ҚАЗАҚТЫҢ КІЛЕМІН ҰЛТТЫҚ БРЕНДКЕ АЙНАЛДЫРА АЛАМЫЗ БА?

9

Қазақ халқының ұлттық қол өнерінің ең ардақтысы қалы кілемнің соңғы жылдары әлем мінберінде аса мәртебелі орынға көтерілгені қалың қазақты қуанышқа бөледі. Таза жүннен тоқылып, қазақы оюлармен өрнектелген қалы кілемнің атағы қазақтікі екені даусыз. Алайда, бір қынжылтатыны, ол кілем біздің елде бүгінгі күндері тоқылмай жүр. Керісінше, Әзербайжан елінде осы өнер өркен жайып отыр.

Жалпы, деректерге сүйенсек, біздің ұлттық кілемдер арқылы атағын әлемге жайып үлгерген Иран елі 8 жылда бір ғана кілем саудасынан 17 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс табады екен. Кілемдерін америкалықтар, жапондықтар, ресейліктер белсенді түрде сатып алатынын жеткізген ирандықтар алдағы уақытта кілем саудасынан түсетін табыс еселене беретінін айтады. Ені – 2,5, ал ұзындығы – 3,5 метр кілемдерді ол елдің шеберлері қолдан 1 жылға жуық тоқиды екен. Жалпы, қалы кілемді өндіріп, экспортқа шығаруда бүгінде Иран әлем бойынша озық елдердің қатарында. Олар алдағы 10 жылдықта кілем саудасынан 20 млрд АҚШ долларын табамыз деп өз ойларын ашық жарнамалауда. Ал біздегі сарапшылардың айтуынша, Түрікменстан, Парсы елдері, Біріккен Араб әмірліктері жеңіл өнеркәсіптің осы түрін дамытуға аса мән беруде.

Ал, бізде керісінше, «Алматы кілемнің» бірқатар цехтары жабылған. Кілем өнімі экспортқа шықпақ түгілі, жеке тұтынушыны қамтамасыз ете алмай отыр. Ал Батыс елдері бойынша қазір қазақы қалы кілемге сұраныс мықты. Ал Қазақстанда қолөнерге, оның шеберлеріне қолдау қажет, қамқорлықтар мен кәсіпкерлік саласынан жеңілдіктер беруді қолға алған жөн секілді. Бірақ өкініштісі, этнографтардың бағамдауынша, еліміздегі шеберлер бұл кәсіпті жылы жауып қойған. Себебі, елде кілем тоқуға қажетті техника жоқ, тіндерін берік етіп тоқитын сапалы жібек жіп те тапшы. Кілемді қойып, киім-кешекке жіп табудың өзі қиын екенін айтады шеберлер.

Жеңіл өнеркәсіп – әлемдік экономиканың тұтас бір кешені екенін ескерсек, елдегі ұлттық нақыштағы қалы кілем тоқуды қолға алған жөн секілді. Әйтпесе, ата дәстүрімізден қалыптасқан ұлттық  өнеріміз ұмытылып,  мұражай  мұрағаттары қатарында қалып, салт-санамыздан өшіріліп қалу қаупі төніп тұрғаны иісі қазақты ойландыруы тиіс.

Мамандардың байыптауынша, жеңіл өнеркәсіпке қажетті жіп өнімдері Өзбекстан, ал оның бояулары Түркиядан тасымалданады екен. Өзімізде шығарылған жіптердің бағасы қымбат. Себебі, соңғы он жылдықта елімізде қой жүнінің өндірісі төмендеген. Әсіресе, биязы жүн өндірісі тоқырап қалған. Бұған елдегі жүнді алғашқы өңдеу фабрикасының жабылып қалуы себеп. Ғалымдардың пікірінше, елдегі жеңіл өнеркәсіп саласының аяқ алысын  мықтау үшін жекелеген кәсіп иелерінің идеясы бұл салаға аса қажет. Қазірде қалы кілемге сұраныс Парсы шығанағындағы шейхтер мен батыс елдердегі ақсүйектердің назарын аударып, бұл салаға осы ақсүйектер қаржысын сала бастаған. Бізге үкімет қамқорлығынан бөлек, ауқымды инвестиция көлемі керек деген пікірлер көп айтылуда.

Қалай десек те, өркениетті 30 елдің қатарына қосылып, экономикамызды дамыту барысында жеңіл өнеркәсіп түріне жататын ұлттық құндылықтарымыздың іргелісі, бизнес көзінің белдісі, ата кәсіптің белгісі қазақтың қалы кілемін шығаруды кеш те болса қолға алған дұрыс. Әйтпесе, салт-дәстүрімізбен сабақтас, өнердегі өрелі қолтаңбамызбен өрнектелген, көздің жауын алатын қазақы қалы кілемдер қиял әлеміне айналып кетуі мүмкін.

Ұлттық мұраны қастерлеп, келер ұрпаққа аманаттау мен жеңіл өнеркәсіпті өркендетуді ойласақ, қалы кілем тоқуды мықтап қолға алған жөн.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА