ҚАЗАҚ ТІЛІН АРДАҚ ТҰТҚАН АЗАМАТ

13

Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері өңірде дүниеге келіп, жергілікті халықтың ұл-қыздарымен кішкентайынан тай-құлындай тебісіп, бірге өскен өзге ұлт өкілдерінің перзенттерінің де мемлекеттік тілге деген талпынысын ұштап, олардың жан-жақты көрінуіне қолайлы жағдайдың бәрін де туғызып келеді. Сондай талапты да талантты жастардың қатарына бұл күндері республикамызға кеңінен танылып үлгерген Эльвира Иванова, Алла Гаврина, Татьяна Ситникова және басқаларды қосар едік. Бүгін біз өзі украин жігіті болса да Федоров ауданының орталығындағы Димитров атындағы №1 орта мектебінде қазақ тілінен дәріс беріп жатқан Дмитрий Сергеевич Ромащенко жайлы әңгіме өрбіткелі отырмыз.
Бәрі мектеп қабырғасынан басталды

Тумысынан салмақты да сабырлы, кез келген мәселені қолға алмас бұрын ақыл таразысына салып, іске кірісетін ол қазіргі таңда 25 жаста. Ол өзі жастығына қарамастан ойлы да парасатты.
Дима қазіргі өзі сабақ беріп жатқан орта мектептің түлегі. 2011 жылы осы білім ордасын ойдағыдай тәмәмдады. «Талаптыға нұр жауар» деп босқа айтылмайды.
Кейіпкерім өзінің шынайы қызығушылығының арқасында мемлекеттік тілді бір кісідей меңгерді. Сонау білім ордасының қабырғасында жүргенде-ақ қазақтың терең, мәнді де мағыналы мақал-мәтелдерін жатқа білетін.
Өзі негізінде қазақ тілін кәдімгі теледидарлардың төмен жағында берілетін титрды оқып, үйреніпті. Содан бірте-бірте өзі оған қалай біржола ден қойып, ғұмырын арнағанын сезбей де қалды.
Оның өміріне назар аударып отырсақ, егер адам баласы бірдеңеге ұмтылса соған жетпей қоймайтындығына көзіміз әбден жетеді. Өйткені, ол өзінің алдына қалай да мемлекеттік тілді терең игеремін деген мақсат қойып, соған жету үшін талмай ізденді.
Әрине, кім баласының өз қатарынан қалғанын қалайды дейсіз. Әкесі Сергей Иванович пен аяулы анасы да оның қалайда қазақ тілін тиісті деңгейде үйренемін деген таудай талабына қолдау білдірмесе, қарсылық танытпады. Себебі, олар қазақ елінің болашағы қазақ тілінде екендігін жете түсінді. Сондықтан да ұлдарының әрбір сәтті қадамына шексіз қуанды.
Оның үстіне балалары білім ордасында жүрген кездің өзінде үлгілі шәкірттердің бірі болды. Өзінің тиянақтылығымен көзге түсті. Қазақтың ұл-қыздарымен де жақсы араласып, жергілікті ұлттың балаларымен қимас досқа айналды.

Асыл арман алдамайды

Дмитрий Ромащенко Федоров селосындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, өзге достары секілді қолына кәмелеттік аттестат алған соң облыс орталығына келді. Сөйтіп, өңірдегі белді оқу орындарының бірі – Қостанай мемлекеттік университетінен ағылшын тілі мамандығын алу үшін осы оқу орнына түсті.
Басында шет тілін заман талабына сай үйренемін деп жүрген бозбала алғашқы семестрден кейін мемлекеттік тілге қызыққаны соншалықты, қазақ тілі мамандығына байланысты факультетке ауысты.
Әрине, кәсіп таңдауда қателескен жоқ. Сонау мектеп қабырғасында жүргенде көксеген мақсатына жетуге толық мүмкіндік туды. Содан өзінің күнделікті сабақтарын оқып келген соң қалған уақытының бәрін де өз бетінше ізденуге арнады.
Дмитрий Ромащенко қазіргі биікке тек ғана бір-екі жылда жетті десек қателескен болар едік. Содан бері де арада біраз уақыт сынаптай сырғып өте шықты. 2015 жылы аудандық үш тұғырлы тілге арналған байқауда жеңімпаз атанды.
Бұл жеңіс жас жігітке тың күш беріп, оны барынша жігерлендіре түсті. Келесі жылы сол балалық шағының ізі қалған Федоров селосында тағыда өзге ұлт арасында ұйымдастырылған жарыста алдына жан салмады. Қазақ тілін меңгеріп қалғандығын айналасындағыларға дәлелдеді.
Ауданда беделі көтерілген ұстаз уақыт өткен сайын тек алға қарай ұмтылып, мәртебесі барынша асқақтады. 2016 жылы ол Қостанай облысының атынан «Тіл – татулық тірегі» деп аталатын республикалық жастар форумына делегат болып қатысты.
Осы жыл шын мәнінде оның жолын ашты деуге толық негіз бар. Себебі, қоңыр күз айында қайратты да батыл украин жігіті мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы қол жеткізген табысы мен қосқан қомақты үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Міне, осылайша оның тіл жанашыры және ұстаз ретіндегі сәтті қадамдары одан әрі жалғаса түсті. Оның есімі бірте-бірте тек өзі қызмет атқаратын ауданда ғана емес, өңірде құрметпен аталатын дәрежеге жетті.
Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты дәлелдерге жүгіне кетелік. Былтыр республикалық «Талантты ұстаз – дарынды балаларға» деп аталатын республикалық байқаудың облыстағы турында жүлделі екінші орынға ие болды.
Осында жұлдызы жанған ол Алматыды өтетін республикалық сайысқа жіберілді. Әрқашан да тыңғылықты әзірлік үстінде жүретін Дмитрий аталған жарысқа жан-жақты дайындалды.
Сонымен былтыр Алматыдағы осы еліміздің түкпір-түпірінен келген өзі секілді талантты жастардың арасында тағы да абыройы асқақтап, жүлделі үшінші орынды иеленді.

Жұлдызды сәттер

Республикалық деңгейдегі жарыстарда қалың жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленген ол қол жеткенге тоқмейілсіп қалған жоқ. Өйткені, ол тоқырауға ұшырататындығы айдан анық.
Өткен жылы «Педагогикалық үміт» деп аталатын сайыста да үшінші орынды місе тұтты. Ал аудандағы «Қазақ тілінің үздік мұғалімі» деп аталатын байқауда алдына жан салмады. Сол жылы облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған ресейлік бауырларға арналған семинарда қазақ тілін оқыту әдістемесі жөніндегі өзінің жинақтаған бай тәжірибесімен бөлісті.
Өзі қызмет атқаратын аудан басшылары да ұлты украин болса да қазақ тілін жергілікті ұлт өкілдерінен кем білмейтін Дмитрий Сергеевичке ыстық ілтипатын білдірді. Аудан әкімі кәсіби шеберлігін ескере отырып, оған құрмет грамотасын салтанатты түрде тапсырды.
Дмитрий Ромащенко жыл өткен сайын шеберлігін шыңдап, үнемі алға қарай ұмтылыс танытып келеді. Ана тілімізді жетік меңгеру үшін тынбай еңбектену қажет екендігін ерте ұққан бозбала қазақ ақындары Мұқағали Мақатаев және басқаларды үздіксіз оқып, тілін жаттықтырып, солардың туындыларын білу арқылы ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қаныға түсті.
Осы дүниемізді жазбас бұрын біз облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменовамен тілдескен едік. Оның Дмитрий Ромащенко жайлы пікірі өте жоғары. Талай облыстық деңгейлердегі жарыстар мен басқосуларда өзін тек жақсы жағынан көрсетіп келе жатқан кейіпкеріміздің мінезі өте жайдары, кішіпейіл әрі мәдениетті.
Сонымен қатар, ол украин жігітінің жастайынан ұлтымыздың атын бүкіл әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» оқып, оның суреткерлігіне, аса дарындылығына көз жеткізгендігін ерекше бір мақтанышпен ауызға алады.
Өзі адамға жақын болғандықтан араласатын кісілері де өзі секілді сөздің емес, істің адамдары көрінеді. Бірге қызмет атқаратын әріптестерінің арасында да беделді. Өткен жылы әріптестерінің арасында қазақ тілін оқыту жайлы курсты өткізіп, жеке басының үлгісімен баршаға өнеге көрсетті.
Осы мақаланы дайындау барысында онымен телефон арқылы сөйлестім. Сонда байқағаным өзі хақында айтуға өте сараң. Кейбіреулердей баспасөз арқылы көрініп қалуға, өзін-өзі насихаттауға жоқ екендігіне көзім айқын жетті.

ЕСІМІ «АЛТЫН КІТАПҚА»  ЕНГЕН АЗАМАТ

Бақытгүл Зарлық қызының пікіріне қарағанда, Дмитрий Ромащенко қазіргі заманның нағыз азаматы. Ол Елбасы талап етіп отырғандай, үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыруға лайықты маман екендігіне өткен жылдарда қалың жұртшылықтың көзін жеткізді.
Өзі кезінде орыс мектебін бітірсе де тынбай ізденіп, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларына шын мәнінде ерекше ден қоюдың арқасында қазіргі биікке көтерілді.
Дмитрий Ромащенко кез келген ортада бұл күндері қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді. Осы тілде сауатты жаза да біледі. Сөздік қоры өте бай. Мемлекеттік тілдің шұрайлы да құлаққа жағымды екендігін өзі жүрген орталарында айтуды парыз санайды.
Кейбір қазақ тілді жігіттеріміз бен қыздарымыздың өзі ана тілдеріне үрке қарап жатқан кезде өзі өзге ұлттың өкілі болса да көпшілікке өнеге болып отырған азаматтың қазіргі қарекеттері інілері мен қарындастарына өнеге.
Дмитрий Ромащенко өзім болсам деген жастардың санатына жатпайды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының жанындағы осыдан біраз жыл бұрын құрылған «Тіл дарын» клубының белсенді мүшесі. Сондықтан облыстың барлық аудандары мен қалаларында мемлекеттік тілді жүзеге асыруға байланысты өзге ұлт өкілдері арасында әңгіме өрбітіп, мемлекетіміздің жарқын келешегі шын мәнінде қазақ тіліне тікелей байланысты екендігін терең жеткізе біледі.
Сол кездері Дмитрийді танымай да қаласыз. Әшейінде салмақты да сабырлы көрінетін ол жұртшылықтың алдына шыға келгенде ерекше шешендігімен, қазақ тілін айрықша меңгергендігімен дараланады.
Сондай кездері оның қасында жүрген тәлімгерлері мен тілектестері: «Шіркін, барлық қандастарымыз бен елімізде мекендейтін өзге бауырлас ұлттардың өкілдері Дмитрий Ромащенкодай өз елінің патриоты, білімді де тіл жанашыры болса, мемлекеттік тілдің аясы барынша кеңейіп, оның мәртебесі бұдан да асқақтай түсер ме еді?!» деген қалың ой құшағында қалады.
Адал еңбек, шынайы ізденіс, алысты болжайтын асқақ арман кімді болсын абыройға кенелтеді. Өткен жыл ол үшін де өте есте қаларлықтай болды. Дмитрий Сергеевичтің жаста болса осы кезге дейін қазақ тілін өркендетуге қосқан қомақты үлесі ескеріліп, ол Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабына» еніп, қалың жұртшылықтың алдында үлкен құрметке бөленді.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысқан бұл салтанатты жиында оның мәртебесі өсіп, өзінің ұстаздық қызметіне тың шабытпен кіріскен-ді. Әрине, оның бұл қуанышына замандастары мен әріптестері де ортақтасты.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұсынысымен осындай биікке көтерілген ол өзін әрқашан да қарапайым ұстайды. Кешегі қатардағы токарь болып қызмет істеген Сергей Ивановичтің ұлы әкесі мен анасын да елге танытты.
Оның аяулы анасы қазір арамызда жоқ. Бірақ ұлы шешесінің еңбегін ақтады. Өзінен үлкен әпкесі Наталья кәсіпкерлікпен айналысады. Сүйген жары Наталья да осы салада жұмыс істейді.
Кейіпкеріміздің ұстаз ретінде, яғни шәкірттеріне қазақ тілін үйретуде өзінің ұстанған әдістемесі бар. Күнделікті сабақ барысында оқушылары жаңа тақырыпты терең меңгеріп, саналарында ұзақ сақтау үшін музыканы да орнымен қолдана біледі.

Тобықтай түйін: Міне, қымбатты оқырман, өзге ұлттың перзенті болса да мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өзінің қомақты үлесін қосып келе жатқан жас ұстаздың өткен өмір жолы осындай.

Оразалы ЖАҚСАНОВ, Қостанай облысы