ҚАЙДА ЖҮРСІЗ, ЛӘЙЛӘ ХАНЫМ?

16

Ләйлә Әлпиева кім? Бұл балет өнерінің ханшайымын аға ұрпақ пен орта буын өкілдері білгенімен бүгінгі жастар біле бермеуі мүмкін. Өйткені, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ләйлә Тұрсынбекқызы 2009 жылдан бері Отаннан жырақта тұрады. Ал оның Қазақстаннан қоныс аударуына не түрткі болды? Сонда ол халықтың өзі өсіріп, өзі өшірген жұлдызы ма? Енді осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік…

БАЛЕРИНА КІМГЕ ӨКПЕЛІ?

Кезінде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының примасы болғанда «Аққулар көлі» (Одетта), «Жизель» (Жизель), «Щелкунчик» (Маша), «Дон Кихот» (Китри), «Пахита» (Пахита), «Бақшасарай фонтаны» (Мария), «Сильфида» (Сильфида), «Спартак» (Эгина), «Ұйқыдағы ару» (Аврора) жетекші балет партияларын орындаған балерина сегіз жыл бұрын британдық Мартин Андерсенге тұрмысқа шығып, отбасымен Лондонға қоныс аударды (Ол кезде алғашқы жұбайынан туған тұңғыш баласы 16-жаста, ал екіншісіне британдық азаматтан аяғы ауыр-тын, – ред.). Балеринаның Ұлыбритания астанасына қоныс аударуына британдық азаматқа тұрмыс құрғандығы себеп болса, екіншіден, оған қазақы болмыс (менталитет) ұнамаған еді. Қазақстанға деген «өкпесінің қара қазандай» екенін 2009 жылғы 23 қыркүйекте «Время» газетіне берген «Я уже не воспринимаю наш менталитет» атты сұхбатында жасырмай айтқан-ды.

«Чтобы было понятнее, приведу пример. Своего первого ребенка – Мади я родила 16 лет назад в Казахстане. Нас с сыном тогда чуть не угробили: у меня стала разлагаться плацента, а у ребенка – останавливаться сердце… Мне срочно сделали кесарево. Все оттого, что месяц до родов меня кололи каким-то непонятным лекарством. А тут английские врачи меня убедили, что второго ребенка смогу родить сама. Я на это пошла. И не жалею. Тамошние врачи понимают: речь идет об их чести. А моя мама после операции и двадцати дней в клинике сказала: «Хочу домой, чувствую – меня здесь угробят». И наши врачи спокойно ответили: «Мол, хорошо, домой – так домой». Мой супруг Мартин очень удивился: «Если маме хуже, то почему все отделение во главе с главврачом не встало грудью за то, чтобы оставить пациентку в больнице?!» – депті балерина осыдан сегіз жыл бұрынғы сұхбатында.

Расында да, Ләйләнің бұл сөздерінің жаны бар. Бірақ, Қазақстан мен Ұлыбританияның өмір сүру деңгейін салыстыру артық болар. Қай жағынан салыстырсаңыз да біздің ел Ұлыбританияның шаңында қалатыны ақиқат. Бұл – бір. Екіншіден, балеринаның еліне өкпелейтін жөні де жоқ секілді. Рас, көп жағдайда елімізде таланттарға қолдау жағы кемшін, «қолда барда алтынның қадірін» білмейтініміз тағы бар, бірақ балерина өзгелер секілді мемлекет тарапынан қолдауды аз көрген жоқ. Өйткені, Ләйлә балерина болып Қазақстанда қалыптасты. Қазақстанның халық әртісі Болат Аюханов оның бойынан небәрі 15 жасында талантты көре біліп, балерина ретінде аяғынан тік тұрғызды. Шетелде емес елімізде жүріп үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Санкт-Петербургте өткен Майя Плицеская атындағы конкурстың дипломанты (1994 ж.), Варна мен Будапештте өткен Рудольф Нуриев атындағы конкурстың лауреаты (1996 ж.) атанды. Ұзақ жылдар бойы Абай атындағы Опера және балет театрының бірінші примасы да болды. Оның бұл еңбегі Қазақстанда лайықты бағаланды да. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Тарлан» сыйлығының (2000 ж.) иегері.

Анасы 2009 жылы қаза тапқанда балерина бұған Алматы ауруханасының дәрігерлерін кінәлады. Жоғарыда сұхбатында айтқандай, Алматыдан Лондонға қоныс аударуына бұл да себеп болды. Рас, анасының қазасы балеринаға оңай болған жоқ. Сондықтан да, оның «Я уже не воспринимаю наш менталитет» немесе «В Казахстане меня больше ничего не держит» дегеніне жұртшылық түсіністікпен қарады. Себебі, адам ашу үстінде қатты кетуі де мүмкін. Сол тұста жұртшылық балеринаның Лондонның сұлулығына басы айналса да, ол үшін жер бетіндегі жұмақтың Отан болатынына сенім артты. Алайда халықтың бұл сенімі ақталмады. Өйткені, Ләйлә 2011 жылы Алматыға келіп, Қазақстаннан түпкілікті кетіп жатқандығын мәлімдеді. Балеринаның бұнысына жақтаушылар да, даттаушылар да табылды. Екіұдай пікірлер де көп айтылды. Қалай болғанда да Ләйлә сол жылы өзі 17 жыл қызмет еткен Абай атындағы Опера және балет театрынан түпкілікті жұмыстан шыққан-ды.

Ләйлә сол жолы да Алматыдан тыныш кетпей, сол баяғы әдетінше «Время» газетіне сұхбат беріп, су ішкен құдығына түкіріп кетті. Балерина 2009 жылы Алматыны Лондонмен салыстырса, енді 2012 жылы «оңтүстік астананы» Гонконгпен салыстырыпты.

БАҚЫТЫН ЛОНДОННАН,  КӘСІБІН ГОНКОНГТАН ТАПТЫ

Алға қойған мақсаты мен жоспары көп Ләйләнің «Гонконгта мектеп ашамын» деген жоспары 2011 жылы орындалды. Сол жылы отбасымен «Тұманды Альбионнан» Гонконгқа қоныс аударып, сонда өзінің Russian Ballet School атты балет мектебін ашқан еді.

2015 жылы Ләйлә Forbes.kz порталына сұхбат беріпті. Тілшінің «Уже чувствую у вас в голосе легкий британский акцент. Вы еще ощущаете себя казахстанкой?» дейтін сұрағына: «Я слежу за событиями в Казахстане, у меня там много друзей. Мы общаемся с родней. Естественно, я всей душой в Казахстане. Но в то же время люблю Гонконг и рада, что этот город дал мне возможность заниматься бизнесом. Потому что в Казахстане я бы на такое не отважилась», – деп жауап беріпті.

Ең өкініштісі – оның өз өнерін қытайлық бүлдіршіндерге үйретіп жүргендігі. Балерина Алматыда мұндай мектеп ашпайды, себебі, Гонконгтағыдай туған қаласында көп табыс таппайды. Әрине, «сананы тұрмыс билеген» уақытта Ләйләға өкпелеудің де реті болмаса керек.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті