ҚАЗАҚ КИНОСЫ: ӘЛЕМ АЛАҚАНЫНДА

11

Кино – өлмес өнер. Тарих бедерінде бейнелі туындылардың сан жылдардан бері сақталуы соның айғағы. Кино демекші, қазақ киносының кешегісі мен бүгініне куә және оның болашағына алтын көпір болған «Қазақфильм» ғимараты бүгін біздің нысанамызда.

АЛҒАШҚЫ АДЫМДАР

«Қазақфильм» дегенде ең алдымен, отандық киноиндустриясын шетелге танытқан шығармашылық ұжым көз алдыңызға елестейтіні анық. Жарты әлем таңдай қаққан қазақ фильмдерінің «тағдыры шешілетін» ғимарат – «Қазақфильм». Тәуелсіз ел атанбай тұрған шақта «Мосфильм» ұсынған фильмдерді ғана тамашалайтын қазақ көрерменіне «Қазақфильм» көптеген тарту жасады. Аз ғана мерзім ішінде көрермен көзайымына айналып үлгерді. Халықтың үмітін ақтады әрі талғампаз көрерменнің сеніміне селкеу түсірген емес.
Уақыт өз дегенін, көздегенін жасап, ұлтымыздың біртуар ұлыларын өз иіріміне түсірді. Ұлылар өмірден өтсе де орнында еңбегі мен туындылары қалды. «Қазақфильм» жайлы айтқанда әйгілі Шәкен Аймановты (1914-1970) айтпау мүмкін емес. Ол – қазақтың Шәкені! Туған топырағы бойына дарытқан талантты ұштап, еңбектенген азамат көзі тірісінде-ақ қазақтың төл фильмінің салтанат құруына куә болып, өзі де ерен еңбек сіңірді.
Жалпы, «Қазақфильм» – Алматыдағы киностудия. 1934 жылы құрылған Алматы кинохроника студиясы мен Алматы көркем фильмдер студиясы негізінде ұйымдастырылған. 1941-1944 жылы Алматы көркем фильмдер киностудиясы көшіп келген «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудияларымен қоса, Бірлескен орталық киностудиялар құрамына кірді. Соғыс жылдары ЦОКС-та КСРО фильмдерінің 80%-ы түсірілген. 1944 жылдан бастап өз алдына дербес Алматы көркем және хроникалы фильмдер киностудиясы болып құрылды, ал 1960 жылдан «Қазақфильм» деп аталды. 1984 жылы Шәкен Айманов аты берілді. 2000 жылдан бастап Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Қазақ ұлттық компаниясы деп аталады.
Студияның алғашқы туындысы Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша қойылған «Абай әні» (режиссер Г.Рошаль, Е.Арон) фильмі болды. «Қазақфильмнің» қалыптасып, өркен жайып өсуіне Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтанахмет Қожықов, Ораз Әбішев сияқты белгілі кино өнер қайраткерлерінің қосқан үлестері елеулі. 1953-1970 жылы Шәкен Айманов студияның көркемдік жағын басқарды. «Махаббат туралы дастан» (реж. Ш.Айманов, К.Гаккель), «Жамбыл» (реж. Е.Дзиган), «Ел басына күн туса» (реж. М.Бегалин), т.б. фильмдер қойылды.

ТҰҢҒЫШ АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМ

«Қазақфильмде» ұлттық кино өнерінің қайталанбас туындылары – «Атамекен», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе», «Атаманның ақыры», «Мәншүк туралы ән», «Қыз-Жібек», т.б. фильмдер түсірілді.
Сонымен қатар, кинохроника, деректі және ғылыми-көпшілік фильмдермен қатар анимациялық фильмдер де түсірілді. Қазақ анимациясының негізін салушы Әмен Қайдаров «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультфильмін түсірді. «Қазақфильмде» 100-ден астам осындай фильм түсіріліп, 1000-нан астам шет ел және ТМД елдерінің фильмдері қазақ тіліне аударылды.
1990 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясы Франция, Жапония, Ресей сияқты елдердің киностудияларымен бірлесіп фильмдер түсіріп келеді. Айталық, «Нәзік жүрек», «Ақсуат», «Фара», т.б. фильмдер халықаралық кинофестивальдердің жүлделерін иеленді, шет елдерде кеңінен жарнамаланып, көрсетілді.
«Қазақфильм» павильондарында «Тоғысқан тағдырлар» («Перекресток»), «Саранча» секілді телевизиялық көп сериялы фильмдер түсірілді. 2003 жылы «Қазақфильм» киностудиясында «Көшпенділер» (сценарийдің авторы Р.Ибрагимов, режиссерлері И.Пассер, Т.Теменов), «Сардар» (сценарийдің авторы О.Агишев, режиссер Б.Қалымбетов), «Ащы көлдің жағасында» (сценарийдің авторы И.Вовненко, режиссер А.Әшімұлы), «Аңшының отбасы» (сценарийдің авторы және реж. С.Апырымов), т.б. фильмдері түсіріле бастады.

ТАРИХИ ҒИМАРАТТЫҢ ҚЫР-СЫРЫ

«Қазақфильм» аумағына келер болсақ, жалпы жер аумағы – 19 гектар, 2 павильонды киноға түсіру ғимараты, сол сияқты декоративтік-техникалық құрылыстар, дыбыс студиясы, өндірістік-лабораториялық құрылыстар орналасқан. Бұл ғимараттың ішкі құрылысы әр жылдарда әртүрлі өзгерістерге ұшырайды. Себебі, жаңа фильм түсіруге қажетті алаң жасалуы тиіс болса, ғимаратты қолдануға әбден болады. Оған, «Шайбани сарайы» мысал бола алады.
Енді ғимараттың ішкі құрылысындағы кейбір ерекшеліктерге қысқаша тоқталайық.
«Қазақфильмде» екі павильон бар. Оның «Екі павильондық корпус» немесе «Екі павильондық» деп аталуы өзін-өзі айқындап тұр. Ол жерде фильмдер, телехикаялар мен телевизиялық бағдарламалар түсірілімі өтетін екі үлкен павильон орналасқан. 1963-1969 жылдар аралығында осы павильондардың құрылысын Шәкен Аймановтың өзі жеке қадағалаған. Мұндағы қабырғалар мен есіктер қалың, шуды өткізбейді екен. Екі павильон да өлшемдері бойынша бірдей – 750 шаршы метр, биіктігі 7,5 метр. Сонымен қатар, павильондар үлкен жүк көліктерінің кіруіне арналған үлкен қақпалармен жабдықталған. 2008 жылы мұнда жаңа жарық құрылғылары орнатылды. Сонымен қатар, павильондар желдету шахталарымен жабдықталған.
Бір павильонды бір ауысымға жалға алу құны – 150 000 теңгені құрайды.
Павильон жалға берілген кезде ол мүлдем бос болады, бұл сомаға тіпті жарық құрылғылары да кірмейді, себебі әрбір жобаға әртүрлі мөлшерде жарық керек, бұл енді жеке есептеуіш бойынша саналады. Осыған байланысты түсірілім құрылғылары, сахна суреттері, кәсіпқойлардың қызметтері де бөлек төленеді. Әрбір жоба үшін телевизияда жұмыс істейтіндер өздерінің сахна суреттерін алып келеді.
Сонымен қатар, бұл жерде Тимур Бекмамбетов режиссер болған бір жобаның түсірілімі өткен. Бұл жерге қоқысы бар он үлкен жүк көліктері кіргізілген. Яғни, бұл жерде кез келген сахна суреттерін орналастыруға болады. Оған қоса, әр бұрыштарда не болып жатқанын бақылауға болатын арнайы камералар орнатылған. Осылайша, Тимур Бекмамбетов өзі Америкада болса да осы камералардың арқасында және қашықтықтан басқару мүмкіндігі арқылы осы жердегі түсірілімді жүргізген екен.
Бұл павильонның қабырғасында 1969 жылы түсірілген бірінші көркем фильм – «Атаманның ақыры». Ал бірінші телехикая – «Тоғысқан тағдырлар».
«Қазақфильмде» жылына 8-10 толықметражды фильмдер, көркем фильмдер, 30-ға жуық деректі фильмдер және 7-ге жуық анимациялық, қысқаметражды картиналар шығарылады.
Ғимараттағы цифрлық кешенде монтаждау, фильмдерді дыбыстау, анимациялық фильмдерді жасап шығару өткізіледі. Және сөздік дыбыстау студиясы бар. Бұл студияда әртістер түсірілім алаңында айтқандарын қайта дыбыстайды. Олар өздерінің интонацияларына түсулері керек, түсірілім алаңындағы алған әсерлерін бере алу қажет. Экранда фильмді көрсетіп, әртіске құлаққап кигізеді, содан кейін олар бөлмеде жалғыз қалып, барлығын қайта дыбыстайды.
Ал шуыл бөлмесінде біз фильм көру барысында еститін барлық шуларды жазу жүргізіледі: ауыларалық жолдағы жүріс, судың сылдыры, төсектің сықыры, ыдыстардың қирауы. Сондықтан бұл жерде жекелеген шуылдар беретін әртүрлі көптеген құрылғылар бар. Паркет қозғалады және қиыршық тастарды, құмды көреміз, сондықтан бұл жерде адамның жолда қалай жүретінін жазуға болады. Кез келген талғамда және дыбыста аяқ киім табуға болады: резеңке-шәркейлер, етіктер, өкшелі аяқ киімдер.
Dolby бөлме – кинотеатрларға арналған дауысты жазатын орын. Бұрын, Dolby дауысты жазу үшін Ресейге бару керек болатын, бірақ 2010 жылдан бастап бізде өзіміздің құрылғымыз пайда болды.

КИНО. ЖОСПАР. ЖОБА

2017 жылы «Қазақфильмнің» 27 фильмі жалпы саны 43 халық-аралық кинофестивальдерге қатысып, 27 фильмнің 24-і жүлдені қанжығалапты.
Сонымен қатар, былтыр «Қазақфильм» түсірген үш фильм: Рүстем Әбдірашовтың «Қазақ Хандығы: Алмас қылыш», Сәбит Құрманбековтің «Оралман», Талғат Теменовтің «Біздің қаланың ханзадасы» прокатқа шығып, көрермен ықыласына бөленген болатын. Ал «Анаға апарар жол» көркем фильмі, «Жол» көркем фильмі, «Қазақ елі» анимациялық фильмі, «Хат» қысқаметражды фильмі әлемдік фестивальдерден жүлделі орындарға ие болды.
Киностудияның баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Исаева былтырғы жылдың нәтижесі жайлы: «Жалпы, 2017 жыл Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы үшін өте олжалы жыл болды. Көптеген көркем, деректі, анимациялық және қысқаметражды дебюттік фильмдер түсірілді. 2015 жылда өндіріске жіберілген көптеген толықметражды фильмдердің өндірісі 2017 жылдың соңында аяқталып, қазіргі уақытта қолымызда дайын тұр. Атап айтар болсақ, 18 толықметражды көркем фильм, 21 деректі толықметражды фильм, 6 қысқаметражды дебюттік фильм және 2 толықметражды анимациялық фильмді биыл біздің киностудия халыққа ұсынады. Алдымыздағы жылы осы туындылардың барлығы көрерменге жол тартады», – дейді.
Ал 2018 жылы «Қазақфильм» көлемді 2 сериал және 6 толықметражды көркем фильмнен кем емес жобаны жоспарға қосып отыр. Бұдан бөлек, 12 деректі, 10 қысқаметражды фильм де жылдық жоспарда бар. Отандық киноиндустриямызға үлес қосуды көздеген кино әлем мемлекеттік бағдарлама негізінде 12 деректі фильм түсірмек. Олар «Туған жер», «Қазақстанның сарқылмаған географиясы», «Қазіргі Қазақстанның әлем мәдениетіндегі орны» және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» сынды атаулармен жарық көрмек.
2018 жылдың еншісінде Қанағат Мұстафиннің «16 қыз – 2» комедиясы, Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің негізінде түсірілген «Шыңырау» атты көркем фильм, Асанәлі Әшімов басты рөлді ойнаған «В тени ветвей над косогором» атты туындылар бар. Бұл Асанәлі Әшімов түскен кино туындының нақты атауы емес, өзгертілуі мүмкін. Сондай-ақ, көпшілік күтіп отырған «Балуан Шолақ» (басты рөлде актер Еркебұлан Дайыров) туындысы биыл көптің назарына ұсынылмақ. Әлеуметтік тақырыпта мүмкіндігі шектеулі балалар туралы «Девушка и море» және режиссер Эмир Байгазиннің «Река» атты фильмі де биыл көрсетіледі. Балаларға жол тартқалы отырған 2 анимациялық фильм бар. Толықметражды 2 фильмнің біреуі ЭКСПО кезеңінде түсірілген. Атауы – «Күлтегін». Кішкентай балаларға патриоттық тәрбие беретін туындының авторы – Адай Әбілдинов. Сонымен қатар, Тұрдыбек Майдан мен Тілек Тілеуғазының «Мұзбалақ» атты анимациялық фильмі биылғы жылы балаларды қуантпақ.
Айтпақшы, 2017 жылы өндіріске жіберілген 4 ауқымды фильм бар. Олар 2018 жылдың аяғында ғана дайын болады. Атап айтқанда, Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі мен «В эпицентре мира: Путь Лидера» атты фильмі, Жазғы Олимпиада ойындарының тұңғыш алтын медалін алған қазақ Жақсылық Үшкемпіровке арналған «Жеңімпаз» атты көркем фильмі. Сонымен бірге, Қазақстанда пайда болған алғашқы бірлескен «ЦОКС» студиясының тарихы туралы «Эвакуация» атты көркем фильм түсірілмек.
Жақында ғана Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірілген «Әміре» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті. Әміре Қашаубаевтың өмір жолына арналған көркем фильм 5 сәуірде ұлттық прокатқа қазақ және орыс тілдерінде шықты. Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық қоюшы-режиссер – Джеф Веспа, оператор – Максим Осадчий бар. Фильмнің сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин. Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған. Сонымен қатар, британдық актер Бен Алдридж және «Область тьмы», «Три билборда на границе Эббинга, Миссури» фильмдері арқылы танылған америкалық актриса Эбби Корниш және басқа да актерлер түскен.
Картинаның бас продюсері, DAR компаниясының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов тұсауы кесілген фильм туралы былай деді: «Әміре Еуропа қошемет көрсетіп, қол шапалақтаған қазақтан шыққан алғашқы әнші бола тұра, өз елінде әділетсіз ұмыт болған. Сондықтан да мен үшін осындай ерекше дарын иесі туралы көпшіліктің білгені маңызды. Біз замандастарымызға Әміре Қашаубаевтың қиын өмір жолын және фильмде шырқалатын оның дауысын естуге мүмкіндік бергіміз келеді. Әмірені жақын танып, ұлттық дәстүрлі өнермен етене танысқан отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімі оянады деп сенемін».

Тобықтай түйін: «Қазақфильм» кешені біздің ұлтымыздың, руханиятымыздың дарынды өнер шеберлерінің тарихымызға алтын әріппен жазылған ұлы есімдерімен байланысты. «Қазақфильм» кешенінің өзі – қасиетті шаңырақ. Бұл қасиетті қара шаңырақ әйгілі «Голливудтың», тіпті бізге жақын «Мосфильмнің» дәрежесіне жетуіне жылдар, ерен еңбек пен қыруар қаржы керек. Дегенмен, «Қазақфильм» қазақтың киносын әлем аренасына шығарып, елімізді халықаралық бәйгелерге қосуға тырысуда. Бізге беймәлім ғимараттың қыр-сыры, ондағы фильмдердің «тағдыры», жалпы, ғимараттың кешегісі мен бүгіні осындай…

ӘЛИЯ ІҢКӘРБЕК, “Qazaq” газеті