ҚАЙЫРЫМСЫЗ УАҚЫТТЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ

35

Қазақ заманында қандай еді? Ішкі-сыртқы жаулардың қақтығысынан іргесі сөгіліп, Ақ ордасы құлаған Қазақ хандығы – Россия Империясымен уақытша достық қарым-қатынасында болуға шарт жасасқанымен, іс жүзінде олай болмағаны баршаға аян. Әуелі орыс бекіністері салынды. Алым-салық көбейді. Қазақ даласын отарлауға арналған түрлі реформалар жасалып, түрлі Ережелер жарияланды. Отарлық езгі күннен-күнге ұлғайып, қазақтың қабырғасына аяусыз тырнағын батырды. Құлдық қамытты мойнына таққан елдің тіршілігінен мән кетті.

Екі күймек бір жанға әділет пе? 

Абай

Қазақтың соңғы ханы – Кенесары қол бастап, Империяға қарсы жойқын соғыс ашып, қазақ даласындағы бірнеше орыс бекінісін өртеп, өзінің әмірін жүргізе бастады. Қайран, дүние-ай, сол Кене ханның өзі де қапияда сатқындардың уысына түсіп, шаһид кетті. Қазақты азат етемін деп Исатай мен Махамбет батырымыз да атойлы ұран тастады. Қазақтың бас ақыны Абай хәкім де Сенатқа шағымын жазып, отарлық саясатқа қарсы үн қосты. Бірақ, аз ғана халық қара ормандай қаулаған Империяға қалай қарсы тұра алмақ?
Орыс Империясы Жайықтан Алтайға дейін созылған кең атырапты пышақтың жүзімен кескендей үш генерал-губернаторлыққа, алты облысқа бөлді де тастады. Есте жоқ сонау заманнан Тұран деп аталған бұл атырап үш бөлікке ғана кесіліп қойған жоқ, уыздай ұйыған ұлысты бір-біріне қарсы қою үшін түрлі айла-тәсілдерді қолданды: қазақ санасына рулық, жүздік, аумақтық бөлінуді сіңірді. Қаныңды, тегіңді білу мақсатындағы жөн сұрасу салты еді, ақырында империяның арам пиғылы трайбализмге ұластырды.
Патшалық отарлау саясатына қарсы тұрар күш жалғыз – білім мен ақыл еді. Тәңірі өзі жар болып, қазаққа интеллектуал, өр рухты, парасатты үркердей шоғырды сыйлапты. Олар – сын сағатта бір-бірін тез тауып, бір-бірінің жан-дүниесін тез оқып, бірін-бірі қабақпен ұғып, алқалы топқа жиылыпты. Ұлт-азаттыққа ұйысқан қозғалыс – Алаш деп аталды. Алаш – қайсар азаматтардың асқақ рухты ұраны еді!
Алаштың бір қайратты да, қайсарлы ұлы – Барлыбек Сырттанұлы болатын. Барлыбек Сырттанұлы – қазақ ұлтының ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақыл-ойшысы. Барлыбек Сырттанұлы Империялық Россия тарихының, соның ішінде қазақ халқы тарихының аса бір өрлеу кезеңінде – тарихи дамулар, күрес-көтерілістер, қиян-кескі соғыстар, ұлы революциялар дәуірінде жасады. Империя астанасы – Петербор шаһарында білім алып, құқықтық-саяси көзқарасы мен дүниетанымын қалыптастырған Барлыбек Сырттанұлы 1887 жылғы наурыздың біріндегі Александр Ульяновтың патша Александр ІІІ қарсы жасаған әрекеті, 1888-1889 жылдары Ресей империясындағы азаттық тілеген студент жастар демонстрациясы, 1905-1907 жылдардағы буржуазиялық-демократиялық революция, 1914 жылғы бірінші дүниежүзілік соғыстың басы сияқты түрлі қақтығыстар мен толқулар… Осының бәрі оның көз алдында болды; күнделікті қызметіне, шығармашылығының өзегіне, азаматтық көзқарасына зор әсер етті. Осыдан кейін студент Б. Сырттанұлының ғұмыр жолы – ұлт ісіне ұласып-ақ кеткен-ді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, өзіне, саналы азаматтық қызметін, саяси өмірін: «Азаттық пен теңдік!» деп бастады. Өмір бойы осы азаматтық сертін орындау жолында қызмет істеді. Ұлы империяға кіріптар болып қалған бодан елін құлдықтың азабынан шығару үшін өнер, білім, еркіндік һәм теңдік іздеп өтті.
Қазақ жерінің талан-таражға түсуі, ең шұрайлы, ең құнарлы жерлердің орыс мұжықтары мен қарашекпенділерінің үлесіне тиюі, жөн-жосықсыз алым-салықтың үсті-үстіне еселеніп, көбеюі – «жығылғанға жұдырық» болды. Қазақ даласының жиделібайсыны – Жетісу, оның ішіндегі табиғаты келіскен, суы – ем, шөбі – шипа Қапал-Арасанның көрігіне қол салуы – ең үлкен қиянат болғантұғын. Генерал Г.Колпаковскийдің жер тартып алу саясатына ашықтан-ашық қарсылық білдіріп, ақыл-айласымен генералды көндіріп, сұлу аймақты сақтап қалған Қыдыралы бидің Тәнекесі – бала Барлыбектің ең жақын аталас ағайыны еді. Жер мен Азаттық мәселесі – Барлыбекті бала жасынан қинаған батпан сауал болды. Осы сауалдың жауабын тауып, түйінін шешу – оның ғана пешесіне жазылған екен. Туған өлкесінің тағдырына деген алаң-көңілден туындаған махаббат – тұтас қазақ даласының тағдырына араша түсуге ұласарын білмеген де болар…
Қара басының рахатын емес, құлдықтың қамытын киіп, отарлықтың бодауында жүрген халқының азаттығын іздеп шартарапты түгел шарлады. Әуелі Қапал барды, Верный ауды. Ұзынағаш пен Пішкекті артқа тастап, Петербор өтті. Патшалық астанасының қоғамдық-саяси өміріне араласып, сол уақыттағы «Дала уалаяты» сынды басылымдарға прогрессивті ойларын жазып, тұтас қазақ-қырғызға таныла бастады. Ташкент ауды. Қытай асты. Шыңжаңның да дәмін татады. Қарқаралы барып, Қояндыдағы атойлы «Алаш!» ұранына үн қосады. Орал өтіп, «Бес облыстық делегаттар сиезіне» қатысып, «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы бастаманы көтереді. Қайыра Петербор барып, қан түкіріп, «Қазақ елінің Уставын» жазып, Үкімет үйінің табалдырығын тоздырады. Ғұмырының ең соңғы бекеті, көк өзегі – Ақсуы, «Мамания» мектебіндегі оқытушылық-ағартушылық қызметі…
Әуелгі жол даярлық пансионат тобындағы шәкірт, классикалық гимназияның оқушысы, шығыстану факультетінің студенті болып, білім іздеп шарқ ұрғаны; генерал-губернаторлықтың кеңсе меңгерушісі, облыстық басқарма басшысы, аса құпия істердің кіші шенеунігі саяси қызметі; ұлтшыл, Алашшыл, мұғалім тәрізді саяси көзқарасының сенімсіздігі. Өзін емес, елін қарқ қыламын деген ғазиз басын тауға да, тасқа да ұрады. Сондағысы – қазағының азат ел болғандығын көру екен. Бұл – бостандыққа ұмтылған қайсар жүректің дүрсілі еді…
* * *
Рас, оқыған, көзі ашық Барлыбек 1891 жылдан 1908 жылға дейін Патшалық Россияға қызмет етті. Қатардағы аудармашыдан кеңесші дәрежесіне дейін өсті. Адал қызмет етті. Еңбегі заматында бағаланып, бірнеше орденнің ковалері болды да. Бірақ, 1905 жылдан кейін Патшалық билік қызметіндегі қазақ азаматының ойы өзгеріп, саяси ұстанымы ұлттық бағытта қалыптаса бастады. Аудармашы, көп тілді игерген азаматтың саяси ойының өзгеруіне себеп болған жайт – Патшалық биліктің отарлық саясатының шектен тыс шығуы. «ІІ Николайдың портреті мешіттерге ілінсін!» деген бұйрыққа ашық қарсылық танытып, Верный мешіттеріне сурет ілгізбей, мұсылмандардың мүддесін қорғады. Бұл – бірінші қарсылық еді.
1905-1906 жылдары қазақ зиялыларымен бірігіп, Патшалық билікке жазған өтініш-талаптарға қол қойды. «Қарқаралы құзырхатының» жазылуы, Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының құрылуы – азаттық қозғалысының басталуына негіз болды. Ұлттық ұлы бұлқыныс қазақтың жігерлі жастарының басын қосып, елдік санасын оятып, ұлттық мүддесін қалыптастырды. Шынын айтқанда, Алаш қозғалысы кезеңі – қазақтың ояну дәуірі, қайта өрлеу кезеңі болды. Алаш қозғалысы – қазақ ренессансы! Бұл – екінші зор қарсылық еді.
1907-1908 жылдары Верныйда мұсылман кітапханасын ұйымдастырып, қазақ тілді басылымдарды шығарды. 1909-1910 жылдары Патша үкіметі тиым салған ұлтшыл ақын Міржақып Дулатұлының «Оян, Қазағымен», қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалын» қазақ жастарына, Верныйлық зиялыларға таратты. Бұнымен қоймай Ахметкәрім Зейнуллин екеуі бірігіп, саяси жат элемент ретінде танылған Үндеу қағаздарын таратып, ел жастарын ұлтшылдыққа баулиды. Барлыбек тарапынан бұндай «сорақы әрекеттерді» Патша генералы күтпеген еді. Қалай айтсақ та, бұл – үшінші саяси қарсылық болатын. Осындай саяси сенімсіз әрекеттері үшін оны қызметінен босатты.
Қызметінен босаған соң, Барлыбектің отарлық саясатқа деген күресі одан әрі күшейе түсті. 1910 жылдың 21 қазанында Түркістан генерал-губернаторлығына қарайтын Верный, Пішпек, Қапал және Пржевальск уездеріндегі қазақ-қырғыз елдерінің өкілдерін жинап, Ұзынағаш съезін ұйымдастырды. Съезде жергілікті елге жер үлестіру, жалпы білім беру, сот істері және дін істері мәселесі талқыланды. Жиынға қатысқан ұлт зиялылары Патшалық үкіметке қарсылық білдірді. Бұл – бір губерния қазағының басын қосқан, өте қауіпті жиын болды. Бұны Барлыбектің билікке қарсы бағыттаған төртінші саяси қақтығысы деп түсінейік.
Ең зор қақтығыс Патшалық астанасы – Петерборда орын алды. Барлыбек елінің арыз-талабын жиып әрі Столыпиннің аграрлық саясатына қарсылығын ашық білдіру үшін 1910-1911 жылдар аралығында Петерборда болады. Бұл сапарында ол Үкімет үйіне, министрліктерге кіріп, қазақ жерінің тағдыры турасында өзекті мәселелерді көтереді. Ақырында, болашақ Алаш Орда үкіметінің Премьер-министрі, қазақтың саяси көсемі Әлихан Бөкейханмен ұлт-азаттығын алу жөнінде әңгімелесіп, болашаққа жоспар құрады. Болашаққа арналған жоспардың келелі бір тармағы – Конституция болатын. Оны Әлекең замандас досы, Патшалық билік институтының білікті маманы болған Барлыбекке тапсырады. 1911 жылдың 13 маусымында Россия астанасы – Петерборда бүгінгі қазақтың алғашқы Конституциясы, болашақ «Алаш» партиясы мен үкіметінің жарғысына негіз болған, құқықтық-саяси мағынасы зор, 4 бөлім, 28 баптан тұратын «Қазақ елінің Уставы» еңбегі жазылған-ды. Осы заң жобасы жазылған соң, Патша үкіметі секем алып, Барлыбек Сырттанұлын қатаң бақылау режимінде ұстауға мәжбүр болады. Бұл – Барлыбектің бесінші батыл саяси қақтығысы болатын.
* * *
Ұлттық ұлы бұлқыныста серпіліп, саяси ойларын батыл жазса да, қақтығыс митингта өктем пікірін білдірсе де, өз ісінде нағыз идеолог, сұңғыла екенін қылаусыз көрсетті. Ол өзі мейлі жер мәселесі болсын, мейлі алым-салық мәселесі, қазақ тілінің жайы ма, дін еркіндігі ме, соның бәрінде де, не өзінен бұрынғы аға буынға, не өзінен кейінгі жас толқын кіші буынға ұқсамай, тек Сырттанұлының болмысына сай, тек Сырттанұлының мінезіне тән айбат көрсетті. Бір қарағанда, Барлыбектің тағдыры – кешегі Шоқан Уәлиханның тағдырына келетіндей. Шоқан өмірден өткенде, Барлыбек дүниеге келген еді. Шоқанның өмір шырағы сөнгенде, Барлыбектің тағдыры жанған-ды. Шоқан да түрлі тәуекелге барып, басын қатерге тікті. Өмірінің соңғы кезеңінде ғана Шоқан халық жағына өтіп, Патша әскері құрамынан өз еркімен шығып, санын соғып, аһ ұрып қалды. Барлыбек те осыны аңғарып еді. Шоқанның аһ ұрғаны, Барлыбектің аңғарғаны – Империяның отарлық саясаттағы реформаларлық жоспарлары түптің түбінде қазақ елін жер бетінен біржола жоятындығында еді.
Өткен өмірдің бәрі – өкініш.
* * *
Барлыбек Сырттанұлы – бірінші кезекте туған халқының азаттығы, елінің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілігі жөнінде жан аямаған күрескер болды. Сосын Барлыбектің жас ғұмыры (1866-1914) – «Не көрсем де Алаш үшін көргенім//Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім» дегенге саяды. Есіл ғұмыр осылай тәмамдалды.
Қайран Барлыбек – қайырымсыз уақыттың бозторғайы болған екенсің!
* * *
1914 жылдың 26 қарашасында түскі сағат 2-3 мөлшерінде Барлыбектің демі үзілді. Қазақ жерінің тағдыры үшін бозторғайдай шырылдап, дауылға қарсы жүзген азаматтың мезгілі келгенде, Бөлек-бұрған өзені арнасынан тасып, ақ басты Алатау мұнартып, Жетісу аспанын қара бұлт торлаған болар… Арысынан айырылған Сүттігендегі азалы жұрттың қазасына жеті арналы – Ақсу, Көксу, Бүйен, Қаратал, Тентек, Іле, Лепсі кемерінен асып, толқып кеп, көңіл айтқан да болар…
* * *
Есіл ердің тағдырын ойлағанда, хәкім Абайдың «Замана, неткен тар едің, сол қалқамды қоймаған?!» деген азалы жоқтауы есіңе түседі де отырады…
* * *
Сөз басындағы «Екі күймек бір жанға әділет пе?» – Барлыбектің қилы тағдырына арналғандай көрінеді. Өйткені, аяулы Бәкең, Барлыбек Сырттанұлы 1914 жылы өмірден өтті. Сосын дүрбелең басталып, дүние ауып, монархиялық билік құлап, Патша тақтан түсті.
Алып Империя құлаған елең-алаң тұста, Уақытша Үкіметке иек артып, қазақ жастары Алаш Ордасын құрып, автономиялық республика болудың қамына кірісті. Әттеген-айы сол – қазақтың өз ішінен арам ниетті, қаны бұзық бауырларымыз шығып, Алаштың ақ жолына тосқауыл болып, зор күштің қысымымен қазақ даласындағы Алаштың тұғырына нақақ қанға боялған қызыл түсті жалауды қадап, Совет үкіметін орнатты. 2 жыл, 5 ай, 15 күн өмір сүрген қайран Азаттық, қайран Алаш идеясы сосын қанды трагедияға ұласты да кетті… Егер, Барлыбек Сырттанұлы қапияда жан тапсырмағанда, ол да Алаштың уығын ұстап, шаңырағын көтерер еді, қызыл террор тұсында Советтің билігін мойындамай, Отан алдында қасқайып тұрып атылар еді. Сөзсіз, солай болар еді…
Бірақ, жетпіс жылдық солақай идеологияның сеңі сетінеп, мұзы жібеген шақта, басқа Алаш қайраткерлерінің есімі аталып, жұлдызы жанды. Еңселі ескерткіштері тұғырына қойылды. Олардың есімдеріне көше, мектеп, ауыл, аудан, қала атаулары да берілді. Бәрі дұрыс дейсің де, ұзын-сонар тізімнен Барлыбектің аты-жөнін іздейсің… Таппайсың!
Ескерткіші тұрмақ, бюсті де жоқ ғизатли арысым-ай, ұрпағыңа өкпе артқан боларсың…

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жазушы-зерттеуші