ҚАЗАҚСТАН ҚАЙ ЕЛГЕ ҚАНША ҚАРЫЗ?

348

«Алмақтың да салмағы бар» дейтін қазақ үшін қарызды қайтару әр уақытта парыз саналады. Ал Қазақстанның әлемнің 114 мемлекетіне сыртқы қарызы 163,8 миллиард долларға жеткенін ескерсек, бұл қарызды өтеу ел бюджетіне ауыр салмақ түсіріп тұрғанын түсіну қиын емес.

СЫРТҚЫ ҚАРЫЗ: ОЛ ҚАНДАЙ ҚАРЫЗ?

Ең әуелі «QAZAQ» газетінің оқырмандарына түсінікті болу үшін сыртқы қарыз жөнінде қысқаша мәлімет келтіре кетсек орынды болар.

Біріншіден, әлемнің бәрі бір-бірінен (мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, банктерден, т.б.) қарыз алады. Бұл қалыпты жағдай.

Екіншіден, мәселе қарыздың көлемінде емес, оны қарыз алушы мемлекеттің төлем қабілетінде. Мәселен, сыртқы қарызы көп елдердің тізімінде дамыған мемлекеттер көш бастап тұр. Яғни, сыртқы қарыз елдің кедей, не бай екендігін көрсетпейді. Көрші қырғыз, өзбектің бізбен салыстырғанда сыртқы қарызы аз, бірақ бұл олардың экономикасы мықты екендігін білдірмейді, сәйкесінше, біздің де жапондардан сыртқы қарызымыз аз, десе де экономикамыз олардан қуатты емес.

Үшіншіден, кез-келген қарызды қайтару керек. Мәселе сол қарызға алған ақшаны қалай жұмсағандығына байланысты. Мысалы, Грекия. 2004 жылы Олимпиада өткізуге 10 млрд доллар қарыз алды да қайтара алмай әбден қиналды. Дефолт (уақытында қарызды қайтармау, – ред.) жағдайына аз қалды. Қысқасы, той жасаймын деп алған несие сынды. Оның қайтарымы жоқ. Ал жапондар қарыз алса, оны экономикаға салады да, кейін еселеп қайтарып алады.

Төртіншіден, Қазақстан сыртқы қарызына қатысты әңгіменің көптігі ел экономикасының мұнай-газ саласына тәуелдігіне тікелей байланысты. Өйткені, ертең төлей алмау қауіпі жоғары. Сондықтан, сыртқы қарыз неге алдық деген әңгімеден гөрі ол ақшаны қайда жұмсағанымыз маңызды.

ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ 9 МЫҢ ДОЛЛАР ҚАРЫЗ

Қазақстан ұлттық банкінің дерегінше, елдің сыртқы қарызының жалпы көлемі 163,8 миллиард долларды құрайды. Бұл жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 26,1 пайызына тең. Сонда әрбір қазақстандық сыртқа 9 мың доллардан артық қарыз болып шығады. Бұл көрсеткішпен Қазақстан әлемнің 201 елінің ішінде 35-орында тұр.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызындағы квазимемлекеттік сектордың үлесін есепке алмау экономика үшін қауіпті.

Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан 114 мемлекетке қарыз. Бізді қарызға батырған елдердің көшін Нидерланды (Голландия), Ұлыбритания, Қытай және Франция бастап тұр.

Голландияға Қазақстан берешегінің жалпы сомасы – 47,3 миллиард доллар, бұл жалпы қарыздың 30 пайызы (шамамен). Ұлыбританияға берешегіміз – 24,6  миллиард доллар немесе жалпы қарыздың 16 пайызы (шамамен). Қытайға берер қарызымыз 12,6 миллиард доллар немесе жалпы қарыздың 8 пайыздан астамы. Ал, Францияға 11,7 миллиард доллар қарыз екенбіз.

МОНОПОЛИЯЛАНҒАН ЭКОНОМИКА

Белгілі экономист Мағбат Спанов сыртқы қарыз мөлшері қазірдің өзінде өте үлкен екенін айтады. Оның пікірінше, жиынтық қарыздың арасында квазимемлекеттік компаниялардың берешегі өте күрделі проблемаға айналып отыр.

«Бізде классикалық нарықтық экономика жүйесі емес, монополияланған экономика қалыптасқандықтан, шаруашылық жүргізуші субьектілердің қарызын мемлекет өтеп жатады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құрған квазимемлекеттік компаниялар қарызының салмағы мемлекетке түседі. Қаржы қарыз қайтаруға жұмсалып, әлеуметтік төлемдер азаяды. Тіпті, қарызды өтеген күннің өзінде өндірістің жұмысы тоқырап, банкротқа ұшырамасына кепілдік жоқ», – деп түсіндірді Мағбат Спанов.

Сарапшының айтуынша, экономикада сыртқы қарыз шамасы ЖІӨ-нің 60 пайызы деңгейінен аспауы тиіс. Ал бізде мемлекеттік кепілдендірілген қарыз, квазимемлекеттік сектор мен фирмааралық қарыздардың жиынтық сомасы қазір ЖІӨ көлеміне жетіп қалды. Тұтастай алғанда, бұл – жақсы нышан емес.

БЮДЖЕТКЕ ТҮСЕР САЛМАҚ ҚАНДАЙ?

Экономист Рахман Алшановтың пікірінше, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызының өсуі – заңды процесс. Оның сөзінше, қарыздың көлеміне емес, құрамына қарау керек.

«Бұл негізінен компаниялардың өзара қарызы, ал Үкіметтің қарызы одан төмен. Қарыз бірден өтелмейді ғой, мысалы, оған зауыт салып жатыр делік, ол біткен соң ғана пайда әкеледі. Дайын өнім шығарғанша ол қарыз болып тұрады. Сондықтан егер қарыз кәсіпорынға салынып, кейін өнім беретін болса, одан күмән тумауы керек», – деп атап өтті Рахман Алшанов.

Экономист Оразалы Сәбден болса, Қазақстан өткен ширек ғасыр ішінде дайын өнім шығаратын кәсіпорындар құруға емес, негізінен шикізат өндіру көлемін ұлғайтуға назар аударып келгенін айтады.

«Келген инвестицияның қайтарымы болатындай тиімді жүйе қажет. Қайта өңдеу, ауылшаруашылығы тәрізді салаларға басымдық беріп, инвестицияны соған салып, қарызды асырмай бақылап ұстайтын механизм керек. Мысалы, көршілес Ресей мен Өзбекстанның қарыз деңгейі біздегідей жоғары емес», – деді белгілі экономист.

Сонымен бірге Оразалы Сәбден: «Биыл кім, қайдан, қанша қарыз алды? Бұған дейін алған қарыздың қайтарымы бар ма? Әлде құмға сіңіп кетті ме? Осының бәріне жауап жоқ» – деп, мемлекеттік қарыз туралы дерек ашық болуы қажет екенін айтты.

P.S. Бюджет «тесіктерін» бітеу әрі экономиканы көтеру үшін Қазақстан өзге елдерден қарыз алуға мәжбүр. Есесіне, сыртқы қарыздың көлемі де жылдан жылға артып келеді. Ал қарыздың қайтарымы болатынын ескерсек, келешекте сол қайтарым ел экономикасына үлкен соққы болмауы үшін оны қайтарудың жолын қазірден бастап қарастыру қажет. Бұл ең алдымен ұрпақтың жарқын болашағы үшін керек.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» газеті