«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

32

Бүгінгі «ҚАЗАҚ» газетінің тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы – 1913-1918 жылдар болса, екіншісі – 2006 жылдан қазіргі күнге дейінгі аралықты қамтиды.

1913-1918 жылдар ішінде «Қазақ» газетінің құрылтайшылары Әлихан Бөкейхановтың өзі мен оның сенімді үзеңгілестері Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатовтың қажырлы еңбектерінің арқасында газеттің 1-265 сандары жарық көрді.

Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен ұлт газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсыновқа 1905 жылғы желтоқсанның 9-да берілген екен. Ал апталық «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-де жарық көрді де, 1915 жылдан бастап аптасына екі рет шығатын болды.

Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтіп, тозығы жетіп жыртылғанша оқылды. Оны сол заманда Дала және Түркістан уалаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға бөлінген (Қыр баласы. «Қазақ» газеті, 1913 жыл, №8) Қазақ елінің түкпір-түкпіріндегі жұрт жаздырып алды. «Қазақ» газетін метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ студенттері де жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседі. Осылайша аз уақыт ішінде «Қазақ» сол кездегі 5 миллионға жуық көшпенді халықтың көпшілігі білетін беделді басылымға айналды.

«Қазақ» газетінің үш құрылтайшысының бірі әрі 1913-1917 жылдардағы бас редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы, ал 1918 жылғы 261-263 сандарына редактор ретінде қол қойған Жанұзақ Жәнібекұлы болды.

Алғаш жарық көрген күнінен бастап «ҚАЗАҚ» газеті қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жылдан ұзақ уақыт абыройлы қызмет етті. Оған қоса өзінен бұрынғы басылымдардың бірі де «ҚАЗАҚ»-пен не сапасы, не көтерген тақырыптарының маңыздылығы, не таралымы жағынан тең келе алмады. Алайда отаршыл империя заманынан аман шыға білген «ҚАЗАҚ» газеті Кеңес өкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылды. Көп ұзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті.

1923 жылы «Шолпан» журналында Мұхтар Әуезов: «ҚАЗАҚ» газеті – ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа келді. Бұл тұтынған жолында «ҚАЗАҚ» газеті өз міндетін дөп атқарды», – деп әділ бағасын берген «ҚАЗАҚ» газеті араға 88 жыл салып 2006 жылдың 22 наурызында бұрынғы басылымның заңды жалғасы ретінде жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің (1939-2014) ұйытқы болуымен №266 санынан қайта жарық көрді.

«ҚАЗАҚ» газеті қайта жарық көргенде марқұм Қоғабай Сәрсекеевтің «88 жылдан кейінгі қауышу» атты бас мақаласы жарияланды. «ҚАЗАҚ»-ты қазақпен қайта қауыштырған жазушы сол мақаласында: «ҚАЗАҚ»-тың басты жетекшісі болған Әлихан Бөкейханов, газеттің төл ұйымдастырушы редакторы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов және басқа да Арыстарымыздың арманы қалған жерде қайта жаңғырып, жұртымен тұтас жасаса – мақсаттың орындалғаны. Тарихы терең, халқымен шынайы «мың өліп, мың тірілген» «ҚАЗАҚ» газеті қалған тағдырын елімен бірге жүріп жасамаққа ниет етеді», – деп жазғанындай, осы жылдар ішінде тағдырдың не бір қиын тауқыметін бастан өткерген «ҚАЗАҚ» газеті қазақ жүгін сүйреуге тартынбады, ақ сөйледі, ешкімнің айыл тартпасы болмады, түтіні түзу шықты. Бұл – анық!

1913-1918 жылдар аралығында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов шығарған «ҚАЗАҚ» газетінің жұмысына кезінде оқтай зырлап, қардай борап, тер төге жұмыс еткен Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Ғұмар Қарашев, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев, Жаһанша, Жансұлтан Сейдалиндер, Асылбек Сейітов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды Алаш арыстары автор болса, 2006 жылы екінші тынысы ашылған бүгінгі «ҚАЗАҚ»-тың да авторлары елге белгілі азаматтар. Солардың ішінде, өкінішке орай, бақилық болған мемлекет және қоғам қайраткерлері де аз емес.

«ҚАЗАҚ» газетінің екінші тынысын ашқан жазушы Қоғабай Сәрсекеев 2014 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Газеттің бар ауыртпалығын бір өзі көтерген бас редактор өмірінің соңғы жылдарын ата басылымға арнады. Сегіз жыл басшылық жасаған Қоғабай Сәрсекеевтің есімі «ҚАЗАҚ» газетінің тарихында алтын әріптермен жазылды. Өйткені, Қоғабай Сәтенұлы 2006 жылы осындай батыл қадамға бармағанда бүгінде «ҚАЗАҚ» газеті де болмас еді.

«ҚАЗАҚ» газетінің негізін қалағандардың бірі – Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Міржақыпқызы (1915-2013) газет қайта жарық көргенде «Қош келдің, «ҚАЗАҚ»!» деп мақала жазып,  газет келген сайын үйге әкесі Міржақып кіріп келгендей әсерде болатынын айтып отырушы еді. Алаш зиялылары туралы құнды құжаттарды көзінің қарашығындай сақтаған Гүлнәр апайдың публицистикалық мақалалары газетте үзбей жарияланып тұрды.

«Көне дәуірде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов «ҚАЗАҚ» газетін өмірге әкелді. Тәуелсіздік жылдарында Алдан Айымбетов «Казахская правданы» шығарды. Жаңа заманда Қоғабай Сәрсекеев бұрын жабылып қалған өткендегі «ҚАЗАҚ» газетін қайта жаңғыртты. Бұл – зор елшілдік жұмыс,  қазақ баспасөз тарихындағы үш анық, болашақта зерттелер саяси құжат!» – деп, кезінде өз пікірін білдірген Қазақстандағы қоғамдық-саяси ой тарихының шежірешісі, қазақтың әдет-ғұрып құқығының білгірі, республикадағы философия мен құқық ғылымын, сондай-ақ оқу-ағарту ісін ұйымдастырушы академик Салық Зиманов (1921-2011) ақтық демі таусылғанша газеттің белсенді авторы әрі Ақылдастар алқасының мүшесі болды.

Отаннан жырақта болса да «Азаттық» радиосында Кеңестер одағында жүзеге асырылып жатқан ұлттар саясатының солақай тұстарын әшкерелейтін көптеген бағдарламалар жасаған қарымды қаламгер, саналы ғұмырын азаттық жолына арнаған қайраткер тұлға Хасан Оралтай да (1933-2010) 2006 жылдан бастап, 2010 жылға дейін «ҚАЗАҚ» газеті Ақылдастар алқасының мүшесі болды. Германияда тұрса да газет жұмысына атсалысты, белсенді авторы ретінде публицистиалық мақалалары үзбей жарияланып тұрды.

Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев та (1923-2015) газеттің тұрақты авторы болды. Ұлылығы мен ұлағаттығы қатар жүрген батыр ұл ретінде қазақтың есінде қалған Алтайдың абыз ақсақалы өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамады.

«Айтқаның – ақиқат, жар шашқаның – жақсылық бола бергей, «Қазақ»!» – деп, 2013 жылы «ҚАЗАҚ» газетінің 100 жылдығына құттықтау хат жолдаған заманымыздың заңғар тұлғасы, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев та (1939-2015) өмірінің соңына дейін «ҚАЗАҚ» газеті Ақылдастар алқасының мүшесі болды. Күні бүгінге дейін қолынан қаламын тастамаған жазушы «ҚАЗАҚ» газетіне үзбей мақала жолдап тұрды. 2015 жылы 27 қарашада Тұңғыш Президент күніне орай Әбіш Кекілбайұлының «Елбасы» деп аталатын замандас көзімен пайымдалған саяси кескіндеме-мақаласы газеттің екі бетінде жарық көрді. Бұл – Әбіш Кекілбайұлының біздің редакцияға жолдаған соңғы мақаласы екен.

Әдебиет зерттеушісі, сыншы, жазушы, ҚР ҰҒА академигі Рымғали Нұрғалиұлының (1940-2010) тарихи тақырыпта «ҚАЗАҚ» газетінде жарияланған мақалалары оқырман арасында үлкен сұранысқа ие болғанын зор мақтанышпен айтамыз. Ақылдастар алқасының мүшесі ретінде де газет жұмысының жандануына өлшеусіз үлес қосты.

Міне, жоғарыда аты аталған атақты газет авторларының еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, олардың жарияланған мақалалары газеттің беделді, тақырыбының мазмұнды болуына өзіндік септігін тигізді.

2013 жылы «ҚАЗАҚ» газетінің 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтілді. Жер-жерде ғылыми конференциялар, түрлі шаралар өтті. 2006-2013 жылдар аралығында «ҚАЗАҚ» газетінде жарық көрген кейбір маңызы зор мақалаларды іріктеп, Қоғабай Сәрсекеев 100 жылдыққа орай «Қазақ шаруасы» деген атпен көлемді кітапты жарыққа шығарды.

Осы жылдар ішінде «ҚАЗАҚ» газетінің жеткен жетістігі де аз болмады. Атап айтқанда, 2010 жылы 15 желтоқсанда Астанада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыста ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады» деген халықты құттықтау сөзінде: «Халқымыздың бұл ұлы жиынға (ЕЫҚҰ Саммитін айтады, – ред.)берген бағасын, қуанышының жиынтығын «ҚАЗАҚ» газетінің бас редакторы Қоғабай Сәрсекеевтің мына сөздері жеткізсе керек: «Еш заманда, еш ғасырда ежелгі ғұн-түрік заманынан бері қазақтың бұл сайын даласы мұндай жиынды көрмеген. Алтын орданы құрған Бату ханнан бастап 71 ханның пешенесіне де осындай барша адамзат мүддесін көздеп, Астана Саммитіндей абыройлы кеңес өткізу бұйырмапты. О заман басқа, бүгінгі заман бөлек. Енді тәуелсіз қазақ халқы осындай ұлы мәртебеге ие болды», – деп, Қоғабай Сәрсекеевтің «ҚАЗАҚ» газетінде жарық көрген мақаласынан үзінді келтіріп, артынан бас редакторға алғысын білдірген хат жолдады. Елбасының «ҚАЗАҚ» газетін оқуы, әрине, редакция үшін үлкен абырой.

2011 жылы қазақтілді республикалық басылымдар арасында «Ең үздік республикалық газет» атанып, Қазақстан Журналистер академиясының әйгілі «Алтын Жұлдыз» сыйлығын жеңіп алды.

2012 жылы «Алаш» тарихи-этнологиялық зерттеу орталығы «Ар. Намыс. Мұрат» номинациясы бойынша ұлттық намысымыз бен ұлы мұраттарымызды асқақтатуға үндейтін зерделі мақалалары үшін марапаттады.

2013 жылы «Уақыт таңдауы» агенттігі мен республикалық қоғамдық-саяси «Президент және халық» газетінің бірлескен жобасы бойынша ұлт басылымдарының атасы «ҚАЗАҚ» газеті шыға бастағанына 100 жыл толуына орай және тарихи сабақтастықты жүйелі жалғастырғаны үшін «2013 жылдың ең үздік басылымы» деп танылды.

2014 жылы Қоғабай Сәрсекеев дүниеден өткеннен кейін бар ауыртпалық редактордың жары Гүлбаршын Мүталапқызына, ұрпақтары мен Жасұлан Мәуленұлы бастаған редакция ұжымына түсті. 2014-2016 жылдары газет қиын-қыстау кездерді басынан өткерді. Сол сын сағатта газеттің қайта жабылып қалмауы үшін ата басылымды өз меншігіме алған едім. Бүгінде «ҚАЗАҚ» газетінің үшінші тынысын ашуға барымды салып келемін.

2006 жылы 5 мың данамен жарық көрген «ҚАЗАҚ» газетінің бүгінде 21 мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Демек, ата басылым осы жылдар ішінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарынан ойып тұрып лайықты орнын алды.

Қалай болғанда да, бүгінгі «ҚАЗАҚ» газеті тарихи маңызы зор жүкті абыроймен арқалап, зор жауапкершілікті сезініп, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов қалаған, Қоғабай Сәрсекеев жалғаған істі жалғастырып, қазақтың сөзін сөйлеуден еш танған емес.

Махмұт НӘЛІБАЕВ,

«ҚАЗАҚ» газетінің 2017 жылдан бергі құрылтайшысы