ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ТӨЛЕГЕНІНЕН АЙЫРЫЛДЫ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ ҚҰМАН ТАСТАНБЕКОВ ӨМІРДЕН ОЗДЫ

27

«Қыз Жібек» фильмінде Төлеген рөлін сомдап, көпшіліктің жүрегіне жол тапқан Қазақстанның Халық әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Құман Тастанбеков 72 жасында дүниеден өтті.

Белгілі кино және театр актерінің отандық кино мен театр өнеріндегі еңбегі де елеулі. Ол атақты «Қыз Жібек» фильміндегі (1970) Төлеген рөлімен жұлдызы бірден жанған актер. Бұдан кейін де көптеген фильмге – «Біздің Ғани» (1971), «Қыс – суармалы кезең емес» (1972), «Мұнда аққулар ұшып келеді» (1973), «Аққулар жаңғырығы» (1974), «Қосымша сауалдар» (1978), «Ағамның қалыңдығы» (1979), «Провинциалды роман» (1981), «Қараша қаздар қайтқанда» (1981), «Өрнек» (1982), «Алаң жиегінде» (1982), «Кімсің сен, салт атты?» (1987),«Адам-жел» (2003), «Махамбет» (2008), т.б. түскен.
Қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Құман Тастанбеков 1969 жылдан осы күнге дейін М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында абыройлы еңбек етті. Театрда Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-анасында» Қасымды, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Тәңірбергенді, М.Әуезовтің «Айман – Шолпанында» Наршаны, О.Бөкейдің «Құлыным меніңде» Жанды, Э.Эрвенің «Түлкі бикешінде» Флоридорды, Н.Хикметтің «Фархад – Шырынында» Фархадты сомдап, сахнада сан алуан бейнелер шоғырын қалыптастырды.
Осынау қазақ мәдениеті қара жамылған күндері 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті төменде Құман Тастанбековтің көзі тірісінде бұқаралық ақпарат құралдарына берген кейбір сұхбаттарынан үзінді жариялап отыр.

ҚҰМАН ҚАЛАЙ ТӨЛЕГЕНГЕ АЙНАЛДЫ?

Мені кино өнерінің таңғажайып аралына бастаған да, оның екінің біріне ашыла қоймайтын көкжиегіне еліткен де осы «Қыз Жібек» болатын. Ол кезде мен Құрманғазы атындағы консерваторияның студентімін. Қазақ кинематографиясының негізін қалаушылардың бірі – Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильміне кастинг жарияланып, ол өзінің ассистенті Галя Мағауина екеуі жатақханаға келіп, бірнеше болашақ актер жігіттердің фотоларын алып кетті. Арада біраз уақыт өткенде, Төлеген рөліне мені лайық деп тапқандарын хабарлады.
Төлеген – тек Жібекке іңкәр жігіт ғана емес, елінің ертеңін ойлаған хас батыр, дара тұлға. Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Меруерт Өтекешова және мен – төртеуіміз бір ай бойы Алматы ипподромында атқа мініп, жаттығу жұмыстарын жүргіздік. Біз ат құлағында ойнап өскен ауыл баласымыз, атқа отыру аса қиын емес. Мынау қаланың қызы Меруертті айтсаңызшы, оның бірінші күннен-ақ атқа отырып, еш именбей шаба жөнелгені мені таңқалдырады.
Режиссердің қойған талабының ең бастысы ат үстіндегі шайқас барысында қаруды жетік игеру болды. Садақ пен найзаны меңгеру шеберлігінен бір ай бойы сол жерде майор Дастеновтен сабақ алдым. Бар қабілетімді салып, ойнауға тырыстым.
«Қыз Жібек» – тек қана мәңгілік махабатты емес, патриоттық сезімді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қамтыған кино. Содан болар, ол басқа картиналармен салыстырғанда өміршең болды. Оған деген халықтың сүйіспеншілігі жылдар өте келе артпаса, еш кеміген жоқ. Өйткені, бұл кино тек қана бір тақырыптың аясымен шектелмеген.
«Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры ойдан шығарылған оқиға емес, шынайы өмірде болғандығымен де құнды шығар. Бұл махаббат хикаясының осыдан шамамен 500 жыл бұрын Ақтөбе облысының аумағында болғаны туралы нақты тарихи деректер бар. Демек, халық аңыз-әфсанадан гөрі тарихи оқиғаны жоғары бағалайды.
Оның үстіне, сценарийін Ғабит Мүсірепов жазып, Сұлтан Қожықов режиссерлік еткен, Нұрғиса Тілендиев пен Қадыр Мырза Әли, Гүлфайруз Исмайылова сияқты өзі ісінің мамандары атсалысқан картинаның осал болуы мүмкін емес еді. Актерлер де кіл мықтылар. Қай образға қарасаң да хас шеберді көресің. Сырлыбай, Бекежан, Шеге, Қаршыға, Базарбай, Қамқа, Айкөз, Кербез бейнелеріндегі әртістерді режиссердің дәл тапқанына қайранмын.

ТӨЛЕГЕН МЕН ЖІБЕКТІҢ ӨМІРДЕГІ МАХАББАТЫ

Мерует екеуіміздің таныстығымыздың өзі қызық оқиға болды. Әдеттегі күндердің бірінде «пробаға» келген сүп-сүйкімді бойжеткеннің көзіме оттай басылмасы бар ма?! Бір көргеннен-ақ Меруертті Жібектің рөліне алатынына сенімді болдым. Оған қоса, «Осы қыз тәуір ойнайды, Жібектің рөліне келетін сияқты» деп, ұйымдастырушы топқа да өзімнің пікірімді айтып қоятынмын. Тілегім орындалып, Меруерт екеуміз фильмдегі қос ғашықтың кейпіне еніп кеттік. Шамасы қызға менің кетәрі емес екенімді Әлекеңдер (Әнуар Молдабековті айтады, – ред.) байқаған болуы керек, түсірілім кезінде: «Меруертжан, осы жігіттің етегінен ұстасаң қор болмайсың» деп, мақтауымды келістіретін. Ол кісілердің қолқасына қалада өскен Меруерт: «ой, не надо» деп, кері тартынатын. Осылай, мен іштей қалағаныммен Жібегіміз тартыншақтап, көпке дейін амандық-саулық сұрасқаннан әріге аспай, алыстан араласып жүрдік.
Бір күні түсірілімнен кейін сыртқа шықсақ, жаңбыр жауып тұр екен. Жауын болғанда да сіркіреп емес, шелектеп құйып тұр. Аппақ күртеше киген Меруерт анадай жерде кетіп барады. Қол созым жердегі қызға жақындауға бата алмай мен келемін соңында. Ішімнен оның сүрініп кетіп, батпаққа омақаса құлауын тілеп-ақ келемін. Құдайдың өзі қолдаған шығар, қас пен көздің арасында Меруерт батпаққа топ ете қалды. Қарап тұратын уақыт жоқ, мүмкіндікті жібермеу керек, қасына жетіп бардым. «Меруерт, бәрі жақсы ма?» деп, өзімше халін сұрап, сүйемелдеп тұрғызып жатырмын. Оны демеп, орнынан тұрғызып жатып аздап әңгімелесіп те үлгердім. Ол кезде студентпін, қалтамдағы соңғы 1 сомымды таксиге жұмсап, қызды үйіне дейін жеткізіп салдым. Бәрі де осылай басталды…
Меруерт екеуіміз некелескенде, бізді «Олардың арасында еш махаббат жоқ, олар кинодағы Қыз Жібек пен Төлегеннің образынан шыға алмай қалғандар» деп сөккендер де болды. Бірақ олай емес. Ашығын айтайық, біз бір-бірімізді сүйген, «ғашықтық ауруымен» ауырған жандармыз. Осы махаббатымыздың арқасында 45 жыл бойы бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп келеміз.
Некеміз сол кездегі «Қазақфильмнің» директоры Камал Смайыловтың кабинетінде қиылды. АХАЖ бөлімінің қызметкерлері сонда келіп, Әнуар – Шеге, Асанәлі – Бекежан болып киініп келіп, дос-жарандарымыздың арасында жұбайлық өмірге қадам бастық. Кинодағы қарсыласым Бекежан – Асекең тойда асаба болды.

Тобықтай түйін: Құман Тастанбеков туралы айтылар әңгіме қашанда «Қыз Жібектен» басталатынына еш таңқалудың қажеті жоқ. Солай болуы заңды да. Жарты ғасырға жуық шығармашылық өмірінде кино мен театрда түрлі образдардың галереясын жасаған, бүгінде 72 жасында пәни дүниеден бақилыққа аттанған өнер шеберінің үлкен өнердегі ең алғашқы қадамы осы фильмдегі Төлегеннен басталған-ды. Жалпы, қазақ мәдениетінде өшпейтін із қалдырған актердің есімі халық жадында мәңгілік сақталады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, “Qazaq” газеті