“ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРҒЫЗ ЕЛДЕРІНІҢ АРАСЫНДА БІРЛІК БОЛСА, ЭКОНОМИКАМЫЗ ДА, РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ ДА ОДАН ӘРІ ӨРКЕНДЕЙ БЕРЕДІ”

61

«Қазақстан мен Қырғызстан – бауырлас әрі одақтас мемлекеттер»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

«Қырғыз бен қазақ сияқты бір-біріне жақын халық жоқ»

Сооронбай ЖЭЭНБЕКОВ,
Қырғыз Республикасының Президенті

Алып Алатаудың арғы беті мен бергі бетін ен жайлаған қазақ пен қырғыз ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған халық. Екі елдің төрт түлігі бір далада жайылады, қыз алысып, қыз берісіп, құда-жегжат болып етене араласады. Біздің ынтымақтастығымыз, бауырмалдығымыз, басымызға қиын іс түскенде бір-бірімізге қол ұшын беруіміз ата-бабамыздан қалған дәстүр. «Ауылы аралас, қойы қоралас» саналатын көрші елдің ішкі, сыртқы жағдайын бір кісідей білетін, Қырғызстанмен шекаралас Жамбыл облысын біраз жылдар бойы басқарған Кәрім Көкірекбаев Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, осы аз уақыт ішінде қомақты жұмыстардың атқарылғанын 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінің тілшісі Қали Қамбаров Бішкектегі сапарында Кәрім Насбекұлының өз аузынан естіп қайтқан еді. Елші мен тілші арасындағы сол ашық әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«ЖАРТЫ ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ ЕКІ ЕЛ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ ЖЕТІ РЕТ КЕЗДЕСТІ»

– Құрметті Кәрім Насбекұлы, «Елдестірмек – елшіден» дегендей, екі ел арасындағы саяси және рухани байланыстардың, ауыл шаруашылығы, экономикалық қатынастардың дамуы тікелей Өзіңізге байланысты екені белгілі. Жалпы қазіргі екі ел арасындағы қарым-қатынастар қандай құжаттарға негізделген?
– Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ресми дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылғы 15 қазаннан басталды. Ал екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастық бойынша шарттық-құқықтық база 150-ден астам құжатты құрайды. Басты құжаттар ретінде 1997 жылғы 8 сәуірдегі Мәңгілік достық туралы шартты, 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Одақтастық қатынастар туралы шартты айырықша атауға болады.
Аталған шарттар негізінде Жоғары мемлекетаралық кеңес (Мемлекеет басшылары басқарады); Қазақстандық-қырғыз Үкіметаралық кеңесі (Үкімет басшылары басқарады); Қазақстан және Қырғызстан Сыртқы істер министрлер кеңесі құрылған.
Қазіргі деректер бойынша екі ел президенттері шамамен 30-ға тарта өзара сапарлар жасаған екен. Оның ішінде, өткен жылы халықтың басым көпшілігінің қолдауына ие болып, сайланған Сооронбай Жээнбековтің Қазақстанға ресми сапары іске асты. Жалпы алғанда, небары 5-6 ай ішінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен С.Ш.Жээнбековтің жеті мәрте кездесуі болды.
Айта кету керек, жоғарыда аталған кездесулер барысында Қазақстандық-қырғыз мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы Шарт және Шекара режимі туралы Келісім, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы «Жол картасы» сияқты көптеген маңызды құжаттарға қол қойылды.
– Екі ел арасындағы экономикалық байланыстар, өзара инвестициялар туралы айта кетсеңіз…
– Өзіңізге белгілі, өткен жылғы желтоқсанда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Қырғызстан Президенті С.Жээнбековпен кездесуі барысында Елбасы: «Біздің тауар айналымымыз ағымдағы жылдың 10 айында 15 пайызға өскеніне қарамастан қолда бар мүмкіндікті белсенді пайдалану қажет. Ол үшін біздің тауарлардың атауларын кеңейту мүмкіншілігін қарастырған жөн. Біздің алға қойып отырған басты мақсатымыз – 2020 жылға қарай өзара тауар айналымы көлемін 1 млрд долларға жеткізу», – деп ел Үкіметіне нақты міндеттер жүктеген болатын. Қазақстан қырғыз экономикасының негізгі инвесторларының бірі екені белгілі, ал Елбасы айқындап берген межеге қол жеткізу үшін екі елдің инвесторларына бұдан әрі қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті.
Екі ел арасындағы экономикалық байланыстар туралы қысқаша айтсақ, Қазақстан Қырғыз Республикасы үшін ЕАЭО шеңберіндегі ірі әріптес. Қырғызстан Қазақстанға электр энергиясын, сүт өнімдерін, жеміс-көкөніс, киім-кешек жеткізсе, Қазақстаннан Қырғызстанға мұнай өнімдері, астық, көмір, ұн, өсімдік майы, органикалық емес химиялық заттар, минералдық шикізат, темір, болат және басқа да қажетті нәрселер әкелінеді. Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруі қырғыз кәсіпкерлерінің өз өнімдерін Қазақстанға және Одақ елдеріне тиімді бағамен сатуға мүмкіндік жасады.
Мен Қырғыз Республикасындағы барлық екіжақты және көпжақты кездесулер барысында екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жан-жақты дамуына басты назар аударып келемін. Өйткені, екі ел арасындағы қатынас жақсы болса ғана экономика, сауда, мәдени-әлеуметтік және басқа да салалардағы ынтымақтастық дами түспек. Жыл басынан бері Қырғызстанда жұмыс істейтін Қазақстандық инвесторлармен бірнеше мәрте кездесу өткіздім.
Басқаларын айтпағанның өзінде бір ғана «Бозымшақ» компаниясы осы уақытқа дейін Қырғызстан экономикасына 350 млн АҚШ долларынан астам қаражат салған. «Бозымшақ» кен орны стратегиялық объектілердің мемлекеттік тізбесіне кіреді, кәсіпорынның салық аудару көлемі жылына шамамен 10 млн АҚШ долларын құрайды. Аталған компания қызметінің арқасында шамамен 1 200 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, «Sky mobile» компаниясы бюджетке салық төлеуден Қырғызстандағы ірі компания болып саналатын «Кумтор» кенішінен кейін екінші орынды иеленеді және салық көлемі жылына 35 млн АҚШ долларын құрайды екен. Оған қоса, «Халық банк Қырғызстан», «БТА-Банк Қырғызстан», «ЦУМ-Айчурек» сияқты көптеген қазақстандық компаниялар елдеріміздің татулығы арқасында Қырғыз Республикасының өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып отыр.
– Әрине, Елшіліктің атқарып жатқан іргелі істері туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардармыз. Дегенмен, Қазақстан диқандары үшін маңызды саналатын су мәселесі жыл сайын, әсіресе, суармалы кезеңде көтерілетіні баршаға аян. Осы су мәселесінде ілгерілеушілік бар ма?
– Сағасы да, жағасы да егіз болып саналатын Шу мен Талас – трансшекаралық өзендер. «Судың да сұрауы бар» дегендей, осындай екі ел арасындағы өзендерді ұтымды және жоспарлы түрде пайдалану Қазақстан мен Қырғызстан шаруашылықтары үшін аса маңызды. Бұл орайда, Қазақстан тарапынан, Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Елшілігі тарапынан халықаралық су бассейні болып табылатын Шу мен Талас өзендері мәселесіне айырықша назар аударылып отыр. Өйткені, Қазақстанның Қырғызстанға шекаралас және осы екі өзен бойындағы аумақта орналасқан Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласы үшін көктем және жаз мезгілдерінде судың жеткілікті болуы – жергілікті халыққа игілік, молшылық.
Су тапшылығының алдын алу үшін Қазақстан Елшілігі келіссөздер жүргізу, өзен арнасы мен су қоймаларының жұмысын бақылау, мамандармен кеңесу сияқты тиісті жұмыстарды ерте көктемнен бастады. Атап айтқанда, 2018 жылғы 11 сәуірде мен Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысында орналасқан Орто-Токой су қоймасына барып, Шу өзені арнасындағы су шаруашылығы құрылыстарының жұмысымен таныстым.
Атап кету қажет, Қазақстанның бастамашылығы бойынша 2000 жылы Қазақстан Респубикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланылатын су шаруашылығы құрылыстарын қолдану туралы келісім жасалып, осы құжат негізінде 2006 жылы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланылатын су шаруашылығы құрылыстарын қолдану туралы комиссия құрылған болатын. Комиссияның қызмет саласына Қырғыз Республикасында орналасқан Шу өзеніндегі Орто-Токой, Шу өзеніндегі Чумыш гидроторабы, Талас өзеніндегі Киров су қоймасы сияқты су шаруашылығы құрылыстары кіреді. Комиссияның 10 жыл ішіндегі жұмысы аталған жобаның өміршеңдігін көрсетіп, екі елдің тиісті ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктері қалыптасты.
2018 жылғы 13 сәуірде Алматы қаласында менің қатысуыммен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевтің Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы, мелиорация және тамақ өнеркәсібі министрі Н.Мурашевпен кездесуі болды. Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы және мелиорация саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, атап айтқанда, Киров және Орто-Токой су қоймаларын сумен толтыру және Қазақстанның Жамбыл облысының тұтынушыларын вегетациялық кезеңде суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, фитосанитариялық және ветеринариялық бақылаудың жекелеген мәселелері де назардан тыс қалған жоқ және екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ведомстволарының болжамы бойынша атқарылып жатқан шаралар қазақстандық нарыққа және ЕАЭО нарығына жеткізілетін қырғыз тарапының жеміс-көкөніс өнімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Оған қоса, 2018 жылғы 24 сәуірде мен Талас облысын аралап, Киров су қоймасының және Талас өзені мен басқа маңайлас жағалаудағы су шаруашылығы құрылыстарының жұмысымен жіті таныстым. Сапар барысында Қырғыз Республикасы Үкі-метінің Талас облысындағы Өкілетті өкілінің Бірінші орынбасары К.Осмонбековпен, Жамбыл және Талас облыстарының шекара маңы су шаруашылығы бірлестіктерінің басшыларымен кездестім.
Жыл сайын Киров су қоймасы Жамбыл облысындағы 4 аудандағы (Жамбыл, Байзақ, Талас, Сарысу аудандары) 64 мың гектар жерді және Тараз қаласын, сондай-ақ Қырғызстанның Талас облысы Манас ауданының 17 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ететінін атап өткен жөн.
Қырғызстан басшылығымен, атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы, экономика салаларындағы басшыларымен, Пре-мьер-министрімен және Қырғызстан Президентімен кездесулер барысында трансшекаралық өзендер мәселесін тұрақты түрде көтеріп, ел халқының су мұқтаждығын шешуге айырықша көңіл бөліп келемін. Бұл екі елдің де игілігін көтеруге ықпал етері сөзсіз.

«РЕСМИ СТАТИСТИКА БОЙЫНША ҚАЗІР ҚЫРҒЫЗСТАНДА 33 МЫҢ ҚАЗАҚ ТҰРАДЫ»

– Елші мырза, Қазақстан халқының Қырғызстан інжуі саналатын Ыстық-көліне баратын кезең жақындап келеді. Осы маусымдық кезеңдерде екі ел арасындағы бақылау-өткізу пункттерінде адамдардың кезек күтіп, ұзақ тұрып қалатын фактілер кездесетіні жасырын емес. Осындай жағдайларды болдырмас үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Сұрағыңыз орынды. Қырғызстан Республикасының Президенті С.Ш.Жээнбековтің 2017 жылғы 25-26 желтоқсандағы Астанаға сапары барысында қол жеткізген уағдаластықтар шеңберінде қос мемлекет басшылары екі ел арасындағы шекараларда орналасқан Бақылау-өткізу пункттерінің жұмысын жақсарту жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай, танысу сапары мақсатында қазақстандық-қырғыз шекарасындағы «Сарытөбе» (Қазақстан Республикасы) – «Токмок» (Қырғыз Республикасы), «Аухатты» – «Кен-Булун», «Қарасу» – «Ак тилек», «Қордай» – «Ақ жол», «Сыпатай батыр» – «Чалдыбар», «Мерке» – «Каинды» өткізу пункттерін араладым. «Жол картасының» орындалу барысымен танысу шеңберінде «Айша-Бибі» – «Чоң какпа» бақылау-өткізу пунктінде болдым. Өткізу пункттерінде Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара қызметінің өкілдерімен кездесу барысында олардың жұмыстарын жетілдіру, сондай-ақ «Қарасу» пунктіндегі көпірді реконструкциялау, жазғы туристік маусымда шекара өткелдерінің өткізу қабілеттерін ұлғайту мәселелері талқыланды. Жазғы маусымда Қырғызстанға келетін қазақстандық туристердің көбеюіне орай аталған өткізу пункттерінің жұмысын жақсарту аса маңызды және осыған байланысты Қазақстан тарапы «Қырқара» бақылау-өткізу пунктін жыл бойы жұмыс істеу режиміне көшіру мүмкіндігін қарастыруда. Мен «Қырқара – Автодорожный» бақылау-өткізу пунктінде (Ыстықкөл облысындағы қазақстандық-қырғыз мемлекеттік шекарасы) Қырғыз Республикасы Үкіметінің Ыстықкөл облысындағы өкілетті өкілінің аппарат басшысы У.Эсенгул уулумен кездестім. Біз БӨП-тің жыл бойы режимде жұмыс істеуі үшін жағдай жасау мүмкіндігін талқылап, Қазақстан Республикасынан Қырғыз Республикасы аумағына туристік сапарлардың ұлғайғанын атап өттік. Айта кету керек, қазір көрсеткіш жыл сайын 1 500-2 000 адамға ұлғайып отыр және статистикаға сәйкес, мәселен, 2016 жылы осы пункт арқылы Қырғыз жағына 14 296 адам өтсе, Қазақстан Республикасы жағына 15 410 адам өткен екен. Аталған пункттің жыл бойы жұмыс істеуі екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың дамуына оң әсер етпек.
Осы орайда Қырғыз Республикасы Мемлекеттік шекара қызметінің Төрағасымен кездесу өткіздім. Қол жеткізген уағдаластықтарға байланысты Қырғыз Республикасы Мемлекеттік шекара қызметінің Төрағасы У.Шаршиев пен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздің комитеті Шекара қызметінің директоры А.Ділманов мемлекеттік шекараны күзету және шекара инфрақұрылымын жақсарту саласындағы екі елдің ынтымақтастығы мәселелері бойынша кездесті.
– Қырғыз Республикасында тұратын қандастарымыз туралы тоқтала кетсеңіз. Олардың қазіргі жағдайы қалай?
– Ресми статистика бойынша қазір Қырғызстанда 33 мың қазақ тұрады, алайда, бейресми деректерге сүйенсек, яғни қырғызға сіңіп кеткен қазақтар, әкесі не шешесі қазақ, аралас қазақтарды қоссақ, олардың саны 130 мыңға таяу көрінеді.
Мен Қырғызстандағы қазақ диаспорасының танымал өкілдерімен (мысалы, Жогорку Кенеш депутаты Г.Асылбаева, «Бишкек темир» компаниясы бас директорының орынбасары Д.Хамзаев, Қырғыз Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері А.Қарымсақова, Республикалық диагностикалық орталықтың бас дәрігері, Қырғыз Республикасына еңбек сіңірген дәрігер С.Учкемпирова және тағы басқалар), Қырғызстандағы қазақ диаспорасының басшылығымен жұмыс барысында немесе іс-шаралар өткізу барысында жиі кездесіп тұрамын.
Кездесулер барысында қазақ диаспорасына елімізде жоспарланып жатқан негізгі іс-шаралар, оның ішінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы, оның ішінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы, Парламент палаталарының бірлескен отырысында ұсынған 5 әлеуметтік бастамасы және басқа да құжаттар туралы жан-жақты ақпарат беріледі, пікір алмасылады. Диаспора өкілдері де өздері атқарып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларын ортаға салды. Осы орайда, Елшілік мәдени-гуманитарлық, білім беру, тағы басқа салаларда өзара іс-қимыл жасау бойынша жұмысты жалғастыру жөнінде көптеген уағдаластықтарға қол жеткізді.

«ҚЫРҒЫЗ ХАЛҚЫ МҰХТАР ӘУЕЗОВТІ ӨЗ ҰЛЫ, ӨЗ ЖАЗУШЫСЫ САНАЙДЫ»

– Қазақ пен қырғыздың әлеуметтік-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастарын нығайту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Сауалыңыз орынды. Біз таяуда қырғыз зиялы қауымының және қазақ диаспорасының қатысуымен Бішкектегі Қырғыз-Қазақ университетінің ғимаратында «Қазақ-Қырғыз – бір туған» атты пікірталас алаңының отырысын өткіздік.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Ж.Жоробеков, Қырғыз Республикасының Халық әртісі, режиссер Б.Қарағұлов, «Қырғыз тілі» қоғамының Президенті Р.Құрбанов, жазушылар М.Абакиров, М.Тентимишев, А.Сарманбетов, «Турар» баспасының директоры Т.Мураталиев, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Қырғыз-Қазақ университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы да қатысты, аталған университет күшімен концертік бағдарлама ұйымдастырылды.
Отырыста Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде мен сөз алып, елдеріміз арасындағы бауырластық, тату көршілік және өзара тиімді қатынастар, мәдени-гуманитарлық және экономикалық салалардағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал ететінін мәлімдедім.
Отырысқа қатысушылар, мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Ж.Жоробеков Қазақстанның халықаралық бастамалары мен бейбіт даму тәжірибесін жоғары бағалады. Оның пікірі бойынша, әлемнің әр түкпірінде діни және ұлттық тұрғыдан жанжал туындап жатқан қазіргі жағдайда Қазақстанның көпұлтты әрі көп конфессиялық қоғам құру моделі аса өзекті болып отыр және көптеген елдер мұндай бірегей тәжірибемен алмасуға мүдделі.
«Қырғыз тілі» қоғамының президенті Р.Қурбанов қырғыз тілі мәселесін көтеріп, екі елдің терминология саласында өзара іс-қимыл жасау қажеттігін алға тартты, сондай-ақ қырғыз тілін танымал ету арқылы оны дамыту тәжірибесімен бөлісті.
Жазушылар М.Абакиров пен М.Тентимишев екі елдің зиялы қауымының байланыстары туралы, атап айтқанда, Манас танудың негізін қалаған М.Әуезовтің еңбегі жөнінде құнды деректер берді. М.Әуезов осы орасан зор эпостың бүгінгі күнге дейінгі барлық белгілі нұсқаларын зерделеген зерттеушілердің бірі де бірегейі екенін атап көрсетті. Олардың айтуынша, қырғыз халқы М.Әуезовтің қырғыз мәдениеті алдындағы айырықша еңбегін ерекше бағалай отырып, оны өз ұлы, өз жазушысы және көрнекті төл өкілі ретінде санайды.
«Қазақ-Қырғыз – бір туған» пікірталас алаңы шеңберінде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабының қырғыз және орыс тіліндегі нұсқасының тұсаукесері болды.
Оған қоса, мен таяуда Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрімен кездестім. Кездесу барысында біз екі елдің мәдениет, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастығы, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстан басшыларының уағдаластықтары шеңберінде мәдениетаралық диалогты дамытуға бағытталған әртүрлі бірлескен іс-шараларды өткізу мәселелерін талқыладық. Әрине, Қазақстан тарапының Ш.Айтматовтың 90 жылдығына арналған іс-шараларға және кезекті Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуы, сондай-ақ қырғыз тарапының Астананың 20 жылдығына орай болатын іс-шараларға қатысуы туралы сөз болды. Аталған іс-шараларға елдеріміздің өзара атсалысуы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға серпін беретіні анық.
Қазір Қырғызстанда 3 мыңға таяу Қазақстан азаматтары білім алып жатса, тиісінше біздің елімізде 1 мыңға таяу Қырғыз Республикасының азаматтары оқып жатыр.
Екі елдің өзара білім алу, тәжірибе алмасу мәселелерін жақсарту мақсатында Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрімен де кездестім. Кездесу барысында елдеріміздің білім беру саласындағы ынтымақтастығын, оның ішінде Қазақстанның білім беру күндері, Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының білім және ғылым министрліктері басшыларының кездесулері сияқты әртүрлі бірлескен іс-шаралар өткізу арқылы одан әрі нығайту мәселелерін талқыладық.
Кездесу шеңберінде мен Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық және қырғыз жастары елдерімізді біріктіретін байланыстырушы буын екенін атап өттім. Бұл орайда, студенттермен, магистранттармен алмасу бағдарламасын дамытуды және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының ірі жоғары оқу орындары арасында ғылыми қызметкерлердің тағылымдамадан өтуі, ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша өзара іс-қимылды жандандыруды ұсындым.
Таяуда Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі К.Чолпонбаевпен кездесіп, екі елдің денсаулық сақтау саласы бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқыладық. Атап айтқанда, Астана мен Алматы және басқа да қалаларда сапасы жағынан шетелдік құралдардан кем түспейтін медициналық жабдықтар бар екені, Қырғызстан халқы алыс шетелдерге бармай-ақ іргелес Қазақстан қалаларына емделуге бара алатыны туралы, оған қоса, мәселен Қазақстанның Қырғыз Республикасымен шекаралас аудандарының тұрғындары Алматы немесе Тараз қалаларының қашықтығына орай, Бішкек қаласына емделуге баруға болатыны да сөз болды. Осы орайда, нақты шешімдер қабылдау үшін екі елдің Денсаулық сақтау министрлері кездесуін ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
– Сіздің көзқарасыңыз бойынша, Қырғызстанда қандай оң өзгерістер болып жатыр? Жаңадан келген адам ретінде нені байқадыңыз?
– Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан мен Қырғызстан бауырлас әрі одақтас мемлекеттер» деп үнемі айтып келеді. Өздеріңізге белгілі, мен Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбековке Сенім грамотасын тапсырдым. Ол мені дипломатиялық қызметімнің ресми басталуымен құттықтап, бұл құрметті миссия біздің елдеріміз арасындағы бауырластық, тату көршілік және өзара тиімді қатынастардың одан әрі дамуына ықпал ететініне сенімділік білдірді. Қырғыз Республикасының Президенті өзінің қысқа уақыт ішінде Қазақстанның Елордасы – Астанада ресми сапармен және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуінде екі рет болғанын атап өтті. Сол кезде Президент С.Жээнбеков: «Бұл сапарлар кезінде маңызды құжаттарға қол қойылып, өзекті мәселелер талқыланды. Сіздің Қырғызстанға Елші болып тағайындалуыңызға өте қуаныштымын әрі біздің қарым-қатынастарымыз келешекте тереңдей түседі деп сенемін, өйткені қырғыздар мен қазақтар сияқты бір-біріне жақын халық жоқ», – деген болатын.
Қырғызстан Президенті С.Жээнбеков ел үшін, халық үшін маңызды істер атқарып жатқанын атап өткім келеді. Ол жұмысқа кіріскеннен кейін 2018 жылды «Өңірлерді дамыту жылы» деп жариялауы қабылданған ең маңызды шешім болды. Президент 2018 жылғы 9 қаңтарда қол қойған «Өңірлерді дамыту жылы деп жариялау туралы» Жарлық аймақтарды дамытудың негіз қалаушы құжаты деп санауға болады. Шынында да кез келген мемлекет үшін ең алдымен аймақтарды дамыту жалпы елді дамытуға серпін беретіні белгілі.
Аталған шаралар экономиканың, тауар айналымының (оның ішінде, шекара маңы аудандарында) өсуіне ықпал етіп, өңірлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасайды, түптеп келгенде, мұның бәрі ішкі және сыртқы көші-қонның азаюына әкеледі. Сарапшылардың пікірінше, бұл шаралар жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға, өңірлердің экспорттық әлеуетін қолдауға, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасауға, инвестициялар тартуға бағытталған.
– Кәрім Насбекұлы, екі ел халқына және «Qazaq» газетіне қандай тілек білдірер едіңіз?
– Қазақта «Ынтымақ жүрген жерде ырыс жүреді» деген аталы сөз бар. Ең бастысы біздердің, яғни қазақ пен қырғыз елдерінің арасында бірлік болса, экономикамыз да, рухани құндылығымыз да одан әрі өркендей береді. Мен бұған сенімдімін. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Ал, 105 жылдық «Qazaq» газетіне шығармашылық табыс тілеймін, биік белестерді бағындырып, елдер арасындағы ынтымақтастықтың тереңдеуіне қомақты үлес қоса беріңіздер!
– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Қали ҚАМБАРОВ,
«Qazaq» газеті