ҚАЗАҚСТАН VS ҚЫТАЙ: КЕДЕЙШІЛІКПЕН КҮРЕС

48

Тұрақты дамуға жетудің сөзсіз талаптарының бірі – кедейшілікті жою. Өйткені, кедейшілік пен қайыршылық әлемдегі кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейді. Ал, кедейшілікті сандық бағалаудың әртүрлі амалдары бар. Қазақстанда кедейшілік деңгейі тұтынушы-ның ақша жұмсай алу қабілетімен өлшенеді. Статис-тика комитетінің тәсілі бойынша, кедей адамға жалпы тұрғындардың орташа есеппен алғандағы тұрмысы күнкөріс шегінен төмен отбасыларды кіргізеді. Кедейшілік шегі тіркелген деңгейден 40 пайызға төмендегенде басталады, яғни 9 144 теңгеден аз табыс табатындар кедей саналады.

КЕДЕЙШІЛІКПЕН КҮРЕС БАСТАЛДЫ

ҚР Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанда кедейшілік деңгейі баяу болса да кеміп келеді. 2010 жылы тіркелген 7% кедейлік 2015 жылы 3%-ға азайған. Бұл 2015 жылы тұрғындардың табысының төмендеуін, жалпы елдегі экономикалық ахуалды есепке ала отырып жасалған жорамал.
Кедейшілікпен күрес – мемлекеттер жүргізетін әлеуметтік саясаттың басымдыққа ие мақсаттарының бірі. Ал жұмыссыздықтың салдары кедейшілікке алып келетіні аян. Соған сәйкес, Қазақстанда «Жұмыспен қамту – 2020» және «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламалары қабылданған, олар халықтың жұмыспен толық қамтылуына, кіші және орта бизнестің дамуына және сол арқылы кедейшілік деңгейінің төмендеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бір қызығы, 2016 жылы шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасы тура біздегідей жұмыссыздықпен күресуге, кедейшілікті жоюға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алды. Тіпті, қос елдің де бағдарламасы 2020 жылға дейін арналған екен. Мақсат та, мүдде де бір. Бірақ, бағдарламаның орындалуында қос елде айырмашылық бар. Енді салыстырып көрелік…

КЕДЕЙЛІК МӘСЕЛЕСІН ҚАЛАЙ ШЕШЕДІ?

Қос елдің бағдарламаларындағы басты айырмашалық – бөлінген қаржының көлемі мен жауаптылығында.
Қазақстанның «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы кәсіптің нәсібін көрем деген азаматтарға үлкен демеу береді. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 4 бағытта жұмыс атқарылуда. Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. Бұл – бір.
Екіншісі, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Бұл үшін кәсіпкерлерге шағын несие беріледі, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға көмек көрсетіледі. Кәсіпкерлік негіздері оқытылады. Мұның бәрі ауыл кәсіпкерлері үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған зор мүмкіндік.
Бағдарламаны іске асырудағы үшінші бағыт – еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру. Бұл үшін мемлекет тұрғындарды экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдеседі. Ал төртіншісі, әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру.
Кедейшілікпен күресуде бізге қарағанда шығыстағы көршіміз басқа жолды таңдады. Қытайдың коммунистік партиясы елдегі жүздеген ірі компанияларды өз табыстарымен бөлісуге міндеттеді. Айталық, бұл компаниялар елдегі кедейшілікпен күресуге арналған қорға қыруар қаржы аударулары тиіс. Бұл шамамен 140 миллиард долларды құрайды.
Бұған қоса, аспан асты елінің бюджетінен де тағы 10 миллиард доллар бөлінеді. Ал, бөлінген бұл қаржының жұмсалуы біздің елден мүлдем ерекшеленеді.
Біріншіден, кедейшілікпен күресуге арналған қордағы 150 миллиард доллар күн көрісі төмен 14 аймаққа жұмсалады. Бұл аймақтарда 600 миллионға жуық халық тұрады. Халықтың басым бөлігі кедейшіліктің шегінде өлместің күнін көріп отыр.
Екіншіден, Қытай Халық Республикасының ұлттық даму және реформалар жөніндегі комиссиясы ауқымды бағдарламаны жүзеге асырады.
Үшіншіден, бөлінген 150 миллиард доллар-дың діттеген мақсатқа жұмсалуын біздегідей аймақ басшылары емес, мемлекеттік органдар мен инвесторлар қатаң бақылайды. Өйткені, аспан асты елінде біздегідей жекелеген шенеуніктерге сенім жоқ. Алайда Қытайдың заңы қатал, кешіруді білмейді. Жемқорларды ұстаса біздегідей темір торға тоғытып әуре болмайды, бірден ату жазасына кеседі. Соның нәтижесінде, Қытайда мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржы көп жағдайда Қазақстандағыдай «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпейді. Бұл өз кезегінде кедейшілікпен күресудің тиімді жолы. Осы орайда Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» дейтін даналық сөзі ойға оралады.

150 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Енді кедейшілікпен күресуге арналған қордағы 150 миллиард доллардың қалай және қайда жұмсалатынына тоқталсақ.
Ең алдымен, қор қаржысы қолжетімді баспана салу, жол сынды маңызды инфрақұрылымдарды дамытуға, жаңартуға бағытталады.
Екіншіден, қаржының кейбір бөлігі кедейлердің сауатын ашуға, белгілі бір кәсіпке оқытуға жұмсалады. Ондағы мақсат – кедейлердің қолмен ғана емес, басымен жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Содан кейін, сол аймақтарда іске қосылған зауыт, фабрика басшыларына (инвесторларға) сауатын ашқан қытайлықты жұмыспен қамтуларына жағдай жасауды міндеттейді.
Үшіншіден, Үкімет ауыл шаруашылығындағы фермерлерге 50 мың юань (7 мың доллар) несие береді. Бұл кедей аймақтардағы халық үшін қыруар қаржы. Тіпті, несие алу үшін қытайлық фермерлер біздегідей кепілдік зат қоймайды, қаптаған құжаттар жинамайды.
Сонымен қатар, несие алған фермерлер 10 жылға барлық салықтардан босатылады. Жері жоқтарға тегін жер беріледі. Олар егін, дәнді-дақылдар егіп, азық-түлікпен өзін, отбасын қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін саудаға шығарулары тиіс, яғни бұл кәсіптен табыс табулары керек.
Төртіншіден, әлемдегі екінші экономика-лық елдің үкіметі барлық жұмыссыздарға тегін медициналық қызмет көрсетеді, орта арнаулы білім береді.
2049 жылы Қытай Халық Республикасының құрылғанына 100 жыл толады. Соған дейін аспан асты елі экономикалық көрсеткіштермен АҚШ-ты басып озып, экономикасы дамыған әлемдегі жетекші ел болуды көздейді. Ал мұндай бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы ең алдымен Қытайдың сол арманына қол жеткізуіне жақындата түседі.

Тобықтай түйін: Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда еңбекке жарамды
халықтың 58 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс жасамайды,
ал жұмыссыздық көрсеткіші 5 пайыз. Бұл көрсеткіш тіпті Еуропа елдерінен де төмен екен. Енді мұндай ресми мәліметтің қаншалықты шындыққа жанасатынын білмейміз. Бір білетініміз, Қытайда жалған мәлімет берген шенеуніктердің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Тіпті, ату жазасына да кесілуі ғажап емес.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, “Qazaq” газеті