ҚАЗАҚЫ ЕРТЕҢГІЛІК КӨПШІЛІК КӨЗАЙЫМЫНА АЙНАЛДЫ

14

«Алатау» ДӨТ ұжымының балаларға арнап ұйымдастырған қазақы нақыштағы «Асан мен Үсен жаңа жыл мерекесінде» ертеңгілігі өз мәресіне жетті. Өнерпаздарымыз ән айтып қана қоймай, осындай ойын-сауықта актерлік шеберлігімен көзге түсіп, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Асанның рөлін сомдаған Жасұлан Мұсағалиевты аталмыш ертеңгілікті қайыра көруге келген балалар «Асанды қайта көруге келдік!» деп әспеттесе, ата-аналар өзіне лайық бейне тапқан өнерпазға ризашылығын білдіріп, шығармашылығына табыс тілеп жатты. Сондай-ақ, Үсен рөліндегі Қуаныш Алтыбаев та қамқор, бауырмал және жауапкершілікті сезіне білетін өз кейіпкеріне лайық шықты. Ал Аяз Атаны келістіре ойнаған Нәсіпжан Басшыбайды театрымыздың мақтанышы деуге әбден болады. Себебі Нәсіпжан Бейбітұлы қай істі қолға алмасын, жан-тәнімен, айрықша ықыласпен, кемеліне келтіре тындыруға дағдыланған. Мыстанды шеберлікпен алып шыққан Жұлдыз Құмбаеваның өнері де бөлек әңгіме.
Сонымен бірге, Жаңа жылдың шыршасын жаққан Әтеш рөліндегі Рауан Ексілов қораздың дауысын айнытпай салып, «Тұмарың құтты болсын Құтжол, жақсылықтың серігі бол!» деп жыл белгісін ит мойнына тақты. Ал Саққұлақты екі бірдей актер – Бектұрсын Қайратбек пен Азат Дулатұлы сомдап шықты. Бектұрсынның орындауындағы Саққұлақ бейнесі өзіне дәстүрлі қазақы қалпын сақтаумен назар аудартты. Соңғы әртіс аңғал да қайырымды Саққұлақ бейнесін заманауи стильге бейімдеп, қолына домбыра ұстап, сахнаға гироскутер мініп шыққаны тіпті қызық болды.
Таусоғарды сомдаған алып тұлғалы әртістеріміз Сәулежан Тақзия мен Ғибрат Жұмағұловтың дене бітімдері рөлге барынша дәл келді. Және олар сахнаға балалардың арнайы шақыруымен шығуының өзі құлаққа жағымды қоңыр дауыста салған әуезді әнімен үндесіп, көрерменді дүр сілкіндірді.
Дымбілмес кейпіндегі Санат Исаев Мыстаннан қорқып қашқан балаларды балапанын қорғаған қырандай қорғаштап, бауырына тартқанын көрген келушілердің ет-жүрегінің елжіремегені жоқ шығар. Жүйіткіген Желаяқты кешегі өткен «Тәуелсіздікке тарту» кешінде қолына қобызын ұстап отырып, Ақан серінің «Шырмауығын» орындап, көпшілікке қалың ой салған Қазбек Әдікей ойнайды деп кім күткен?! Осы рөлді қосымша сомдаған Уатқан Шаттық та балдырғандардың көз қуанышы бола білді. Олардан басқа Жанаргүл Молдахметова, Нұрбек Жүзбембетов, Нұршат Ақбаева, Айсәуле Қайырғазина, Нариман Әбдірахманов және сахна сыртындағы ұжым мүшелерінің әрқайсысы театрдың он үш күн бойы тікесінен тік тұрып, екі ауысымда да театрға келген бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына жаңа жылдық шашу шашты.
Иә, алға қойған мақсат орындалды, Асан мен Үсен қонысына аман-есен жетті. Осы жерде ертеңгіліктерді артистік труппалармен бірге мігірсіз еңбек ете отырып дайындаған «Алатау» театрының көркемдік жетекшісі Әділжан Шомбалов пен режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың тарапына қандай жылы сөз айтсаң да жарасады. Себебі, «Асан мен Үсен жаңа жыл мерекесінде» атты ертеңгілік балалардың шырша айналып, көңіл көтеруін ғана көздемейді. Түпкі мақсат – әлгіндей ертеңгілік өткізу арқылы бала санасына қазақы ұлттық болмысты дарыту, «Рухани жаңғыру» аясында жедел қозғалысқа түскен халқымыздың туған жерге, дәстүрге, өнерге деген сұранысын өтеп, қазақ ертегілерінің кейіпкерлері арқылы театрымызға келушілер қатарын көбейту.

Гүлмира Асылбекқызы,
«Алатау» дәстүрлі
өнер театрының PR-менеджері