“ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ОТЫН ӨШІРУГЕ ЕШКІМНІҢ ХАҚЫСЫ ЖОҚ”

112

Ол қазақ әншілерінің ішінде Гнесиндер атындағы Ресей Музыка академиясынан эстрадалық вокал мамандығы бойынша білім алған жалғыз әнші. Әйгілі Иосиф Кобзон, Гелена Великанова, Александр Градскийлерден тәлім алған талант иесі бүгінде қазақ өнерінің мүддесіне, қазақ әнінің болашағының жарқын болуына алаңдап қана қоймай, «Алматы әуендері» коммуналдық-қазыналық қоры арқылы өз үлесін қосып жүрген халықтың сүйікті әншісі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Бахтияр Тайлақбаевпен өнер төңірегінде сырластық.

«ГҮЛДЕР» АНСАМБЛІ ХАЛЫҚПЕН ҚАЙТА ҚАУЫШАДЫ»

– Сұхбатымызда қазақ эстрадасының өткені мен бүгінін салыстырудан бастасақ. Сіздердің буын өнер табалдырығын аттағанда ән деңгейі қандай еді?
– Біздің жастық шағымыздағы әндер сапалық жағынан қазіргі кезеңмен салыстырғанда гармониялық, мелодиялық жағынан дәрежесі әлдеқайда жақсы болды. Қазір күн сайын ән көгіне жаңа бір жұлдыз шығып, әркім әліне қарай жарқырап жатқан кез ғой. Бізде бұрын да талантты өнерпаздар көп болды. Бірақ, олардың үлкен сахнаға шығуы қазіргімен салыстырғанда қиындау еді. Себебі, ол кезде бүгінгідей әлеуметтік желілер, ғаламтор мүлде болмады.
Ол кезеңде Мәдениет министрлігі, «Қазақконцерт» сынды ұйымдарда Көркемдік кеңес құрылып, әрбір ән сүзгіден өткеннен кейін ғана халыққа сапалы күйінде жететін. Қазір олай емес. Әрине, салыстыра беруге болмайды. Менің ойымша және еліміздің көпшілік кәсіби әншілерінің ойынша, үлкен сахнаға шығатын жас орындаушы алдымен көркемдік кеңестен өтіп, сахнаға шығуы керек және арнайы заңнама жасалуы керек. Дегенмен, сахна – киелі төр ғой.
Қазір көрермен сынынан өтіп, сондай тәжірибе жинақтаған өнерпаздар аз. Сондықтан да олар бір жарқ етіп, жоқ болады.
Заман өзгерген сайын адам да, қоғам да өзгеретіні анық қой. Жалпы салыстырмалы түрде өнеріміздің өткені, бүгіні және болашағы әртүрлі уақытқа, сан қилы бағыттарға жіктеледі. Соған қарамай, сахнадағы мәдениет, сахнаға шыққаннан кейінгі өзін-өзі ұстауы, халыққа құрмет секілді өзгермейтін қағидалар бар. Өзінің не айтып тұрғанын білмейтін, өнер адамы ретінде көпке үлгі бола алмайтын, сахна төріне қандай образда шығатынын алдын-ала ойламайтындардан қорқу керек. Бұл кешірілмес айып деуге болады. Себебі, сахнаның киесі, қасиеті болатынын ұмытуға болмайды.
Қолтаңбасы ерекше ансамбльдердің бірі – «Гүлдер» еді. Алайда, қазақ өнерінің қарашаңырағына айналған ансамбльге мемлекет тарапынан қолдау болған жоқ, сондықтан қазір ол жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр.
– Дауыстарын өңдетіп жаздырып алып, өзін де, тыңдарманды да мықты әншімін деп алдағысы келетіндерге көзқарасыңыз қалай?
– Жалпы, талант иесі қай істе де талантты. Жастардың бетін қайтаруға болмайды. Десек те, өзің айтып отырған жалған әншісымақтар көбейіп кетті. Жанды дауыспен айтатын әнші көрсе халық қуанатын болды. Мұның өзі көзге оғаш көрінеді. Әнші әнші болған соң әнді жанды дауыспен айтуы керек емес пе? Бұған таң қалатын не бар?
Менің өнерде жүргеніме отыз алты жыл болыпты. Осы уақыт аралығында талай өзгерістерге куә болдық. Тіпті, әншілер арасында тұңғыш дыбыс жазу студиясын 1994 жылы мен ашқан болатынмын. Ол студия әлі де бар. Қазіргі жас, жақсы әншілердің талайына қолдау көрсеткен кездерім де болды. Бірақ, одан бері дауысын жалған жолдармен өңдетіп алып, халықты алдайтын әншілердің көбейіп кеткені өкінішті.
– Аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблін қайта жаңғыртуды қолға алыпсыз. Осы туралы айтсаңыз…
– Иә, «Гүлдер» ансамблін қайта қолға алдым. Әйгілі ансамбльдің ән тарихынан, өнер тарихынан жойылып кетуіне жол бермеуіміз керек. 2019 жылы құрылғанына 50 жыл толатын ансамбль біздің өнеріміздің іргесінің бекуіне зор үлес қосты емес пе? Сол тұрғыдан осы ансамбль үшін арнайы ғимаратты жалға алып, келесі жылы болатын мерейтойына дайындық жасап, «Гүлдерге» екінші ғұмыр сыйлауды жөн көрдім.
Ансамбльдің атын өшірмеу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Адамға ең алдымен мақсат, сосын күш-қуат керек. Осы екеуі болса алынбайтын асу жоқ. Мақсатым – айқын. Қазақ өнерінің отын өшіруге ешкімнің хақысы жоқ. «Гүлдер» ансамблі халықпен қайта қауышады.

«БІЛГЕНІМІЗДІ ЖАСТАРҒА ҮЙРЕТУ – ПАРЫЗЫМЫЗ»

– Қазір Республика сарайында орналасқан «Алматы әуендерінде» қызмет етесіз. Алдағы жоспарлармен бөліссеңіз…
– Мен қазір «Алматы әуен­дері» коммуналдық-қазы­налық кә­сіпорнының көркемдік жетекшісімін. Ұжымның шы­ғар­машылық-көркемдік мәселе-лері бойынша жауаптымын.
Құрамында эстрадалық-сим­фониялық оркестр, Мұрат Сер­кебаев жетекшілік жасайтын камералық оркестр, «Самұрық», «Сазген сазы» секілді өнер ұжым­дары және кәсіби әншілер мен Республика сарайының көркемдік ұжымы жұмыс істейді.
Басшымыз Бақытжан Садықов заманға сай жаңа бастамаларды қолға алуда. Көзқарасы мен еңбекқорлығы, өнерге жанашырлығы жоғары азамат. Бұған дейін Мәдениет министрлігінде үлкен бөлімнің басшысы болған, былтырғы жылы өткен EXPO-2017 көрмесіне үлес қосып, үлкен жұмыстар атқарған, тәжірибесі мол жас та болса көреген басшы. Ойымыз бен мүддеміз бір жерден шығып, халыққа сапалы концерттер, іс-шаралар ұсынуды жоспарлап отырмыз.
Жалпы ұжымда 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Әрқайсысы ойлы, жаңа бастамаларға жетелейтін жандар болғандықтан «Алматы әуендері» мекемесінің қызметкерлері халықты талай қуантатынына сенемін.
– Биылғы күзде жеке концертіңіз өтеді екен. Бұл концерт бұрынғыдан өзгерек пе?
– Солай деуге де болады. Себебі, осыған дейінгі мерзімде ән әлеміндегі аға-әпкелеріміздің қолдауын, мейірімін көрдік. Енді өзім де аға, ұстаз болыппын. Жастарға білгенімізді үйрету – парыз.
Күзде жоспарланып отырған концертім менің төлқұжатыма айналған «Ағаларым-ай» әніммен басталады. «Әнім көрермендерге», «Екі жұлдыз» әнімен концертті қорытындылаймыз. Әзірге тек осыларды айтайын, концерттің орта жағы, концерттік бағдарлама құпия болсын. Бұл концерт сахналық көрермен достарыма арналған концерт болады.

«БАБАЛАРҒА ТАҒЗЫМ ЕТУ – МІНДЕТ»

– Әр әннің өз тағдыры болады. Сіздің әнқоржыныңыздағы «Аузынан айдың түскен қыз» әнінің тарихы қандай?
– «Жолымыз құрбым бір болсын» деп басталатын ән жүрегіме жақын болды. Бұл әннің алғашқы орындаушысы менмін. Кейін жастар қайта жаңғыртты.
Әнді жаздырғаныма 15 жыл болыпты. Кейде, уақыттың зымырап өтіп жатқанын әндердің жазылу мерзімінен байқайсың. Бұл әннің тарихы қызық.
Ең алғаш Бағлан Омаров маған осы әнді менің дыбыс студиямда отырғанда ұсынған болатын. Сол кезде ол осы әнді өңдеп жатыр екен. Сөзін жазған ақын Серік Томанов та әннің табиғатын ерекше ашқан. Әнқоржынымдағы өзім ерекше жақсы көретін әндерімнің бірі осы ән.
Жалпы, халқым сүйіп тыңдайтын әндер менің де өміріме сәуле сыйлайды.
– Бір ғана ән әлемінің сан түрлі жанр-лары бар. Әннің тегін түгендейікші…
– Рас айтасыз. Жалпы, ән әлемінде стиль, жанр өте көп. Әр жанр өз кезеңіне қарай сәнге айналады. Кез келген елде бұл құбылыс орын алады. Яғни, ән де әр қоғамға сай бейімделеді.
Халқымыздың әндегі ерекше стилі, қолтаңбасы домбыраның қоңыр үні арқылы жүрек қылын тербейтін, жан толқытатын әндер. Жетім бала, жалғыз ана образдарын әуенмен домбыра арқылы жеткізу ұлы өнер емес пе?
Біз әндеріміздегі осы бір ұлттық бояуды, мәнерді, сазды жоғалтып алмауымыз керек. Өйткені, бұл атадан балаға мұра ретінде қалатын дүние.
Ал әлемдік ән жанрларына келер болсақ, регги, рок, поп, классикалық әуендер бұл тізімді толықтырады.
– «Отанды сүю – иманнан» дегендей, жастардың рухын оятатын әндер жазып жүрсіз. «Қобыланды батыр», «Кейкі батыр» әндері жайлы естуіміз бар…
– Қазақ елі мен жері үшін, болашақ ұрпақ үшін жан қияр ерлікке барған батыр бабаларымызға әрдайым бас иіп, тағзым ету біздің міндетіміз. Бұл әртүрлі формада болуы мүмкін. Әр маман иесі өз құрметін әр түрлі көрсетеді. Мысалы, мен әндер арқылы өз құрметімді көрсеткім келді.
Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасы-ның алғашқы Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қоғамдық қорды ұйымдастырып, мәдени шараларды қолға алған меценат Махмұт Нәлібаев мырзаға алғысым мол. Көпшілік қауым, халық та сол пікірде. Өйткені, Қобыланды батырға арнап ескерткіш тұрғызғанын халық ұмытпайды. Бұл да бір ұлтты сүюдің, отаншылдықтың озық үлгісі, керемет көрінісі деп білем.
Осы орайда мен де «Қобыланды батыр» атты рухты оятатын ән шығардым. Сөзін жазған талантты әрі әуесқой ақын Төрехан Әбішев ағамыз. Негізгі мамандығы – дәрігер.
Алдағы уақытта батырларымыздың табандылығын, тектілігін паш ететін әндер жазу жоспарымызда бар.
– Сахна сыртындағы сырыңызға алғыс айта отырып, шығармашылық табыс тілейміз!

Тобықтай түйін: Бахтияр Тайлақбаев есімі өзінің төлқұжатына айналған «Ағаларым-ай», «Аузынан айдың түскен қыз», «Сүйгенім менің қалада» сынды әндерімен бар қазаққа таныс. Өнер әлемінің есігін айқара ашып кірген әнші осы әлемдегі отыз алты жылдығын қорытындылау мақсатында еліміздің әр аймағына әнсапармен баруды жоспарлап отыр. «Алматы әуендері» арқылы эстрадамызға жаңа серпін сыйлағысы келетін өнер иесі «Гүлдер» ансамблінің 50 жылдық мерейтойын да өз жауапкершілігіне алғанын жасырмады. Ендеше, мақсаты – айқын, рухы – биік өнерпазға сәттілік тілесек артық болмас!

Сұхбаттасқан: Әлия ІҢКӘРБЕК,

“Qazaq” газеті