ҚАЗАҚТЫҢ АЙСЕДОРАСЫ НЕМЕСЕ БИШІ-ПЕДАГОГ МАМАНДЫҚ

71

Мамандықтың сан түрі бар. Соның ішіндегі негізгі мамандыққа жанама мамандықтар да болады. Мысалы, бишілік мамандық емес. Бишілік – өнер, бишілік – талант. Ал осы би әлеміне еніп, оны өмірінің бөлшегіне санап әрі мамандыққа айналдыру да өз алдына бөлек әңгіме. Яғни, бишілер педагог та бола алады екен. Демек, осы тұста бишілік те мамандықтар тізіміне қосылады. Олай болса, бүгін «Qazaq» газеті көпке танымал биші-педагог Перизат Омарбековамен би әлемінің, бишіліктің көпшілік біле бермейтін сырларын зерделеп, оның таныс әрі бейтаныс қырларына тоқталады.

 

ШАРАНЫҢ ІЗБАСАРЫ

Ұлтымыздың ғасырлар бедеріндегі тарихы мен тағылымын, салт-сана, дәстүрін әсем қимыл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін би өнері болса керек. Биден кейін материалдық мұра қалмаса да, рухани мәдениет қалыптасады. Би өнерiнiң түп тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алатыны белгiлi. Шартты белгілер жүйесі арқылы би қимылдарын жазу хореография (грек. choreia – би, grapho – жазамын) саналады. Алғаш рет «Хореография»  терминін француз би үйретушісі Октав Фейе енгізді. Ал, Қазақстанда бұл термин өткен ғасырдың 30-шы жылдары қолданыла бастапты.

Қазақ биі – халқымыздың сан ғасырлық тарихының куәсі. Бүгiнде бишiлер де, би ансамбльдерi де, би студиялары да жоқ емес. Бiрақ, кәсiби жеке бишiлерiмiз саусақпен санарлық. Менi көптен берi осы мәселе ойландырады. Бiздiң би әлемге  танылғанымен, әлі өз деңгейінде емес. Менің ойымша, қазақ биi ұлттық дәстүр, салт-сананы танытатын өнердiң ең тиiмдiсi. Ол халықтың табиғатында, болмыс-тiрлiгiнде әуелден бар. Қанымызға сiңiп қалған дүние. Сондықтан да болар би халықтың жүрек қалауы. Ол онымен бiрге жасап келедi. Әрине, тоқырау кезеңдерiнде мәдениеттiң басқа салалары сияқты ұлттық дәстүрлi би өнерi де қиындықты бастан кешкенi белгiлi.

Би бір сәттік қана, билеу кезінде ғана өмір сүретін уақытша, өткінші өнер болғандықтан, би шығармашылығының тарихи қалыптасуын зерттеу өте күрделі. Өйткені, ол өзінен кейін материалдық – заттай ескерткіш қалдырмайды. Биге қатысты сурет, жазба және ілеспелі музыка оның бір қырын ғана қамтып, біржақты түсінік берумен шектелсе, осы заманғы кино түсірілім ғана би өнері жайында толық түсінік бере алады.

Қазақ биi – әлем билерiнiң iшiндегi ең жасы десек те болады. Ол өзiнiң шарықтау шегiне әлi жете қойған жоқ. Бiрақ, оның белгiлi бiр бөлiгi классикалық деңгейге көтерiлдi. Мәселен, «Қамажай», «Маусымжан», «Айжан қыз» тәрiздi халық билерi ұлтымыздың болмысын танытады.

Халықтың жан дүниесi, оның таным-түсiнiгi, табиғатпен байланысы, философиясы, мiне, осының бәрi кез келген бидiң құрылымынан, болмысынан айшықты көрiнiс табады. Әрине, бұны былайғы қарапайым жұрт аңғара бермейдi. Қай өнер саласы болсын, оның бiз бiлмейтiн жақтары, өзiндiк сырлары, әдiс-тәсiлдерi болатынын ешкiм жоққа шығармайды. Билер де жақсылыққа, iзгiлiкке, әсемдiкке құрылатынын бiлемiз.

Таныс әрі бейтаныс мамандық иесі, кейіпкеріміз Перизат Омарбекова – ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Шабыт» байқауының лауреаты.  Шара Жиенқұлова билерінің түп-тамырын жоғалтпай, бүгінгі күнге дейін сақтап, кең көлемде насихаттап  жүрген отандық бишілердің арасындағы жалғыз биші десек артық айтпаймыз. Биші-педагог Перизаттың ерекше мамандығымен терең танысуды билерінен бастауды жөн көрдік.

Бишінің дәстүр жалғастығы және  қазақ биін жаңғырту, заманауи сипатқа енгізу жолындағы талпыныстарын бағалай отырып, оның тек қазақ биін ғана емес, өзге ұлт билерін де қаймағын бұзбай орындайтынын байқадық. «Бақсы», «Келіншек», «Томирис-ханша», «Жұмақтағы кездесу»  сынды  төл туындыларында ұлттық бояу, айбынды рух байқалады. Ұлттық иiрiмдерi, билеу мәнерi дараланып тұратын Шара апамыздың би қоржынындағы «Айжан қыз» биін  Перизат Омарбекова  қаймағын бұзбай орындайды. Халық өмiрiн би тiлiмен баяндайтын, соны мың бұралған әсем қимылдармен көрерменге жеткiзетiн бұл биде халықтың рухани таным түсiнiгiнiң жиынтық көрiнiсi жатқандай көрiнедi.

 

ФРАНЦИЯНЫ ТАМСАНДЫРҒАН БИ

Шара апамыз көздiң қарашығындай сақтап, талмай, қажымай тiрнектеп жинаған iнжу-маржан дүниелерiн қайта жаңғыртып, тәуелсiз елдiң игiлiгiне айналдыруды көздеген Перизат Омарбекова аманатқа қиянат жасамай, келер ұрпаққа қазақ биін саф, таза қалпында жеткізуді армандайды.

«Мен «Айжан қыз» атты биде сол кісінің бейнесін жасауға тырыстым. Бұл биді кезінде өзі де билеген екен. Осы биді еш өзгертусіз, тіпті Шара апаның көйлегінің «көшірмесін» жасадым», – дейді биші.

Иә, дәстүр жалғастығының үзілмеуінің озық үлгісі осы болса керек!

Хореографиялық бiлiм алған кәсiпқой бишi де, бидi қойған кәсiпқой балетмейстер де жаңа дүниенiң сапасына бiрдей жауапты. Бишi «бидi әйтеуiр билеп шықсам болды» деп ойламай, бидiң көрiнiстiк әсерiнен гөрi оның iшкi айтайын деген табиғи сұлулығына көбiрек мән берiп, халықтың назарын соған аударуға ден қойса, онда ол бишiнiң биi көңiлден шықты деген сөз. Әр бидiң де адам сияқты өзiндiк ерекшелiгi, мiнез-құлқы бар екенiн бишi әсте естен шығармауы керек.

Қазақ билерi – көбiне-көп нақты белгiлi бiр тұрмыс-тiршiлiкке құрылады да халықтың бейне болмысының айнасына айналады. Ол елдiң сән-салтанатын, жастардың махаббатын, ерлiгiн, елдiгiн, қайғы-мұңын, әл-қуатын дәлме-дәл сан мыңдаған қимылмен, қозғалыспен баяндап тұратын болғандықтан бишi сахнада оны бар шеберлiгiмен, бар жан-тәнiмен жеткiзуге тырысатыны хақ. Бишінің орындауындағы «Алтынай» биiн Францияның талғампаз көрермендері тамашалап, орындарынан тұрып құрмет көрсеткен екен. Бұл балеттің отаны Францияның қазақ биіне бас июі іспеттес.

Осы биін билегенде жылдамдығына көз ілеспей, үкісі жерге тигенше иілетіні бар. Қазақ өнеріне деген ықыласы мен адалдығы қатар тоғысқан бишінің әр қимылына қарап, құдды бір сүйегі жоқ адамды көргендей боласың…

«Бұл би қазақ биінің шарықтауы деп түсінемін. Өйткені, «Алтынай» күйінің өзі өте екпінді күй, ал оған қойылған би…. өте күрделі. Қазақ  қызының бүкіл болмысы сипатталатын би. Жау жағадан алғанда қазақ қызы қарап отырмаған, қазақ қызы намысты қолдан бермегенін би тілінде жеткізеді. Сол сәтте қазақ қызы болғанымды мақтан тұттым. Тек Франция ғана емес, «Алтынай» биін көптеген өзге елдер жақсы қабылдайды», – дейді педагог-балетмейстер.

Кейіпкеріміздің би қоржынында өзі шығарған билері де бар. Перизат Омарбекова би әлеміндегі жиырма жылына қорытынды ретінде 2015 жылы тек қазақ билерінен тұратын «Биім менің – биік шың» атты жеке кешінің шымылдығын өзінің төл туындысы «Бақсы» биімен ашқан еді. Ол: «Би кеші десе көрерменнің көз алдына әдемі көйлек киген періштедей ару елестейтіні анық. Бірақ, мен бақсы образымен кештің шымылдығын аштым. Мұның астарында зор мән-мағына бар. Кештің бағдарламасы қазақ тарихына сай жасалды. Ежелгі дәуірден бастап бүгінгі егемендікке дейінгі аралықты бимен жеткізгім келді. Қазақтың буын биінің отты айналып зікір салып билейтін бақсылардың биінен бастау алғанын бірі білсе, бірі білмейді. Бұл би сонысымен ерекше», – дейді ағынан жарылып.

Бидегі ырғақтықты сезіну қимылдың бір уақытта бірдей қайталануы, үзіліс пен екпін түсіруі әрі алмасуы нәтижесінде жетеді. Бидегі музыкалық,  ырғақтық үзілістер би үзілістерінің эмоциялық-динамикалық қалпына сәйкес келеді. Би билеу орындаушыға мамыражай, жан жадыратар рахат бір күй әкеледі. Оның биологиялық немесе табиғи бастаулары ежелгі би шығармашылығының дамуына жағдай жасады. Бидің негізі – адам бойындағы көркемдік талаптардың тууы секілді биге деген психологиялық қажеттілікті анықтайтын шығармашылықтың қоғамдық бастамасы.

Ақынның жыр жазуы қандай қиын болса, би ойлап табу, оның үйлесім-кілтін табу да сондай қиын. Перизат Омарбекованың төл туындыларының ішінде «Жұмақтағы кездесудің» шоқтығы биік. Себебі, би оқиғасы «Айша бибі» биімен жалғасып кетеді. Яғни, шын ғашықтар қандай жағдайда да қосылады деген тұжырыммен Қарахан мен Айшаның жұмақта жолығуы би тілінде баяндалады. Көрерменді сендіреді. Бастысы осы. Ал «Атамекен», «Өз елім» билерін жоғарыдағы «Бақсы» биінен бастау алып, өткенді аңсау, көрген қиыншылықтардан соң нұрын төккен күннің сәулесі секілді билер. Тәуелсіз Қазақстанның  аспанының астында ән шырқап, би билегенге не жетсін?!

Перизат Омарбекова қазақ билерін нақышына келтіріп билейтін орындаушы ғана емес, өз жанынан би ойлап табатын қалыптасқан балетмейстер екеніне оның төл туындылары дәлел.

 

БІР БИІ –БІР СПЕКТАКЛЬ

Расында да, би өнері – адам өмірінің эмоциялық табиғаты мен оны қоршаған табиғи ортаны бейнелеген көркемдік шығармашылық салаларында елеулі орын алады.

Тұтас алып қарағанда, қазақ биінің қалыптасуы барлық дүние бейнелі түрде қабылданып әрі оның бәрі бейнеге айналдырылған тарихи кезеңге жатады. Сезім де өзін қоршаған өмірлік ортаның суреті, адамның ішкі жан дүниесі ретінде бейнелі түрде түсіндіріледі. Бұл қоғамның даму сатыларының ерте кезеңіндегі би шығармашылығына қуатты эмоциялық серпін берді.

Би – ғажайып өнер. Ал, үлкен өнерді адамның тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түйсінетіні ақиқат. Егер де біз халқымыздың арғы-бергі тарихына терең зер салсақ, би өнерінің сонау ықылым заманның өзінде-ақ, қазақтың ұлттық өнерінің бір бұтағына айналғанын айқын аңғарамыз.

Перизат Омарбекованың өнерін жақсы білетін адамдар оны қазақ биінің негізін қалаушы Шара Жиенқұлованың жолын жалғаушы, сіңілісі деп біледі. Оның биіне тәнті ендігі бір қауым американдық биші Айседора Дунканға ұқсатады. Шара апамыздан кейін жеке биші ретінде қазақ биіне арнап кеш өткізген Перизат Омарбекованың пластикасы, шеберлігі, артистизмі қатар өрілгенде бидің өн бойынан әдемілік қана емес, ерекше мінез көрінеді. Би мінезі. Биде мінез бола ма дерсіз? Болады екен!

Иә, Перизат Омарбекова – қазақтың Айседорасы!

Исраил Сапарбай:

Есенин есі кеткен Дункансың ба?

Еркімді ес жидырмай құртарсың ба?

Қанқызыл шарап болсаң кеседегі,

Қайран-ай, қалмас еді-ау, бір тамшың да! –деп жырға қосады. Бұл тегіннен тегін емес. Биші Айседора Дункан… ол модерн би жанрының негізін қалаушы болса, Перизат Омарбекованы қазақ биінің шыңын бағындыру жолында модернист, инноватор деп тануға толықтай негіз бар. Себебі, оның бағыты қазақ бишілерінде әлі ешкімде жоқ «танс-драма» жанры. Яғни, Перизаттың бір биі – бір спектакль! Оның биінің арқауы – халықтың жан дүниесі, таным түсінігі, табиғатпен байланысы, философиясы. Міне, осының бәрі кез келген биінің құрылымынан, болмысынан айшықты көрініс тауып жатады. Мәселен, «Айша бибі»  және «Томирис ханша» билері. Бұл екі биде кейіпкеріміз әрі қатал, әрі қылықты әйел болмысын көрсетуге тырысады. Әсіресе, «Айша бибіде» ғашығына қосылмаған арудың тағдырына аянышты нүкте қойылады.

Сонымен қатар, екінің бірінің қолы жете бермейтін ерекше мамандық иесі биші-педагог Перизат Омарбекова он жылдан бері шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Өзінде бар өнерді өзгелерге дарыту кез келгеннің қолынан келмейтін қиян дүние екені мәлім. Соған қарамастан, кейіпкеріміз «Жас қиял» атты шәкірттерінің би ансамблінің негізін қалап, талапты жастарды арман асқарына жетелеуде. Әрі биші, әрі педагог болып, қос мамандықты тең ұстап жүрген ол «Қазақконцерт» ғимаратынан өзінің «Omarbekova-dans» атты би мектебін ашқан. Бүгінде шәкірттері Халықаралық, Республикалық байқаулардан бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болып, ұстаздарының, ата-анасының үмітін ақтауда. Кейіпкеріміз би мектебіне 5-10 жас аралығындағы биге икемді бүлдіршіндерді шақырады.

Айтпақшы, жаздың алғашқы айында педагог «Жас қиял» ансамблінің есеп беру концертін көптен күткен көрерменіне ұсынғалы отыр. Бишілер дәл қазір осынау ғажайып концертке дайындық үстінде екен.

Тобықтай түйін: Қазақ биінің тарихында өз қолтаңбасын қалдырғысы келетін Перизат Омарбекова ұлттық биіміздің жанашыры ғана емес, талапты шәкірттер тәрбиедеп жүрген педагог, қиял көгінде қалықтап, жаңа билерді сахналаған новатор, балетмейстер. Бүгін педагог-биші мамандығының жұмбағына бойлау арқылы таныс әрі бейтаныс би әлеміне де ендік. Рас, мамандықтың жаманы болмайды, бастысы таңдаудан қателеспеуі керек.

Әлия Іңкәрбек, «Qazaq» газеті