ҚАЗАҚТЫҢ БАС АУРУЫНА АЙНАЛҒАН БАСПАНА

9

Баспана мәселесі қазақтың бас ауруына айналғаны жасырын емес. Өйткені, күн көріс қамымен ауылдан қалаға ағылғандардың қатары тым көп. Бұрындары қазақ жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп-қонып жүрсе, қазір пәтерден пәтерге көшіп жүр. Тірнектеп жүріп тапқандары сол жалдамалы пәтердің ақысын төлеуден арыға аспайды. Ал, Тәуелсіз елде өзгеге тәуелді болып, өгейдің күнін кешіп жүргендердің дені өзіміздің қаракөздер екені жанымызға батады-ақ.
Иә, бүгінде бұл тақырып кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Халықты тұрғын үймен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асқалы жұртшылық мемлекет тарапынан үйлі болудың жолдарын қарастыруда. Редакциямызға тұрғын үйге қол жеткізудің мүмкіндіктерін сұрап, хабарласатын оқырмандарымыз көп. Баспананың жайын сұрағандар үшін 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті төменде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспаналы болудың басты жолдарына тоқталады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың алғашқы он айында 33 мыңнан астам қазақстандық отбасы аталған банктің көмегімен баспана жағдайын жақсартса керек. Бұл мерзім ішінде банк клиенттеріне берілген несие көлемі 226 млрд теңгені құрапты. Ал, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» (ТҮҚЖБ) арқылы жаңа баспана иесі атанып, жеке пәтер, үй немесе жер телімін сатып алу үшін қандай талаптарды орындау керек екенін рет-ретімен қарастырып көрейік.

СЫЙАҚЫ МӨЛШЕРЛЕМЕСІ ТӨМЕН БОЛУЫ КЕРЕК

Займның үстінен төленетін соманы мейлінше аз етіп, жылдық мөлшерлемесі ең төменгі 3,5-5%-ды құрайтын несиені алу үшін келесі шарттарды орындау қажет:
– банк салымшысы атанып, жеке есепшотқа келісілген соманың кем дегенде 50%-ын жинау керек;
– салымшының ТҮҚЖБ-дегі қор жинақтау мерзімі 3 жылдан кем болмауы тиіс;
– ең төменгі бағалау көрсеткішіне қол жеткізу қажет.
Кейде клиент есепшотына алғашқы төлемді бірден құяды немесе үй бағасының алғашқы 50%-ын 3 жыл емес, одан аз уақыт үшінде жинақтап үлгереді. Мұндай жағдайда да салымшы банктен несие ала алады.  Алайда, оның жылдық мөлшерлемесі 7,5-8,5%-ды құрайды.

ЕҢ ТӨМЕНГІ БАҒАЛАУ КӨРСЕТКІШІНЕ ҚАЛАЙ ҚОЛ ЖЕТКІЗУГЕ БОЛАДЫ?

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» ең төменгі бағалау көрсеткіші 16-ға тең. Банк салымшысы осы көрсеткішке қол жеткізсе, ол тұрғын үй заемын 5%-дық жылдық мөлшерлемемен алу мүмкіндігіне ие болады.
Бағалау көрсеткішіне ие болу үшін ай сайынғы салым төлемін дер кезінде салып отыру керек. Оның мәні жоғары болу үшін мына жайттарға назар аударған жөн:
– әу баста қор жинаудың алғашқы кезеңінде мерзімінен ертерек салым салуға тырысу қажет;
– депозитке қаражат жинаудың алғашқы жылында барынша көп сома, ал кейінгі жылдары, керісінше, азырақ ақша салып отыру керек.
Тұрғын үй несиесі бойынша берілетін жылдық мөлшерлеме мен оның мерзімін осы бағалау көрсеткіші анықтайды. Мысалы, бағалау көрсеткіші 16-ға тең болса, клиент жылдық мөлшерлемесі 5%-ды құрайтын несиені 6 жылға алады. Ал баға көрсеткіші 20-ға тең болса, жылдық мөлшерлеме көлемі 0,2%-ға төмендеп, оның мерзімі ұзарады. Яғни, несие бойынша тағайындалатын жылдық мөлшерлеме 4,8%, ал оның мерзімі 7 жыл болады. Жылдық мөлшерлемесі 3,5%-ды құрайтын несиені алу үшін бағалау көрсеткіші 48-ге тең болуы қажет.

НЕСИЕ МЕРЗІМІ ҚАНДАЙ?

Қарыздың барлығы тек ұлттық валюта – теңгемен беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі толық несие мерзіміне сай белгіленеді. Жалпы несие мерзімі 6 жылдан 25 жылға дейінгі аралықты құрайды.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» несие бойынша өтініш жібермес бұрын салымшыға бірнеше ай дайындалу керек. Нақтырақ айтқанда, тұтынушылық несиелерді жауып, шығын көлемін азайтуға тырысу қажет. Бұл салымшының төлем жасау қабілеттілігін растауға көмектеседі.
Несие бойынша берілген өтініш 10 жұмыс күнінің ішінде қарастырылады. Өтінішті заңгерлер, тәуекел деңгейін анықтайтын менеджерлер мен банктің қауіпсіздік қызметі мамандары тексереді.
Егер тексеріс нәтижесі бойынша салымшы үшін оң шешім қабылданса, несие 6 жұмыс күнінің ішінде беріледі.
Енді жоғарыда келтірілген мәліметтерді мысал ретінде қарастырып көрейік. Мәселен, салымшы ай сайын есепшотына 50 000 теңгеден салып отырса, ол құны 8 000 000 теңгені құрайтын пәтерді қанша уақыт ішінде сатып алуы мүмкін?
Салымшы ай сайын 46 400 теңгеден салым жасап отырса, қор жинау мерзімі 7 жылды құрамақ. Бұл уақыттың ішінде салымшының шотында пәтер бағасының 50%-ы жинақталып үлгереді. Ал оның бағалау көрсеткішінің мәні 35-ке тең болады. Мұндай көрсеткішпен банк клиенті жылдық мөлшерлемесі 4%-ды құрайтын несие ала алады. Несие бойынша ай сайынғы төлемі 40 800 теңгені құрайтын болады. Ал егер салымшы ай сайынғы төлемін көбірек салса, оның бағалау көрсеткіші де жоғарырақ болады. Нәтижесінде, ол несиені 7 жылдан кейін емес, одан ертерек алады.

НЕСИЕ БОЙЫНША ӨТІНІШ ЖІБЕРУ КЕЗІНДЕГІ КЕРЕК ҚҰЖАТТАР

Несие бойынша өтініш жіберу кезінде қандай құжаттар қажет? Енді соған тоқталайық:
– клиент пен оның әйелі немесе күйеуінің EGOV-тан алынған зейнетақы аударымдарын растайтын үзінді көшірме (соңғы 6 немесе 12 айға);
– клиент пен оның әйелі немесе күйеуінің жеке куәлігі;
– еңбекақы туралы анықтама (соңғы 7 немесе 13 айға), ұстап қалынған сомалардың барлығы көрсетілуі тиіс;
– жеке бағалаушының баға беру есебі;
– баға беру есебінің төленгенін растайтын құжат;
– кепілзат ретінде ұсынылып отырған мүліктің техникалық төлқұжаты / жеке меншік құқығы актісі, мүлікке қатысты құқық белгілеуші құжаттар (сату-сатып алу, айырбастау, сыйға тарту келісімшарттары мен нысанды қолданысқа қабылдау туралы акт және т.б.);
– кепілзаттық қамтамасыз етуге қатысқан барлық меншік иелерінің жеке куәліктері;
– неке қию куәлігі мен клиенттің әйелі немесе күйеуінің жеке куәлігі (бар болса);
– EGOV-тан алынған жылжымайтын мүлікке берілетін құқық белгілейтін құжат (немесе мүлік ауытрпалығын белгілейтін құжат) және жылжымайтын мүліктің мінездемесі туралы анықтама (жарамдылық мерзімі 3 ай);
– EGOV-тан алынған жер теліміне берілетін құқық (мүлік ауыртпалығын) белгілейтін құжат;
– физикалық тұлғалардың кепіл берушілерінің EGOV-тан алынған мекенжай анықтамасы (жарамдылық мерзімі 3 ай).

БАНК НЕСИЕ БЕРУДЕН НЕ СЕБЕПТІ БАС ТАРТУЫ МҮМКІН?

Кейде банк клиенттеріне несие беруден бас тартып жатады. Оның бірнеше себебі бар. Ендеше, банктің мұндай шешім қабылдауына не ықпал етуі мүмкін, енді соған тоқталайық:
– қарыз алушының төлем қабілеттілігінің жеткіліксіздігі;
– жағымсыз несие тарихы;
– өтініш берілген банк бөлімшесінің сәйкессіздігі (өтінішті несие алушының тіркелген орны, тұрғылықты мекенжайы немесе кепілзаттық қамтамасыз ету орны бойынша беруге болады);
– мемлекеттік бағдарламалар бойынша қарыз алушының мемлекеттік бағдарлама талаптарына сай болмауы;
– берілген қарыздың көрсетілген мақсатта пайдаланылмау қауіпі. Мысалы, сату-мен сатып алу жақын туыстар арасында жүргізілсе әрі сатып алынатын жылжымайтын мүліктің бағасы оның нарықтағы бағасынан 15-20%-ға жоғары болса;
– кепілзаттық қамтамасыз етудің банк талаптарына сай болмауы (рұқсат етілмеген қайта жоспарлау, жылжымайтын мүліктің салынған жылы мен қабырға материалдарының сай келмеуі).
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынып отырған тұрғын үй жинақтары жүйесі бойынша несие алу үшін қарыздың көрсетілген мақсатта пайдаланылуы өте маңызды. Қарыз несие алушының тұрғын үй жағдайын жақсартуға, яғни, жаңа пәтер сатып алу, үй салу және пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Сондықтан, тиімді несиеге қол жеткізу үшін банк талаптарын толық сақтау керек.
Баспанасыздықтың тауқыметін тартып жүрген отбасыларды түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында баспанамен қамтамасыз етуді қолға алған «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» үйлі болудың осындай жолдарын ұсынды.

Тобықтай түйін: Баспана мәселесін байыппен шешу үшін мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар жетерлік. Соның ішінде 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын айтуға болады. Аталмыш бағдарлама іске асырыла бастаған биылғы жылдан бері мыңдаған тұрғын қоныс тойын тойлап, мыңдаған отбасының тұрмысы түзелді. Бұл бағдарлама аясында алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы баспанамен қамтылуы тиіс екен. Ендеше, биылғы жылы қарқынды басталған «Нұрлы жердің» арты сиырқұйымшақталып кетпесе, елдегі ағайынның, әсіресе, жас отбасылардың бас ауруына айналған баспана мәселесі, бұйырса, алдағы он бес жылдың еншісінде оңалады.