің құқықтық статусы туралы конвенцияға Ақтауда ақыры қол қойылатынына әлі толық сенбейді.
Әрине, Каспий бойынша Қазақстан мен Ресей, Қазақстан мен Әзербайжан, Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы екі жақты келісім бойынша жақсы үдеріс бар, алайда бестіктегі келісімге қол жеткізу алыс болып тұр.
«Егер ақырында трансшекаралық өзара әрекеттестік туралы Тегеран конвенциясына суплементпен қоса алғанда конвенцияға қол қойылатын болса, онда бұл саммит ең бір сәтті отырыстардың бірі болғалы тұр, сол үшін Астана табысты негоциатор және үдерістер медиаторы ретінде бонусқа ие болады», – деп болжайды Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы.

КАСПИЙДЕ «ҚАРА АЛТЫН» КӨП ПЕ?

«Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ-ның жетекші сарапшысы Марат Шибутов конвенцияға қол қойылатынына сенімді. Себебі, Каспийде шынын айтқанда бөлісетін ештеңе қалған жоқ.
«Байқап қарасаңыз, бұл мәселе теңіздегі мұнай қорына қатысты көп болжам расталмаған кезден бастап шешіле бастады. Қашағаннан басқа табыс әкелген ұңғыма – Жемчужина. Басқалары бойынша барлау нәтижелері мұнайдың бай қорының жоқтығын көрсетті», – дейді ол.
Бұған қоса, жаңа кен орындарын барлауға Каспий жағалауындағы елдердің көбісінде қаражат жеткіліксіз. Бұл пікірмен экономика ғылымдарының докторы Олег Егоров та келіседі.
Оның ойынша, тіпті Қашаған да табыстылығы жағынан күмәнді жобалардың біріне айналғалы біраз уақыт болған. Дегенмен, су айдынын бөліске салу керек.
«Бүгінгі таңда Каспийдегі ең басты мәселенің бірі – оның экологиялық жағдайы. Жылдамдатып мұнай өндірісі мен қызыл балық аулауға квота қою қажет. Өйткені, Каспийдің құндылығы тек минералды ресурстарымен ғана байланысты емес қой. Ресей ғалымдарының теңіздің әлеуеті мен әлемдік сұраныс есебімен алғанда мұнайдан түсетін үлеспайдадан екі еселенген пайда әкелетін қара уылдырық кәсіпшілігі елдерге табыс әкелуі мүмкін деген есебі бар», – деп еске салды ол.

КАСПИЙ АРАЛДЫҢ «ТАҒДЫРЫН» ҚАЙТАЛАЙ МА?

Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою тағы не береді? Біріншіден, ойға келетіні – бұл Транскаспийлік газ құбыры. Бұл жобаны көп жылдан бері Әзербайжан жүзеге асырып келеді және одан әрі мұнай құбыры тартылып, «қара алтын» тасымалына жаңа мүмкіндіктер беріледі деп болжам жасалуда.
Сарапшылардың айтуынша, бір айта кетерлігі, қазіргі заманда бұл өршіл жоба аса бір шынайы көрінбейді. Біріншіден, іс жүзінде бассейндегі өндірілген шикізаттың бәрі бірнеше жылдарға ілгері жалға берілген, екіншіден, аталған жоба жергілікті жердің экологиясы үшін өте қауіпті.
«Мұндай жобаларды әбден електен өткізіп барып қолға алу керек деп санаймын. Өйткені, бүгінде бізде мұнай өте үлкен тереңдіктен алынуда және ол күкіртті сутекке толы. Егер бір тұсын жарып шықса апат болуы мүмкін», – дейді Олег Егоров.
Тегінде экология – қол қоюға дайындап жатқан конвенция арқылы шешілетін ең маңызды аспект. Құқықтық айқындылық мемлекеттердің Каспийдегі экологиялық мәселелердің анағұрлым нүктелі және белсенді шешімін жасауына қозғау салады. Себебі, теңіздің әр бөлігінің өз иесі пайда болып, ортақ жауапкершілік те күшейері сөзсіз.
«Мәселелердің бір бөлігі күн тәртібінде тұр. Дегенмен, мәселе уақытында қолға алынбаса, теңіздің экожүйесін ұзаққа әрі күрделі түрде қиындатуы мүмкін. Осындай ішкі су айдынының қайғылы тағдырын ұмытпауымыз керек, яғни Арал теңізінің жағдайы осылай болған. Каспий үшін құқықтық үлес биологиялық ресурстарды ретсіз, шектен тыс пайдалануды шектеуге, сирек кездесетін, соның ішінде Қызыл кітапқа енгендерінің регенерациясына кірісуге, іс жүзінде осы бір әлемдік әдемі су айдынының био алуандығын бірге қорғауға, өзіндік өсімдіктер және жануарлар әлемі көп жерлері бойынша Каспийдің бірегей экожүйесінің осал тұсын азайтуға мүмкіндік береді», – дейді сеніммен Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

ИНВЕСТОР ТАРТУ ЖОЛДАРЫ

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров қабылданған конвенциялар өңірге жаңа инвесторлар тартатынына сенімді. Себебі, көптеген жоба белгісіздік жағдайында дамымақ түгілі басталмай қалған.
«Айқындылықтың болмауы қашан да дауға және белгісіздікке әкеледі. Әсіресе, ол шекараға қатысты болса, құрлық бойынша ма, судағы ма – бәрібір. Сондықтан айқындылық, «қай жерде не бар» екенін және «кімге не қарасты» екенін білу инвесторларға саяси да, заң тұрғысынан да алаңдарда әлеуетті түрде жанжалсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті мемлекет қайраткері.
Иә, Каспий бассейніндегі кейбір елдер бүгінде қиындықтарды бастан кешуде, мұнай бағасы тұрақсыз, ал теңіздегі өнім көлемі төмендеуде. Соған қарамастан негізінен Каспий айдыны мен жер қойнауының ғана есебімен біздің елдер өз қазынасын толтыруда. Яғни, бұл өңір бұрынғыдай инвесторлар үшін тартымды болып қала беруде. Және конвенция да осы әлеуетті көтере түсуге ықпал етеді.

«КАСПИЙ БЕСТІГІ» АҚТАУДА БІР МӘМІЛЕГЕ КЕЛЕ МЕ?

Ақтаудағы саммит несімен есте қалады? Әрине, оған уақыт төреші. Ең бастысы, шара өткеннен соң Каспий теңізінде бейбітшілік салтанат құрса болды.
«Бұрын қандай да бір халықаралық-құқықтық құжаттарды түрлі деңгейде талқылау жағдайында табиғи ресурстарды өңдеу туралы шешімдерді әр ел бөлек-бөлек қабылдайтын, көбіне бұған үшінші тараптар тартылатын, соған қоса соңғылары мұнда өздерінің аса маңызды экономикалық мүдделерін жүзеге асырғаннан бөлек алысқа кететін әскери-саяси мақсаттарын да көздейтін. Енді соның бәрі болашақ құжаттың шеңберінде қатаң шектеуге алынатын болады», – дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
Қазірдің өзінде конвенцияның ең бір шешуші тармақтарының бірі – Каспий айдынына үшінші тараптардың қарулы күштерінің қатысуына жол бермеу. Бірақ, бұл конвенция Каспий маңы мемлекеттерінің өздерінің әскерилерінің санын да реттеуге мүмкіндік беретіні белгілі.
«Қауіпсіздік мәселесіне қатысты айтар болсам, іс жүзінде Каспий қазірден-ақ әскери іс-қимылдар аумағына айналған және бұған дәлел Ресейдің Сириядағы әскери іс-қимылдары шеңберінде әскери ғарыш күштері және әскери теңіз флоты зымырандарымен атқылауы», – дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
Құқықтық айқындылық шартты түрде айтқанда, Каспийде кім күшті, соның құқығының үстемдік құруынан алшақтатады. Кез келген өңірлік державаның әрбір дұрыс емес қадамы құқықтық белгісіздік жағдайындағы емес, қол жеткізілген халықаралық конвенцияны бұзуға жасалған қадам ретінде қабылданатын болады.
Сөйтіп, ерте ме, кеш пе, Каспий бассейнінің елдері бір мәмілеге келеді, өйткені барлығы да белгісіздік жағдайының қауіптілігін жақсы түсінеді. Осылайша, бүгіндегі басты мәселе осы бір тарихи ымыраласу биыл Қазақстан аумағында жасалып, жасалмайтындығында болып отыр.

Тобықтай түйін: Қарт Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі көтерілгелі бері отыз жылға жуықтады. Кеңес Одағы тұсында теңізге тек екі мемлекет – КСРО мен Иран Ислам Республикасы ғана «иелік» етіп келсе, бүгінде оның қатары бес елге – Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түркіменстанға көбейді. Халықаралық талап-нормаларға сәйкес Каспийдің құқықтық мәртебесін осы бес мемлекет өзара келісе отырып, айқындауы тиіс. Осы аралықта талай мәрте екіжақты және көпжақты келіссөздер өткізілді, тиісті құжаттарға да қол қойылды. Дегенмен, «Каспий бестігі» әлі ортақ бір шешімге келген жоқ. Әлемде саяси жағдай тұрақсыз болып тұрған кезде уақыт енді бес мемлекетке ортақ саналатын Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі аса өзекті екенін көрсетті. Демек, теңіздің құқықтық мәртебесінің анықталуына оған қатысушы елдердің барлығы мүдделі болғандықтан Ақтаудағы бұл жиынға әлемдік қауымдастық үлкен сеніммен қарап отыр.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ,

“Qazaq” газеті