“ҚАЗАҚ” ГАЗЕТІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТІЛШІЛЕРІ

11

«Қазақ» атты қоғамдық және әдеби газет 1913 жылғы 2-інші ақпаннан бастап Орынбор қаласында аптасына бір рет, 1915 жылдан аптасына екі рет шығып тұрды. Таралымы 3000, кей жылдары 8000-ға жеткен. Газеттің бірінші редакторы ірі ғалым, ұстаз, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болған, екінші редакторы жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатов, бастырушы «Азамат» серіктестігі, Хұсайын Кәрімовтың баспаханасында басылып тұрған. Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков.

Газеттің № 1 санында оқырмандарға арналған мынадай ғибратты үндеу жазылған: «Жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет. Халыққа газеттің керегі қандай екенін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас.
Әуелі газет – халықтың көзі, кұлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ.
Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп басшылық айтып тұрады.
Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші.
Төртіншісі, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады. Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, солғұрлым газет-журналдары көп».
Газеттің аты мен міндеті туралы былай деп жазыпты:
«Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың ардақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенше істеп кетелік».
Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, қазақ шаруашылығының жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған құнды материалдар жарияланды.
Газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынов шын мәніндегі ұстаз-педагог мәдени-ағартушылық мәселелерімен көбірек айналысты. Әлихан Бөкейханов көбіне саяси-экономикалық, Міржақып Дулатов өнер, тарих жағына көбірек көңіл бөлді.
«Қазақ» газетіне оны басқарушылардан басқа көптеген қазақ зиялылары өздерінің ел қамына жанашырын білдірген мақалаларын жазып тұрды. Олардың бірқатары мыналар: Айбасов Бірмұхамбет (1895-1938), Аймауытов Жүсіпбек (1889-1931), Ақбаев Жақып (1876-1934), Әуезов Мұхтар (1897-1961), Бірімжанов Ахмет (1870-1927), Досжанова Аққағаз (1893-1932), Досмұхамедов Халел (1883-1939), Дөнентаев Сәбит (1894-1933), Дулатова Ғайнижамал (1895-1940), Ермеков Әлімхан (1891-1970), Жансүгіров Ілияс (1894-1938), Жұбанов Құдайберген (1899-1938), Көпеев Мәшһүр Жүсіп (1857-1931), Қарашев Ғұмар (1875-1921), Құдайбердиев Шәкәрім (1858-1931), Құлжанова Нәзипа (1887-1933), Майлин Бейімбет (1894-1938), Молдыбаев Мұстақым (1880-1927), Сәрсенов Биахмет (1885-1921), Сейдалин Жансұлтан (1856-1919), Сейдалин Жиһанша (1877-1923), Сералин Мұхаметжан (1872-1929), Серкебаев Бекмұхамбет (1896-1976), Торайғыров Сұлтанмахмұт (1893-1920), Тынышбаев Мұхаметжан (1879-1937), Тілеулин Жұмағали (1889-1937), Хасенов Сұбханберді (1892-1942), Шоқаев Мұстафа (1890-1941), Шорманов Садуақас (1850-1927).
Осы газетке Қазақстанның әр өлкесінен хат жазып, мақалаларын бастырып тұрған басқа да зиялы азаматтар көп болды. Солардың ішінде Солтүстік өңірден (бұрынғы Ақмола облысы Петропавл уезі) жазып тұрғандар да бірқатар еді. Солардың біразын келтіре кетейін.
1. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев 1913-1917 жылдары Омбы қаласында мұғалімдер семинариясында оқыды, оны бітіргесін сол қалада өзі ашқан қазақ мұғалімдерін дайындайтын курстың меңгерушісі әрі оқытушысы болып қызмет атқарды. Сол жылдары ол «Қазақ» газетіне өзінің өлеңдерін жариялап тұрды. Оның өлеңдері сезімді селт еткізер жан дауысы, сұлулықтың мөлдір суретіндей болатын. Оның өлеңдері көркемдіктің шырқау биік көрінісіндей болып, өлеңге ғашық оқырманның құныға оқитын жырына, сөзден сурет салар үлгісіне айналды.
Ақынның «Қазақ» газетінде басылған өлеңдерінің тақырыбы әр алуан. «Орал тауы», «Есімде, тек таң атсын», «Жарыма» сияқты өлеңдері азаматтық лириканың озық үлгілері ретінде ақынның азаматтық рухын танытса, «Туған жер», «Көңіл», «Зар» атты өлеңдері оның туа біткен табиғатына тән, сезімнің нәзік қырларын шерткен сыршыл жырлар.
2. «Қазақтың» белсенді тілшілерінің бірі – Ахмет Жанталин. Троицк қаласындағы «Расулия» медресесін бітіргесін зиялы азамат 1908 жылы өз ауылында қазақ балаларына арнап орысша-қазақша мектеп ашқан. Оның біраз түлектері кейін алашқа адал қызмет еткен. Февраль революциясынан кейін Ахмет Жанталин Петропавл уездік Алаш Орда бөлімінің белсенді мүшелерінің бірі болды. 1918 жылы Петропавлда шығып тұрған «Жас Азамат» газетіне мақалалар жазып тұрды. Совет үкіметі кезінде әуелі ауылда мұғалім болады да, 1920-1923 жылдары Петропавл уезіндегі Преснов ауданында судья болып істейді. Бұл тұралы Сәбит Мұқанов «Өмір мектебінің» 2-інші кітабында жазған-ды. Ахмет бұл кезде де жергілікті газеттерге мақалалар жазып, проблемалық мәселелерге жұрт назарын аударып отырған.
Ахмет Жанталин «Қазақ» газетіне қазақ ұлтының жанашыры ретінде бірнеше мақалаларын жариялады. Мәселен, газеттің 1913 жылғы 10 ақпанда шыққан №2 санында оның «Медреседе оқып шыққан шәкірттеріміз не болмақ?» деген проблемалық мақаласы жарық көрсе, сол жылғы 23 маусымда шыққан «Емтихан» атты мақаласында қазақ арасындағы оқу-ағарту ісінің жайына жұрттың назарын аударады.
1914 жылғы 31 қантарда жарық көрген «Государственная Думада» атты мақаласында Мемлекеттік Думада қазақ елінен делегаттардың жоқтығына назаланады. Сол жылғы 15-інші маусымдағы мақаласында орыс тіліндегі оқу орындары мен татар тіліндегі оқу орындары туралы айта келіп, қазақ арасындағы оқу-ағарту проблемасын көтереді. Газеттің сол жылғы 9 шілдедегі санындағы «Жер мұңы» атты мақаласында Патша үкіметінің қоныс аудару саясаты қазақ жеріне салына бастаған қалалар, жер бөлу ісіндегі озбырлыққа наразылық жайы сөз болады.
Бұлардан басқа да бірталай проблемалық мақалалары осы газетте жарияланды. 20-шы жылдардың екінші жартысында оның басына да қара бұлт үйіріле бастады. Мұны сезген Ахмет Ресейдің Түмен облысына барып паналайды. Сол жақта 1950 жылы 75 жасында қайтыс болады.
3. Жұмағали Тілеулин (1889-1937) – Міржақып пен Мағжанның досы, дәрігер әрі педагог (ұстаз), Алаш Орданың Петропавл уезіндегі бөлімшесінің белсенді мүшесі, Омбы қаласында құрылған Ақмола облыстық қазақ комитетінің мүшесі, «Қазақ» газетінің жергілікті белсенді тілшілерінің бірі. «Қазақ» газетінде ол көбінесе дәрігер ретінде денсаулық сақтау туралы проблемалық мақалалар жазды. Мәселен, 1913 жылы газеттің бірнеше санында «Денсаулық сақтау жайында» атты мақаласы, 1914 жылы қантар-шілде айларында «Денсаулық мәселесі, түрлі аурулардан сақтану, емделу жолдары» атты көлемді мақаласы жарық көрді. 1915 жылы 28 ақпанда оның Ахмет Жанталин туралы «Ұлтшыл жігіт» атты мақаласы жарияланды. 1917 жылы 3 шілдеде «Жалпы мұсылмандар съезі» атты мақаласы басылып шықты. Мақалада ол сол 1917 жылғы 1-12 мамырда Мәскеуде өткен Ресей мұсылмандарының съезі туралы өз ойымен бөліседі.
4. Әбуһайра Жұсыпов (1887-1967) кезінде Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесін бітірген. Алаш партиясының мүшесі болған. Кеңес үкіметі тұсында мектепте бала оқытқан, болыстық атқару комитетін (волисполком) басқарған. Бірақ 1929 жылы бай адам ретінде тәркіленіп, Қарақалпақстанға жер аударылған. Тек 1956 жылы ақталып елге оралған. Алайда оны «Алаш партиясының белсенді мүшесі болды» деп, ауылдастары жылы қабылдамаған. Сондықтан ол Оңтүстік Қазақстандағы Шәуілдір деген елді мекенге қоныс аударған. Сол жерде шығармашылықпен айналысып, естеліктер жазған. Бірақ сонда 1967 жылы 80 жасында қайтыс болған. Шығармалары жоғалған. Ол кезінде «Айқап» журналына және «Қазақ» газетіне халықтың ауыр тұрмысы туралы мақалалар жазған. Газетке берген өлеңдерінде ауылдағы қелеңсіз жайларды сынайды. Мысалы, мына «Босқа өкпелеген ақсақал» атты өлеңін оқып көрейікші:

Той қылып жұртын жиса, малын сойып,
Ет жеуге кім бармайды жұмыс қойып?!
Жосықсыз өкпе қылған ақсақалдар
Қалатын мұндай тойда құнын жойып.

«Ет» десе шал көргем жоқ қарап жатқан,
Мүше үшін сақалының ағын сатқан.
Жерінен ойламаған бақытына
Бас қылып кәрі жілік табақ тартқан.

Бұрқылдар енді жері келмесін бе?!
Бас тартқан мұны тастап өзгесіне!
Әуре боп бұл жиынға келер ме еді
Бұрыннан көзі жетсе бермесіне?!

Қап бәлем! Бекер келгем дейді сонда
Кім қуған желіктіріп мені мұнда?!
Оншама ескерусіз тастайтұғын
Керексіз шал емес ем онда-мұнда!

Япырмау, тойға келген жандар қандай?!
Ішінде сол жандардың шалдар қандай?!
Жас болсын, кәрі болсын өкпесі жөн
Болса егер ретінде жүлде алғандай.

(«Қазақ», 1914 ж., № 55, 23-наурыз).

5. Байбатыр Ержанов-Құлақбаев туралы жазушы Сәбит Мұқанов өз естелігінде: «Жас жазушылардың Қызылжарда тұратындары 1925 жылдың күзінен бастарын қосып әдебиет үйірмесін жасады. Басқарушысы мен болдым. «Ақтас» аталатын қазақ мектебінің қасында ашылған үйірмені мектеп директоры, тіл және әдебиет сабағын оқытатын, революциядан бұрын «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне өлең, фельетондары басылған, «Бостандық туы» газетінде де өлең, фельетон, мақала жазатын Байбатыр Ержанов-Құлақбаев еді» деп жазды (Сәбит Мұқанов, «Есею жылдары», Алматы, 1964 ж., 180-190 беттер).
«Қазақ» газетінде Байбатыр Ержанов-Құлақбаевтың «Жұмбақтар», «Жаңбырлы дауыл», «Нәзік көңіл», т.б. өлеңдері, «Бозбалаларымыздың түрі», «Көкшетауда көргендерім», «Қазақ халқынан бір-екі сөз», т.б. қара сөзбен жазған мақалалары жарық көрді.
6. Ибрагимов Хамза «Ғалия» медресесін бітірген. Біраз жыл елде мұғалім болып бала оқытқан. Бірақ 1929-30 жылдары бай ретінде қуғындала бастағанда Ресейдің Түмен облысына қоныс аударған. Сонда жүріп «Әубәкір молда», т.б. әңгімелер жазып, шығармашылықпен айналысқан. «Қазақ» газетінде оның «Мұғалім қуу» атты мақаласы 1915 жылы 20 мамырда шығыпты. Онда Ақмола облысы Петропавл уезінде болған оқуға қарсы әрекеттер туралы жазған.
Хамза Ибрагимов бөтен жерде (Ресейде) жүріп елге келе алмай, ел-жұртын сағынып, өмірі өксумен өткен жан.
7. Шоқаев Ғабдолла «Ғалия» медресесін бітіргеннен кейін көп жыл Солтүстік Қазақстанда (бұрынғы Ақмола облысы, Петропавл уезінде) қазақ ауылдарында мұғалім болып бала оқытқан. 1949 жылы оның көп жылғы ұстаздық еңбегі бағаланып Ленин орденімен марпатталған. Әкесінен тәлім-тәрбие алған оның баласы Нүри Шоқаев та көп жыл осы облыста ұстаздық қызметін жемісті атқарды.
8. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 4 шілдедегі санында Қызылжарлық мұғалім А.Жолмұхамбетовтың дәрігер Жұмағали Тілеулин туралы мақаласы жарияланды. Сол жылғы 27 мамырда оның «Учительдер съезінің қаулылары» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада сол жылғы 7-8 мамырда Қызылжарда өткен Қызылжар уезінің мұғалімдерінің съезі туралы айтылған.
1918 жылы «Қазақ» газетінің редакторлары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов саяси іске белсене кірісіп, азамат соғысының бел ортасында жүргенде газеттің уақытша шығарушысы міндетін сол газетте көптен істеп келе жатқан Жәнібеков Жанұзақ атқарды.
Патшалық Ресей тұсында газет бірнеше рет тоқтатылған, бірақ жабылмаған. «Қазақ» газетін толық жабу туралы бірінші нұсқауды Кеңес үкіметі берді. Омбы атқару комитетінің 1918 жылғы 4 наурызда Орынбор Совдепіне берген телеграммасында: «В виду того, что киргизский орган партии «Алаш» – «Қазақ» является контрреволюционным, открыто выступает против Советской власти, организуя Алаш Орду, просим немедленно закрыть газету», – деген нұсқау жолданды («Победа Великой Октябрьской революции в Казахстане и образование Казахской АССР». Документ № 46 . Алма-Ата, 1947, с. 95).
Бұл үкім жедел түрде жүзеге асырылды. Бұл ұлт аймақтарындағы «өзгеше» ойлаушылардың болашақта түбіне жетер тұңғыш соққы еді. «Жана қоғамның қырағы сақшылары ұлттық тәуелсіздікке үндеген газеттің барлық нөмірін 70 жыл бойы ешкімнің назарына түспейтін қапаста ұстап-ақ келді. Бірақ «Қазақ» газеті қаққан тәуелсіздік қоңырауының сарыны ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, азаттықты аңсаған азаматтар рухын шыңдаумен болды. Бізді бүгінгі дербес ел болуға жеткізіп отырған да сол рух (Әбдімәлік Нысанбаев, академик, профессор. «Қазақ», Алматы, 1998 ж., 7-інші бет).
Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана «қапаста жатқан» «Қазақ» газетінің материалдарымен танысып, оны зерттеуге мүмкіншілік туды. Бұл материалдарды зерттеуге, әсіресе, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Үшкөлтай Субханбердина көп еңбек сіңірді. Ал қазақтың абзал азаматы, көрнекті жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ұйымдастыруымен Алматыда бастапқы «Қазақ» газетінің дәстүрін жалғастырған жаңа «Қазақ» газеті шыға бастады. Бұл газеттің редакторы Қоғабай Сәрсекеев қайтыс болғаннан кейін де газет өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Руханият жанашыры, қазіргі құрылтайшысы Махмұт Нәлібаев газет жұмысын әлі де жалғастырып келеді. Яғни, «Қазақ» газеті өзінің зор өміршеңдігін көрсетіп, жас ұрпаққа үлгі боларлық қазақ рухын, қазақ дәстүрін жалғастыруда.

Қайролла МҰҚАНОВ,
ардагер ұстаз,
ҚР мәдениет қайраткері,
өлкетанушы

Петропавл қаласы