«ҚАЗАҚ-ЖАПОН ОДАҒЫ» НЕГЕ ЫДЫРАДЫ?

16

Негізі 1880 жылы қаланған, яғни 137 жылдық бай тарихы бар әлемге әйгілі Рим опера театры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 33 жастағы «Астана Операның» жетекші солисі Сүндет Байғожинмен келісімшартқа отырғанын, осылайша Еуропаның ең озық театрларының біріндегі тұңғыш қазақстандық солист атанғанын 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінің өткен санында жазған болатынбыз. Бүгін Римді бағындыруға аттанған қазақ опера әншісінің «Сахна сыртындағы сырына», яғни жеке өміріне тоқталамыз.

Қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша ер-азаматтың үш жұрты болады: өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты. Міне, қайын жұрты өзге ұлттың өкілдері болып отырған азаматтар арамызда аз емес. Өзге ұлттан қыз алып, қазақты өзге жұртпен «мың жылдық» құда етіп отырған ұлдарымыздың бірі – ең беделді, мәртебелі сахналарда өнер көрсетіп жүрген опера әншісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин. Сүндеттің шаңырағының түтінін түтетіп отырған сүйікті жұбайы Серина Сунагаваның ұлты – жапон. Ерлі-зайыпты жастар операның биік жұлдыздарын бір арнаға тоғыстырған, былтыр ғана (2013 жылы) шаңырағын көтерген  «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында жұмыс істейді. Отағасы – баритон әнші, отанасы – балерина. Күн шығыс елінде туылып, арқалықтық жігіт үйінің табалдырығын аттаған келінмен танысу мақсатында өнерлі жұптың үйіне қонаққа барған болатынмын.

Мен қонақта болған пәтерді жас отбасыға Мемлекет басшысының өзі сыйға тартқан екен. Отағасымен пәтердің ішін аралап шықтық. Үйде төрт жастағы Сәния қыздары ойнап жүр. Үйдің ішінде Сүндеттің марапаттары жинақы орналастырылған. Иә, Сүндеттің жеткен жетісігі де аз емес. Отыз жасында орда бұзған әнші халықаралық «Шабыт», Н.Тілендиев, Тотти Дальмонтэ (Италия), Б.Төлегенова атындағы конкурстардың лауреаты. Бұдан бөлек 27 жасында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері атанды.

«Италияның төрт қаласында «Тоска» операсында шырқадым. Италиядан кейін Қазақстанның төрт қаласында өнерлі жастармен тәжірибеммен бөлістім», – деген әнші Италиядағы конкурста жеңіске жеткенде ғана өнер айдынында өзіндік орнын табатынына көз жеткізгенін айтты.

Жапон келін бізді дастархан басына шақырды. Келін құйған шәйді сораптаған Сүндет екеуіміз әңгімені әрмен қарай жалғастырдық. Өйткені, өнерлі жұпқа қояр сауалдарым аз емес-ті. Мұндай мүмкіндіктің бола бермейтінін түсінген мен көкейімдегі түрлі сауалдарды қоюға тырыстым.

«Жарыңыз Серинаны жолықтырғанға дейін бұрын шетелдік қызға үйленемін деген ой болды ма?» деген сұрағыма Сүндет: «Бала кезімізде үнді фильмдерін өліп-өшіп көретін едік қой. Әсіресе, үнді қыздарының ән салып, би билегені адамды керемет әсерге бөлейді. Сол кинолардың әсерінен бе екен, бала кезімде мен үнді қызына үйленемін дейтінмін. Жат елден қыз алуды құдай сол кезде аузыма салған шығар. Бірақ Үндістаннан да асып кеттім, ата-анамды жапон жұртымен құда қылдым», – деп әзілдей жауап қайтарды.

Жапон қызы Серинаға ғашық болып, тілі мен ділі басқа жұрттың қызымен отау құруы Сүндеттің маңдайына жазылған тағдыры ғой. Айтпақшы, Серина мұсылман дінін қабылдапты. Бұл жөнінде Сүндеттің өзі былай дейді: «Мен болашақ жарымның мұсылман дініндегі адам болғанын қалайтынымды айтқаным бар. Бірақ мұсылман дінін қабылдау туралы талап қойған емеспін. Бұл Алла разылығы үшін деген Серинаның өз шешімі болды. Азамат басымды сыйлап, осындай қадамға барғанына риза болдым, алғыстан өзге айтарым жоқ. Біз некемізді «Нұр Астана» мешітінде қиғыздық».

Сөйтіп, Серина ислам дінін қабылдап, Сүндет екеуі шариғат жолымен неке қидырды. Араға жыл салып жастар Жапонияға барып, күн шығыс елінің салт-дәстүрі бойынша тойларын және өткізді. Ал Жапонияға күйеу жігіт ретінде алғаш барғанда Сүндетті қайын жұрты қалай қарсы алды екен? Көпшілікті қызықтырған бұл сұрақты әншінің өзіне қойған болатынмын.

«Қайын жұртым мені өте жылы қарсы алды, – дейді жымиып Сүндет, – Оның өзіндік себебі де бар, қайын атам мен енемнің алдынан өтуге бару үшін 2 жылдан астам уақыт бойы жапон тілін үйрендім. Өз тілдерінде сөйлесіп, қыздарын маған беруге өтініш жасадым. Содан бері біраз жыл өтті ғой, қылықты қызымыз өсіп келеді. Өзіміз мүмкіндігінше еңбек демалысында Жапонияға барып тұруға тырысамыз. Кезінде ата-енем біздің елде қонақ болды да. Ол кісілерге Алматы мен Астана қатты ұнады».

– Сүндет, Күн шығыс елінің дәстүрі бойынша өткен тойдың біздің тойдан айырмашылығы қандай екен?

– Қазақтың тойында қонақтар өте көп болады және тойға келген қонақтардың барлығы да тілек білдіреді, ал жапондардың тойында үш-төрт адамның тілегінен кейін лебіздер айтылмайды. Жапониядағы тойда кимоно кидік. Олар тойға келген қонақтардан түскен ақшамен мейрамханамен есептеседі екен. Жапондарда тойға сыйлық ретінде конвертке салынған ақша сыйлау міндеттелген. Сондықтан да, біз секілді олар шашылып-шабылып, қарызданып-қауғаланып той жасамайды. Кейбірі ақшамен бірге қолдан жасалған сыйлық та беріп жатады, – деп Жапонияда өткен тойындағы әсерімен бөлісті отағасы.

Сөз арасында Серинаны да әңгімеге тарттым. Өзі туралы айтып беруін өтіндім. Өтінішімді жерге тастамаған жапон-келін: «Окинавадағы мектепті аяқтасымен Санкт-Петербургтегі Ваганова атындағы орыс балет академиясына оқуға бардым. Жанымда бес жасынан балетке бірге қатысып жүрген тағы бір қыз бар еді. Екеуіміз Ресейдің атақты академиясының студенті атандық. Екі жыл оқудан соң ол Жапонияға кері қайтты, ал мен Қазақстанды бетке алдым», – деп әңгімесін бастады.

Бойжеткеннің бұл таңдауына академияның көркемдік жетекшісі, жерлесіміз, балерина Алтынай Асылмұратова ықпал еткен көрінеді. Оқуын тәмамдаған шәкіртіне Қазақстанға бару жөнінде кеңес берген. Бізде кенже қалып жатқан өнерді өрге сүйреуге септігі тиер деген ниет болса керек.

– Академияда оқығанда бізге аты әлемге әйгілі Алтынай Асылмұратова сабақ берді. Төрткүл дүние өнеріне тәнті болған  балеринадан тәлім алу – мен үшін бақыт. Актерлік шеберлікті көрсеткенде, бәріміз соған ұқсағымыз келетін. Мінезі жұмсақ болғанымен, сахнада өте талапшыл адам. Тағдырдың жазуы, ұстазым Алтынайдың ықпалымен Қазақстанға келдім. Әуелде біршама уақыт жұмыс істеп, еліме ораламын ғой деп ойлағам. Бірақ, бұл елге келіп, менің ойым да, көзқарасым да өзгерді, – деп балерина Қазақстанға алғаш келген кезін еске алды.

Бастапқыда Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрына келіп, сол жерде бір жыл жұмыс істеді. Елордалық К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрғалиевтің шақыруымен Астанаға қоныс аударды. Содан бері Елордада тұрады, еңбек етеді.

Бақытын өзге жұрттан тапқан жапондық арудың қазаққа қалай келін болғанын сұрадым.

«Бізді табыстырған, махаббатымызға куә болған Алматы қаласы. Театрда бірге жұмыс жасадық, сол кезде таныстық. Арада алғашқыда әріптестік, одан соң достық қарым-қатынас орнады, арты махаббатқа ұласты. Үш жылдан кейін екеуіміз отау тігіп, шаңырақ көтердік», – дейді қазақ тілін үйреніп жүрген Серина.

«Театрдан кешке қайтарда сахнада жалғыз өзі билеп, қойылымға дайындалып жүрген қызды көрдім, – деп еске алады алғашқы кездесуін Сүндет, – Сөзіміз бірден жараса кетті. Әңгіме барысында оның жапондық екенін, сонау Жапониядан келгенін естіп таң қалдым. Себебі, өзінің отанынан жырақта орналасқан елге қорықпай келген қаршадай қыздың бұнысын ерлікке баладым».

Сүндет жұбайының Ресейде алған жоғары біліміне мақтанады. Себебі, отағасының айтуынша, болашақта жұбайы алған білімінің арқасында өзінің кәсіби студиясын ашуына болады.

– Қыздарыңыздың болашақта кім болғанын қалар едіңіздер? – деп сұрадым жұлдызды жұптан.

– Мәнерлеп сырғанаушы болғанын қалар едім. Жапондар мен қазақтар арасында генетика тұрғысынан қарағанда 99 пайыз ұқсастық барын оқып едім. Қанында қыпшақ-самурайдың қаны бар қызымыз болашақта қандай мамандықты қаласа да құптаймыз ғой, – деген әке бұйыртса тағы да әке атанғысы келетінін жасырмады.

Серинаның ұлты жапон болса да қазақ қызына тән қонақжайлылықты байқадым.  Жапон келіннің қолынан шай іше отырып, Сүндет екеуіміз біраз әңгіменің басын қайырдық. Сүндет әншілік өмірінің қиын да қызық жолдарын, Серинамен алғаш танысып, отау құрғандарын, Астанадағы үйсіз-күйсіз жүріп, жатақханада тұрған жылдарын, шетелдердің мәдениеті жайлы көрген-білгендерін, туған жері Арқалықтың кешегісі мен бүгінгісін, Жапониядағы қайын жұртын әңгіме арқауы етті.

Қоштасарда шексіз алғысымды айтып, өнерлі жұптың шаңырақтары биік, керегелері берік болуына тілектестігімді білдірдім.

Жас келін де Байғожин әулетіне өзімен бірге құт пен береке қондырды. Сөйтіп екі жас тату-тәтті ғұмыр кешіп, жұлдызды жұптардың қатарында жүр.

 

АВТОРДАН: Оқырман назарына ұсынылып отырған бұл мақала осыдан 4 жыл бұрын жазылды (бастапқы тақырыбы: «Қазақ әншісінің жапон махаббаты»). Сол кезде жұлдызды жұптың шаңырағында қонақта болып, жапон келіннің қолынан шәй ішіп, «қазақ – жапон одағының» куәсі болған едім. Өкінішке қарай, Сүндет Байғожин мен Серина Сунагава ажырасқан екен. Ажырасу себептерін құпия қалдырған опера әншісі бір сұхбатында: «Мен ажырасқаным туралы тіс жарған емеспін. Өйткені, бұрынғы әйеліме ыңғайсыздық тудырғым келмеді. Серинамен жақсы қарым-қатынастамыз, қызыммен араласып тұрамын», – деген еді. Естеріңізде болса, былтыр «Мисс Казақстан – 2016» байқауының жүргізушісі болған Сүндет Байғожин тікелей эфир барысында байқау қатысушысына тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Опера әншісінің таңдауы 20 жастағы Қостанай аруы Айткүл Нұрмановаға түсті.  «Қымбатты, Айткүл! Бүгін мен көптен бері армандаған күн келіп жетті. Мүмкін бүгін сен «Мисс Қазақстан» атанбассың, бірақ мен үшін сен ең сұлу, ең ғажап ару болып қалмақсың. Жаным, сүйкімдім, қымбаттым, маған тұрмысқа шыққаныңды қалаймын», – деді Сүндет Байғожин тікелей эфир барысында Қостанай аруына. Ал, Айткүл Нұрманова бірден өз келісімін берді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ,

«Qazaq» газеті