ҚАЗАҚТА ДА ВУНДЕРКИНД БАЛАЛАР БАР

97

Бәрін біліп туған балаларды «вундеркинд» дейміз. Мұндай «алтын балалар» кез-келген елдің бағы, қоғамның байлығы, ата-ананың мақтанышы екені даусыз. «Алтын балалардың» жасына қарамастан ересектердің тірлігін жасап, ғылым мен өнерді дамытып, ерекше қабілеттерімен адамзаттың дамуына қосар үлестері зор. Ғалымдардың айтуынша, миллион адамның ішінде бір адамда ғана Эйнштейндегідей  қабілет ұшырасады екен. Сонымен қатар, дарындылықты да үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Жүре келе мұндай қасиетінен айрылып қалатындар да бар деседі ғалымдар.

 

ӘЛЕМНІҢ ВУНДЕРКИНДТЕРІ: ОЛАР КІМДЕР?

Жас кезінде вундеркинд атанып, есімі тарихта алтын әріптермен мәңгілікке жазылған әлемдік деңгейдегі тұлғалар бар. Мәселен, әйгілі ғұлама Блез Паскаль төрт жасында оқып қана қоймай, көркем тілмен жаза да білген. Тоғыз жасында «Музыка туралы трактат» жазған ол он үш жасында француздың ең озық математиктерімен иық тірестіре жүретін дәрежеге жеткен. Сондай-ақ, үш жасында концертке шыққан Моцарт пен тілі шығысымен қолына қылқалам алған Пикассо сынды дарындыларды сол кезде-ақ әлем жұрты мойындаған еді.

Әлемнің ең жас университет түлегі ретінде Майкл Кирнидің есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген-ді. Бұл вундеркинд баланың тілі төрт айлығында шығып, он айлығында әріп таныған. Ол аз десеңіз, алты жасында мектепті, он жасында университетті бітірген. Он жеті жасынан бері колледжде ұстаз болып жүрген Майклдың жасы бүгінде жиырма сегізде. Жеткен жетістігі де толайым. Атап айтқанда, ол білімінің арқасында 2006 жылы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құраған «Gold Rush» ойынында жеңіске жетсе, 2008 жылы «Кімнің миллионер болғысы келеді?» дейтін шоуда миллионер атанды.

Вундеркинд балаларымен Азия елдері де мақтана алады. Айталық он бір жасар тайвандық Соня Ян оннан аса тілді еркін меңгерген. Ол неміс, тайвань, француз, испан, португал, жапон, ағылшын, қытай тілдерін «шекілдеуіктей шағатын» көрінеді. Ересектерге бір тілді еркін меңгеруге бірнеше жыл керек болса, бұл қыз үшін өзге тілді меңгеру аса қиынға соқпайды. «Өзге тілдің бәрін біліп, өз тілін құрметтеп» жүрген тайвандық бүлдіршін терең білім алу мақсатында ата-анасымен Англияға қоныс аударыпты.

Майкл мен Соня секілді бәрін біліп туған «алтын балалар» әлемде аз емес. Атап айтқанда, алты жасында кәсіби бильярд ойнаған американдық Вилли Москони, үш жасында жеке ән жинағын шығарған молдовандық әнші Клеопатра Стратан, он бес жасында Гарвардта ұстаздық еткен американдық Сол Крипке, екі жасында өзінің жеке көрмесі өткен американдық суретші Аэлита Андрэ, алты жасында университет бітіріп, жеті жасында НАСА-ға жұмысқа қабылданып, он бес жасында физика ғылымының докторы атанған кәріс Ким Унг-Йонг, он жасында физика оқулығын құрастырған ресейлік Савелия Косенко секілді дарынды балалардың есімі Гиннестің рекордтар кітабына еніп қана қойған жоқ, сонымен қатар, өз салаларында адам таңғаларлық жетістікке де жетті.

Жалпы вундеркинд балалар төңірегінде әңгіме көп. Ондай «алтын балалар» қазақтардың арасында да баршылық.

 

14 ЖАСЫНДА СТУДЕНТ АТАНҒАН АРЫСТАНБЕК ҚАЗІР ҚАЙДА ЖҮР?

Осыдан  отыз  жыл  бұрын  отандық  басылым-дар он төрт жасында қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің студенті атанған алматылық Арыстанбек Нұрмаханов жөнінде жарыса жазған еді. Өйткені, оңтүстік астанадағы №12 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттаған бұл вундеркинд бала құрдастары үшінші сыныпта оқып жүргенде, ол жетінші сыныптың оқушысы атанған. Аталмыш жоғарғы оқу орнының бесінші курсында оқып жүргенде-ақ ағылшын тілін оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушысы, одан кейін аға оқытушысы, доцент, ал 23 жасында халықаралық қатынастар факультетінің ағылшын тілі кафедрасының меңгерушісі, 27 жасында халықаралық қатынастар факультетінің деканы атанған.

2009 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған сұхбатында Арыстанбек «Кока-Кола» компаниясының Орта Азия мемлекеттеріндегі үкімет және әлеуметпен байланыс менеджері болып жұмыс жасайтынын әрі еліне өзінің пайдасын әлі де тигізетінін айтыпты. Бәрі де орынды ғой. Әйтсе де, АҚШ өзінің Арыстанбектей вундеркинд балаларын қалай әспеттегенін жақсы білеміз. Дарынды балаларын Гиннестің рекордтар кітабына енгізіп, әлемге әйгілі еткені былай тұрсын, оларға ақшаны үйіп-төкті. Өйткені, америкалықтар бәрін біліп туған балалардың адамзат дамуына қосар үлесі зор екенін жақсы түсінеді. Ал, біздер 1987 жылдары Арыстанбек Нұрмахановтың он төрт жасында студент атанғанын сенсациялық жаңалық ретінде тамсана айттық да артынан қойдық.

Сол Арыстанбектің «Егемендегі»  сұхбаты-нан байқағанымыз, ол 2000 жылы Президенттің қолынан жас ғалымдарға арналған Мұхтар Әуезов атындағы сыйлық қана алыпты. Мемлекет тарапынан басқа қолдау болмағанға ұқсайды. Бастапқыда Арыстанбекке мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілгенде мүмкін бүгінде вундеркинд баламыз әлемге әйгілі қазақ болар ма еді? Әйтпесе он төрт жасында студент атанған Арыстанбекті бұл күндері аға буын білгенімен, өскелең ұрпақтың білмейтіні жасырын емес. Әрине, «қолда барда алтынның қадірін» білмегеніміз өкінішті…

Жоғарыда он жасында физика оқулығын құрастырған ресейлік қыз Савелия Косенконы тілге тиек еттік. Жас болса да Савелия секілді оқулық жазуға шамасы келетін өзіміздің де жастарымыз бар. Мәселен, теміртаулық Розлана Ғабуллина он бес жасында жоғарғы сынып оқушыларына арналған сызу бойынша электронды оқулық жасап шығарған-ды. Теміртаудағы №23 орта мектептің ұстаздары Розлананың бұл электронды оқулығын жоғары бағалап, онымен жұмыс жасау әлдеқайда тиімді әрі қолайлы екенін мойындаған. Тіпті, ұстаздар қауымы Розлананың аталмыш еңбегін отандық жоғарғы оқу орындарының бағдарламаларына да енгізуге болатындығын атап өткен. Бірақ, әттең тағы да қол қысқа болды, ал билік басындағы ағайындар жас өреннің жаңалығына құлақ асқан жоқ.

Талабы таудай Розлана ғылыммен де айналысады. Дейтұрғанмен, оның сөзіне қарағанда ғылыммен толықтай айналысуға Теміртауда мүмкіндік болмаған. Өйткені, шағын қалада қажетті реактив, материал мен құрылғыларды табу қиын екені айтпаса да түсінікті.

2011 жылы Розлана Теміртаудағы №23 орта мектепті бітірді. Ал Розлана Ғабдуллинаның  қайда оқып жатқандығынан бүгінде біз хабарсызбыз, ал 2010 жылы оның еңбегін «жерден жеті қоян тапқандай» жұрттан «сүйінші» сұраған едік. Білім мен ғылымға зерек теміртаулық өрен мемлекет тарапынан қолдау болмаса да тек өз зерттеулерін доғармаса екен деп тілейміз.

Фабиано Луджи он төрт жасында гроссмейстер болғанында «Италия мен АҚШ-тың Құрметті азаматы» атаныпты. Міне, өзгелер вундеркинд балаларына осылайша құрмет көрсетіп, алақандарына салып жүр. Ал біз ше? Біз Жансая Әбдімәліктің сегіз жасында әлем чемпионы, ал он бір жасында әлемді төртінші рет бағындырғанда қаршадай қазақ қызына қандай құрмет көрсете алдық?

 

«ҚАЗАҚТЫҢ МОЦАРТЫ» ИТАЛИЯҒА ОҚУҒА КЕТТІ

Атынан ат үркетін композиторларымен терезесі тең шығармаларын бар болғаны 12 жасында жаза бастаған, 13 жасында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті атанып, 18 жасында Қазақ Ұлттық өнер университетінің магистратурасын бітірген вундеркинд Рахат-би Әбдісағын туралы «QAZAQ» газетінде жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Бұрнағы күндері немістің Verlag Neue Musik баспасы композитор Рахат-би Әбдісағынның партитурасын шығарды. Осылайша Рахат-би әлемге танымал каталогқа шығармасы енген алғашқы қазақ музыканты атанды.

Шетелдіктер Рахат-би Әбдісағынды «қазақтың Моцарты» деп атайды. Ол көпшілікті таңғалдырудан жалыққан емес. Осы уақыт ішінде 100-ге жуық шығарма жазды. Оның туындылары Еуропаның көптеген сахнасында шырқалды.

Жас сазгер әрі пианист Рахат-би Әбдісағынның емтиханды сәтті тапсырып, Римдегі Санта-Чечилия Ұлттық академиясына оқуға түскені таяуда белгілі болды.

Айта кетейік, жас дарын иесі алдымен Италиядағы оқу орнына өз еңбектерін жіберген. Оқу орны келіп түскен өтінімдердің ішінен 14 жанды іріктеп алған. Олардың 13-і италиялықтар болса, біреуі біздің Рахат-би болған.

«Әрине, бақыттымын! Жаңа белеске дайын екенімді сезіп тұрмын. Мен үшін ең бастысы – Санта-Чечилия академиясының оқуға қабылдап, маған сенім артқаны. Бұл – көктен берілген сый! Қазақстан нағыз тәуелсіз елге айналды және біздің жастарымыз әлемнің ең үздік университеттеріне оқуға түсе алады», – деп атап өтті Рахат-би Әбдісағын.

 

ОН ЕКІ ЖАСТАҒЫ СТУДЕНТ АБЗАЛДЫҢ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?

Алматылық  вундеркинд  Абзал Мырзаш 8 пәннен қалалық және республикалық олимпиадаларға қатысып, мектептегі ұстаздарын таңқалдырған болатын. Енді ол университеттегі құрдастарынан оза шауып, сол жердегі ұстаздарын таңқалдырып жүр. Дәл қазір 12 жастағы «алтын бала» Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ технологиялық университетінің бірінші курс студенті.

Вундеркинд бір жасқа толмай жатып сөйлеп, екі жасында оқып, жаза бастаған. Бүгінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін ол ЖОО-ны да мерзімінен бұрын тәмамдауды жоспарлап жүр.

«Sputnik Қазақстан» басылымының тілшісіне берген сұхбатында Абзал Мырзаш бакалавриаттың төрт жылдық бағдарламасын 2,5-3 жылда уақытынан бұрын меңгеріп, магистратураны Массачусетс технологиялық университетінде (АҚШ) оқып, Отанға қайта оралатынын, отандық ғылымның дамуына өз үлесін қосатынын айтыпты. Дұрыс қой, бірақ негізі сонау 1861 жылы қаланған әлемге әйгілі Массачусетс технологиялық университеті дарынды баламен оңай қоштаса салатынына сену қиын.

 Тобықтай түйін: Бүгінде интеллект, шығармашылық қабілет – кез-келген ұлттың байлығына айнала бастады. Бұны АҚШ, Жапония, Израиль, Батыс Еуропа елдері жақсы түсінді. Өйткені, аталмыш елдер дарынды балаларына ерекше қамқорлық жасап, оларды оқытудың тиімді жүйесін құрып, вундеркинд балаларының еңбегіне лайықты сый-сияпат жасауда өзгелерден оқ бойы озық тұр. «Алтын балалардың» елдің дамуына орасан-зор үлес қосатынын білген бұл елдер қаражат бөлуден тартынып көрген емес. Оларда қаражат басқаға табылмаса да сол вундеркинд балаларға табылады. Сондықтан да, еліміздің жоғарыда аты аталған елдердің тәжірибесіне зер салса орынды болмақ.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті